Болмысы – ғылым даналығы

Уақыты: 2023-01-13 Көрлімі: 1628 Сипаттама

Ғалым және жоғары білім саласы ардагері ретінде 2022 жыл мен үшін екі оқиғамен есімде қал...



Ғалым және жоғары білім саласы ардагері ретінде 2022 жыл мен үшін екі оқиғамен есімде қалды. Біріншісі – ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы, екіншісі – Ломоносов атындағы Мәскеу университетінде өзімізбен қатар оқыған азамат, математикадан тұңғыш Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мұхтарбай Өтелбаевтың 80 жылдығы. Ел әркез Ақаң деп қадірлеген біртуар тұлғамыз: «Ғылым мен өнер көбейген сайын бейнет кемиді» деген екен. Біреулерге дерексіз, тылсым көрінетін математика – әлемнің бейнетін кемітудің басында тұрған ғылым саласы.

Иә, өткен жылдың 13 қарашасында Алматыға дүниенің түкпір-түкпірінен математиктер келіп, қазақ ғалымы, ака­демик М.Өтелбаевтың осы сала­дағы еңбегіне, бастамаларына, жаңалық­та­ры­на, ғылыми мектебіне баға берді. Біз «қарапайым ауыл баласы осындай дең­гейге жетті» деп ішімізден қуанып тұрдық.

Дей тұрғанмен, Мұқаң да – бар замандасымыз секілді біздің қоғамның мү­шесі. Алаулаған жастығы, манаураған кезеңі болды. Бірақ ол – шынында ерекше жан.

 Енді ол кісіге байланысты бірнеше қы­зықты әңгімені қалың оқырманға айта кеткім келеді.

Бүгінде аты алысқа кеткен Мұхтар­бай Өтелбаев Екінші дүниежүзілік со­ғыс қайнап тұрғанда Жамбыл облы­сы­ның Қордай ауданы Қаракемер ауылында дүниеге келіпті. 1951 жылы 9 жа­сында 1-сыныпқа барады. Отбасы жағ­дайына байланысты 1960-1962 жыл­дары кешкі мектепті оқып, күн­діз Қаракемер ауылының механиза­торы болады. 1962 жылы Фрунзе (қа­зіргі Бішкек) қаласындағы Қырғыз мем­лекеттік университеті математика факультетінің студенті атанады. 1962-1965 жылдары әскери борышын өтеп, Қырғыз университетіндегі оқуын сырттай жалғастырады.

Құдайдың құдіретімен 1966 жылы Мәскеу университетінің профессоры А.Б.Шидловский Фрунзе қаласына келіп, жергілікті студенттер ішінен дарынды бір баланы таңдап, МГУ-ға алып кетпекке сынақ өткізеді. Осы сынақта сырттай оқитын студент Мұхтарбай барлық үміткерден оза шауып, 1966-1967 оқу жылы Мәскеу университетінің математика мамандығының 3-курс студенті болып қабылданады. Бұл кезде Мұқаң 24 жаста еді.

1

Мен 1965 жылы Семейде орта мек­тепті бітіргеннен кейін Мәскеу қаласына келіп, МГУ-дың механика-математика факультетіне оқуға түскен едім. Мені­мен бірге Қарағанды облысынан келген Әубәкіров Жанбек те осы оқуға түсті. Мұқаң 3-курста оқи бас­тағанда, біз 2-курс­тың студенттері едік.

Бір күні Мұқаң бізді өзі іздеп келіп та­нысты. Ол «келесі оқу жылынан бас­тап жатақханада бір бөлмеде жатайық» деген ұсыныс жасады. Сонымен біз үш қазақ баласы екі жыл жатақханадағы бір бөлмеде тұрып, оқуымызды жалғас­тырдық.

Мәскеу университетінде Мұқаң бір­ден үздік студенттердің қатарына ілік­ті. Ол нағыз қазақи болмысты студент еді. Бізді іздеп табуы өз алдына, ол Мәс­кеу­дегі басқа оқу орындарында­ғы қазақ сту­денттерімен байланысқа дәнекер болды.

Мысалы, Полиграфия инсти­ту­тын­дағы Ермекбай Плеханов атын­дағы халық шаруашылығы инсти­тутында­ғы Сейсенәлі есімді шымкенттік жігіт­термен араласып, жолдас болып кет­тік. Мұхтарбай, мен, Ермекбай үшеуі­міз студенттік жылдарымызда бір мекемеде кезек-кезек түнгі күзетші қызметін атқардық. Үш күнде бір кезегі келетін бұл жұмыс оқуымызға да, қосымша нан табуымызға да қолайлы еді.

Мұқаң жатақханада математиканы күндіз-түні оқитын. Оқу мен тоқу­дың арасында Қаракемер ауылын сағын­ғаннан ба, елден әкелген домбырасын шерте отырып, Өмірбек Байділдаевтың (сөзі М.Ниязбековтікі) «Туған ел» әнін жиі айтушы еді.

 Туған жер қандай көркем мөлдіреген,

 Желегі желмен ойнап желбіреген.

 Аралап күндіз-түні жүрсем-дағы,

 Тыншымай ет жүрегім елжіреген.

 

 Қашанда қарыздармын, елім, саған,

 Анамсың алыс жүрген көп аңсаған.

 Жүректің арнап ыстық

махаббатын,

 Туған ел, берерім көп менің саған!..

Осы өлеңдегі соңғы жол Мұхтарбайға арналып жазылған сияқты. Расында да, Мұқаңның туған еліне берері көп екенін оның алдағы өмірі дәлелдеді.

Досымыздың жақсы көретін тағы бір әні – Әбілахат Еспаевтың (сөзі Қасым Аманжоловтікі) «Ақ сәуле» әні-тін.

Бір күй бар домбырамда

тартылмаған,

Бір сыр бар жүрегімде айтылмаған.

Күйімді, сырымды да сыйлар едім,

Жар болсаң жаным сүйер

жарқылдаған.

Мен Мұқаңның сырт келбетіне қарап, ұлттың біртуар ұлы Бауыржан Момыш­ұлына ұқсатамын (оның бойының сұң­ғақтығы, әсіресе темекі тартқаны – аума­ған Баукең).

Тарихтан білесіздер, Бауыржан Момыш­ұлының ерекше ерліктерін ескере оты­рып, оны 1942 жылғы тамызда Кеңес Ода­ғының Батыры атағына ұсын­ған. Өкі­нішке қарай, ұсынылған атақты ­Мәс­кеу бекітпей тастады (себебі әртүрлі айтылса да, негізгісі – мінезі мен ұлттық ұстанымы болса керек).

Бұл Александр Бек жазған «Пан­филов­шылар алғы шепте» повесінің не­гізгі кейіпкеріне, нағыз батыр және ақылды қазақ жауынгеріне жасалған үлкен қиянат еді. Бірақ, шүкір, халық Бауыржанды әрқашан батыр деп атады...

Мұндай жағдай Мұхтарбай да басынан өткізді деп санаймын. Естеріңізде болса, осыдан он жылдай бұрын «Қазақ­стандағы қазіргі ғалымдар ішінде ең танымалы кім?» деген сұраққа телефон арқылы жауап ізделінді. Бастапқы 5 күнде Мұқаң алдыңғы қатардан көрі­не бастады, 10 күннен кейін ол алға шы­ғып, 20 күннен кейін ол қара үзіп бәрінен озып кетті. Жарыс бітуге бір күн қалғанда оның бірінші орын алатыны­на ешбір күмән болмады. Өкінішке қа­рай, ең ақырғы күні басқа бір адам бірін­ші орын алып, Мұқаң екінші орында қа­лып қойды. Бұл – дәл Бауыржан Момыш­ұлына жасалғандай әділетсіздік еді.

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, танымал академик Асқар Жұмаділ­даев: «Мұхтарбай Өтелбаев – қазақтың №1 математигі және ол кісіден көп шәкірт тәрбиелеген ғылым жоқ» деп жазды. Расында, ол 70-тен астам ғылым докторы мен кандидатын дайындады. 200-ден астам ғылыми еңбек жазды. Бұл жұмыс­тардың ішінде дүние жүзі ғалымдары мойындаған талай ғылыми жетістік бар.

Мұқаңның ғылымдағы, атап айтсақ, математикадағы табысын ескеріп, оған «Қазақ ғылымының батыры» деп атау қисынды болмақ.

Жастар ғылымдағы осы аңыз адам туралы менен көп сұрап жатады. Соның екі-үшеуін жадымда жаңғыртайын.

Мұқаң екі жылға жуық Жамбыл педа­гогика институтының ректоры бол­­ғаны белгілі. Оның «лом жұтып алған бас­тықтардан» айырмашылығы – қарапа­йымдылығы, халыққа жақындығы еді.

Бірде институттың бас бухгалтері бір қағазға қол қойдыру үшін ректордың кабинетіне барса, Мұқаң орнында жоқ болып шығады. Хатшыдан ректордың есік алдында тұрған қызметтік машинасына қарай кеткенін біліп сонда барса, Мұқаң машинаның астына түсіп, бір болтты бұрап, жөндеп жатыр екен. Мөлшері ертеректе механизатор болған тәжірибесі еске түссе керек. Сонда бухгалтер: «Мұхтарбай Өтелбаевич, бұл сіз бе? Қолыңыз керек еді» десе, Мұқаң: «А, сен екенсің ғой!» деп, әкелген қағазына машинаның астында жатып қол қойып берген екен...

Алматыда тұратын Мұқаң қайбір жылы жаңа көлігімен таудағы саяжайына бара жатады. Түнде жаңбыр жауып, таңертеңгі суықтан кейін жолға мұз қатып, тайғақ боп қалған көрінеді. Машинаның руліндегі Мұқаң бір шұқыр­лау жерде тормозды басып қалса, көлігі 180 градусқа бұрылып, қарсы бағытта тұра қалыпты. «Қой, жер тайғақ екен!» деп, ғалым үйіне қарай бағыттап жүріп кетіпті.

Бірде теледидардан қазіргі сенатор, ол кездегі тележурналист Дана Нұржігіттің «Дара жол» бағдарлама­сын көріп отырдық. Бас кейіпкер – Мұх­тарбай. Сонда Мұқаңмен бірге келген жол­дастары мен шәкірттері ол туралы түрлі естелік айта бастады. Сонда шәкірті әрі әріптесі, қазіргі академик Рысқұл Ойнарұлы былай деді: «Біз, Мұқаңның оқушылары, әрбір екі жұма сайын бір рет Алматы маңындағы тау жаққа барып, кәуап даярлап, шай ішіп, әңгіме соғып, түрлі ойын ойнаушы едік. Бір күні «аударыспақ» ойналды. Бір жігіт екінші жігіттің арқасына мініп алып, аударыспақ ойнап шауып жүр. Байқасам... Мұхтарбайдың арқасына бір аспиранты мініп алып, емін-еркін ойнақ салып тұр. Әлгі аспиранттың құлағына «тәйт!» деп сыбырласам, ол: «Ағайдың өзі ғой «Ал, мін. Біз жеңеміз!» деген» деп міңгірлейді.

Бірде осы Рысқұл әңгімесінің қан­ша­лықты рас екенін Мұқаңның өзінен сұрадым. Мұқаң сонда: «Ол рас. Сол кезде әлгі аспирант шидей арық еді, қа­зір әбден семіріп алды. Сондықтан оны бүгінде көтере алмайтын шығармын» деп бір күлдірген еді.

Батыр адам да, ғұлама да аңғал, таза келеді. Біз Мұхтарбайдың болмыс-бітімінен осыны көреміз. Ол Астанадағы 4 бөлмелі пәтеріне баспанасыз 4-5 ға­лымды тұрғызып, күндіз-түні есеп шы­ғарып, арасында семинар өткізіп отыр­ғаны да ежелгі ғалымдардың салтына сәйкес келеді. Оның тұтас қасиеті – ғылым даналығы.

Біз академик Мұхтарбай Өтелбаевпен мақтануымыз керек. Өйткені ол ел мақ­танышы болуға толық лайықты.

 

Ақберген Базарбеков,

математика профессоры

Дереккөз: Egemen Qazaqstan

Пікір жазу
  • Алаш күресін жалғастырған
    Түркияда бас сауғалаған «Түркістан легионы» қазақтары

    Ұқсас тақырыптар