Алты Алаш көсемінің елге оралуына Сталин неге қарсы болды?

Уақыты: 2018-07-18 Көрлімі: 15504 Сипаттама

Бір ерекше жайт: Ә.Бөкейхан СССР Ғылым Академиясының Адай экспедициясына қатысып, атқа...

сталинн.jpg

Бір ерекше жайт: Ә.Бөкейхан СССР Ғылым Академиясының Адай экспедициясына қатысып, атқарған ісі үшін алғыс естудің орнына, совет өкіметі оның ғылыми зерттеу жұмысын Қызылордаға барған сапарымен тығыз байланыстырып «айыпты» қылмақ болған. Мысалға, «тырнақ астынан кір іздеген» НКВД тергеушілері 1929 жылдың 6 шілдесінде тағы да С.Қаратілеуұлына экспедицияға қатысты сауал қойғанда, ол былай жауап береді: «Бөкейхановтың экспедицияға қаншалықты ықпал еткенін мен білмеймін, бірақ білетінім: Бөкейханов ықпал ете алатын».

Ә.Бөкейхан өзінің Мәскеудегі өмірі мен қызметіне көңілі толып, елге оралуға онша асығып-саспағандай көрінуі де ғажап емес. Алайда, кешегі СССР КГБ-сы мен бүгінгі Ресей Федералдық қауіпсіздік қызметі мұрағаттарынан табылған тарихи құжаттар мұндай көзқарасты түбегейлі теріске шығарады. Ол құжаттарға қарағанда, Қыр баласы – елағасы елге біржола оралудың барлық айла-амалын іздеп баққанға ұқсайды. Мысалға, оның 1925 жылдың 2 қазанында Мәскеуден жолдаған төменгі хатына назар аударайық:

«Товарищ, Али!

Ты от имени Казнаркомзема напиши мне бумагу с приглашением в Кзыл-Орду к 15 октября. На основании этой бумаги я поставлю перед ЦИЗ вопрос об освобождении. Без такого основания ЦИЗ [ЦентрИЗдат] меня не отпускает. А так я буду освобожден, вопреки его желания. И, таким образом, наши взаимоотношения определятся, тем более, что задерживать меня и для меня и для него нет необходимости.

Если напишешь такую бумажку, то пошли ее мне через Смагула [Садуакасов]».

Хаттағы «Т. Али!» деген Қазақстанның сол кездегі жер жөніндегі халық комиссары Әлиасқар Әлібеков екені сөзсіз. Бірақ «жолдас Әлидің» ұлт көсемі сұраған «қағазын», яғни жер бойынша халық комиссариатына қызметке шақыратын құжатты жазып жіберген-жібермегені туралы мәлімет жоқ. Сол 1925 жылы қызметінен кеткен Ә.Әлібеков тиісті қағазға қол қойып үлгермеуі де ғажап емес. Оның есесіне 1929 жылдың 6 шілдесінде Алматыда НВКД тергеушілеріне берген жауабында С.Қаратілеуұлы «Бөкейхановты жер бойынша халық комиссариатына қызметке шақыру туралы әңгіме болғанын» растайды.

Ресейдің әлеуметтік-саяси тарих мұрағатында (РГАСПИ) сақталған И.Сталиннің 2 жеделхаты Алаш көсемінің елге оралуға жан салғанын алдыңғы жәдігерлерден де артық дәлелдейді. Ф.Голощекин мен Н.Нұрмақұлына жолданған құпия жеделхаттың қолжазба нұсқасын  И.Сталиннің өз қолымен жазып, қолтаңбасын қойғаны айдай анық, екіншісі – мәшенкемен терілген нұсқасы :

«Сообщите немедля[:] возражаете ли против временной поездки Букейханова в Казахстан или постоянной его работы у вас. № 11064/с – 3837/ш

                                                                                                                             СТАЛИН».

Ал енді жеделхаттың мәтініне, дәлірек айтсақ – И.Сталиннің сұрақты қалай қойғанына назар аударсақ, біріншіден, ол «ҚАРСЫСЫЗДАР МА?» [«ВОЗРАЖАЕТЕ ЛИ?»] деп сұрап, өзі қалаған «ИЯ, ҚАРСЫМЫЗ» дегендей жауап алғысы келгендей көрінеді. Егер сұрағын «ҚАЛАЙ ҚАРАЙСЫЗДАР» немесе «ҚАРСЫ ЕМЕССІЗДЕР МЕ?» деп орыс тілінің заңдылығына сәйкес сауатты қойғанында: «ЖОҚ, ҚАРСЫ ЕМЕСПІЗ!» деген жауап келу мүмкіндігі басымырақ еді.

Екіншіден, И.Сталиннің «Шұғыл хабарлаңыздар: Букейхановтың Қазақстанға уақытша баруына немесе сіздерде тұрақты жұмыс істеуіне қарсысыздар ма?» деуіне қарағанда, Ә.Бөкейхан «елге жібер!» деп Бүкілресейлік коммунистік (бәлшебектік) партияның Бас хатшысы, 1927 жылға қарай – СССР-дың іс жүзінде диктатор-басшысы болып үлгерген И.Сталиннің де әбден мазасын алғанға ұқсайды.

Алты Алаш көсемінің тіпті қысқа уақытқа баруынан не біржола елге оралуынан совет өкіметінің, оның ішінде әсіресе И.Сталиннің қатты сескенуіне толық негіз болған. Қыр баласы – елағасының сирек те болса елге қарай басқан әр қадамы, әр сапары бұқара халықтың көңіл-күйін, рухын бір көтеріп тастайтын.

Мысалға, Смахан төренің естелігіне сенсек, 1916 жылы 19 бен 31-дегі жігіттерді майданға қара жұмысқа жіберіңдер, қарсыласпаңдар, босқа қырылып қаласыңдар деген үгіт-насихатпен Адай оязына барғанда, адай елі Әлиханды алдынан ту алып шығып: – Ханымыз келді, – дегенде ол: – Қойыңдар! – деп ақылын айтып қойғызады. Академик Ә.Марғұланның естелігіне сәйкес, одан 10 жыл кейін, 1926 жылдың жазында СССР ҒА-ның антропологиялық экспедициясымен  барғанында Адай елі Әлиханды зор құрметпен, қошеметпен күтіп, үстіне жарғақтан шапан жабады.

1920-30-жылдарды айтпағанда, осы күні қазақ зиялылары мен ғалымдарының ортасында Әлиханды «нағыз ұлт көсемі», қазақтың «тұңғыш президенті», «премьер-министрі» деп жыр қылып айтып жүргені де рас емес пе!?

Ал кезінде өзін «езілген барлық халықтың көсемі» рөлінде көргісі келген И.Сталин НКВД-ның құпия мәліметтері негізінде Ә.Бөкейханның әрбір қадамын зер салып қадағалап, оның қалың қазақ арасындағы зор абырой-беделін, ықпалын қызғанышпен көріп-сезіп отырды. Оған бірден-бір дәлел: Қыр баласы- елағасына 1937 жылдың 3-25 қыркүйегінде тағылған айптамасында «оның [Ә.Бөкейханның] Қазақстанға барған әрбір сапары Қазақстандағы төңкеріске қарсы белсенді іс-әрекетімен ұласты» («Каждая его поездка вы Казахстан сопровождалась активацией им контрреволюционной работы в Казахстане») делінеді.

Ал енді бастапқы тақырыпқа оралсам, И.Сталиннің 1927 жылы 17 мамырда жолдаған осы сұрауына Ф.Голощекин мен Н.Нұрмақұлының берген жауап хаттары не жеделхаттары әзірше табылмады. Оның есесіне келесі тарихи құжаттар Н.Нұрмақұлының Алаш көсемін «қамқорлығына» алып жұмысқа орналастырмақ болған И.Сталиннің алдын орап кеткенін бұлтартпай айғақтайды. Мысалға, «Қазақ АССР-ның жер бойынша халық комиссарының (халком) істерін уақытша атқарушы» Бөкейхановтың қолы қойылып, халық комиссарлары кеңесіне (ХКК), яғни Н.Нұрмақұлына жолданған хат – Алаш көсемінің кеш дегенде 1927 жылдың шілдесінде халық комиссариатында кемінде комиссардың орынбасары сынды жауаты қызметте отырғанын байқатады. Өйткенің, хаттың мәтініне үңілсек, Бөкейханов «халком істерін халық комиссары істерін Сұлтанбековтің Мәскеуде болуына байланысты уақытша атқаратынын» түсіндіріп, «сол жылдың 6 шілдесінде Мәскеуге жүруіне және халком міндетін уақытша атқаруды комиссариаттың алқа мүшесі жолдас Әлімбаевқа жүктеуге рұқсат сұрайды». Хатта жылы көрсетілмеген, бірақ нақ 1927 жылдың шілдесінде жазылғаны келесі құжаттармен расталады.

Атап айтқанда, ҚазССР Ішкі істер министрлігінің Орталық мемлекеттік мұрағатынан Мәскеуге НКВД-ға берілген анықтама Бөкейхановтың Мәскеуге барып, Бүкілресейлік Орталық атқару комитетінің жер мәселелері бойынша комитетінің мәжілістеріне қатысқанын толық растайды. Анықтамада мынадай мәлімет беріледі:

1/ «в материалах фонда «Народный комиссариат земледелия Казахской АССР» в «протоколе заседания рабочей комиссии по выработке норм земельного обеспечения по Казахской АССР, выработанных на основании Положения о сплошном землеустройстве Казахской АССР» от 2-3/VIIІ-1927 г. проходит Букейханов, как представитель Казахской АССР»;

2/ «В «протоколе заседания президиума Федерального комитета по земельному делу при президиуме ВЦИК от 24/ VIIІ-1927 года проходит Букейханов, как представитель Казахстана».56

«Қазақ АССР-ның жер бойынша халық комиссариаты» қорына жататын тағы бір құжат бар: ол – Сырдария гүбернелік жер басқармасына (Сыр-Дарьинского ГЗУ) 1927 жылы жерге орнықтыру жөніндегі Орталық жер басқармасының бастығы (Нач. Центр. Упр. Зем-ства – Начальник Центрального Управления Землеустройства) Бөкейханов қол қойып жіберген хат.

Хатта жылы көрсетілген де, қай айдың қай күнінде жазылып жіберілгені жұмбақ болып қалды. Сол себепті Бөкейхановтың Орталық жер басқармасы бастығы қызметінде Мәскеуге дейін не кейін отырғанын кесіп айту мүмкін емес. Қазақстанның жер бойынша халкомында Бөкейхановтың қай жылға дейін қызмет атқарғаны және нендей себеппен қызметтен кеткені де әзірше жұмбақ болып отыр.

Десе де туған еліндегі қызметінен не себеппен кеткенін және оны И.Сталиннің «батасынсыз», Қазақ өлкелік партия комитетінің хатшысы Ф.Голощекиннің келісімінсіз, жалпақ тілмен айтқанда – екі бірдей басшысының басынан аттап Қазақстанға шақырып алып қызметке орналастырған Қазақстан ХКК-нің төрағасы Н.Нұрмақұлы мен ХКК мүшелерінің өз бастарын қатерге тіккенін 1937 жылдың 25 қыркүйегінде Бутыркада 2 ай отырған Алаш көсеміне тағылған ресми айыптаманың мына жолдарынан айдан анық байқаймыз: «В 1927 году, будучи приглашен в Казахстан националистами, сидевшими в правительстве, разработал мероприятия по землеустройству в контрреволюционных националистических интересах; имел контрреволюционную связь с   руководителями   пантюркисткого антисоветского центра и его активными сторонниками: Ходжановым, Нурмаковым, Тюрекуловым, Султановеновым (Султанбеков емес пе?), Кенжиным и др.».

Н.Нұрмақұлын Қазақстан ХКК-інің төрағасы қызметінен босатып, Коммунистік университетте білімін жетілдірсін деген «жылы» желеумен Мәскеуге шақыртып, 1937 жылдың 27 қыркүйегінде Қыр баласы – елағасы Әлиханмен бірге бір күнде атып, сүйегін бір пеште (крематорий) үн-түнсіз өртеп, Мәскеудегі Дон зиратындағы алақандай ғана бір жерге құпия жерлеуі – И.Сталиннің өз батасынсыз Ә.Бөкейханды қызметке алғаны үшін кек сақтап келуінің бірден-бір әрі бұлтартпайтын айғағы болса керек [№№ 24-26-сурет].

Тағы бір анық жайт: Алаш көсемінің Мәскеудегі Кіндік баспада істеген ғылыми қызметіне 1927 жылдың 1 қазанында берілген пікірде оның «штатты жалпы қысқартуға байланысты» дәл сол күні – 1 қазанда жұмыстан босатылғаны жазылды. Соған қарағанда, жер халкомында ол Кіндік баспадан өз есебінен ұзақ мерзімді демалыс алып қызмет істеп, баспадағы қызметтен оны кешіктіріп шығарғанға әбден ұқсайды. Өйткені, жоғарыда жазылғандай, Кіндік баспадағы қызметімен қатар СССР ҒА-сының Арнаулы комитетіне Қазақстан бойынша сарапшы қызметіне (ғылыми қызметке) қабылданып, тіпті 1926 жылы Адай оязына экспедицияға барып қайтқаны бар-ды.

Ә.Бөкейханның жер халкомында неше ай не жыл істегенін кесіп айту қиын. Бірақ жауапты қызметіне қоса ғылыми зерттеуін қатар жалғастырғаны таңырқатпайды. Нәтижесінде Қызылордада шығатын «Народное хозяйство Казахстан» журналының 1928 жылғы 2 санында авторы «Букейханов» деп жазылған ««Сельское хозяйство Кара-Калпакской области»  атты ғылыми очерк жарық көрді.

Көпшілікке онша таныс емес бұл еңбегінде ғалым Қарақалпақстан «мақта және тұқым алу мақсатындағы жоңышқа (мedіcaqo – люцерна) шаруашылықтарына ықшалдалған үстемелі суармалы егістікті дамытуға» (акцентированное развитие интенсивного поливного земледелия с уклоном в сторону хлопководства и семенного люцерноводства) дәлелді кеңес береді, ал «дәстүрлі мал шаруашылығынан ол қаракөл елтірісін беретін қой шаруашылығын дамытуға барлық алғы-шарттың барлығын» атап көрсетеді.

 «Әлихан Бөкейхан» кітабының 9-томы

Дереккөз: "Алауинформ"

Jebeu.kz

Пікір жазу
  • ТҰРАҒҰЛ ҚҰНАНБАЕВ: ӘКЕМ АБАЙ ТУРАЛЫ
    Еркін РАХМЕТУЛЛИН: ОЙРАНДАЛҒАН ОРАЗБАЙ ӘУЛЕТІ