Қазақстанның банк жүйесін белгілі бір тәртіпке келтіру мәселесі өте өзекті. Мұндай пікірді ҚазАқпарат тілшісіне белгілі саясаттанушы Ерлан Саиров білдірді, деп ҚазАқпаратқа сілтеме жасап хабарлаймыз.
«Қазақстанның банк жүйесін белгілі бір тәртіпке келтіру мәселесі өте өзекті. Ипотекалық болсын, әлеуметтік маңызы бар несиелер болсын банктер халыққа көмектесуге мүдделі болуы керек», - дейді Ерлан Саиров.
Саясаттанушының айтуына қарағанда, қазіргі жағдай керісінше, банктер әлеуметтің қамын ойлай бермейді. Халық алған жалақысының айтарлықтай бөлігін несие төлеуге беріп жатқаны құпия емес.
«Бұл, біздің халықтың басым көпшілігінің бүгінгі таңдағы «тағдыры» деп айтуға болады. Сондықтан, менің ойымша, банктерді бір ретке келтіру жөніндегі Елбасының тапсырмасы да халықтың мүддесіне сәйкес келеді», - деді Ерлан Саиров.
Еске сала кетсек, кеше Астанада Президенттің төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өткен еді. Отырыс барысында Нұрсұлтан Назарбаев банк жүйесіндегі бүгінгі ахуалды сынға алды.
«Елге келіп банк құрып, жұмысын бастайды. Адамдар сеніп, ақшаларын салады, сонымен қатар квазимемлекеттік сектор да қаржысын салады. Кейіннен акционерлер қаржыны жымқыруды бастайды. Осы заңсыздық үшін оларды түрмеге отырғызуға заңдар жоқ. Олар қашқаннан кейін, аталған адамды іздеп әуре боламыз. Данияр, басыңмен жауап бересің. Қажетті заңмен қамтамасыз еттік, енді салаға жауап бер. Банк жұмыс істеп тұрғанда акционерлер қаржыны ұрламауы тиіс. Өздерінің банктерін ұрлап, жоқ қылады», - деген еді Елбасы Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышевке қарата айтқан сөзінде.
Jebeu.kz