Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Ерлан Саиров ұйымның құрамы уақыт талабына сай өзгеріп отыруы мүмкін екенін айтты.
«Кеңестің құрамы менің жеке пікірім бойынша, өзгеріп тұруы қажет. Қажет болса, мүшелер саны көбеюі де мүмкін. Ал жұмысына үлгере алмай, қоғамның сенімін ақтамағандар орнын басқаларға беруі керек. Біз цифрлық заманда өмір сүріп жатқандықтан, 40-тан астам мүше деген шартты дүние. Совет заманындағы сияқты қасаң режімнен аулақ болуымыз керек. Кеңестің жұмысына 18 млн адамның барлығының қатысуға құқығы бар. Елдің ой-пікірін дұрыс жеткізе алмаған адамдар орнын босатады. Мысалы мен өзім кеңес жұмысындағы миссиям орындалмай жатса, өз орныма басқа адамды ұсынамын», - деді ол.
Ерлан Саиров Ұлттық кеңесті билік пен қоғам арасындағы толлыққанды диалог жасаудың алғы шарты деп атап өтті.
«Бұл қадамды бүгінгі билік пен қоғам арасындағы толыққанды диалог жасау, еліміздегі мемлекет пен азаматтар арасындағы сюрреализм, демократия негізіндегі үлкен бір алаң жасаудың алғышарты деп білу керек. Біздің елімізде азаматтар арасында үлкен резонанс тудырды. Азаматтар орталық деңгейде ғана емес, өңірлерде осы Кеңестің болашақтағы жұмысы жөнінде өздерінің ой-пікірлерін білдіріп жатыр. Қоғам мен биліктің арасындағы әңгімеге біздің ел, біздің жұрт сусындап қалған. Бүгінде қоғамдық-саяси жағдайды бір сөзбен түсіндіруге болады, ол – әңгімелесудің, сөйлесудің жаңа форматын сағынып жүрген сарғайып тұрған жапырақ тәрізді. Осындай жаңғыру болса, ел мен жұрттың арасында, мемлекет пен азаматтар арасында белгілі бір сенім форматының пайда болары белгілі. Қоғамдық сенім аталуының өзі қоғамдық сенім арқылы ұлттық диалогқа барудың жаңа форматтың пайда болуына үлкен үміт күттіретін жағдай деуге болады», - деді Саиров.
Кеңес мүшесі ел арасындағы түйткілді мәселелер шешімін табуы керек екенін айтты.
«Сайлау, митинг, БАҚ, саяси партиялар туралы заңдардың кейбір тармақтары заман талабына сай емес екенін уақыт көрсетті. Сондықтан, осы тұрғыда ойлануымыз керек. Саяси процестерді орталықсыздандырып, әртараптандыру сұранысқа ие болып отыр. Саяси шешімдердің барлығы Нұр-Сұлтаннан шықпауы керек екенін айтып жатады, себебі Қазақстан өңірлерден тұрады. Әлеуметтік салада да проблемалар барын білеміз. Соның бірі жыл сайын Қазақстаннан өз еркімен көшіп жатқандардың саны артып келеді. Ал шекаралық аудандардағы халық орталықтарға көшіп жатыр. Мұны гуманитарлық проблема деуге болады. Кеңес осы мәселелерді шешудің орталығы болуы тиіс және бірлесе шешуге күш-жігеріміз жетеді», - деді ол.
Jebeu.kz