Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев жастарды жұмыспен қамту және олардың бизнеспен айналысу мүмкіндігі жайлы айтты.
«Мемлекет басшысы бастама жасаған жаңа ауқымды жобалар жастар саясатындағы жүйелі өзгерістерді қамтиды. Жастарды жұмыспен қамту мәселесіне айрықша назар аударылатын болады. Әлеуметтік зерттеулердің нәтижелері бойынша еліміздегі жастардың 40%-ға жуығы тұрақты түрде жұмысқа орналасу проблемаларын бастарынан өткізеді екен. Алайда, қазіргі уақытта жастардың арасындағы жұмыссыздық барлық әлемде өткір мәселеге айналып отыр. Соңғы деректер бойынша жастардың жұмыссыздық деңгейі 13%-ды құрайды, ал кейбір елдерде 40%-ға жетеді. БҰҰ деректері бойынша әлемдегі әрбір бесінші жас оқымайды және жұмыс істемейді.
Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, жастардың жұмыссыздығын жоюдың басты мүмкіндіктерін шағын және орта бизнес саласынан табуға болады», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев Жастар саясаты жөніндегі дөңгелек үстел барысында.
Сенат төрағасының айтуынша, ел жастарының бойында кәсіпкерлік бастамаларды іске асыра білу қабілетін тәрбиелеу қажет.
«Қазақстанмен салыстырғанда экономикалық жағдайы анағұрлым қиын жағдайдағы көрші мемлекеттердің жастарының қаншалықты икемді, іскер екені, өз шағын бизнестерін жүргізуге бейімделгені байқалып отыр. Бұл елдерде жастар жаңа мамандықтарды игерген, өз туыстары мен өз мемлекетіне қолдау көрсету мақсатында өздігінен жұмыс тауып, шетелдерде де жұмыс істеуде. Өкінішке орай, кәсіпкерлік саласы Қазақстан жастарын әлі де қызықтырмай отыр. Әлеуметтік сауалдардың деректері бойынша сұралған жастардың 51%-ның бизнеспен айналысу туралы жоспары жоқ екен. Бұл проблемаға басқа жағынан қараған дұрыс. Мүмкін, біз бизнеспен айналысу үшін өзіміз тиісті жағдай жасамай отырған шығармыз? », - деді Тоқаев.
Сенат төрағасының айтуынша, жоғары және кәсіби білім беру салаларында нарықтың сұраныстарын бағдарға алу жоспарланып отыр.
«Жас маман» бағдарламасы аясында жаңғыртылған 200 оқу орнының негізінде индустриялық және сервистік бағыттағы 100-ден аса қажетті мамандық бойынша мамандарды даярлау көзделіп отыр. Жастардың кәсіпкерлігін ынталандыру «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша гранттардың көлемін екі есе ұлғайтуды көздейді. Жастардың стартаптарын қолдау қоры құрылып, жастарды бизнестің негіздеріне оқыту жолға қойылады. Әр өңірде саны 100 мыңға дейінгі білімді жұмыссыз жастар мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдарға арналған «Жас кәсіпкер» бағдарламасы дайындалатын болады.
Атап өтсек, Сенатта «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру және Жастар жылын өткізу аясында мемлекеттік органдардың, қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдардың алдында тұрған міндеттер туралы» дөңгелек үстел өтіп жатыр.
Шараға қоғамдық даму, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, білім және ғылым, ақпарат және коммуникациялар, денсаулық сақтау, ішкі істер министрліктерінің, Астана және Алматы қалаларының, бірқатар облыстардың басшылары, жастар ұйымдарының көшбасшылары қатысып отыр.
Шара барысында Жастар жылының ашылуы кезінде Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың көтерген бастамаларының жобаларын іске асыру мәселелері қаралуда. Пікірсайыс жастардың жұмысқа орналасуы мен тұрғын үймен қамтамасыз етілуі, жеткіншек ұрпақтың білім алуы мен тәрбиесі секілді өзекті мәселелерге арналған. Әзірленген ұсыныстар жастар мәселелері жөніндегі қолданыстағы заңнаманы жетілдіруге бағытталмақ.
Бұған дейін Тоқаев «мектептегі зорлық-зомбылық – барлық мемлекеттік орган жұмысындағы кемшілік» деген болатын.
Қымбат ЕЛТАЙҚЫЗЫ
Дереккөз: Baq.kz