Қ. Тоқаев: Абай, шын мәнінде, қазақ болмысының айнасы

Уақыты: 2019-04-26 Көрлімі: 2260 Сипаттама

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Семей қаласының зиялы қауым өкілдерімен кездесуі...

58441650_2051143161675772_7482466434228944896_n.jpg

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Семей қаласының зиялы қауым өкілдерімен кездесуінде, алдағы жылы Абай Құнанбаевтың 175 жылдығын мемлекеттік деңгейде атап өтетінін айтты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі әлеуметтік желіде хабарлады. 

"Ұлы Абайдың мұрасы «Рухани жаңғырудың» маңызды бағдарына айналуы қажет. Алдағы жылы Абай Құнанбаевтың туғанына 175 жыл толады. Осы айтулы датаны біз тұтас ел болып, мемлекеттік деңгейде атап өтеміз. Біз үшін бұл мерейтойдың маңызы ерекше. Тарихи датаны ақыл-парасатпен, салиқалы деңгейде өткізуге баса мән беру керек. Негізгі мақсат – дана Абайдың тағылымын жастардың санасына сіңіру, ұлы тұлғаның ой-толғамдарын кеңінен дәріптеу. Үкіметке Абайдың мерейтойына қажетті шаралар әзірлеуді тапсырамын. 

Абай, шын мәнінде, қазақ болмысының айнасы. Ақынның дара тұлғасы – халқымыздың руханиятын әлемге танытатын теңдесі жоқ құндылық. Дүниежүзі әдебиетінде Абай сияқты ақын, ағартушы, ойшыл, сыншы кемде-кем. Абай, шын мәнінде, қазақтың біртуар перзенті. Жидебайдағы кешенді жаңғыртып, инфрақұрылымды қалпына келтіру қажет. Хакім Абайдың туған жері дүние жүзінің түкпір-түкпірінен келетін туристерді қарсы алуға лайықты ірі орталыққа айналуы тиіс. Жергілікті басшылар осы маңызды мәселеге назар аударуы қажет. Бұл – бабалар алдындағы борышымыз әрі өскелең ұрпақ үшін жақсы өнеге. «Рухани жаңғыру», түптеп келгенде, осы міндетті жүрекпен сезініп, ешқандай нұсқаусыз орындау екенін біз терең түсінуіміз керек", - деген мемлекет басшысы. 

ҚР президенті Ұлы Абайды ұлықтағанда, оның әкесі – Құнанбайдың ел тарихындағы еңбегін ұмытпауымыз қажет деген пікірін де білдірді.

"Ол – Семейде ғана емес, тұтас қазақ тарихында өз орны бар тұлға. Оны халқымыз жақсы біледі, қадір тұтады. Сондықтан, алдағы уақытта облыс әкімдігі Құнанбайдың есімін ұлықтауға байланысты тиісті шаралар қабылдау мүмкіндігін қарастыруы қажет. Жас ұрпаққа жақсы үлгі-өнеге болатын істі мен әрқашан қолдаймын. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру үшін біз, шын мәнінде, осындай сабақтастық дәстүріне жол ашатын бірегей бастамаларды қолға алуымыз керек", - деді Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ақ Орданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапарын Семей қаласынан бастаған. Сапар аясында Мемлекет басшысы Семей және Өскемен қалаларындағы бірқатар әлеуметтік және өнеркәсіптік нысандарды аралап көруі жоспарлаған. Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік-мәдени бағдарламалардың жүзеге асырылу барысымен танысып, облыстың жұртшылық өкілдерімен, еңбек ұжымдарымен және жастармен жүздеседі. 

Jebeu.kz


Пікір жазу
  • "Қазақ-қытай қатынасында Назарбаевтың салмағы әлі басым"
    Елбасы: Қазақстан халқы әлемдік сарапшылардың деструктивті болжамдарын жоққа шығарды