Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ. КЕМЕЛҰЛЫ КЕМЕЛ ТҰЛҒА

Уақыты: 2019-05-12 Көрлімі: 5593 Сипаттама

Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫҚазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Филология ғылымдарының докт...

E4703A45-A5AA-44C8-B4B1-920F8F847DA8.jpeg


Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. 

Филология ғылымдарының докторы, профессор. 

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ кафедра меңгерушісі

 

- 19 наурызда Қазақстандағы жоғарғы билік транзиттік жолмен ауысып, уақытша ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев болды. Одан кейін мемлекет басшысы 9 маусымға кезектен тыс президенттік сайлау өтетінін хабарлады. Соңғы кездегі осы шешімдерді қалай бағалайсыз?

- Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті, Еласы – Н.Ә.Назарбаевтың 2019 жылы 19 наурыз күнгі президенттік құзіретін өз еркімен тоқтату туралы мәлімдемесі – айтып-айтпай ерекше тарихи уақиға болды. Неге? Жалпыға мәлім болғанындай «ҚР Ата заңы» тұңғыш Президенттің  сайлану құқығына, мерзіміне шектеу қоймайды. Яғни сайлау мерзімінен бұрын – биыл өтсе де, немесе өз мезгілімен 2020 жылы өтсе де, егер Нұрсұлтан Әбішұлы «сайлауға қатысам» десе, оған қай кезде де жол бос еді. Бұл мәселенің басты жағын - заңдық-құқықтық негізін көрсетеді. Бұл бір. Екіншіден, мәселенің саяси-әлеуметтік жағына назар аударып көретін болсақ, бұнда да Назарбаев үшін «жасыл шырақ» жанып тұрғанын аңғару қиын емес. Олай дейтін себебіміз, отыз жыл бойы билік тізгінін үзіліссіз өз қолында ұстап келген Н.Ә.Назарбаевтың  әлемдік  қауымдастықтағы саяси бет-беделінің жоғары екенін еш кім де  жоққа шығара алмаса керек. Оған дәлел боларлық фактілерді тізбелесек, сөз мүлде ұзап кетеді. Сондықтан соңғы кездегі бірер оқиғаны еске алайықшы. Президенттік өкілеттігін өз еркімен тоқтатқан Назарбаевты ҚХР төрағасы Си Цзиньпиң Пекинде өткен екінші кезекті «Бір белдеу, бір жол» форумына арнайы, құрметті қонақ ретінде шақырды, әрі форумның бас жағында сөз берді. Сондай-ақ осы сапарында Н.Назарбаев ҚХР-ның ең жоғары наградасы «Достық» орденімен марапатталды. Кеше ғана Ресей Президенті В.Путиннің арнайы шақыруымен Ұлы отан соғысының 74 жылдығына арналған парадқа құрметті қонақ ретінде қатысып келгенін көріп-біліп отырмыз. Си Цзиньпиң марапаттайым десе, Путин шақырам десе басқа адам таппай қалған жоқ қой. Бұл әрісі Қазақ еліне деген құрмет болса, берісі Н.Ә.Назарбаевтың өз бет-беделі. Бұларданөзге Назарбаевтың Шығыс пен Батыс елдеріндегі, Ислам әлеміндегі,  Түркі елдеріндегі, Орта Азиядағы, ТМД аумағындағы абырой-атағына көз жұмбайлық  жасау қиянат болар еді. Демек Н.Назарбаев өзі әрі қарай  «президенттік   сайлауғатүсем, жылы орнымды қазірше босатпаймын» десе, халықаралық қауымдастықта қарсы болатындар көп бола қоймас еді. Ал ел ішіне келетін болсақ, тәуелсіздік жылдарында елде қанша рет президенттік сайлау өтті, соның бәрінде қазақстандық электораттың мүлде басым бөлігі Назарбаевтың кандидатурасын қолдап дауыс беріп келгені жасырын емес. Әр жолғы сайлауда Назарбаевтың 90-95 пайыз дауыс алуын кейбіреулер сан-саққа жүгіртіп те жүрді. Мен бұл көрсеткішке еш қашан күмән келтірген емеспін. Неге десеңіз, қазақстандық электораттың санын шамамен 10 миллион десек, оппозиция мен Назарбаевтың саясатына наразы жұрттың санын миллионнан көп дегенге еш кімді де сендіре алмайсың. Демек, Назарбаев ел билігінде әлі де отыра берем деп шешсе, ел тұрғындарының басым көп бөлігі тағы да өз дауыстарын беріп, қуана қолдаған болар еді. Үшіншіден, жасы жетіп отырса да, денсаулығы мүлде жар бермесе де орынтағынан айырылғысы келмей, елді сарсаңға салып отырған мемлекет басшылары туралы, тіпті алтын тағын құшақтаған күйі арғы дүниеге аттанып кетіп жатқан «көсемдер»  туралы біз тарихтан да жақсы білеміз, һәм мына заманның өзінде де ондайлар кездесіп қалады.  Ал Назарбаевтың жасы сексенге таяп қалғанымен, денсаулығы өте жақсы. Демек ең кемінде тағы бір мәрте (7 жыл) отыруға жеке  мүмкіндігі де бар еді... Міне Нұрсұлтан Әбішұлы  осы және өзге де мүмкіндіктерінің бәрін кері ысыра отырып, ең бастысы  ел болашағы мен мемлекет тағдыры үшін, қала берді Қазақ дейтін халықтың әлем жұрты алдындағы беделі мен абыройы үшін парасат биігінен көріне білді. Ұлт болашағы  үшін ұлы қадам, үлкен ерлік, тарихи шешім жасады.  Олай дейтін себебіміз, мәселен, Назарбаев тағы да сайлауға түсті делік, сайланды делік, ертең «өлім бар да қаза бар», жаман айтпай жақсы жоқ, Қазақ билігінде Түрікменстан(С.Ниязов) мен Өзбекстан (И.Каримов) сценариі қайталанар болса, Қазақ елінің жағдайы қалай болар еді? Ойлаудың өзі қорқынышты!  Бассыз қалған қазақ елінің ең жоғарғы билігіне АҚШ, Ресей, Қытай, Түркия, Ислам әлемі...т.т. жатпай-тұрмай өз «кандидатураларын» тықпалар еді, елді қырықпышақ қылар еді... Оны аз десеңіз өз ішіміздяегі танауынан биті домалап тұрған олигархтар арасында тақталас басталар еді... Осы талас-тартыстың бәрі жәй «жаға жыртумен» шектелсе мейлі ғой.... Қайбір елдердегідей қан төгіске ұрындырмасына кім кепіл?! 19 наурыз күнгі Елбасы ерлігінің мәні міне, осында!   

 Ал енді «Ата заңымыздың» талабы бойынша, Президент қандай да бір себеппен өз өкілеттігін тоқтатқан жағдайда, оның міндетін атқару Парламент сенатының Төрағасына жүктелетіні белгілі. Сол уәжбен ел Президенті қызметін  уақытша атқару міндеті Қ.К.Тоқаевқа жүктелді. Ал таққа отырған жаңа Президеттің сайлауды мерзімінен бұрын өткізу туралы шешімі де өте парасаттылықпен жасалған  маңызды  саяси қадам болды деуге толық негіз бар. Олай дейтініміз, әлемдік қаржыгерлер мен саясаткерлердің болжамына сенсек, келер жылы әлем елдері сұрапыл қаржы дағдарысымен бетпе-бет келуі мүмкін. Ондай  кезде «сайлау» атты сарсаңға түспей, халықтың уақыты  пен күш-жігерін  саяси додаға сарп етпей, Президентімізді күнілгері сайлап алып,  сын-қатерге алдын ала тас-түйін дайын отыруымыз керек. Бұл бір. Екіншіден, Қазақстан және Орта Азия аймағы әлемдік геосаясатта көптеген алпауыт елдердің мүдделері тоғысқан жер. Аталған аймаққа өз ықпалын жүргізіп, сөзін өткізуді көздеп, өмешегі үзіліп отырған елдер аз емес. «Түн ұзарса, түс көбейеді». Мынадай күрделі уақытта «сайлау келер жылы» деп, арқаны кеңге салып жату – ақылды елдің тірлігі емес. Демек, түптеп келгенде,  сайлауды мерзімінен бұрын өткізудің өзі ұлт  тағдыры мен ел болашағын ойлаудан туған парасатты шешім! Осы шешімі арқылы да Қасым-Жомарт Кемелұлы өзінің үлкен саясатта  пысып-жетілген, әбден ысылған, парасаты биік  кемел тұлға екендігін көрсетті.    

B956EC08-3C2C-4420-B4FD-2800DE852D19.jpeg

     

- Президенттіке, сайлауға кандидаттар ұсынылып, тіркеу жұмыстары аяқталып, үгіт-насихат жұмыстары басталып та кетті. Халық алдағы сайлаудан не күтеді, сайлауды тартысты өтеді деп ойлайсыз ба?

- Бұл жолғы сайлауға еліміздің біраз азаматы Президенттікке кандидат ретінде тіркелді. Олардың ішінде Қ.Тоқаев, Ә.Қосанов, С.Түгел секілді елге белгілі, танымал тұлғалар да бар. Бұлардан өзгееліміздегі біраз партия-топтардың ұсынуымен бақ сынамақ болып отырған тағы  3-4 азамат бар. Тіпті бір әйел азаматтың да төбе көрсеткенін көзіміз шалып қалды. Осының өзі елдегі демократияның айқын  көрінісі емес пе?! «Алуан алуан жүйрік бар, әліне қарай жүгірер» дегендей, бұлардың бәрі де алдағы саяси бәйгеде өз әліне қарай  «жүгіретін»болады. Жұрттың дені, көптеген саясаткерлер  негізгі дода – Қ.Тоқаев пен Ә.Қосанов арасында болады деп болжам  айтып жатыр ғой, сол пікірге мен де қосылам. Себебі Қ.Тоқаевты биліктегі «Нұр Отан» партиясы ұсынып отырған болса, Ә.Қосановты оппозициялық топтар ұсынып отыр. Бұл жолғы саяси дода осынысымен қызық болайын деп тұр. Биліктің өкілі әрине, қазіргі саясатты әрі қарай  жалғастыратынын, жаңғыртатының, жетілдіретінін айтады, сол арқылы халықтың  әл-ауқатын  жақсартып, мемлекетімізді бай-бақуатты елдер қатарына қосуға күш салатыны туралы уәде береді. Ал оппозиция өкілі болса, билік жүргізіп отырған саясаттың кемшілігін қазбалайды, «біз билікке келсек қой үстіне боз торғай жұмыртқалаған заман болады»  деген рәуіште уәде береді. Дегенмен, бір жақсы жері Қазақстан халқына қызуқандылық мінез тән емес, оның үстіне электораттың  денінің көзі ашық, сауатты. Сондықтан түпкілікті, дұрыс  таңдауды халық өзі жасайды деп сенемін. 

 

- Өзіңіз әлеуметтік желіде оқырмандарыңызды «Нұр Отан» партиясы ұсынған кандидат, қазіргіПрезидент Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдауға шақырдыңыз. Тоқаевтың саяси портреті туралы айтып өтсеңіз.

- Иә, дұрыс айтасың. Үстіміздегі жылдың 23 сәуірі күні  осы жолғы Президент сайлауына «Нұр-Отан» партиясы  Қасым-Жомарт Кемелұлының кандидатурасын ұсына салысымен,    мен барша отандастарымды, күллі Алаш жұртын  Қ.Тоқаевтың кандидатурасын қолдап дауыс беруге шақырып, феизбуктегі  жеке парақшамда шағын мақала жарияладым. Бұл әрине, еш кімнің сұрауымен немесе әлде қандай ұйымның тапсырмасымен жазылған нәрсе емес, осы елдің азаматы, қазақ дейтін халықтың перзенті ретіндегі өз ойым, жеке пікірім болатын. Аталмыш әлеуметтік желі бетінде менің бұл пікірімді қолдаушылар аз болған жоқ. Әрине, бірлі-жарым қарсы уәж айтушылар да болды. Қалай дегенмен де, сол жазбам арқылы  Қасым-Жомарт Кемелұлы туралы көпшіліктің көкейіндегі сөзді һәм елге керек сөзді айттым-ау  деп ойлаймын.   

Өйткені дәл қазір тұтас еліміз тағдыршешті бетбұрыс кезеңінде тұр десек, еш асырып айтқандық емес. Себебі елімізді от пен суға ұрындырмай 30 жыл бойы үзіліссіз басқарған, ел іші-сыртында саяси бет-беделі зор, кәнігі саясаткер, Елбасы Н.Ә.Назарбаев биліктен кетіп, оның орнына жаңа адамды  сайлайық  деп жатырмыз. Бұндай да халықтың  таңдауы бәрінен де  маңызды. Өйткені бүгінгі таңауымыз ертеңгі тағдырымыз. Ендеше саяси бәйгеде бақ сынап жатқан тұлғалар  туралы маңайыңа, оқырманыңа, өзіңді тыңдайтын, силайтын дос-жаранға, қарапайым халыққа дұрыс жөн сілтеуді -  азаматтық һәм зиялылық парызымыз деп білемін.

Осы тұрғыдан келгенде, мен еліміздегі  күллі сайлаушыларды, жалпақ Алаш жұртын осы жолғы сайлауда Қ.Тоқаевтың кандидатурасын қолдап дауыс беруге шақырар едім.  Ел-жұртқа, жалпақ элеторатқа бұлай жар салуымның өзіндік себебі жоқ емес. Түптеп келгенде бұл себептің өзі де Қасым-Жомарт Кемелұлының кісілік келбеті мен саясаткерлік,  тұлғалық қасиетінен  туындап отырғанын шегелеп айтуға, жар сала жария етуге тиіспіз. Олай болса, ҚР Президенттігіне кандидат Қ.Тоқаев басқалардан  қандай ерекшелігімен өзгешеленіп тұр?  

Біріншіден, Қ.Тоқаев КСРО кезінде өмірге келіп,  орта және жоғары білімді сол заманда алғанымен, кісілік ой-пікірі мен саяси бет-бағдары, азаматтық тұлғасы негізінен тәуелсіздік жылдарында қалыптасқан, азаттығымызбен бірге есейген, биліктің түрлі саласында пысып-жетілген, жан-жақты қалыптасқан, еркін ойлы, санасы азат тұлға! Бұл мемлекет басшысының бойында болуға тиісті маңызды шарттардың бірі. Себебі биліктегі, жүйедегі  кемшіліктер мен артықшылықтарды  сырттай сынап жүрген, биік мансапты сырттай қызықтап жүрген адамнан гөрі, оның отымен кіріп, күлімен шығып жүрген, өз басымен өткеріп, өз қолымен істеп жүрген адам жақсы біледі. Қай сала үшін де бұл аксиома!  

Екіншіден, Қасым-Жомарт Кемелұлы мамандығы бойынша дипломат. «Елдестірмек елшіден, жауластырмақ жаушыдан» дейді халық даналығы. Мынадай алмағайып заманда, әсіресе Қазақстан секілді географиялық орналасуы күрделі елге шебер дипломатия өте-мөте керек. Ал мемлекет басшысының бойында тәуекелшіл, ұрда-жық мінез басым болса, ол бізді жарға жығады. Абай атам айтқандай, ондай адам «Бір-ақ секіріп шығам деп,бір-ақ қарғып түсем деп, мертігеді, жатады». Өзі мертігіп, өзі жатса тағы мейлі ғой, тұтас елді арандатса ше?!   Ал Қасым-Жомарт Кемелұлы дипломат болғанда да анау-мынау емес, ғаламдық  деңгейдегі, әлемге әйгілі дипломат! Оның бұл қасиеті мен қабілеті Қазақ елінің әлемдік қауымдастықпен, әсіресе маңайындағы қилы-қилы көршілермен тату-тәтті, бейбіт-қатар  күн кешуіне толық кепілдік һәм мол мүмкіндік береді.   

Үшіншіден, Ол Еліміз сыртқы саясатының  мың сан қатпарлары мен басым бағыттарын терең білетін, сондай-ақ әлемдік қауымдастықтағы  елдердің де есіктерінің қалай ашылып-жабылатынын жақсы  білетін, ысылған, ірі саясаткер!    

Төртіншіден, Қ.Тоқаев көрнекті дипломат, білікті саясаткер ғана емес, өндірісті де, экономиканы да жақсы білетін ұйымдастырушы-басшы. Бұл сөзімізге оның премьер-министр болған жылдарында жасаған сәтті реформалары мен  елдегі экономикалық оң бетбұрыстар  жақсы дәлел.          

Бесіншіден, Ол билікте жүргендердің ішіндегі  ары да, қолы да таза азамат!   Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан күні бүгінге дейін биліктің ең жоғарғы сатыларында қызмет еткен Қ.Тоқаевқа қатысты не саяси салада, не қаржылық салада, не елдің ішінде, не шетелде бірде бір жағымсыз ақпараттың шықпауы осы сөзіміздің айғағы. Өзі таза адам ғана  маңайынан, кадрларынан, командасынан, қала берді тұтас қоғамнан тазалықты талап ете алады.    

Алтыншыдан, Қ.Тоқаев дәуір рухына, уақыт талабына, замана тынысына лайық заманауи білімдерді терең меңгерген, әлемдегі іргелі тілдердің біразын жетік білетін  өте парасатты, зиялы азамат. Елді тек саясаткерлікпен, экономикалық біліммен, өндірістік тәжрибемен ғана басқаратын заман артта қалып барады.  Бүгінгі ел басқаратын адамға сөзсіз мол білім, биік парасат керек. Сондай тұлға ғана елін әлемдік ғылым-білім, парасат көшінен қалдырмай, мемлекетті  ғылыми  түрде басқаратын болады. Сөздің осы тұсында Шәкәрім атамыздың «қанша тіл білсең, сонша адамсың» деген ақылиясы еске түседі. Осы тұрғыдан келгенде  Қасым-Жомарт Кемелұлының ана тілі – қазақ тілінен өзге, ағылшын, орыс, қытай, француз тілдерін еркін меңгеруінің өзі-ақ оның  кемел білімнің иесі екендігін көрсетпей ме?!

Жетіншіден, Қ.Тоқаев  зиялы, текті, өнегелі отбасында туып-өскен азамат. Әкесі Кемел Тоқайұлы, екінші дүниежүзілік фашизмге қарсы  соғыс ардагері, белгілі қазақ жазушысы болған. Ал анасы Тұрар Шабарбаева, Алматы шет тілдер институтында ұзақ жылдар ұстаздық қызмет атқарған. Нақтылап айтқанда, Қасым-Жомарт Кемелұлы әдебиетші-жазушы әке мен ұстаз-ананың тәрбиесін көрген, ұлт руханиятын қанына, жанына дарытып өскен тұлға! Айтып-айтпай адам өмірінде туып-өскен отбасының, ата-ана тәрбиесінің орны ерекше. «Қанда жатқан тектілік, шықпай қоймас еп қылып...» дейді халық даналығы. Соған бір мысал, Алматыда туып, орыс балабақшасында тәрбиленген, орыс мектебін бітірген, жоғары білімді Мәскеуде алған, еңбек жолын Ресейде бастап, шетелдерде жағастырған Қ.Тоқаевтың  елге  оралған жылдарда ана тілі – қазақшаға шорқақтау екенін теледидардан көріп жүрдік. Көп ұзамай қазақ тілін жақсы меңгеріп алғанын байқадық. Бұл Қазақ еліндегі мемлекеттік тілге деген құрмет қана емес, «қазақтың тілі – қазақтың жаны! Халқымыздың тарихы да, тағдыры да – тілінде. Мәдениеті мен әдебиеті де, ділі мен діні де – тілінде» (Қ.Тоқаев) екенін жан-дүниесімен сезіне білгендіктің нәтижесі еді.   Міне оның бұл қасиеті ертеңгі күні ұлт руханиятының дамуы мен гүлденуіне үлкен серпін береді деп сенімді түрде айтуға болады.   

Қасым-Жомарт Кемелұлының бойынан ел басқаруға лайықты басқа да асыл қасиеттерді айта беруге болады. Дегенмен, біз байқаған басты қасиеттер осылар.   

Сондықтан мен ел ертеңіне және өз болашағына бей-жай қарамайтын барша отандастарымды  Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың кандидатурасын қолдап дауыс беруге шақырамын!

- Қасым-Жомарт Тоқаев 1999-2002 жылдары ҚР үкіметін басқарды. Осы премьер-министр кезінде еліміздің даму жолында қандай нақты реформаларын әкелді?

- 1997 жылдың күзiнде Таиланд пен Гонконгтың қор нарығында орын алған тұрақсыздық 1998 жылғы күллі Азидағы қаржылық дағдарысқа ұласып, Жапония, Индонезия мен Оңтүстiк Кореяның қор нарығына айтарлықтай керi әсер етті.  Орыстардың ұлттық валютасы – рубльдiң бағамы күрт төмендеп, Ресейдегi шетелдiк инвесторлар орыстардан сырт айналды. Мезгіл көші жылжып, 1998 жылға келгенде азиялық қор нарығындағы құлдыраулардан басталған дағдарыс өз тізгін-шылбырына  енді ғана қолы жеткен,  әлемдік қауымдастық атты алып мұхитқа кемесін  қалт-құлт еткізіп  жаңадан алып шыққан тәуелсіз елдерді есеңгіретіп жіберген  болатын. Міне осындай қиын да күрделі кезеңде, атап айтқанда, 1999 жылы қараша айында Қазақстанның үкімет басына Қ.Тоқаев басқарған бесінші үкімет тағайындалды. 

    Қ.Тоқаев үкіметі Қазақстандағы шатқаяқтап тұрған бюджет мәселесін ескере отырып, одан тиісті қорытынды жасау, бюджетті жоспарлауда жетімсіздіктер болып жатса, оны түзету, кірісті жинақтауда резервтер болатын болса, оны іске қосу, яғни қаржы көзін, оны қолданудың әдіс-тәсілдерін жете пайдалануды кеңінен жолға қойды. Сонымен бірге экономиканы, қаржы және құқық жүйесін реформалауды одан әрі жалғастырды, әлеуметтік саладағы реформаларға баса назар аударды. 

     Ел экономикасына инвестиция тартудың өзектілігін ескеріп, әлемдегі белгілі және салиқалы инвесторларды іздеп, оларды елге тарту, олардың мемлекет экономикасына деген ынтасын арттырушараларын жандандырды. Сыбайлас жемқорлықпен күресті одан әрі күшейтті.  Өндірісті жандандыруға  баса көңіл бөлді. Отандық тауар өндірушілерге қолдау көрсетіп, кіші және орта бизнесті дамытуға барынша  күш салды. 2000-шы жылдың басына дейін зейнетақы қарызынан құтылуды жоспарлап, халық алдындағы қарыздан негізінен айтқан  мерзімінде  құтылды. Бұдан тыс, «Ұлттық қор», «Жинақтаушы зейнетақы қорын» құру секілді бастамалар да Қ.Тоқаев үкіметі кезінде жүзеге асқан реформалар екенін атап айтуымыз керек.  

Қысқасы  1999 жылдың қараша айынан 2002 ж. қантар айына дейін қызмет істеген Қ.Тоқаев үкіметі өзінің алдына қойған іс-қимыл бағдарламасын орындауда бірқатар әлеуметтік-экономикалық бағыттағы реформалар енгізіп, оны белгілі  деңгейде жүзеге асыра алған үкімет ретінде тарихта қалды. Әрине, ол реформалардың жемісін одан кейінгі үкімет қана емес,  тұтас ел тұрғындары бүгінге дейін  игіліктеніп жатқанын да атап айтуға тиіспіз.

 2BA4F5FF-666C-42A9-8A49-57939FBE5189.jpeg

- Мемлекет басшысы бірнеше шетел тілін біледі. Оның ішінде қытай тілі де бар. Қытай көршіміз, стратегиялық әріптесіміз және ол жақта 1,5 миллионнан астам қандасымыз бар.Қасым-Жомарт Тоқаев Президент болып сайланса қазақ-қытай қатынасы қай бағытта болады деп ойлайсыз? Ондағы қандастар мәселесін шешу үшін қандай қадамдар керек?

- Қасым-Жомарт Кемелұлы Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтын бітіргенін бәріміз білеміз. Сол жылдарда шет тілі ретінде қытай тілін оқыған. Яғни ол қытай немесе шығыс Азия елдеріне бағытталған дипломат болатын. Университет бітіргеннен кейін шынымен де, Сингапур, Қытай секілді елдерде дипломатиялық қызметтерде болды. Аралығында Пекин тілдер институтында бір жылдай тілдік  тағылымдамадан өтті. КСРО-ның Қытайдағы елшілігінде ұзын ырғасы 5-6 жылдай қызмет етті. Айтайын дегенім, Қ.Тоқаев қытай тілін өте жақсы меңгерген. Тағы бір жағынан, ол дипломат қана емес, белгілі қытайтанушы-ғалым. Аталған ғылым саласы бойынша оның көптеген салмақты ғылыми және танымдық  еңбектері жарық көрген. Қысқасы Қ.Тоқаев қытай елінің қыр-сырын, мықты және осал тұстарын, қытай халқының тарихын, мәдениеті мен менталитетін өте жақсы білетін саясаткер. Жалпы адам баласында қателік қайдан туындайды? қателік мәселені жете түсінбеуден, жұмсты білмеуден туындайды. Осы тұрғыдан келгенде, Қ.Тоқаев Президент болып сайланған жағдайда  қазақ-қытай қарым-қатынасы бұрынғы достық, тату-көршілік саясатты сақтай отырып, әрі қарай да бейбіт, қатар тұру  принципі негізінде жалғасын табады деп сенімді түрде айтуға болады. Ал қандастар мәселесіне Қ.Тоқаевтың екібастан  ықыласы дұрыс. Атап айтар болсақ, 2000 жылға дейін шетелден келетін қандастарға бөлінген квота саны 500 отбасы болып келген болса, 2001 жылы Қ.Тоқаев үкіметі елдегі қажылық дағдарысқа қарамастан квотаның санын 5000 отбасына дейін көбейтті. Ал Президент міндетін атқарушы болып тағайындала салысымен, отандық  қазақ тілді БАҚ-қа берген сұхбатында: «Шетелдегі қандастарымызды («оралман» деген сөзге мен қарсымын) Атамекенге қайтару ісі ешқашан назардан тыс қалған емес, қалмайды да. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі қандастарымыздың басын туған жерде біріктіру – біздің парызымыз» дегенін бәріміз оқыдық. Демек, Қасым-Жомарт Кемелұлы билікке келсе, қытайдағы қандастар мәселесі де оң шешімін табады, қаңтарылып қалған қазақ  көшіне де жан бітеді деп толық сеніммен айта аламыз.  

-Тоқаев ҚР Сенатының төрағасы кезінде сіздер құрастырған «Қазақша-Қытайша үлкен сөздіктің» баспадан шығуына көмегін көрсеткені туралы жазғансыз. Сөздік шыққаннан кейін қабылдауында болдыңыз. Бұның бәрін Қасым-Жомарт КемелұлыныңҚазақстандағы қытайтану ғылымына жасаған қамқорлығы деп ойлаймыз. Қазақстандағықытайтану ғылымының қазіргі жағдайы мен болашағы туралы айтып өтсеңіз.

2010 жылдың күзінде  халықаралық «Түркістан» газетінің бетінде менің «Қытай аждаһа емес» деген көлемді сұхбатым жарық көрді. Сұхбаттасушы белгілі журналист Есенгүл  Кәпқызы. Осы сұхбат жарық көргеннен кейін, бірер күн өткенде телефоныма бір жігіт қоңырау шалды. Ол өзінің Парламент Сенатының төрағасы Қ.Тоқаевтың көмекшісі екенін, менің «Түркістан» газетіндегі сұхбатымды  ол кісінің риза көңілмен оқып шыққанын айта келіп, алдағы уақыттағы бәлен күні, сағат бәленде Төрағаның қабылдауына келе алатын-келе алмайтынымды сұрады. Уағдалы уақытта Төрағаның қабылдауында болдым. Бұл менің сол кезде   ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлымен   алғаш рет бетпе-бет  жүздесуім еді. Екеу ара Қазақстандағы қытайтану ғылымының өзекті мәселелері төңірегінде пікір алыстық. Бірақ бұл кезде «сөздік» құрастыру жұмысын жаңадан бастап жүргендіктен мен ол кісіге «сөздік» туралы тіс жарып ештеңе айтпадым.  2014 жылы «Фолиант» баспасынан менің «Қытай туралы қырық сөз» атты көлемді ғылыми еңбегім жарық көрген болатын. Аталған  еңбегім Қ.Тоқаевтың қолына тиген екен. Бір күні маған  «мен Қ.Тоқаевтың көмекшісімін, Сізді ол кісі қабылдауына шақырып жатыр, қай күні келе аласыз?» деген телефон қоңырауы келді. Көп өтпей, уағдалы күні Төрағаның қабылдауында болдым. Тағы да екеу ара ҚХР-ның ішкі-сыртқы саясаты туралы, отандық қытайтану ғылымының өзекті мәселелері төңірегінде ұзақ әңгімелестік. Сол жолы Қасым-Жомарт Кемелұлы әңгіме барысында «тәуелсіздік алғанымызға, Қытаймен қарым-қатынас орнатқанымызға ширек ғасырға таяп қалды. Біздің қытай тілін үйренушілер мен аудармашылар, дипломаттар әлі күнге дейіншетелдерде жарық көрген қытайша-орысша, орысша-қытайша сөздіктерге жүгініп жүр. Осы ақтаңдақтың орнын толтыратын уақыт болған секілді, кафедраңызды ұйымдастырып, қытайша-қазақша көлемді бір сөздік дайындасаңыздар өте игілікті жұмыс болар еді» деген ұсынысын айтты. Мен ол кісіге «бұл жұмысты 2008 жылдан бері қолға алып, жолдасым Айнұр Әбиденқызы екеуіміз жасап жүрміз, қазір 70-80 пайызы дайын» дедім. «Мынауыңыз керемет жаңалық екен. Енді тездетіп, құрастырып шығыңыздар. Дайын болған кезде маған келіңіз, шығарып беру жағын мен өзім мойныма аламын» деді ол кісі. Сонымен Сенат төрағасы уәде бергеннен кейін «ұрыста тұрыс жоқ» деп, әйелім екеуіміз екі жақтап, білек сыбана кірісіп кеттік. Осылайша, 2017 жылдың басында «сөздіктің» соңғы нүктесі қойылды. Жыл соңында Қасым-Жомарт Кемелұлының тікелей қолдауымен, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің тапсырмасы бойынша «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолдаудың 2011-2050 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында» Алматы қаласындағы «Эксклюзив-КА» баспасынан жарық көрді. «Сөздік» жарық көргеннен кейін бір данасын алып Қасым-Жомарт Кемелұлына тағы да кіріп рахметімді айтып шықтым. «Сөздікті» көріп ол кісі қатты  қуанды,  еңбектің көлемі мен сапасына ерекше риза болды. 2018 жылы ақпан айында Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-де «сөздіктің» тұсаукесері өтті.  Халықаралық деңгейде өткен сол дабыралы жиналысқа Қ.К.Тоқаев та ҚР Парламенті Сенаты аппаратының жетекшісі бастаған 5-6 адам жіберіп, арнайы құттықтауын жолдады.  Осының бәрін әрине, Қасым-Жомарт Кемелұлының мемлекет басшысы ретінде де, қытайтанушы-ғалым ретінде де  отандық қытайтану ғылымына көрсеткен көмегімен қолдауы деп түсінсек қателеспейміз.  

Ал енді отандық қытайтану ғылымының жай-жапсарын жан-жақты сөз етеміз десек, ол бірер сұрақ емес, бірер сұхбаттың ауқымына да симауы мүмкін. Дегенмен барынша сығымдай сөйлеп, ықшамдай айтып көрейік. 

Қазақстандағы қытайтану ғылымын сөз еткенде әңгімені қытайтанудың кеңестік кезеңінен бастамай тұра алмаймыз. Иә, кеңестік қызыл империя қазақ халқы үшін қасірет ошағындай болғанымен, ғылым-білім, әдебиет-мәдениет саласында белгілі бір деңгейге көтерілуіміз де, әлемдік өркениетке қосылуымыз да осы кезең еншісінде жатқанын жасыра алмасақ керек. Бұған біз қазақстандық қытайтанудың тарихына тоқталсақ та көз жеткізе аламыз. Атап айтқанда, біріншіден, қазақ жұрты қытай жөніндегі жүйелі білімді алғаш рет кеңестік кезең тұсында алғаны белгілі. Екіншіден, «қытайтану» деген ғылым бойынша қазақ баласының мамандық ала бастауы (бірлі-жарым болса да) да сол кеңес одағы дәуірінің еншісінде. Атап айтқанда біз білетін, бүгін де әр салада жемісті еңбек етіп жүрген ғалымдардан: тарих ғылымдарының докторлары профессорлар К.Ш.Хафизова, А. Қадырбаев, Н.Алдабек, К.Л.Сроежкин, белгілі қоғам және мемлекет қайраткерлері М.М.Әуезов, Қ.К.Тоқаев, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент А.Т.Тохметов, доцент М.Нұрсаидов қатарлы азаматтар сол кеңестік қытайтану мектебінің түлектері еді. Алайда кеңестік кезең тұсында Қазақстанда бұл мамандық бойынша жұмыс істейтін мекеме болмағандықтан, аталған азаматтар негізінен өзге салаларда еңбек етуге мәжбүр болды. Тек Кеңес Одағы ыдырап, Қазақ елі жеке мемлекет ретінде шаңырақ көтергеннен кейін ғана жоғарыда аттары аталған азаматтардың дені өз мамандықтары бойынша жұмыс істеуге мүмкіндік алды. Демек саусақпен санарлық осы бір аздаған мамандардың өзі Кеңес одағы тұсында қазақстандық қытайтану ғылымын қалыптастыру былай тұрсын, алған мамандықтарына сәйкес жұмыс істеуге мүмкіндік ала алмауы ащы да болса ақиқат.

Ал қытайтанудың тәуелсіз Қазақстан тұсындағы хал-ақуалы қалай деген мәселеге келетін болсақ, бұған бір ауыз сөзбен, енді-енді өркен жайып, қалыптасып келе жатқан ғылым деп жауап берген жөн болар. Өйткені  ғалымдар шоғыры  енді қалыптасып келеді. Шәкірт тәрбиеленіп, ғылыми кадрлар дайындалып жатыр. Негізінде қазақстандық қытайтанушы-ғалымдар құрамыншартты түрде үш топқа жіктеуге болады. Біріншісі, жоғарыда есімдері аталған кеңестік мектептен шыққан ғалымдар шоғыры. Екіншісі, Қытайдан келген қандас-ғалымдар тобы. Үшіншісі, тәуелсіз Қазақстанның таза өз мектебінен шыққан қытайтанушы жас мамандар легі. Қытайтанушы-ғалымдардың еңбектері қадау-қадау болса да жарық көріп жатыр. Өкінішке орай күні бүгінге дейін мемлекет тарапынан аталған салаға жеткілікті мән берілмей келе жатқанын кімнен жасырайық?! Ғалымдардың жеке-жеке ізденісі болғанымен, мемлекет қаржыландыратын бір де бір орталықтың болмауы өкінішті! Шығыстағы алып көршімізбен «доспыз, стратегиялық әріптеспіз» дей отырып, билік қытай туралы мәселе туындай қалса, әлі күнге дейін ресейдің мәліметіне жүгінеді. Сонда деймін-ау, Ресейдің қытай туралы түсінігі біздің мүддемізге қалай сәйкес келеді деп ойлайды?! Тіпті соңғы ширек ғасыр беделінде Қазақ билігі қытайтану ғылымын бір жаққа  ысырып қойып, өзім білермендікке салынып кеткені де жасырын емес. Ал алдағы уақытта, билікке Қ.Тоқаев келсе, ол өзі қытайтанушы-ғалым болғандықтан, ел басқаруда, әсіресе қазақ-қытай қарым-қатынасында  ұлт мүддесін шығар түйін еткен ғылыми сараптамаларды, ғылыми көзқарастарды, таза қазақстандық ұстанымдарды басшылыққа алады деп сенеміз.  Сондай-ақ аталған ғылымның іргесінің бекіп, керегесінің кеңи түсуі үшін, мемлекеттік бюджет есебінен арнайы ғылыми-зерттеу институтын ашып, оған жас та білікті мамандарды көптеп тартып, мемлекеттік деңгейде көңіл бөлу мен қолдау көрсету жағы күшейтілсе құба-құп болар еді.

 

-Жұмыс бабымен Тоқаевпен бірнеше рет кездестіңіз, осы барыстарда Қасым-Жомарт Кемелұлының қандай кісілік қасиеттері жадыңызда қалды?

- Ол кісінің бойындағы көзге ұрып тұрған, ең басты қасиеті ретінде мен кішіпейілдігін атап айтқан болар едім. Қасым-Жомарт Кемелұлының қабылдауында үш-төрт мәрте болғаным туралы жоғарыда айттым ғой. Әр жолғы қабылдауы туралы көмекшісі қоңырау шалады да: «Қасым-Жомарт Кемелұлы сізді қабылдауына шақырайын деп еді, сіздің қай кезде уақытыңыз болады, Төраға соны біліп бер деп еді....» деп сұрайды.  Алғаш естігенде мен өз құлағыма өзім сенбей қалдым. Енді қалай, мемлекеттегі екінші тұлға қарапайым университет профессорын қабылдау үшін, одан (профессордан) «қай кезде уақытыңыз болады?» деп сұрайды. Әсіресе біздің елде бұл деген таң қалатын жағдай ғой?! Қ.Тоқаевтан бұрын да, кейін де түрлі деңгейдегі  талай чиновниктің қабылдауында болып жүрміз ғой. Олардыңкөбісінің сенің уақытыңмен санасқанын былай қойып, қабылдағанына қуанасың. Ана бір жылдары өзім жұмыс істейтін оқу орнының  кадр бөлімін басқаратын бір  кісі болды. Кафедра меңгерушісімін ғой, кафедраның мұң-мұқтажымен ректорға қалаған кезімізде кіре аламыз, ал әлгі кадр бөлімінің бастығына алдын ала жазылумен, хатшысына жалынып-жалпайып жатып зорға кіреміз. Оның қабылдайтын  арнайы күндері, белгілі сағаттары бар. Жәй кезде дүние төңкеріліп бара жатса да қабылдамайды. Қ.Тоқаевтың қабылдауында отырғанда сол пақыр еріксіз еске түседі. Бар болғаны университеттің кадр бөлімінің бастығы! Құдай емес, құдайдан былай емес болып алған. Сондай пенделер  ғайыптан тайып Сенаттың төрағасы болса қайтер еді?! 

  Қасым-Жомарт Кемелұлының кішіпейілдігі туралы тағы бір байқағаным, әр жолы қабылдауына барғанымда орнынан тұрып келіп, кабинетінің  есігіне жақын жерден қарсы алады. Сосын әңгімелескенде өзінің қоластындағы  қызметкерлермен сөйлесетін төрағалық  тағындаотырып емес, кабинетіндегі қонақтар үшін арнайы дайындалған креслода сенімен тең дәрежеде отырып, шәй алғызып еркін  әңгімелеседі. Қандай кішілік! Қандай кісілік! 

   Сосын қай бір басшылардай сөздің көбін өзі сөйлеп, құрғақ ақылын сапырып-сапырыпшығарып салмайды. Керісінше қонақты мұқият тыңдайды, қонақтың сөзін бөлмейді.

Мен байқаған екінші бір қасиеті, Ол кісі мол білімнің, биік парасаттың иесі. Әр жолы қабылдауында болғанында менімен шамамен жарты сағаттай әңгімелеседі. Әңгімеміз негізінен қазақ тілінде өрбиді, ара-арасында қытайша да сөйлесіп қаламыз. Енді білім дегеніңіз ұшан-теңіз. Қазақтың арғы-бергі тарихы, қытайдың арғы-бергі тарихы, қытайдың әдебиеті мен мәдениеті, ҚХР-ның ішкі-сыртқы саясаты, Тайван, Гонконг, Макаолардың жалпы жағдайы, ресми Чжуңнанхайдың және ресми Тайбэйдың билік дәлізіндегі  интригалар, Батыс елдерінің қазіргі ішкі-сыртқы саясаты, тарихы мен мәдениеті, Ресей-АҚШ-ҚХР үш бұрышы, олардың арасындағы саяси-экономикалық бәсеке.... т.с.с. аталған мәселелер бойынша жеке-жеке арнайы көсіліп сөйлемесе де, «теңіздің дәмі тамшыдан» дегендей, кейде бір ауыз сөзден де кімнің мәселені қай деңгейде білетіні көрініп тұрады ғой. 

 Сосын көп басшыларда болатын жаман әдет - жалған уәде! Кездескенде бәрін қатыратын, жарылқап тастайтын болып уәдені үйіп-төгіп береді де, ол уәдесінің біреуін де орындамай, һәм кейін кездескенде беті де шылп етпей жүре береді. Ал Қасым-Жомарт Кемелұлы  бір қабылдауында «сөздігіңізді  шығарып беруді өз мойныма алам»  деп уәде берді, жасыратыны жоқ, «осы уәдесі қалай болар екен» деген күдікпен шықтым. Керісінше, көп ұзамай  көмекшісі «Төраға сұрап жатыр, бітірдіңіз ба, қолжазбаны анда апарыңыз, мына адаммен жолығыңыз» деп менің қырсоңыма түсіп алды. Міне мәдениет! Міне кісілік! 

- Әңгімеңізге рахмет! 

 

Сұхбаттасқан: Тұрдыбек Құрметхан

Jebeu.kz


Пікір жазу
  • Тоқатарәлі Таңжарық: Біз үшін қорғаныстың ең үлкені - білгір дипломатия
    Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасы

    Ұқсас тақырыптар