Бүгінгі Отан қорғаушылар күнінде бір жайт есіме түсіп отыр. Баяғыда ауылдағы бір қария соғысқа қатысыпты дегенді естіп, үнемі соғыс туралы сұрай беретінбіз. Біз үшін соғыс дегеніңіз ертек секілді елестейтін. Әлдебір түсініксіз жайттарды баяндап кеп, "боздақтар аман болсын" деп аяқтаушы еді. Сол боздақтары - өзінің майдандас достары екенін қайдан білейік. "Әділетті соғыс болушы ма еді?!" деп отыратын. Баламыз ғой, әділет үшін соғыспай ма деп ойлайтынбыз.
Шындығында соғыста әділет болмайтынын бүгіндері түсінсек те, "көп қорқытып, терең батыратын" заманда еліміздің және бізді қоршап тұрған әлемнің жаһандық қауіпсіздік мәселесін қарастыру өте маңызды екені ойға түседі.
"Жау жоқ деме, жар астында", қазір ядролық қару ғана емес, күнделікті тірлікте соғыстың түрлі тәсілі қолданылады. Әлемнің екінші бір қиырында отырып, "мылтықсыз майданның жауынгерлері" Сізге немесе Сіздің маңайыңызға от тастап жатуы мүмкін. Біз секілді геосаяси кеңістікте алпауыттардың ортасында тұрған шағын мемлекет үшін қорғаныстың ең үлкені - білгір дипломатия. Әлем тыныш болса - біз тыныш боламыз ұстанымы!
Бұл тұрғыдан кәсіби дипломат, зиялылығы мен пайымы тең ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ел тыныштығын бекемдеудегі ойлары қуантады. Мен Президенттің бірнеше кітабын оқып көрдім. Бұ кісіні БҰҰ-ға бекерге шақырмағанына оның әлемдік дипломатиядағы беделі мен тұщымды ойларын оқып отырып көз жеткізгендей болдым. Ал бұл ұйым дүниежүзі саясатының қыры-сыры реттеп, бақылап отыратын жер.
Бізге не үшін дипломатия керек?
Біз тарихтан, егеменділігін алса да, «болмай қалған» мемлекеттерді білеміз.
Бүгінде, мемлекет болып қалыптасудың терең тамыры – әлемдік қауымдастықпен терезесі тең сөйлесе білу, тіл табу өнері.
Төрткүлдүниенің дипломатиясының «көлеңкесі мен сәулелі жағын» біліп, танып, игере білу керек.
Осы құбылыстарды өз мемлекетіміздің мүддесіне пайдалана білу қажет.
Өмір талабы, уақыт талабы осы!
Тоқатарәлі Таңжарық
Jebeu.kz