Амангелді КЕҢШІЛІК. ТЕКТІЛІК ТАҒЫЛЫМЫ

Уақыты: 2019-05-16 Көрлімі: 890 Сипаттама

Елімізде Президент сайлауы науқанының басталғанына көзді ашып-жұмғанша бір аптаға тая...

b3103741c50ab1f69f5021d959302c16_XL.jpg

Елімізде Президент сайлауы науқанының басталғанына көзді ашып-жұмғанша бір аптаға таяу уақыт зымырап өте шықты. Тәуекел етіп, үміттерін үкілеп, бағын сынауға белін бекем буғандардың бәріне де шын жүректен тілектеспін. 9 маусымда халқымыз өз таңдауын жасап, келесі бес жылдағы Қазақстанның қандай бағытқа бет алып, қандай саяси-экономикалық, әлеуметтік және мәдени реформалардың жүзеге асатыны аян болады. Әрине, оның бәрінің орындалуын енді Елбасы емес, екінші Президент қадағалайды. 
Әркімнің өз қалауы бар. Дегенмен, ертеңгі болатын саяси додада бүйрегім Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа бұрып тұрғанын жасырмаймын. Оның түрлі обьективті және субьективті себептері бар. Обьективті себептерін кейін айтармын. Ол кісінің тәуелсіз Қазақстанның дамуына қосқан үлесіне тоқталып, жазған кітаптарын талдап уақыты келгенде бір үлкен дүние жазармын. Ал, әзірше өз таңдауымның субьективті себебін түсіндіріп берейін. 
Мен Қасым-Жомарт Кемелұлын ширек ғасырдан астам уақыттан бері жақсы білемін. Әуелі мен Қасым-Жомарт Кемелұлының әкесі белгілі жазушы, қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының негізін қалаған Кемел Тоқаевтың шығармаларымен таныстым. Екінші сыныпқа көшкен жылы теміржолдан шеткері орналасқан «Шилі» ауылындағы мектепте оқып жүрген кезімде Кемел ағамыздың «Сарғабанда болған оқиға» деп аталатын кітабын оқып шығып, ерекше әсер алғаным есімде. 
Менің әкем мен Кемел ағамыз тіршілікте жақсы араласты. Кемел Тоқаевтың шығармашылығын талдап жазған әкемнің мақаласы да бар. Өз мақаласында ол Кемел ағамыздың детектив жанрын дамытуға сіңірген еңбегін жоғары бағалайды.
Бұқар бабамыздың «Жаманнан жақсы туса да, жақсыдан жаман туса, Күндердің бір күнінде тартпай қоймас негізге» деген қанатты сөзі бар. Зиялының шаңырағында туған жазушының баласы, тектінің тұяғы болғандықтан да мен Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың еліміздің жақсы басшысы болады деген ойдамын... 
2006 жылы Алматыда әкемнің шығармашылық кеші өтті. Сол кезде ҚР Сыртқы істер министрі қызметін атқарған Қасым-Жомарт Кемелұлы әкемнің алпыс жылдық мерейтойына орай құттықтау жіберіп, көңілімізді марқайтып тастады. Шынымды айтсам, мен ол кісіден дәл ондай құрмет күтпеген едім. Кейінірек бір кітабында менің әкемнің есімін ыстық ілтипатпен атапты. 
Басқа саланың адамы болғандықтан мен Қасым-Жомарт Кемелұлы бүгінгі әдеби дүниелерді оқымайтын шығар деп ойлайтынмын. Бірақ, қателесіппін. Осыдан бірнеше жыл бұрын «Жас Алаш» газетінде менің бір үлкен мақалам шыққанда, ол кісі сондағы айтылған ащы шындықтарға ризашылығын білдіріп, әкесінің кітаптарын сыйға тартқанда, ол ойымның қате екенін түсіндім. 
Былтыр елорданың төрінде менің шығармашылық кешім өтті. Сенат Төрағасы қызметін атқарып отырған Қасым-Жомарт Кемелұлы кешіме келе алмағанымен, маған арнайы құттықтауын жіберді. Қолтаңбасын қалдырып, кітабын сыйлады. Осының бәрін мен текті әкеден туған ұлдың азаматтығы ретінде қабылдаймын. Мен осы күнге дейін президенттікке үміткер болған азаматтарды қолдап, бір ауыз сөз жазған емеспін. Алайда, ҚР Президенттігіне үміткер болып отырған әкемнің замандасы жазушы Кемел ағамыздың ұлы Қасым-Жомарт Тоқаевқа қолдау білдіруді өзімнің азаматтық парызым санаймын.

55840470_2274206696181246_9110768164836212736_n.jpg

Амангелді Кеңшіліктің фейзбек парақақшасынан алынды

Jebeu.kz

Пікір жазу
  • Мәміленің майталманы
    Қазақстанда қытайтану ғылымы қалай басталды?