Қазақ тумысынан мәмілегер халық. “Елдестірмек елшіден, жауластырмақ жаушыдан” дейді. “Ағайын тату болса ат көп, абысын тату болса ас көп”, “көршің соқыр болса, бір көзіңді қысып жүр”, “жақыныңмен жаттай сыйлас”, «сәлеміне қарай жауабы» дейді. Халықтың тұтас өмірі бітімгерлік пен келісімнен өрілгендей. Айта берсек, осынау Ұлыдалаға ие болып қалуымыздың өзінде “ақ найзаның үші, ақ білектің күші” ғана емес, туабітті мәмілегерліктің де қолғабысы орасан болған. Терістіктен төніп келген тоғай алпауытының орта азияны алудағы адуынды арынының бәсеңдеп, бір жарым ғасырға кешеуілдеуі, шығыстағы аждаһа мен жоңғар тегеуірінінің қасиетті даламызды жұтып жібере алмауы, өз дәрежесінде, ата буынның иненің көзінен өткендей мәмілешіл ыспарлығының жемісі-дұр. Өткен ғасырдағы бөтеннің бәрін жатсынбай бауырға баса білуіміздің өзі, тек кеңпейілділік пен бауырмалдық өрісімен сыйпаттауға келмейтін, келісімшіл кең көкірек пен мәмілегер нән мәрттіктің нышаны. Осы дәстүр егемен еліміздің де бұла бойына дарып, сыртқы қатынастағы саясатымыз бен стратегиямыздың діңіне айналып үлгерді. Қолда тұрған дайын ядролық қаруды халықаралық қауымдастыққа қос қолдап ұсыну, елдегі бар ұлысты бір үяның балапанындай берекеге ұйыту бейбітсүйгіштік пейілден өзге, шебер мәмілегерліктің де белгісі болса керек.
Қазақстан бүгінде бөгенайлы қолтаңбасымен жаңарып әм өркендеп келе жатқан дамушы ел. Оның барлық сәтті саясаттарының ішінде де, дипломатиялық саясатының табысы мүлтіксіз деп бағалауға тұрарлық. Әрине, ол Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтің ашық әм еркін ойлы, алыстан шалатын аңғарлы көрегендігінің жемісі. Сонымен бірге, Қазақстанның сыртқы саясатының сұлбасын бейімдеу мен оны жүйелеудегі дипломатиялық өріс мамандарының біліктілігі мен қажырлылығының да бодауы. Осы қатарда Қасымжомарт Кемелұлының шоқтығы бөлек көзге ұрады. Кемелұлы еліміздің дипломатиясының қалыптасуымен қатар өсіп келе жатқан тұлға. 1992 жылы ақпанда СІМ минстрінің орынбасары болғанынан 2007 жылы сенат төрағасы болып сайланғанға дейінгі 15 жылда елдің сыртқы саясаты мен стратегиясының тұлғалануы мен жетілуіне тер төкті (1999-2002жж.премьер-минстр тұсындағы жұмысын да сыртқы саясат саласына жанамалай басшылығы деп ұғынған орынды болу керек). Осы тұрғыдан қарағанда, ол кәсіби де кәнігі дипломат салауатымен, еліміздің дербес сыртқы саясатын сомдап, қалыптастырып, жүйеледі деуге толық негіз бар.
Дипломатиядағы көпвекторлы саясат еліміздің геосаяси орналасуы мен геоэкономикалық қарымын жіті бағамдай келе бекітілген ұстаным еді. Керегемізді бөлек жайған 90 жылдар, кешегі бір лашықта болған, сондай-ақ өзінің әскери, экономикалық дәстүрлі әлеуетімен бізді ықпалына толық қамтыған және айырылғысы келмейтін Ресейден ат кекілін кесісу, тіпті де, мүмкін емес әрі ойламаған зардаптарға шалдыратын қадам болар еді. Ірге көрші, экономикасы жедел өсіп келе жатқан, өндірісі мен нарықы егіз жойқын, сонау 90 жылдардың басындағы қайыршылық заманда нарықымызды қолжетімді тауарымен тоғытқан шығыс көрші Қытаймен салихалы қатысудың көкжиегі кісі қызықтырарлық болатын. Ал халықаралық тәртіптің реттеушісі АҚШ жайында айтып жатудың өзі қырттыққа пара-пар еді. Прагматикалық тұрғыдан үшеуімен де тең аралықта мәмілелесудің елдік мүдде тұрғысынан ең ақылды шешім болатындығы бүгін дәлелденген тақырып. Бұл арықарайғы еуропа, орталық азия, алыс шетелдермен ауқымды байланысудың жобасын меңзеп берді. Мемлекет осы саясаттың игілігін, әмәнда, көріп келеді. Кеңестер одағынан бөлінген тұста-ақ, Қазақстан тегеуіріні әлемдегі төртінші ядролық алпауыт еді. Әлем халқының алаңын сейілту мен бейбітшілік қалауына орай, еліміз осы сұмдық мүмкіндіктен саналы түрде бас тартты. Тоқаев бастан-ақыр осы зұлмат қарудың кеңеюін болдырмаудың қамында жүрді. Ол Ядролық қаруды таратпаудың 1995 және 2005 жылдардағы шолу конференцияларына қатысты. 1996 жылы ядролық сынақтарға тыйым салу шартына, 2005 жылы Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ құру шартына қол қойды. Сөйтіп, Қазақстанның бейбітқалағыш имиджін қалыптастыруға, инвестициялық сүйкімін арттыруға мейлінше еңбек сіңірді. Заманымызда өркениеттер қақтығысы мен діндер сыйласымсыздығы етек алып келеді. Ғасыр ырғағына сәйкеспейтін осы керенаулық пен кереғарлықты реттеудің тәсілін тағы да жас Қазақстан тапты. Әлемдегі басты әм дәстүрлі діндердің диалогын ұйымдастырды. Ол да осы Тоқаев СІМ минстрі болып тұрған 2003 жылы іске асты және бүгіндері әлем асығатын дәстүрлі сұхбат алаңы. Тоқаев сондай-ақ, өзінің халықаралық аренадағы әріптестік беделінің арқасында Қазақстанның әлемдік беделінің артуына перзенттік борышын өтеген азамат. 2003 жылы теңізге шыға алмайтын дамушы елдердің халықаралық конференциясына төрағалық жасап, Алматы декларациясын қабылдатты. БҰҰ бақандай 10 сессиясының жұмысына атсалысқан Тоқаев, осы ұйымның бас хатшысының орынбасары және қарусыздандыру жөніндегі конференцияның бас хатшысы лауазымдарын өтеді. Сонымен бірге ол кезегінде ТМД және ШЫҰ СІМ кеңестерінің төрағасы болып сайланды.
Елдің сыртқы саясатын қалыптаушы Тоқаев алдағы президенттік сайлауға бәс тігіп отыр. Оның осы саладағы төккен тері мен мемлекетшіл ұстанымының өзі-ақ оған зор қолдау сыйлайтыны айтқызбас уәж болса керек. Қазіргі әлем саясатында жеке адамның дара қасиеттері мен кәсіби ерекшеліктері айтақалсын рөл ойнай бастағандай. Десе де чекстен шыққан Путиннің елін қайда алып бара жатқаны, кәнігі бизнесмен, бас асау Трамптың АҚШ пайдасын ұшпаққа шығару үшін қаншама халықаралық келісімдерді қоқсыққа лақтырып жібергені, әлеуметтік көлік жүргізушісінен көтерілген Мадроның елін нендей күйге ұшыратқаны біздің сайлаушыларға ой тастаса керек-ті. Ғылым докторы, кәсіби де ысылған дипломат, мемлекетшіл қайраткер, қолы таза шенеунік, басшылықтың барлық буынында шыңдалған үміткер Тоқаев мырза халықтың қалауына ілігеді деп пайымдаймыз.
Құрмет ҚАБЫЛҒАЗЫҰЛЫ
Jebeu.kz