Қазақстан Республикасы Президенттігіне үміткер
Әміржан ҚОСАНОВТЫҢ
САЙЛАУАЛДЫ ТҰҒЫРНАМАСЫ
Саяси бостандықтар
Қазақстанды шынайы демократиялық, унитарлы, құқықты, әділетті және әлеуметтік негіздегі мемлекет ретінде қайта құру. Әлемдік қауымдастықта өзіне осы тұрғыдан лайықты орынға ие болу.
Қазақстан халқын мемлекеттегі биліктің бірден-бір иесі әрі қайнар көзі ретінде іс жүзінде бекемдеу. Жер мен оның байлығын Қазақстан халқының толықтай меншігіне айналдыру.
Заңдылық үстемдігін орнату, барлық азаматтардың заң алдында теңдігіне қамтамасыз ету. Демократиялық құндылықтарды тәрк еткен заңнаманы, оның ішінде Сайлау, Саяси партиялар, Кәсіподақтар, Бұқаралық ақпарат құралдары туралы және басқа да тұғырлы заңдарды түбегейлі өзгерту.
Биліктің парламенттік-президентттік басқару жүйесіне көшу. Барлық саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың тең құқықты бәсекелестігін қамтамасыз ету. Олардың тіркелуі мен қимыл-әрекетін шектейтін заңдарды жою.
Азаматтардың жеке өмірі мен меншігіне қол сұғуға болмайды.
Сөз және пікір білдіру бостандығы, бейбіт митингілер мен шерулер өткізу құқы ешбір жағдайда шектелмеуі тиіс.
Күштік құрылымдар Азамат пен Конституцияны қорғауы тиіс. Саяси плюрализм мен пікіралуандығы саяси үрдістің басты шарты болуы қажет.
Ұлттық болмыс
Қазақ тілінің конституциялық мәртебесін қоғам өмірінің барлық саласында орнықтырып, оның Қазақстан халқын біріктіруші факторы ретіндегі ролін күшейту. «Мемлекеттік тіл туралы» жаңа заң қабылдап, онда заңдық тұрғыдан мемлекеттік тілді білу міндетті мамандықтар тізімін бекіту.
Қоғамдық сананы толықтай декоммунистендіру және десоветтендіру.
Азаматтарды, әсіресе, жас ұрпақты отаншылдық және рухани қайта өрлеудің негізі боп табылатын киелі Алашорда идеяларына баулу.
Шетелдердегі барлық қазақ диаспораларына тарихи Отаны – Қазақстанға оралуға және Қазақстан азаматтығын жедел алуға кепілдік беру.
Сөз жүзіндегі емес, іс жүзіндегі Тәуелсіздік
Барлық халықаралық келісім-шарттар жұртшылық үшін ашық болуы тиіс. Олар тәуелісіз Қазақстанның түпкі мүддесіне қызмет етуі шарт. Қазақстанның саяси даму бағыты Еуропалық Одақ елдері болу тиіс.
Алпауыт шетелдік корпорациялармен жасалған жер қойнауын пайдалану туралы құжаттарды Қазақстанның заңды ұлттық және экономикалық мүдделері тұрғысынан халықаралық құқық аясында қайта қарау. Шетелден бақылаусыз қарыз ала беру дағдысын доғару.
Сыртқы саясатта көп векторлы дипломатия, аумақтық тұтастықты құрметтеу, тең құқықтық қарым-қатынас тәжірибесіне қайта оралу.
Орталық Азиядағы көршілес мемлекеттермен өзара сенімділік, одақтастық пен ұжымдық қауіпсіздікті нығайту, сондай-ақ Түркі тілдес елдердің ынтымағын одан әрі тереңдету.
Қазақстанның ұлттық, әскери, экономикалық, идеологиялық, ақпараттық қауіпсіздігін күшейту. Экономиканың стратегиялық салаларындағы кәсіпорындарда мемлекеттің бақылаушы және бұғаттаушы акция пакеттері болуы тиіс.
Жемқорлыққа жол жоқ!
Жемқорлықпен ымырасыз күрес халықаралық стандарттар бойынша жүргізілуі қажет. Мемлекеттік қызметкерлер мен олардың отбасыларының шығыстары мен кірістерінің ашықтығын қамтамасыз ету. Жемқорлардың мүлкін тәркілеп, оларға рақымшылық қолданбау және өмір бойы мемлекеттік қызметке жолатпау.
Мемлекеттік нысандарды жекешелендірудегі жөнсіздіктер мен рейдерлік сипаттағы жемқорлық келісімдерді әшкерелеу, айыптыларды жауапқа тарту және келтірілген шығынды өтеу.
Статистика қызметін шынайы қалыпқа келтіру. Бізге елде не болып жатқаны туралы бүкпесіз ақпарат керек!
Халықтың қыруар қаржысы жұмсалып жатқан басы бар да нәтижесі жоқ мемлекеттік даму бағдарламаларына кешенді аудит жасап, қайта тексеруден өткізу.
Өркениетті әрі халықшыл экономика
Экономиканың шикізаттық бағытынан біртіндеп ғылыми сыйымды терең өңдеуші өндіріске көшу. Аграрлық саланы жан-жақты өркендету. Елдің экспорттық әлеуетін арттыру.
Әділ бәсекелестікті дамыту, монополизмге жол бермеу. Сол арқылы тауарлардың бағасын, коммуналдық қызметтердің бағасын төмендету, сапасын арттыру.
Азаматтардың зейнетақы жинағына ешкімнің қол сұқпайтындығы және оны жинақ иесінің келісімі бойынша пайдалану немесе басқару болатындығына кепілдік беру.
Азаматтардың әлеуметтік жағдайын нашарлататын заңдардың және басқа да нормативтік-құқықтық актілердің қабылдауына жол бермеу.
Мемлекеттік мекемелер, ұлттық компаниялар, білім беру мен денсаулық сақтау салаларының жұмысында ашықтық пен жауапкершілікті орнықтыру. Кадр саясатында тамыр-таныстық пен жемқорлықты жою, азаматтардың кәсібилігі мен біліктілігіне жол ашу.
Бақуатты аймақтар – бақуатты мемлекет
Барлық экологиялық зиянды нысандар мен кәсіпорындарды технологиялық жаңғырту немесе жабу. Арал мен Семей аудандарының экологиялық жағдайын оңалту. «Байқоңыр» ғарыш айлағын шетелдік әріптестермен келісе отырып дамыған технологиялық негізге көшіру.
Атом электр станцияларының Қазақстанда салынуына жол бермеу, оның орнына балама, экологиялық жағынан таза қуат көздерін кең ауқымда пайдалану.
Басым бағытта даму, өмір сүру деңгейінің жақсаруы, рухани өркендеу бірді-екілі ірі қаланың ғана еншісінде болмауы тиіс. Елдің барлық аймағын тиісінше тең қаржыландыру, оларды дамуына жағдай жасау, даму деңгейіндегі алшақтықты біртіндеп жою керек.
Шынайы белсенді әрі кең құқықты жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту. Ауыл, аудан, қала әкімдерін халықтың тікелей сайлауына көшу.