«Қытайға зауыт салдырмаймыз!», «Отан сатылмайды!» Соңғы кезде еліміздің жекелеген қалаларында – бір жерлерде ондаған, енді бір кенттерде жүздеген кісі осындай ұрандар көтеріп шыққаны белгілі. Қытайға қарсы шеруге шыққандар нендей уәж айтады? Қандай нақты, бұлтартпас фактілерге сүйенеді? Қолдарында дәйекті, сенімді сараптама бар ма? Әлде құр даурықпа, қауесет пе?
Желіде тараған бейнежазбаларды мұқият қарасаңыз, ешқандай дәлел, бұлтартпас дәйек байқамайсыз. Қытайдың 55 зауыты салынғалы жатыр деп әйтеуір, бей-берекет дарыққан кісілерді көресіз. Бұл ағайын анық айғақ, дерек айтпағандықтан, көңілде көптеген сұрақтар туындайды:
– Қытайдың нақты қандай кәсіпорындары туралы айтылып жатыр?
– Олар қай жерде орналасқан, шынымен салынды ма?
– Тіпті салынып қойған жағдайда шеруге шыққандар бұл зауыттарға не себепті қарсы?
Нақты мысал, не бір факт жоқ. Қытай инвестициясының қатысуымен салынатын 55 зауыт туралы бұған дейін бірнеше рет айтылды. Қайталап өтейін, Қытай зауыттары емес, Қытай инвестициясының қатысуымен салынатын зауыттар. Онда жұмыскерлердің 90 пайызы жергілікті тұрғындардан құралатыны туралы да ескертілді. Бірақ аталған 55 зауыт кеңес дәуіріндегідей көк түтіні будақтап, көкпен таласқан мұржалары, тонналаған құбырлары мен атшапырым аумағы бар алпауыт өндіріс емес, заманауи жоғары технологиялық жабдықтармен жарақтанған шағын кәсіпорындар болады делінген. Айта кетерлігі, әзірге бұл зауыттардың біразы салынатын-салынбайтыны әлі белгісіз, меніңше, бизнес арасындағы келісім деңгейінде тұрған шаруа. Осы арада айтпасқа болмайтын тағы бір жағдай бар. Біздің елде жоспар-жобаның әмбесі бірдей жүзеге аса бермейтіндігі, біраз келісімшарттың қағаз бетінде ғана қалып қоятындығы құпия емес. Сондықтан бітпеген іске сыншы болу қаншалықты орынды деген ой келеді.
Оның үстіне Қытай еліміздегі өндіріске инвестиция құйып отырған жалғыз мемлекет еместігін де ұмытпаған жөн. Керек десеңіз инвестиция көлемі бойынша бұл ел Еуропа, Ресей, АҚШ-тан кейін тұр.
Тәуелсіздік алғалы бері Қазақстанға Еуропа, Ресей, Америка, Түркия, Үндістан, тағы көптеген елдер инвестиция салды. Солардың арқасында ірі кәсіпорындар ашылды. Chevron, ENRC, Siemens сияқты басқа да ірі компаниялар жұмыс істеп жатыр. Одан күйзеліп, зардап шегіп отырмағанымыз және мәлім. Мыңдаған жұмыс орны ашылды, бюджетке құйылатын салық және бар.
Бірақ «көңілсіз құлақ ойға олақ» па, әлде «көп айтса көнді, жұрт айтса болды» синдромы ма, қайсыбіріміз дерекке емес, қауесетке сенуге бейілміз. Біреу «Отанымыз сатылып жатыр!» деп ши шығарса айқайға аттан қосып, дүрмекке ере кететіндер табылады. Ақпаратты тексеруге құлықсызбыз. Патриотизм жақсы қасиет, бірақ оның да өз орны бар. Қазақ «Артық қайрат жанға қас» дейтін, ал аттаншыл, әсіре патриотизмнің арты неге апарып соқтыратынын көзге елестетудің өзі қиын.
Патриотизм маргиналдық эмоцияға емес, білімге, сауаттылыққа, әдепке негізделгенде ғана пайдалы. Рационалды ойлау жүйесі деген бар. Қазақы ұғымда – ақылмен іс қылу. Міне, сол ақылмен іс қылу, яғни прагматизм – бүгінгі күрделі заманда көзделуге тиісті бірден-бір бағыт. Жеке мүдде мен ұлттық мүддені тең ұстап, ұтымды идеялардың жетегіне ерсек қанеки?! Сондықтан инвестицияның қайдан келетіні маңызды емес, бастысы – елге зиян емес, пайда әкелсе болғаны. Сол себепті де шын патриот, шын ұлтшылға ең керек қасиет – рационалдылық. Дөрекі, арандатқыш адамдардың сөзіне ілесіп, эмоцияға елітуге болмайды. Бірінің сөзін бірі естімей, естігісі де келмей, сөз арасына былапыт қосып, бажалақтаған кейбіреуді көрген кезде Абайдың мына өлең жолдары еріксіз еске түседі:
«Ұқпайсың өз сөзіңнен басқа сөзді,
Аузымен орақ орған өңкей қыртың».
Біз – тәуелсіз мемлекетпіз, заңдарымыз бар, басқалардан оқшау, тұйық өмір сүре алмаймыз. Бірақ жер бетіндегі барлық мемлекеттер секілді біз де әлемдік экономикаға тәуелдіміз. Ал Қытай әлемдік экономикадан ойып тұрып орын алған алып ел әрі көршіміз. Жаһандық экономикалық интеграция процестерінің біздің елді айналып өтпейтінін түсінген абзал.
Қазақстанның тәуелсіздігін, ұлттық қауіпсіздігін қызғыштай қорығысы келетін, елін, жерін шексіз сүйетін азаматтардың көптігі қуантарлық жайт. Алайда отансүйгіштік деген ұғым тек шеруге шығып, айғай салумен өлшенбесе керек.
Осындайда ойлайсың, бәлкім қауесетке сену менталитетімізде бар шығар? Бізде «ұзынқұлақ» деген, өзімізден өзге жұрт түсіне бермейтін ұғым бар ғой. Аталарымыз «ұзынқұлақтан естідім» деп жататын. Айтпақшы, ешбір сөзі далаға кетпейтін Абай «Өтірік пен өсекке бәйге атындай аңқылдар» деп күйінетін күпілдек пен дүрмекке ергіш ағайын туралы. Дұрыс түсініңіз, мен «ұзынқұлаққа» иланып, көшеге шыққан қарындас қауымның әрекетін ақтап-ақ алғым келеді. Тек айдың-күннің аманында, ақпараттың қолжетімді заманында небәрі 55 зауыт арқылы «қытай экспансиясы» жүзеге асырылады деп алабұртқан қандастарымды жақтамақ түгіл жай ғана түсінуге еш тиянақ таппай қиналып отырған жайым бар.
Өсек пен жорамал – адам санасының өте күшті манипуляторы. Әсіресе ақпарат әлеуметтік желілерден, уатсаптан, телеграмнан қым-қиғаш тарап жатқан дәуірде. Бұрын адамдар газеттен оқығанының бәріне сенетін, енді смартфоннан жеткен хабар атаулыға шүбә келтірмейтін болды. Айтпақшы, қолымыздағы телефонның бәрі дерлік сол Қытайда өндірілетінін айтпай тағы тұра алмаймыз. Өйткені бұл – жер бетінің тұтасқан, ұласқан экономикалық байланыстарының бір ғана айғағы.
Ежелгі Грекияда қоғам мәселелері талқыға түскенде кім қатты айқайласа, соның сөзі дұрыс деп шешіледі екен. Осылайша охлократия дүниеге келді. Оны көбісі демократиямен шатастырады. Бүгінде әлеуметтік желілерде кім хайп жасап, у-шу шығарса, соның айтқаны дұрыс саналады. Яғни, ашық демократия хайпократияға –дауысы қатты шығатын азшылықтың диктатурасына айналды немесе жергілікті нұсқа ретінде у-шу-кратия десек те болады. Көпшілік қауым үнсіз, өйткені беделді азшылықтың сыны мен балағатына ұшыраудан қорқады. Иә, бұл – жедел ақпарат тасқыны қалыптастырған жаңа дәуір, жаңа дүниенің фобиясы, яғни виртуалды өсек-аяң, алдау, троллинг, айыптаудан қорқу.
Бір қызығы, наразылық білдірушілер әкімдерге, бастықтарға жүгінді. Дамыған елдерде олар әкімдер мен шенеуніктерге емес, қоғамға жүгінеді. Осы қылықтың өзі біраз нәрседен хабар беріп тұрғандай. Анығын айтқанда, бұл – қоғамдық қолдауға деген сенімнің жетіспеуін немесе бір сәтке болса да, өзін өктем сезінуді айғақтайтын факт. Міне, мен әкімнің өзіне сес көрсеттім, састырдым! Бұл енді – хайпократияның, айғай-сүреңге сүйенген азшылық диктатурасының жетістігі.
Мұндай жағдайда жұрттың еркін ат төбеліндей азшылық билейді және талап етеді, сөйтіп тобырға манипуляция жасайды. Дәл осы «55 зауыт» шуынан өз басым манипуляцияның классикалық белгісін байқадым. Бұл ретте көкейде бір сауал туады: дәл осы шуды шығару кімге және не үшін керек болды? Міне, суық, зерек ақылдың тезіне салып, пайымдайтын күдік – осы.
Қалай дегенмен, оқиға жаңадан сайланған Президент Тоқаевтың Қытайға алғашқы және маңызды сапарымен тұспа-тұс келді. Мұны бекер дей алмасақ керек. Синофобия болсын немесе жалпы ксенофобия, кез келген басқа этнос алдындағы қорқыныш пен жеккөрініш болсын, ол қазаққа тән мінез емес.
Айтпақшы, Президент осы мәселеге қатысты жауап беріп те үлгерді:
Соңғы уақытта жер шетелдіктерге сатылады екен немесе көрші елдің 55 ескі зауыты көшіріледі, мыңдаған шетелдік жұмыскерлер тартылады екен деген сияқты түрлі қауесет әңгімелер тарап жүр. Халқымыз мұндай даңғаза әңгімелерге ермеуі қажет. Өздерінің көздеген мақсаттарына жету үшін жұрттың патриоттық сезімдерін сәтті пайдалана білетін ойы бұзық адамдар осындай алып-қашпа әңгімелерді шығарып жүр. Биліктің міндеті – қоғаммен диалог жүргізу арқылы мемлекеттік саясаттың мақсатын түсіндіру», деп атап өтті Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бірінші отырысында. Президенттің пікірінше, «мұндай манипуляциялар геосаясаттың бір бөлігі, оның мақсаты – халық арасына іріткі салу және Қазақстандағы жағдайды тұрақсыздандыру».
Өкінішке қарай, адамдар хайпқа ереді. Қай елде, қай ұлтқа жататыны маңызды емес. Ақыр соңында, кез келген эмоция бірде бірге өтіп, тобырлық санаға ауысады. Эмоциялық толқулар адам санасын аяқастынан жаулап алады. Психологиялық бұл құбылыстың алдын алу қиын. Сондықтан мұндай жағдайда эмоцияға бой алдырған адамдарды надан деп күстаналау да қате, отқа май құятын әрекет. Көпке еру, эмоциялық ауанға елігу – адамның табиғатына тән құбылыс.
Осы күнге дейін түрлі бұқаралық іс-шараларда, әлем жұлдыздарының концерттерінде жаппай у-шудан бастап, діни ғибадат пен «түсті төңкерістерге» дейін куә болдым. Эмоцияға берілген адам шындықты қабылдай алмайды. Оған әлемде тек бір шындық, өзі сенетін «ақиқат» қана бар. Мұндай кезде дәлелдер мен нақты фактілер көмектесе алмайды. Билік өкілдері шерушілерге не болып жатқанын түсіндіруге тырысып бағады, бірақ ешкім оларға құлақ аспайды.
Белсенді азшылықтың эмоционалды дүрбелеңін тудыратын дақпырттың үш түрі бар – «естігісі келетін сыбыс, яғни көңілден шығатын өсек», «үрейлі дақпырт» және «агрессивті дақпырт». Мұның бәрі әлемде әлмисақтан бар, ал бүгін осы құбылыс эпидемиялық сипатқа ие, өйткені жаңа медиа мен коммуникация адамдарды барынша тығыз, етене жақындастырып жіберді. Басқаша айтқанда, қазіргі заманда дақпырт қауға түскен өрт сынды тез тарайды.
Айтпақшы, наразылық білдірушілердің ешқайсысы ұсталып, қамалған жоқ. Өйткені қанша жерден эмоцияға берілсе де, олардың заңмен бекітілген құқықтарын жоққа шығару мүмкін еместігі, сонымен қатар бұл адамдардың бүлік тілеп емес, үрей жетегінде, ел мен жердің қамын жеп шыққандары ескерілді. Естеріңізге сала кетейін, Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сайлауалды үгіт-насихатында «Түрлі пікір – тұтас ұлт» ұстанымын алға тартқан еді.
Қытайға қарсы бұл үрей, үрку сезімі қалай, қайдан пайда болды? Қайсыбір пікірлер бұның төркінін тарихтан іздейді. Ендеше Қазақстан-Қытай қарым-қатынасы бойынша тарихқа көз жүгіртейік. Арғы замандарға тереңдемей, халықтың эпикалық жадында азды-көпті сақталған Қазақ Ордасы кезеңін қарастырайық.
VIII ғасырдың ортасына дейін Қазақ хандығы Қытай империясымен тікелей шекараласқан жоқ. Ортада Жоңғар мемлекеті жатты. Ойраттар қырғынға ұшырап, елдігінен ажыраған соң Қытаймен тікелей шекараласып, екі арада 1756 жылдан бастап сауда қатынастары орнады. Ұлы Жібек жолы, ірі керуендер транзиті мен сауда қатынастары қайта жанданды. Ел қорғаған заманда аттан түспеген даңқты батырлар мен билер ендігі бейбіт уақытта мыңғырған малын Шәуешек пен Құлжаға айдайтын болды. Қазақтар қытай тауарларына, әсіресе шай, жібек, тұрмыстық заттар мен сәнді тауарларға, тіпті дәрі-дәрмектерге деген ділгірлігін осылай өтеп жатты. Ескерте кетейік, қытай қазақ тауарына емес, керісінше қазақтар қытай тауарына мұқтажырақ болды. Бейжіңге дәрі-дәрмекке тапсырыс берген хан Абылайдың хаты да сақталған.
Қытай мен Қазақ хандығы арасында қақтығыс болған тарихтағы жалғыз оқиға – Бейжің билігі Жоңғариядағы азаматтық соғысқа араласып, қоңтайшы тағына таласып, ақыр түбі жұртына қытай әскерін шақырып, кіріптарлыққа түсірген, содан соң көтеріліс бастаған Әмірсана жеңіліп, қазақ арасына қашқан тұс. Абылай хан қашқын ноян Аягөзге батып кетті деп мәлімдеп, оны астыртын Ресей билігіне өткізіп жібереді. Сонымен қатар қазақтар жоңғарлардан тартып алған территорияларды өздеріне тиесілі деп есептей бастады. Негізінен, осы себептерге байланысты қақтығыс туындап, екі ел әскері бетпе-бет шайқасқа түседі де және көп ұзамай мәмілеге келеді. Абылай хан Цин императорына, қазақша айтқанда, Ежен ханға елші жібереді. Өз кезегінде Цянь Лун «қазақтар әрқашан өз елінде өмір сүрді» деп мойындайды. Қытай мен қазақ арасындағы жалғыз ұрыстың жайы осылай.
Қазақ пен Қытай арасындағы тығыз сауда байланысы Ресей патшалығының экспансиясы салдарынан үзілді.
Қытаймен сауда-саттық тек ресейлік сауда желісі арқылы өтуге тиіс болатын. Оқыған боларсыздар, орыс жазушысы Вячеслав Шишковтың «Шүй әңгімелерінде» қазақтың орыс саудагерінен бір ғана орам шайды тұтас бір қойға айырбастап алғаны туралы эпизод бар. Себебі бұл кезде қазақтар Қытай базарларына өз бетімен мал апару мүмкіндігінен айырылған болатын.
Қазақстанның тәуелсіздік алуы Қытайдың қарқынды өсуімен тұспа-тұс келді. 90-жылдары қытай тауарлары базарларымызды басып қалғаны есімізде. Қалай десек те, сапалы-сапасыз сол арзан тауарлар халықтың қажеттілігін қамтамасыз етті. Ендігі жерде Қытай бай және технологиялық елге айналып, дамыды, әлемдегі екінші экономикаға айналды. Егер оны тиімді пайдаланбасақ, мүмкіндігімізді жіберіп аламыз.
Қытай үлкен мұхитқа ұқсайды, онда жүзе алмасаңыз, әлбетте батып кетесіз. Менің пайымдауымша, дәл қазір Қытай да бізге мұқтаж, дегенмен біз оларға көбірек мұқтажбыз. Біріншіден, Қазақстан арқылы Қытайдан Еуропаға тауарлар тасымалданады. Транзиттік ахуалымыздың арқасында көп ақша табуға болады. Егер біз әрекет етпесек, оны басқалар пайдаланады. Ресей де дәл осы транзит бағыты бойынша ақша тапқысы келеді. Екіншіден, ауылшаруашылық өнімдерімізді Қытайға сата аламыз. Тұтыну нарығы, экономикасы дамыған сайын Қытайда азық-түлікке сұраныс күрт артты, аграрлық өнімдерді молынан сатып алуға дайын. Үшіншіден, Қытайдың жаңа технологияларын пайдалану. Тіпті ең дамыған елдердің өзі жаңа технологияның біразын бүгінде осы елден саудалайды. Қазақстан осыншалықты алпауыт державаға бәсекелес емес, бейбіт көрші. Сол себепті синофобияға ешқандай негіз жоқ.
Әрине бұл Қытайға мүлде бейжай қарап ашық-шашық жату керек деген сөз емес. Ол да өз қамын жеген мемлекет, алпауыт держава, оның да қызығушылықтары, мүдделері бар. Сондықтан ынтымақтастық екі елдің де мүдделеріне негізделуі тиіс. Келісімдер мен шарттар барынша ашық және жария болғаны қажет.
Ал егер Қазақстанда антиқытайлық қозғалыс өршіп, синофобия дендеп алса, көрші елмен қатыспай отыра беруге де болады. Алайда мұндай жағдайда өзге елдер де Қазақстанға инвестициямен келуге тартынады. Кез келген инвестордан басқыншы, жаулаушы көретін тұрғындары бар мемлекетпен экономикалық байланыс орнату қиындық туғызады.
Қазақстанда жұмыс істейтін немесе бизнеспен айналысатын орыстар, өзбектер, түріктер және басқа ұлттар қытайларға қарағанда анағұрлым көп. Олар келесі кезек өздеріне келеді деп ойламайды дейсіз бе?
Осындайда тағы да мынандай сұрақ туындайды:
– Қазақстан мен Қытай арасындағы қатынастың бұзылуын кім көздейді?
– Еліміздің әлемдегі екінші маңызды экономикадан ажырағанын кім қалайды?
– Біздің өнімдерімізді үлкен нарықтан айырғысы келетін кім?
– Кім бізді цифрлы технологиядан алшақтатқысы келеді?
Қазақстанда салауатты қоғам бар, сондықтан Қытайға қарсы шыққан адамдардың саны көп болған жоқ. Екі миллион тұрғыны бар Алматыда ондаған адам ғана көшеге шықты. Егер Қазақстанға шындап қауіп төнсе, миллиондаған адамның көшеге шығатынына сенімдімін. Азаматтардың басым көпшілігі алдауға, яғни манипуляцияға көнбейді. Себебі олар кез келген ел үшін қиын кезеңде қайықты шайқауға болмайтынын түсінеді. Күтпеген жерден біреу қайықты тессе, бәріміз бірге суға кетеміз.
Себебі қазіргі алмағайып кезеңде бұлғақ бастап, Ахаң (Байтұрсынұлы) айтатын «кешпесі жоқ теңізде» жүзген қайығымызды шайқалтуға болмайтынын түсінеді. Түлен түрткен біреу қайықтың түбін тессе, бәріміз – біз ғана емес, болашақ қазақ елі де суға қарық болары анық.
Ешкімнен қорқудың қажеті жоқ, жалпы бізге қорқу, өзімізді кем тұту, құрбан санау психологиясынан құтылар уақыт жетті. Әлем мойындаған мемлекет, іргелі халық ретінде, берік қоғам ретінде кімнен қорқатын жайымыз бар?! Тағы да аталарымыздың бір-екі сөзі: «Албасты қабаққа қарап басады». Содан соң «Дау іздеген дауға, жау іздеген жауға жолығады». Осыны жадымызда ұстасақ, қанеки.
Асқар Омаров
Дереккөз: "Егемен Қазақстан"