Еліміз тәуелсіздік алғаннан бастап атажұртқа әлемнің әр тарапынан миллионнан астам ағайын оралды. Ұлы дала еліне бет түзеген көштің тізгінін ұстаған азаматтардың қатарында қарапайым қазақтар, білімді жастармен қатар білікті мамандар да көп. Олардың бірі кәсіпте, енді бірі білім мен ғылым саласында еңбек етіп жүр. Қандастарымыздың әлі де тарихи Отанына көптеп оралары заңдылық. Осы орайда шетелдегі отандастарды қолдау туралы мемлекеттің бүгінгі атқарып жатқан жұмысы жайында «Отандастар қоры» КЕАҚ президенті, мемлекет қайраткері Нұртай Әбіқаевпен жүргізген сұхбатты ұсынып отырмыз.
– Нұртай Әбіқайұлы, Елбасымыз шеттегі және елге көшіп келген қандастарға жан-жақты қолдау, көмек жасау үшін «Отандастар қоры» КЕАҚ құрып, Қазақстанға көшіп келген ағайындардың бейімделуіне көмек беру және осы жұмыстарды іске асыруда заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етуді тапсырды. Қазіргі уақытта осы жұмыстар қандай деңгейде жүргізіліп жатқанын айтып берсеңіз?
– Халқымыз «Елге ел қосылса – құт» деген. Мемлекет тәуелсіздіктің арқасында, Елбасының шеттегі қандастарымызды қолдау саясатының нәтижесінде Отанға қазақтың ақыл-парасаты, білім-біліктілігі және күш-қуат, сонымен қатар елімізге мәдени, рухани, ғылыми-техникалық және экономикалық байлық келіп қосылды десем болады.
Қазіргі уақыттағы жұмыстарға тоқталатын болсам, Қазақстанның қоғамдық жаңаруы аясында Үкімет бекіткен 2018-2022 жылдарға арналған шетелдегі қазақтарды қолдау бойынша іс-шаралар жоспарына сәйкес қандастарымыздың білім алуына және ана тілін сақтап қалуына жағдай жасау, шетелде тұрып жатқан қазақ диаспорасымен мәдени-гуманитарлық және ақпараттық-үйлестіру ісіне байланысты қамтамасыз ету жұмыстарын жүргізудеміз. Шетелдегі және тарихи Отанына көшіп келген ағайындарды жұмыспен қамтамасыз ету мақсатында «Шетелдегі отандастарды мемлекеттік қолдау туралы» Қазақстан Республикасы заң жобасының Тұжырымдамасы және «Шетелдегі отандастарды мемлекеттік қолдау туралы» Қазақстан Республикасының заң жобасы дайындалып, «Отандастар қоры» КЕАҚ жанынан құрылған ғылыми-сараптамалық кеңесте талқыланып, қоғам тарапынан үлкен маңызға ие болды. Сонымен қатар Шетелдегі қазақ диаспорасын және репатриацияны қолдау бойынша 2020-2030 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаның Тұжырымдамасы Қазақстан Республикасы Үкіметінің Шетелде тұратын отандастармен мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту бойынша Үкімет жанындағы ведомствоаралық комиссиясында қаралып, қолдау тауып отыр.
Заң жобасының аясында «Қазақ картасы» – тұлғаның қазақ халқына тиесілігін растайтын құжатты дайындау және орындау қажеттілігі пайда болды. Бұл құжат Отанмен байланыстарды және ұлттық мәдени мұраны сақтау үшін шетелде тұратын этностық қазақтарды қолдаудың маңызды құралы болады. Бұл құжат қазақ тілін және салт-дәстүрін сақтауға және дамытуға ғана емес, сондай-ақ біздің елге қазақ халқына тиесілі тұлғалардың көшуіне септігін тигізумен қоса, шетелдегі қазақ диаспорасының тарихи Отанмен жан-жақты байланыстарын жандандыруға серпін береді және табысты қазақтар тарапынан инновациялар мен инвестицияларды белсенді түрде тарту үшін жаңа жағдайлар жасайды.
Заң жобасында «Қазақ картасын» («Отан» картасы») алудың негізгі шарттары мен оны иеленуші – тұлғалардың құқықтары алдын ала қарастырылуда. Олардың ішінде қосымша құжаттарды бермей Қазақстан шекараларынан бірнеше рет өтуге құқық беретін ұзақ мерзімді көп мәртелік визаны тегін алу (шақыру, жұмысқа рұқсат және т.б.), Қазақстан Республикасының азаматтарымен тең Қазақстан аумағында кәсіпкерлік қызметпен айналысу, мемлекеттік оқу орындарында тегін орта білім алу, мемлекеттік жоғары оқу орнында конкурстық негізде тегін жоғары білім алу, жекеменшік оқу орындарында ақылы білім алу және тағы да басқалар.
– Соңғы уақытта бұқаралық ақпарат көздерінде «Отандастар қоры» тарапынан қозғалып жатқан мәселелер туралы жиі оқимыз. Солардың бірі – «Бір терезе» қағидасы негізінде құжаттарды ресімдеуге қатысты қандай шаралар атқарылуда?
– Ағайындарды құжаттандыру осы уақытқа дейін ең бір күрделі де өзекті мәселе болып отыр. Талдау қорытындысы бойынша оралмандар толыққанды ықпалдасу және азаматтық алу үшін Қазақстан Республикасының аумағында ғана 7 түрлі ұйымға 10 рет өтініш беруге және шамамен 46 құжат ұсынуға мәжбүр екендігі анықталды.
«Отандастар қоры» мемлекеттік органдардың көрсететін қызметтерінің барлық кешенін «Бір терезе» қағидасымен автоматтандыруды және оңтайландыруды ұсынады. Бұл бірінші кезекте төлқұжат пен тіркеуге қатысты. Нәтижесінде, елге келген отандастар ХҚКО-ға аз ғана құжаттарды қосымша тізімімен бір рет өтініш беру арқылы бір жерден жауап ала алады.
Осылайша қызмет алудың уақыты қысқарады және бірнеше бюрократиялық әуре-сарсаң жойылады. Яғни, шенеуніктермен тікелей байланыс, уақыт жоғалту, көлік шығындары алынып тасталып, тіл мен заңдарды білмеуден туындайтын қосымша сыбайлас жемқорлық тәуекелдері үшін жағдайлар азаяды.
«Отандастар қоры» КЕАҚ құрылған кезеңнен бастап осы бір күрделі мәселені шешу үшін тиісті мемлекеттік органдармен тығыз жұмыс ұйымдастырып келеді. Қазіргі таңда осы өткелектің, қағазбастылықтың жолын жеңілдету үшін «Бір терезе» қағидасы бойынша арнайы «Жол картасы» жасалып, сол негізде тиісті мемлекеттік органдармен жұмыстар жасалуда. Яғни, бизнес-процестерді түбегейлі жақсарту және өтініштер санын 10-нан 5-ке дейін (қысқа мерзімді перспективада), ал одан әрі 2-ге дейін (ұзақ мерзімді перспективада) ұсынылатын құжаттарды 46-дан 20-ға дейін қысқарту жөнінде ұсыныстар әзірленуде.
– Кезінде өзіңіз әлем елдеріндегі қандастарымызға арналған Бірыңғай байланыс орталығы қызметінің іске қосылғандығы жайлы БАҚ арқылы ой бөлісіп едіңіз. Бүгінде елге оралған және оралуға ниетті қандастарымызды қолдау шараларына толығырақ тоқталсаңыз?
– Біздің қызметіміздің бірі – тарихи Отанына табан тіреген қандастардың жаңа ортаға бейімделуіне көмек көрсету. Бұл жерде отандастардың ұлттық-этностық және экономикалық ортаға жоғарғы деңгейде сіңісуі, іскер ортада өзін танытуы мен тіршілік әрекеті үшін тең мүмкіндік пен жағдай тудырылып, этностық бейімделуіне барынша көмек көрсетіледі. Соған байланысты Бірыңғай байланыс орталығы мен Қоғамдық қабылдау ендіріліп, отандастарды қолдау қызметі ұйымдастырылды. Бірыңғай байланыс орталығының операторлары телефон және мессенджерлер арқылы репатриация тетіктері және тиісті мемлекеттік қызметтерді, елімізде бизнес жүргізуді мемлекеттік қолдау шараларына, Қор мен Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығы жүзеге асырып жатқан жобаларға, отандастар мен этностық қазақтарға қажетті басқа да мәселелерге қатысты нормативті-құқықтық актілер бойынша ақпараттық және консультативтік қолдауды жүзеге асырады.
Қоғамдық қабылдау 14 облыс орталығы, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында ашылады. Олар «Отандастар қоры» және Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығы жұмысының бағыты бойынша қызығушылық танытқандардың барлығын жеке қабылдап, құқықтық мәселелер жөнінде кеңес береді. Жүгінушілердің мәселелері нақты шешілгенше мүмкіндігінше сүйемелдейді және мәселелер уақытында және сапалы қарастырылуы үшін мемлекеттік орган құрылымдарымен өзара әрекетте болады. Жүгінулерден түскен хат-хабарларға мониторинг жасайды және сәйкесінше талдау жұмысын жүргізеді.
Бірыңғай байланыс орталығы іске қосылған сәттен 1200-ден астам азаматтың сауалдары қабылданып, жауаптар берілді. Қойылатын сұрақтардың көбісі азаматтық алу, мемлекеттік қолдаулар жайлы түсіндірмелер, оралман мәртебесін алу және оның құқықтары мен міндеттері жайлы болып отыр.
Сондай-ақ 5 айдың көлемінде Қоғамдық қабылдауда қаралған 130 шағымның 90 пайыздан артығы оң шешімін тапса, қалған мәселелер бойынша қолданыстағы заңнамаларға сәйкес тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Қазақстандық өнімдерді экспортқа шығару, Қазақстанға инвестиция тарту, дарынды отандастар мен бизнес идеяларды табу, сондай-ақ квазимемлекеттік компаниялар мүдделерін таныстыру мақсатында бір ғана «Атамекен» брендімен іскерлік орталықтар желісін құру шаралары қолға алынды. Олар шетелдегі қазақтардың диаспоралық ұйымдарын қоғамдық бірлестіктер негізінде біріктіру арқылы жұмыс істейтін болады. Іскерлік үйлері біртұтас цифрлы желіге біріктіріліп, кейін дербес сайт-парақшалары құрылады. Ал олардың жұмысын тұратын елінің азаматтығын алған отандас бизнесмендер жүзеге асырады. Осы ретте отандастарымыз арасындағы іскер адамдарды анықтау, оларды ортаға тарту үшін қолда бар әлеуетті танытуға арналған бизнес форумдар өткізілуде.
Бұл шаралардың басты міндеті – өткізілетін елде қазақстандық бизнес қауымдастықты қалыптастыру, дарынды адамдарды және стартаптарды қоса алғанда, серпінді жобаларды іздеу. Бұл жерде отандастардың бизнес идеяларын, жобаларын іске асыру жолында ұйымдастырушылық немесе қаржылық қолдау көрсете алатын кәсіпкерлердің «Атамекен» Ұлттық палатасы және Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы, басқа да ұйымдар бүгіннің өзінде бірге жұмыс істейтінін айта кету керек. Сонымен қатар Astana Hub пен стартаптарды қолдау қоры, «Даму», «Қазақ Инвест» және «ҚазАгро» ҰБХ ұйымдарымен серіктес болу жаңа бастамаларды шынайы қолдауға арналған жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Одан бөлек, біз еңбекпен қамту бағдарламасы аясында Оқу-өндіріс орталығын ашу арқылы отандастарды кәсіби оқыту мен жаңа мамандыққа үйретеміз. Басымдық берілген бағыттар қатарында заманауи және дәстүрлі киімдер, әшекейлер, кәдесыйлар, азық-түліктер және басқаларды қоса алғанда, ұлттық бірегейлік нышандарымен байланысты өнім шығару бар.
Тағы бір үлкен жобамыз – ол «Кәсіпқор» холдингімен бірлесіп өндірістік оқыту орталықтарын құру. Бірінші бағыт – оқыту бағыты. Бұл бағыттың көздегені – отандасты оқыту, қайта даярлау, сертификаттау, жұмысқа орналастыру. Екіншісі өндірістік бағыт. Бұл отандастарды жаңа технология мен өндіріске оқытады, сертификаттайды, бизнес жоспар жасауда, кредит, грант алғанда, өндіріс ұйымдастырғанда сүйемелдейді, көмек көрсетеді. Отандастың тұрақты табыс көзін табуына жол ашады.
– Шетелдегі жастарға бағытталған жобалар жайлы не айтасыз?
– «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорымен және «Әлеуметтік жобалар қоры» корпоративтік қорымен бірлесіп «Туған елге саяхат» балалар туристік пойызы әлеуметтік жобасы жүзеге асырылды. Экскурсиялық сапар екі турдан тұрады. Біріншісі 1-9 шілде аралығында, екіншісі 1-9 тамыз аралығында өтіп, жобаға қатысу үшін 50 бала шақырылды.
Бұл жоба еліміздің тарихи және сәулеттік ескерткіштерін зерттеуге, Отанға деген сүйіспеншілікті арттырып, отаншылдықты нығайтуға бағытталған.
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ұйымдастыруымен өтіп жатқан ZEREN-2019 республикалық жазғы лагеріне «Отандастар қорының» қолдауымен 30 қандасымыз қатысып келді. Олар – Моңғолия, Қытай, Өзбекстан, Ресей мемлекеттерінен келген белсенділер. Отандастарымыздан құралған командалар жоғары нәтиже көрсетіп, өз бизнес жобаларын жүзеге асыру мақсатында 1-кезеңде 3-орын 750 000 теңге, 2-кезеңде 2-орын 1 000 000 теңге көтерме ақы иеленді.
Сондай-ақ өткен 10-24 шілде аралығында «Назарбаев зияткерлік мектебі» базасындағы шетелдегі қазақ диаспорасы балаларына арналған жазғы лагерь жобасы жүзеге асырылды. Жазғы лагерьге алыс-жақын шетелдерде (Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Тәжікстан, Иран, Моңғолия) тұратын 12-17 жас аралығындағы 150 бала қатысты.
Екі апталық оқу-танымдық бағдарламасы аясында балалар Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан еліміздің мәдени, тарихи, әлеуметтік маңызы зор нысандарымен, ескерткіштерімен, өндірістік кәсіпорындарымен, «Бурабай» ұлттық табиғи саябағымен танысуға мүмкіндік алды. Сонымен бірге этностық қазақ балалары қазақ тілін, салт-дәстүрі мен мәдениетін, тарихын, ұлттық аспаптары мен ойындарын, физика, химия сынды ғылым салаларын меңгерді. Бұдан бөлек, «Болашақ» халықаралық бағдарламалар орталығымен бірлесіп, Қазақстанға диаспора арасынан студенттерді тарту бойынша 30-дан астам ЖОО қатысатын арнайы сапарлар бағдарламасы бекітілді.
Осы және өзге де жобаларды іске асыру қазіргі заманғы, талантты және білімді жастарды іздестіру, тарту және тәрбиелеу бойынша жағдай жасауға елеулі үлес қосады. Жастар біздің болашағымыз, білім мен тәрбиенің негізінде ұлттық кодты сақтау борышымыз деп санаймын. Себебі шеттен келген ағайындар мәдениетімізді, ұлттық рухани байлығымызды молайтып, деңгейін биіктете түсті.
Мемлекет шеттен келген ағайындардың игерген білімі мен әртүрлі кәсіптегі тәжірибесін пайдалана білсе, бұл ұлттың кемелденуін, ел экономикасының дамуын біршама жеделдетеді.
Шеттегі және Қазақстандағы қазақтар, әртүрлі жерлік ерекшеліктерден құралғанымен, бір мәдениет, бір тіл және бір діннің иесі. Олар ортақ тарихымен біріктірілген тұтас қазақ этносы болып табылады. Сондықтан Елбасының қандастарымызды қолдау саясаты ұлт тарихының тереңінен бастау алатынын ескеріп, оны іске асыру әрбір отандасымыздың міндеті деп пайымдаймын.
Әңгімелескен Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
Дереккөз: «Egemen Qazaqstan»