"Егемен Қазақстан" журналисты Айбын Шағалақ Қазақстан Президентінің көмекшісі Мәулен Сағатханұлы Әшімбаевпен сұхбаттасып, 6 маусымдағы сайлаудан кейінгі елдегі жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік-саяси жағдайлар мен келер жылы өтетін маңызды іс-шаралар туралы айта келіп, саяси популизм мен азаматтық белсенділік туралы әңгіме өрбіткен. Осы сұхбатты «Egemen Qazaqstan» басылымына сілтеме жасай отырып назарларыңызға ұсынамыз.
– Мәулен Сағатханұлы, сіз Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды штабын басқардыңыз. Қазіргі таңда сайлауалды бағдарлама қалай жүзеге асырылып жатыр? Мемлекет басшысының көмекшісі ретінде бұл саланы да өз назарыңызда ұстап отырған боларсыз?
– Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасы «Игілік баршаға! Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» деп аталғаны белгілі. Бағдарлама Nur Otan партиясының мүшелері ғана емес, бүкіл мемлекеттік аппарат басшылыққа алатын маңызды құжатқа айналды. Қасым-Жомарт Кемелұлы онда көрсетілген ел мүддесі жолындағы мақсат-міндеттердің толық орындалуына баса мән беріп отыр.
Сайлаудан кейін бағдарламада көзделген іс-шараларды іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспары бекітіліп, алдымызға нақты міндеттер қойылды. Бағдарламада айтылған негізгі тұжырымдар Президенттің Қазақстан халқына арнаған Жолдауында нақтылана түсті. Осы бағытта ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр.
Қасым-Жомарт Кемелұлы сөзі мен ісі бір жерден шығатынын жарты жылға жетпей-ақ дәлелдеді. Ол халықтың мұң-мұқтажын жақсы білетінін көрсетіп, ең өзекті мәселелерді шешуге басымдық беріп отыр. Қазірдің өзінде бірқатар нәтижеге қол жеткізді. Еліміздегі аз қамтылған отбасыларға көрсетіліп жатқан әлеуметтік көмек, тұрмысы төмен отбасылардың несиесін кешіру акциясы, шағын бизнесті үш жылға салықтан босату, ауыр қылмыс жасағандарға жазаны қатаңдату сияқты шаралар – соның айқын дәлелі. Осындай оң өзгерістер халықтың да көңілінен шығып, көпшіліктің қолдауына ие болды.
Биылғы қазан айында Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларын дамыту мәселелеріне арналған кеңестер өтіп, елордамызды және ең ірі қаламызды өркендетудің бағыт-бағдары талқыланды. Президент бұл жиындарда тұрғындарды алаңдатқан бірқатар түйткілді проблемаға қатысты нақты шешім қабылдап, көпшіліктің көңілінен шықты. Шаһарларымыздың экономикасын одан әрі дамытуға, инфрақұрылымын жетілдіруге, қоғамдық қауіпсіздікті күшейтуге, азаматтардың тұрмыс сапасын жақсартуға байланысты нақты тапсырмалар берді.
Осының бәрі Мемлекет басшысының сайлау алдындағы бағдарламасында көрсетілді. Алдағы уақытта бұл жұмыстар жүйелі жалғасын табады. Бағдарламаның орындалуы Қасым-Жомарт Кемелұлының тікелей бақылауында.
– Мемлекет басшысы әл-Фараби мен Абайдың мерейтойларын, Алтын Орда мемлекетінің 750 жылдығын атап өту туралы бастама көтерді. Елдік рухты асқақтататын осындай игі іс-шаралардың қандай форматта өткені дұрыс деп ойлайсыз?
– Біздің мың жылдықтарға ұласатын тарихымыз бар. Әлемдік өркениет биігіне көтерілген ойшылдарымыз аз емес. Мемлекеттілігіміздің де шежіресі бай. Сондықтан Алтын Орданың 750 жылдығын, әл-Фараби мен Абайдың мерейтойларын атап өту туралы шешімдердің идеологиялық маңызы өте зор.
Әйгілі Алтын Орда мемлекетінің тарихы – еліміздің де тарихы. Белгілі Талас құрылтайының біздің жерде өткені, Жошы хан кесенесінің Ұлытауда орналасқаны көп жайтты аңғартады. Орданың ірі сауда-экономикалық орталығы болған Сарайшық қаласын да ешкім қазақтан бөліп-жарып ала алмайды. Біздің мемлекеттілігіміз Алтын Орда мемлекетінен де тамыр тартатынын естен шығармауымыз керек. Осындай нақты деректер арқылы тарихи шежіреміздің бай екенін бүкіл әлемге танытқан жөн.
Әл-Фараби мен Абай – әлемдік деңгейге көтерілген ғұлама ойшылдар. Олардың шығармашылығы мен еңбектері арқылы қазақ жерінің де үлкен өркениет ордасы болғанын насихаттауымыз қажет.
Әл-Фараби бабамыз ғылымның бірнеше саласын дамытуға өлшеусіз үлес қосты. Оны өркениетті елдер екінші ұстаз ретінде мойындайды. Абайдың да мұрасы ескірмейтінін уақыт дәлелдеді. Оның шығармалары озық ойлы жаңа ұлт қалыптастыруға қызмет етуі керек. Қоғамдық өмірдің түрлі салаларын жаңғыртуға қадам басқан еліміз үшін ұлы ойшылдарымыздың туындылары рухани азық бола алады.
Сондықтан бұл бастамалардың той тойлау үшін емес, ой ойлап, өткенімізді тану және сананы жаңғырту үшін қолға алынып отырған дүние екенін түсінген абзал. Осындай іс-шаралар жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуге, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталуы керек. Бұл мемлекеттілігімізді нығайту, тәуелсіздігімізді күшейту үшін қажет. Мемлекет басшысы төл тарихымызға байланысты мерейтойларды атап өтуде осындай жайттарға басымдық беруде.
– Бүгінде Қазақстан Президенті елді экономикалық және саяси тұрғыдан бір мезгілде жаңғыртуды мақсат еткені және сол бағытта жұмыс істейтіні айқын болып отыр. Бұл уақыт талабы ма, әлде мұның басқа да себептері бар ма?
– Елімізді экономикалық және саяси тұрғыдан жаңғырту – уақыт талабы. Қазақстанды жаңа үрдістерге сай дамыту және қоғамдық өмірдің барлық саласын жаңғырту Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасы бойынша қолға алынғанын білесіздер. Соңғы жылдары осы бағытта көп жұмыс атқарылды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың елімізді экономикалық және саяси тұрғыдан жаңғырту жөніндегі бастамасын Тұңғыш Президентіміз айқындаған саясаттың заңды жалғасы деп қабылдау керек.
Сонымен қатар әр кезеңнің өзіне тән ерекшеліктері мен үрдістері болады. Қазір қоғам да өзгерді, адамдар да өзгеруде. Соған сәйкес бейімделіп, лайықты саяси жүйе қалыптастыру қажет. Бұл – заман талабы. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында еліміздің қоғамдық-саяси өмірін жаңғыртпай табысты экономикалық реформаларды жүзеге асыру мүмкін емес екенін айтты.
Саяси жаңғырудың басты мақсаты – мемлекеттің тиімділігі мен ашықтығын қамтамасыз ету, сондай-ақ дамып келе жатқан азаматтық қоғамның сындарлы бастамаларын жүзеге асыруға мүмкіндік беру.
Қазір мемлекет басқару ісінде қоғамдық пікірдің маңыздылығы арта түсті. Бұл – өркениетті жолмен өрлеудің бірден-бір көрінісі. Саяси жаңғыру үдерісі осы формула бойынша дамитын болса, экономикалық реформаларға тың серпін береді. Осы орайда Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру туралы бастамасы жұртшылық тарапынан қолдау тапқанын атап өткен жөн.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына бірнеше міндет негіз болды. Біріншіден, билік қоғамдық маңызы бар мәселе бойынша шешім қабылдағанда азаматтардың, үкіметтік емес ұйымдардың ұсыныстары мен пікірін ескеруі керек. Бұл – «мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық» деген конституциялық қағиданың іс жүзіндегі көрінісінің бірі. Азаматтар билікпен бірге шешім шығаруға атсалысса, жауапкершілік сезімі де күшейеді.
Екіншіден, қоғамды алаңдатқан мәселелерге қатысты дереу үн қату, бейқамдық танытпау. Барлық мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалар, ең алдымен, халыққа қызмет ететінін түсінгені жөн. Сондықтан қоғамның сұранысына сәйкес тиісті шаралар қабылдау – мемлекеттік органдардың негізгі мақсаттарының бірі.
Үшіншіден, тұрғындардың талап-тілектеріне тез жауап беру, бюрократияға жол бермеу. Бұл әсіресе жергілікті билік өкілдеріне қатысты мәселе. Азаматтар құқықтық, әлеуметтік-экономикалық, тұрмыстық жағдайына қатысты сұрақтар бойынша көбіне әкімдіктерге жүгінеді. Әкімдер мен жауапты қызметкерлер мұндай өтініштерді барынша тез қарастырып, тиісті шешімдер қабылдауы қажет.
Төртіншіден, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мемлекеттік органдар жұмысының ашықтығын да қамтиды. Басты талап – құжаттарға және ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз ету, бюджет мәселелеріне қатысты жұмысты ашық жүргізу, шешімдерді жария түрде қабылдау.
Бесіншіден, қолға алынған бастамалардың мән-маңызын жан-жақты түсіндіру. Кей жағдайда қоғам үшін пайдалы шешім халыққа дұрыс түсіндірілмей жатады. Соның салдарынан орынсыз наразылық туындауы мүмкін. Мемлекеттік органдар өз шешімдерінің маңызын түсіндіруге баса мән беруі тиіс.
Бұл ретте Президентіміз өзі көпке үлгі көрсетіп келеді. Мысалы, кейбір өткір мәселелерге қатысты әлеуметтік желілер арқылы пікірін білдіріп, істеліп жатқан жұмыстар туралы халықты тікелей хабардар етіп отыр.
Тоқетерін айтқанда, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мемлекеттің ашықтығын қамтамасыз етіп, халық пен билік арасында сындарлы диалог орнату үшін қажет. Сондай-ақ халықтың билікке деген сенімін күшейтуді көздейді. Бұл, өз кезегінде, ел ішінде саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісімді сақтауға, экономикамызды өркендетіп, азаматтардың әл-ауқатын арттыруға жаңа мүмкіндіктер береді.
– Сіздің ойыңызша, бүгінгідей әлеуметтік желі қуатты құралға айналған уақытта қоғам азаматтық белсенділік пен саяси-популистік белсенділіктің аражігін ажыратуы үшін не істеуі керек?
– Орынды сұрақ. Соңғы жылдары, әсіресе жаһандық қаржы дағдарысынан кейін әлемде популистік идеялар мен ағымдар кең тарап келеді. Бұл үрдіске сіз айтып отырған әлеуметтік желілердің де ықпалы зор. Күрделі экономикалық және саяси мәселелерге қатысты өздерінің примитивті ойларын әлеуметтік желілер арқылы жөн-жосықсыз айта беретін адамдар аз емес.
Жалпы, популистік ұстанымдағы топтардың қазіргі таңда үлкен күшке айналып келе жатқанын көріп отырмыз. Мұның дәлелін әлемнің көптеген мемлекеттерінен, Еуропадан да, Америкадан да таба аламыз.
Популистік идеяны насихаттаушылар көбіне күрделі жаһандық мәселелерге қатысты таяз ойлап, дәйексіз шешімдер ұсынады. Маңызды мәселелер кешенді жоспарлар, жан-жақты ойластырылған шаралар арқылы ғана шешілетінін есепке алмайды. Себебі олардың мақсаты – әлеуметтік теңдік, ұлттық намыс секілді ұғымдарды пайдалана отырып, халықтың эмоциясына әсер ету.
Осы ретте ұлы Абайдың: «Бір-ақ секіріп шығам деп, бір-ақ ырғып түсем деп, мертігеді, жатады» деген ой орамы популистердің іс-әрекетін дәл сипаттайды. Әр нәрсенің өз орны, реті бар. Кез келген жалаң ұранға ере беруге болмайды.
Сонымен қатар популизмнің артында, негізінен, белгілі бір топтардың билікке қол жеткізу сияқты жымысқы ойы тұратынын да ұмытпау керек.
Ал азаматтық белсенділік – қоғамға қажет нәрсе. Бұл құқықтық, әлеуметтік, демократиялық мемлекет ретінде дамудың бірден-бір жолы. Азаматтық белсенділік, сөзсіз, саяси белсенділікті қамтиды, бірақ оның ауқымы кең түсінік. Адамдар тек саяси мақсатта ғана емес, басқа да көптеген қоғамдық мәселелерді шешу үшін бірігеді.
Саяси популизм мен азаматтық белсенділіктің аражігін ажырату үшін азаматтар әр нәрсеге байыппен, сыни көзқараспен қарау керек. Түрлі ақпаратты немесе айтылған ойды қоғамға пайдасы бар-жоғы, шынайылығы тұрғысынан саралай білген жөн. Сонда жалаң популизмді нағыз азаматтық белсенділіктен ажырата аламыз.
– Қазіргі таңда мұқтаж жандарды қолдау үшін тың бастамалар қолға алынды. Әлеуметтік көмек көрсеткен дұрыс. Бірақ қоғамда масылдықтың айтарлықтай деңгейде екені де байқалып жатыр. Оны жою үшін не істеу керек?
– Рас, аз қамтылған отбасыларға әлеуметтік қолдау көрсету үшін нақты жұмыстар атқарылуда. Олар Мемлекет басшысының сайлау алдындағы бағдарламасы мен халыққа арнаған Жолдауында көрсетілген міндеттерден туындайды.
Өкінішке қарай, кейбір азаматтар жұмысқа жарамды болса да мемлекеттен әлеуметтік көмек алуға ұмтылады. Бұл – масылдық психология. Кезінде Абай атамыз да мұны қатты сынаған болатын. Сол кезде ұлы ойшыл мұның алдын алу үшін халықты еңбек етуге, кәсіппен айналысуға шақырды. Қазір де бұл сөздердің өзектілігі жоғалған жоқ.
Әлеуметтік масылдық мемлекет дамуын тежейді. Азаматтар жұмыс істеп, табыс таппаса, еліміз өркендемейді. Сондықтан Үкімет жаңа жұмыс орындарын ашу үшін шағын және орта бизнеске жағдай жасап отыр. Жаңа кәсіп түрлерін меңгеруге мол мүмкіндік бар. Өндіріс орындарында білікті мамандарға деген сұраныс жоғары. Азаматтар осындай мүмкіндіктерді пайдалануы қажет.
Бүгінгі заман – бәсекеге қабілеттінің заманы. Әр адам, әсіресе жастар, білім алуға, шет тілін үйренуге, жаңа кәсіпті игеруге, өзгелерден озық болуға, тәжірибе жинақтауға, дүниетанымын кеңейтуге басымдық беруі тиіс. Сонда ғана қоғам да дамиды, мемлекет те өркендейді. Өскелең ұрпақтың санасына осы ұстанымдарды сіңіруіміз керек. Масылдықты жоюдың бірден-бір жолы осы.
– Қазір елімізде жас кадрлардың президенттік резерві құрылып жатқанын білеміз. Бірақ кейін бұл бастама сол резерв күйінде қалып қоймай ма? Осыған қатысты ойыңызды тарқатып айтып берсеңіз.
– Кез келген қоғамның қозғаушы күші – жастар. Жаңа идея да, тың бастама да жастардан шығады. Қазір Қазақстан дамудың келесі кезеңіне қадам басты. Сондықтан мемлекет басқару ісіне кадрлардың жаңа буыны келуі тиіс. Бұл – уақыт талабы. Елбасы да, Мемлекет басшысы да бұған зор мән беруде.
Әр заманның өз қайраткерлері мен өз кадрлары болады. Бүгінгі таңда билікке кәсіби білікті, халқына адал қызмет ететін, жаңаша ойлайтын, әділ әрі жауапкершілігі жоғары жас мамандар керек. Президент ұсынған кадрлық резерв осы мақсатпен құрылып отыр. Бұл – талапты жастар үшін үлкен мүмкіндік.
Жалпы, қазіргі таңда өркениетті мемлекеттер материалдық активтерін емес, адам капиталын дамытуға күш жұмылдыруда. Өйткені кез келген табиғи ресурстың таусылатыны белгілі. Ал азаматтарының басым көпшілігі білімді болса, ғылыммен айналысса, жаңа технологиялар мен инновацияны меңгерсе, мұндай мемлекет озық дамыған елдердің қатарына қосыла алады. Мысалы, Дүниежүзілік банктің мәліметіне сәйкес, қазіргі әлемде экономикалық өсімнің 55 пайызын адам капиталы қамтамасыз етеді екен. АҚШ-та ұлттық байлықтың 76 пайызын адам капиталы құрайды. Батыс Еуропа елдерінде бұл көрсеткіш – 74 пайыз. Жаңа Қазақстанның ұлттық мүддесі туралы айтқанда осындай құндылықты дәріптеуге мән берген жөн.
Адам капиталы тынымсыз іздену, оқып-үйрену арқылы қалыптасады. Біз де осы көштен қалмауымыз керек. Өйткені – адам капиталы инновациялық экономиканы және білім экономикасын қалыптастырудың басты факторы.
Сондықтан Президенттің кадрлық резервін еліміздің басқару жүйесіндегі адам капиталын дамытудың бір тетігі ретінде қарастырған жөн. Жас азаматтар мемлекетті өркендетуге тың серпін береді деп үміттенеміз.
– Президент Елбасының сындарлы сыртқы саясатын жалғастыратынын мәлімдеді. Дейтұрғанмен, жаңа геосаяси жағдайларға байланысты белгілі бір бағыттарға басымдық берілуі мүмкін бе?
– Қазақстан сыртқы саясатта әуел бастан көпвекторлы бағытты ұстанып келеді. Бұл – ұлттық мүддемізге, тәуелсіздігімізді сақтауға негізделген саясат. Мемлекет басшысы сыртқы саясатта Елбасы белгілеп берген осы бағыт-бағдарды жалғастыратынын нақты айтты.
Көпвекторлы сыртқы саясат ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, халықаралық беделімізді одан әрі нығайту, стратегиялық серіктестерімізбен саяси, экономикалық және басқа салалардағы ынтымақтастықты тереңдету үшін қажет. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев кәсіби дипломат болғандықтан және осы салада көп жыл қызмет еткендіктен сыртқы саясаттың қыр-сырын өте жақсы біледі.
Қазақстан егемен ел ретінде толық қалыптасып, халықаралық қоғамдастықтың белді мүшесіне айналды. Алдағы уақытта да тәуелсіздігімізді күшейтіп, мемлекетімізді өркендету үшін сыртқы саясатымыз ұлттық мүддеге сай жүргізілетін болады.
Қазір әлемдік геосаяси жағдайдан туындайтын және бізге әсер ететін сын-қатерлер жоқ емес. Кейбір мемлекеттердің экономикалық және әскери әлеуетінің қарқынды дамып келе жатқанын да естен шығармауымыз қажет. Халықаралық қоғамдастық Ресей мен АҚШ, АҚШ пен Қытай арасындағы күрделі қарым-қатынастарға, Сириядағы, Ауғанстандағы ахуалға және басқа да өзекті мәселелерге алаңдаушылық білдіріп отыр.
Жаңа геосаяси жағдайда стратегиялық серіктестеріміз – Ресей, Қытай, АҚШ, Түркі және Араб әлемі, Еуропа елдерімен ынтымақтастықты жалғастыра берудің маңызы өте зор. Қасым-Жомарт Кемелұлы осы бағыттағы жұмыстарды жаңа белеске шығаратынына ешқандай күмән жоқ.
– Таяуда Мемлекет басшысы латын қарпіне негізделген қазақ әліпбиіне қатысты пікір білдіріп, кейбір олқылықтардың бар екенін айтты. Демек, әліпбидің бұған дейін бекітілген нұсқасы қайта қарастырылатын болды ғой?! Осыған байланысты өз ойыңызды ортаға салсаңыз?
– Елбасының қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіру жөніндегі бастамасы – мемлекеттік маңызы бар мәселе. Бұл тарихи шешім жұртшылық тарапынан қолдау тапты. Қазірдің өзінде қоғамдық орындарда қазақша сөздерді латын қаріптерімен жазу үрдісі басталып кетті. Бірақ бірізділік жоқ. Соның салдарынан бір сөздің түрлі нұсқалары тарай бастады. Мемлекет басшысы осы жайтқа дер кезінде назар аударып, олқылықты түзетуді тапсырды. Бұл әліпбиді қайта жасау деген сөз емес. Тек кейбір әріптерге қатысты өзгерістер енгізілуі мүмкін.
Жаңа әліпбиді жетілдіруге ғалымдар мен тіл мамандары жұмылдырылды. Оларға зор жауапкершілік жүктеліп отыр. Сондықтан оны жан-жақты ойластырып шешуге тиіспіз. Кезінде Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы «Жақсы әліпби тілге шақ болуы керек» деген еді. Дәл қазір біз осы қағидатты басшылыққа алуымыз қажет. Президентіміздің қазақ тілін ұлтаралық қатынас тіліне айналдыру туралы айтқан сөзін де естен шығармаған жөн.
Тілсіз ұлт болмайды. Латын қарпіне негізделген әліпби арқылы ана тіліміздің аясын кеңейтіп, оны заман талабына сай дамытуға жол ашамыз. Бұл – қазақ тілінің жаңа көкжиегі.
– Құрметті Мәулен Сағатханұлы, мазмұнды әңгімеңізге рахмет. Мемлекетімізді дамыту үшін атқарылып жатқан жұмыстарға, қоғамдағы өзекті мәселелерге қатысты тұшымды жауап алдық.
– Сіздерге де көп рахмет. Биыл «Egemen Qazaqstan» газетіне 100 жыл толып отыр. Бұл – бүкіл қазақ баспасөзі үшін ортақ қуаныш. Ғасыр жасаған басылымның торқалы тойы құтты болсын!
Газеттің тағылымды тарихы ұлт зиялыларының ел мүддесі жолындағы еселі еңбегімен басталғанын білеміз. «Егемендіктер» жүз жыл бойы осы ұстанымнан айнымай, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, ел еңсесін тіктеу, мемлекеттілігімізді нығайту үшін көптеген игі бастамаларға ұйытқы болды.
Бүгінде бас басылым қоғамды жаңғырту ісіне де атсалысып келеді. Газетіміз алдағы уақытта да тәуелсіздігімізді нығайтуға, елімізді өркендетуге өлшеусіз үлес қоса береді деп сенеміз.
Ұжымдарыңызға береке-бірлік, шығармашылық шабыт және мол табыс тілеймін!
Әңгімелескен
Айбын ШАҒАЛАҚ,
Дереккөз: «Egemen Qazaqstan»