Әлеуметтік желі – ақпарат алаңы һәм табыс көзі

Уақыты: 2020-02-05 Көрлімі: 2456 Сипаттама

Әлемде әлеуметтік желінің дәурені басталғалы қашан. Бүкіл әлемдегі интернет пайдалану...

5ddb0ae2a845b590096556.jpeg

Әлемде әлеуметтік желінің дәурені басталғалы қашан. Бүкіл әлемдегі интернет пайдаланушылардың саны 4,5 миллиардқа жуық болса, әлеуметтік желілерді пайдаланушылар саны 2,8 миллиардты құрайды. Биыл жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 2,9 миллиард болады деген болжам бар. Ал 2021 жылы тағы да 3 миллиардқа артып, виртуалды әлемнің көкжиегі кеңи түспек.

Қолданушылар саны артқан сайын әлеуметтік желінің қыз­мет аясы кеңейіп, оны түрлі мақ­сат­та пайдалану жолдары қалып­тасуда. Бүгінде ақпарат тара­ту үдерісін толықтай меншік­теп алған желілердің жарна­ма таратуда да бәсі жоға­ры. Әсіресе Facebook пен Instagram-да бір пост жазып, қы­руар қаражат қармап қалатын­дар­дың саны күн санап артып келеді. Ең қызығы, бұл құбы­лыс­қа тайлы-тұяғымен қалмай іле­сіп бағатындар «ауадан ақша жасауға» машықтанып алған сияқты...

Жарнамадан салық төлеу міндет пе?

Әлеуметтік желілердің ішін­де қолданушылар саны жағынан Facebook көш бастап тұр. Өткен жылдың 3-тоқсанындағы мәлі­мет бойынша Facebook-ке күніне орташа есеппен 1,6 млрд қолданушы кірген екен. Бұл әлеуметтік желінің ай сайынғы аудиториясы 35 млн адамға артып, жалпы қолданушылар саны 2,45 млрд  адамға жеткен. Компания былтыр үшінші тоқсанда 17,7 млрд доллар көлемінде пайда тапты. Бұл көрсеткіш 2018 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 29%-ға артық. Ақпарат алаңына ай­нал­ған бұл әлеуметтік желінің соңғы уақытта жарнама ауди­ториясымен жұмысы бәсең­дегендей. Тіпті wearesocial тарат­қан мәлімет бойынша былтыр­ғы жылдың соңындағы үдеріс жар­нама берушілер АҚШ пен Ин­донезиядағы Facebook қолда­ну­шыларын тиісті деңгей­де қамти алмауы мүмкін.

Ал әлеуметтік желілердің ішіндегі тағы бір танымалды – Instagramда жазылған адамды сырттай бақылап қана қоймай, хат алмасу арқылы жаңа таныстық орнатуға, қажетті ақпаратты дер кезінде алуға, бизнес жүргізуге мүмкіндік мол. Осы артықшылықтарды ұтымды пайдаланып, жеке брендингті жарнамалау арқылы танымал болып үлгергендер бар. Бұл желіде жазылушылар саны ең көп аккаунт – Instagram әлеуметтік желісінің ресми парақшасы. 328 млн жазылушысы бар парақшада авторлық суреттерді жариялауға болады. Түрлі тақырып бойынша топтастырылған сапалы суреттер бар. Екінші орында – атақты футболшы Криштиану Роналду. Оның оқырман саны – 198 миллион. Футбол алаңында ғана емес, жалпы өмірде де халықтың назарынан тыс қалмайтын тұлғаның оқырмандары күн санап артуда. Үшінші орында 166 миллион оқырманы бар шоу-бизнес жұлдызы  Селена Гомез. 26 жастағы өнерпаз аккаунтына әзіл видеоларды жиі салып тұрады. Бұл әлем бойынша үздіктердің үштігі. Парақшаға неғұрлым көп адам жазылса, соғұрлым жарнама берушілердің қарасы қалың болады. Бұл оқырмандардың артында млрд-таған қаражат жатқанын айтпаса да түсінікті.

Негізгі жарнама аудиториясы жас буын. АҚШ-та 18 жастан асқан тұрғындардың 37%-ы Instagram-ды тұрақты пайдаланады. Бұл көрсеткіш соңғы 1 жылда 2%-ға өскен. Әсіресе әлеуметтік желіні 18-29 жастағы пайдаланушылар жиі қолданады. Іnstagram пайдаланушылары арасында әйелдер 52 пайызды құраса, ерлердің үлесі – 48 пайыз. 

Блогер ретінде танымал Өркен Кенжебек әлеуметтік желіде кез келген жарнама өтімді болатын аудитория қалыптасып келе жатқанын айтады. Оның айтуынша, бұл аудиторияны шамамен 15, 25 пен 34 жас аралығын қамтиды.

̶  Маған Іnstagram-да жазылғандардың жартысына жуығы да осы шамадағы жастар. Бұл буынның әлі де болса талғамын өзгертуге болады. Мысалы, nokia телефонын ұстап жүрген жастарға жақсы жарнама жасау арқылы huawei телефонын сатып алуға ықпал етуге болады. Әлеуметтік желідегі негізгі аудитория орта буын болғандықтан, жарнаманың ағыны да осы жаққа қарай ауысқаны заңдылық. Нарықтың талаптарына сай бейімделетініміз түсінікті.

Басқа елдердің үлгісі енді бізге келіп жатыр. Мысалы, шетелдегі атақты тұлғалар жарнама ретіндегі әр жарияланымы үшін қомақты қаражат алады. Бұл үдеріске сұраныс болғандықтан, алдағы уақытта жарнама беруші де көбейді, жарнамалаушының да аудиториясы кеңейе түседі. Қазір әлеуметтік желідегі жарнама басқа салаларға қарағанда өтімді болып тұр, – деді блогер.

Табыс тапқаннан кейін оның салығын төлеу міндет. Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті жұртшылықпен байланыс басқармасының басшысы Олжас Отардың айтуынша, кез-келген табыс тауып отырған азаматты салық төлеуге міндетті. Заң аясында жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп салық төлеуге, иә болмаса көрсетілген табыстың 10 пайызын салыққа төлеуге тиіс.

– Қазір әлеуметтік желі арқылы тренинг өткізушілерге мемлекеттік кірістер органдары тиісті шаралар қолдануда. Мысалы, былтыр Алматы қаласында осындай тренинг өткізген 2 тұлғаның салықтық берешектері бар екені анықталып, олар мемлекетке 82 млн теңге қосымша салық төлеуге міндеттелді. Сонымен қатар, әлеуметтік желі арқылы саудасын жүргізіп отырғандарға да тексерістер тұрақты түрде жүргізілуде. Егер олардың іс-әрекеттері еліміздегі электронды сауда тәртібіне сәйкес жүргізілетін болса, заңға сәйкес салықтан босатылады. Ескеретіні, электронды сауданың арнайы бекітілген тәртібі бар. Егер бұл тәртіпке сәйкес жұмыс атқармайтындар болса, оларға камералды бақылау басқармасы арнайы хабарлама жіберіп, өз еркімен салық төлеуге мүмкіндік береді. Тіпті ешқандай назар аудармаса,  мәжбүрлі түрде өндіріп алу шаралары қолданылады. Әлеуметтік желі арқылы ұтыс ойындарын өткізіп жүргендер де қатаң бақылауда, – деді О.Отар.

Әлеуметтік желіде жарнамадан табыс тапқандардың барлығы салық төлеп отыр деп айтуға келмейтінін блогер Ө. Кенжебек. 

̶  Көптеген ірі жобаларда, әрине, салық төлеу жағы қарастырылады. Кейде жекелей адамдар алғыс, сыйақы ретінде 50-60 мың теңге ұсынып жатады. Бұл жағдайда салық төлеудің жолы қандай екенінен хабарсызбын. Салық заңнамасы күшейсе, мен сияқты жарнама арқылы табыс тауып отырғанғандар салықтан жалтармаймыз,  ̶  дейді блогер.

– Іnstagram арқылы түрлі киім үлгілеріне жарнама жасап, ақша тауып жүрген Айнұр есімді арудың парақшасына қарап, оның үнемі шетелге саяхаттап, демалыс орындарында жүретінін көреміз. Жеке өмірін қалт жібермей бақылап, әр постына пікір білдіретіндердің де қарасы қалың. Біз хабарласқанда Айнұр кезекті демалысын Мальдив аралдарында өткізіп жатқанын айтты. Ол алғашқыда ашқан парақшасына жазылатындардың саны артатынын, сол арқылы жарнама жасап, қосымша табыс табуға болатыны туралы ойламапты. Кейін бұл салаға әбден машықтанып алған.

– Әр азамат тапқан пайдасынан салық төлеуге міндетті. Бұл туралы алдымен осы салаға байланысты заңнамаға өзгеріс енгізу қажет. Мысалы, мен өзімнің салоным мен турфирмамның жұмысы үшін салық төлеймін. Оның тәртібі және мөлшері бекітілген. Ал интернеттегі жарнама арқылы табысқа салық төлеу мәселесі жолға қойылмаған. Бұл мәселені Парламент қарап жатыр деп естігенмін. Қалай болатынын алдағы уақытта көреміз, − деді Айнұр. Кейіпкеріміз жарнамадан нақты қанша табыс табатынын жасырғанымен, оның көлемі біршама екенін айтты. Табыс тек жарнамаланған тауармен немесе ақшамен берілмейтінін, өзге де құнды сыйлықтар үшін жарнама жасайтынын жасырмады.

– Барлық ұсынысқа келісе бермеймін. Өзім сенбейтін дүниені, ұнамайтын киімді ешқашан жарнамаламаймын. Көпшілікті алдаған емеспін, − деді кейіпкеріміз. Оның сөзіне сенсек, жарнама агенттіктері блогерлердің парақшаларын «тірі» немесе «өлі» деп бөледі екен. Ең қызығы, бұл олардың оқырман санына да, статистикасына да байланысты емес.

– Жарнаманың өз қыр-сыры бар. Мысалы, миллион оқырманы бар блогердің жарнамасынан түк пайда келмеуі мүмкін. Керісінше жазылушылардың саны екі есе аз, бірақ танымал адамның бір ауыз сөзі айтарлықтай нәтиже беруі ғажап емес. Мәселе тек санда емес, сапада, − дейді Айнұр.

Экономист Әйгерім Смағұлова түскен табыстан салық төленбеген жағдайда көлеңкелі экономиканың үлесі артатынын ескертті. Оның айтуынша, жарнама арқылы табыс тауып отырған кез келген ірі кәсіпорынның үлгісін жекелей ұсыныс білдіріп жүргендерге де енгізу керек. Ол үшін заң негізінде келісім жасалып, барлығы тиісті құжатқа сай болуы тиіс.

Әлеуметтік желінің әлеуметтік аспектісі қандай?

Әлеуметтану ғылымдарының кандидаты Рамазан Саттарұлының айтуынша, бүгінгі жағдай әлеуметтік желілердің мүмкіндігі жоғары екенін көрсетіп отыр. Бұрын жаңалықты басылымдардан, телеарнадан, радиодан күтетін болсақ, қазір нақты бір персонадан, яғни адамнан күтеміз.

̶  Қазір жаңалық тарату үшін ұзақ уақыт қажет емес. Әлеуметтік желіде таралатын ақпарат ешкіммен ақылдаспай, цензураға ілікпей таралып жатыр. Соған сай ақпарат берушінің рөлі, мәртебесі, мазмұны, келбеті өзгерді. Ақпарат берушінің танымал тұлға болуы да шарт емес. Қатардағы азамат есебінде өзінің ішіп-жегенін, қыдырғанын таратып жатса, бұл жайттан қаншама қауым хабардар болып отыратын жағдай қалыпты үдеріске айналды,  ̶ деді ол. Әлеуметтанушыдан тұрмысымызға етене еніп кеткен бұл үдерістің күнгейі мен көлеңкесін сұрадық.

̶ Кез келген құбылыстың екі жағы бар. Әлеуметтік желінің көлеңкелі тұсын да, күнгейін де ескеруіміз керек. Хабар тарату, ақпарат беру көпшілікке ортақ міндетке айналған сияқты. Орын алған қандай да бір жағымсыз жағдайды жылдам ұялы телефонға түсіру арқылы небір қитұрқы әрекеттер әшкереленіп жатыр. Бұл мүмкіндіктің жағымды жағы. Екінші мәселе, ақпарат тарату әркімнің қолында болғандықтан тексерілмеген, жалған ақпарат, қасақана біреуге зиян келтіру мақсатында ақпарат тарату жағдайлары орын алатыны жасырын емес,  ̶ деді Р.Саттарұлы. Оның айтуынша, әлеуметтік желіде тараған ақпараттың анық-қанығын біліп, түрлі топтардың жетегіне еніп кетпеу үшін еліміздегі әлеуметтанушылар медиа сауаттылық деген түсінік қалыптастырмақшы. Бұл түсінікке мединаның өмір сүру заңдылықтары мен құрылымы, мақсаты, мемлекеттік саясат, белгілі бір топтардың ықпалын қатардағы адамдар ара жігін айыра алатындай, түсініп білетіндей деңгейге жеткізу керек. Оның ішіне жарнаманың нақты тәсілдері мен амалдарын, жолдарын түсіндіру міндеті де кіреді.

̶ Халықтың біз білетін 11 жылдық білімі мен ЖОО-дан алған білімімен қатар, қазіргі әлеуметтік жағдайларға, ақпараттық ағынға, ондағы идеологияға иммунитет болатындай сауат қажет деп есептеймін. Бүгінгі ақпарат кеңістігінде саяси шешімдер мен жоспарлар, бизнес топтардың мүдделері өзара байланысқа түсіп, кейде бірін-бірі ығыстырып жататынын көреміз. Бұл жағдайды қатардағы адам саралай білуі керек. Сонымен қатар өз өміріне, құныдылықтары мен рухания қажеттілігіне, қалтасына сай саралап отыратын деңгейде болуы қажет,  ̶  дейді әлеуметтанушы.

Танымал блогер Яков Фёдоровтың айтуынша, таңнан кеш батқанға дейін жұмыста отырғандардың өзі әлеуметтік желіні міндетті түрде қолданады. Сол арқылы ақпарат алады, пікір білдіреді.

̶  Қазір адамдар ұйықтасам ба екен, әлде әлеуметтік желіде отырсам ба екен деп таңдау жасайтын деңгейге жетті. Неғұрлым қолданушылар саны көбейген сайын, жарнаманың да сол жаққа қарай ауысатыны түсінікті. Бүгінгі әлеуметтік желінің дамуы жарнама таратушылардың қолайына жағады. Ең маңыздысы, жарнама бағасының қолжетімділігінде әрі қолданыс аясының дәстүрлі БАҚ пен салыстырғанда артық болмаса кем еместігінде. Оның үстіне жекелей блогерлер мен жазылымы көп әлеуметтік желі қолданушыларының ішінде әртүрлі аудиторияның өкілдері бар. Бұл өз кезегінде жарнамаланатын тауардың нақты қандай буынға бағытталып отырғанын бақылап, көруге мүмкіндік береді,  ̶  деді ол. 

Әлемдік тенденцияда дәстүрлі БАҚ саласына әлеуметтік желі тікелей ықпал етіп, ірі ақпарат алаңдары дәстүрлі арналармен қатар, әлеуметтік желілерде белсенділік танытуда. Бұл дәстүрлі медианың өзі өзгеріске ұшырап, сұранысқа бейімделе алатынын көрсетеді.

̶  Мысалы, әлемдік деңгейдегі ірі телеарналардың жекелей youtube арналары қалыптасып, олардың «отаудың ішінен отау» құрып отыр.  Нәтижесінде дәстүрлі ТВ арқылы берілетін жаңалықтардан youtube арналар арқылы таралатын жаңалықтардың айырмашылығы барын көруге болады. Тіпті екі бағыттағы ақпараттың беру форматында да, журналист қауымның жұмыс істеуінде де өзіндік ерекшеліктер бар дейді блогер. Ең қызығы, статистика дәстүрлі ТВ-дан түсетін пайдаға қарағанда сол каналдың youtube-тағы нұсқасы арқылы жүргізілген парақшасы әлдеқайда көп қаралым жинап, еселеп табыс әкеліп жатқанын көрсетті. Осыдан келіп ақпарат саласына жаңадан енген бұл бағыттың жарнамадағы бәсі жоғары екенін мойындамай көріңіз.

Еркежан АЙТҚАЗЫ

Дереккөз: "Егемен Қазақстан"


Пікір жазу
  • 2019-nCoV Коронавирустың ЖИТС-ке (AIDS) қаншалықты ұқсастығы бар, әлде SARS-тың мутанті ма?
    Қытай қоғамы ауыр демографиялық дағдарыспен бетпе-бет келіп отыр

    Ұқсас тақырыптар