ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев informburo.kz ақпараттық-сараптамалық порталына сұхбат беріп, соңғы уақытта қоғамды толғандырып жүрген бірқатар мәселеге қатысты да нақты ұстанымын білдірді. Сұхбатты ҚазАқпаратқа сілтемесе жасап назарларыңызға ұсынамыз.
- Құрметті, Қасым-Жомарт Кемелұлы! Бірқатар өзекті сауалға жауап беруге уақыт тапқаныңыз үшін алғысымызды білдіреміз.
- Ақпараттық кеңісте орын алып жатқан жайттарды үнемі тыңғылықты бақылаймын. Соңғы уақытта көптеген қазақстандықтың көкейінде жария алаңда, оның ішінде әлеуметтік желілерде жан-жақты талқыланатын сұрақтардың туындайтындығын да көріп отырмын. Сондықтан сіздердің шақыруларыңызды қабылдау және қоғамды толғандырған сұрақтарға қатысты өзімнің ұстанымымды түсіндіру қажет деп шештім.
- Жамбыл облысының Қордай ауданындағы ұлтаралық негізде орын алған жаппай қақтығыс қоғамымызды күйзеліске ұшыратты. Осы ретте алдағы уақытта мұндай қайғылы оқиғалардың қайталануына жол бермеу үшін мемлекет қандай шараларды қолға алмақ?
- Ертең, 1 наурызда Жамбыл облысына жұмыс сапарымен барамын. Қордай ауданының қазақтар мен дүнгендер тұратын ауылдарының тұрғындарымен кездесуді жоспарлап отырмын. Біз ұлтаралық, этносаралық қарым-қатынас мәселесіндегі амалдарымызды қайта ой елегінен өткізуге тиісті екендігіміз сөзсіз. Қазақстан достық пен келісім аумағы болды және болып та қала береді. Біздің ұранымыз: сан алуандықтағы бірлік. Осы жерде тұрып жатқан барлық ұлттар, этникалық топтар шындығына келгенде бір ұлт саналады. Шетелді бізді «қазақтар» деп біледі. Өйткені, біздің мемлекетіміздің атауы дәл осы сөзбен астасып жатыр. Әрине, Қазақстанда тұрақты тұратын әрбір этностың өзіндік ерекшелігіне нұқсан келтіру жайында сөз де болмауы тиіс. Олардың барлығы өздерінің тілдерін оқып, қолдануға, мәдениеттерін дамытып, әдет-ғұрыптарын сақтауға құқылары бар және болып та қала береді. Бұған қоса, қазақ тілі де жедел дамуы қажет. Оған болашақта шын мәніндегі ұлтаралық байланыс тіліне айналу бұйырған. Бізге әлемдік ғылым мен мәдениет біліміне жол ашқан орыс тілінің тарихи мәнін де төмендетіп отырғаным жоқ. Қазақстан тұрғындары оны жоғары деңгейде білуі тиіс. Мұның бізге тек пайдасы бар.
- Бүкіл әлем елдеріндегідей, Қазақстан азаматтарын да бүгінгі күні жаңа коронавирустың таралу қаупі барынша алаңдатып отыр. Мемлекет азаматтарының денсаулығын қорғау үшін қандай шаралар қабылдауда?
– Біз жағдайды бақылауда ұстауға тырысамыз. Өкінішке орай, ешкім, тіпті дамыған мемлекеттер де вирустың енуінен қорғанысқа толық кепілдік бере алмайды. Дегенмен, дер уақытында қабылданған шаралар оң нәтижесін беріп отыр. Бүгінгі күнгі жағдайға сәйкес, Қазақстанда жұқтыру оқиғалары тіркелген жоқ. Үкіметке азаматтардың денсаулығын қорғау үшін ең батыл, жан-жақты шаралар қабылдау тапсырылды. Асыра сілтемей әрі дүрбелеңсіз.
Коронавирус әлем бойынша өте жоғары жылдамдықпен әрі қауіпті ауқымда таралып жатыр. Мұны да ескеру қажет. Егер тенденция осы қалпында қалатын болса, онда көп адамдар қатысатын шараларды, оның ішінде халықаралық форумдарды басқа уақытқа ауыстыруға немесе болдырмауға тура келеді. Тарих індеттің билік пен азаматтардың батыл әрекеттерінен «қауіптенетіндігін» көрсетіп отыр. Орта ғасырда оба өзіне адамдар қарсы тұрғаннан кейін қалалардан кейін шегінді. Ал ол кезде тиісті дәрі-дәрмек те болмаған еді. Меніңше, адамзат білімімен және технологиясымен осынау пәледен қорғана алады.
- Бүгінде қоғам талқылауға шығарылған жиындар турады заң жобасын тыңғылықты зерделеп жатыр. Оның көптеген ережелері сынға да ұшырауда. Бұл мәселеде Сіздің ұстанымыңыз қандай?
- Жолдауымда айтқанымдай, бейбіт жиындар өткізу азаматтарымыздың Конституциямен кепілдік берілген құқығы және жергілікті билік бөлген, бұған қоса қаладан тысқары емес жерлерде өткізе алады. Конституциялық құрылымды бұзуға бағытталған кез келген ұмтылыс, сонымен қатар экстремистік зорлық-зомбылық көріністері заңнамаға сәйкес тоқтатылатын болады. Бұл еліміздің азаматтарының басым бөлігінің мүддесі үшін жасалады. Бұған қоса, бейбіт жиындарды өткізудің тек хабарландыру тәртібін енгізу түбегейлі маңызды деп санаймын. Әрине, бұл ретте ұйымдастырушылар билікке жиынға қатысушылардың жоспарланып отырған санын хабарлауы тиіс. Бұл олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барынша маңызды. Сол арқылы ұйымдастырушылар да, жергілікті билік те қоғамдық тәртіпті сақтауға екіжақты жауапты болады. Дегемен, үкіметтік заң жобасындағы бейбіт жиындарға қатысушылардың санын 250 адам деп шектеу енгізу жөнсіз деп санаймын.
- Осыдан бір ай бұрын Үкіметтің кеңейтілген отырысында Сіз ЕАЭО елдерінен әкелінген автомашиналарды тіркеу проблемасын шешуге қатысты бірқатар тапсырма берген едіңіз. Алайда бұл тақырып әлі де күн тәртібінен түскен жоқ. Мәселені шешуде мемлекеттің мұнан арғы қадамы қандай болмақ?
- Проблема әлі күнге дейін өзекті болып тұрғанымен келісемін. Адам жолын тауып, көрші елдерден автомобильді көптеп алып келді. Менің тапсырмаммен Бас прокуратура осы ахуалға құқықтық бағалау жүргізді. Бірқатар мемлекеттік құрылымның қызметіне наразылық бар. Бұған қоса, жекелеген тұлғалар заңнаманы бұза отырып және адамдарды алдап, мұнан заңсыз бизнес құрып алған. Армениядан машина әкелу барысындағы алаяқтық әрекет фактілері бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.
ЕАЭО бойынша кейбір серіктестерімізбен де өзара іс-қимылда бірқатар мәселе бар. Біз олармен бірге алдағы уақытта мұндай проблемалардың қайталануына жол бермеу үшін жұмыс жүргізіп жатырмыз. Үкіметке қазақстандық көлік иелерінің мүдделерін ескере отырып, Армениядан әкелінген автомашиналарды пайдалануды ретке келтіру бойынша қосымша ұйымдастырушылық шараларды әзірлеу тапсырылды.
- Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің қызметіне қандай баға бересіз? Оның құрамында ауыс-түйіс бола ма?
- Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мемлекеттік жүйемізді реформалау бойынша пайдалы ұсыныстарды түрлендіруге қабілетті кеңес ретінде өзін жақсы жағынан көрсетті. Саяси реформалардың бірінші топтамасының заң шығармашылық процесі басталып кетті. Экономикалық салада ауқымды іс атқарылып жатыр. Осы жылдың соңына дейін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің қатысуымен реформалардың келесі топтамасы әзірленеді. Мемлекеттік қызметшілерді жұмылдыру арқылы қауырт жұмыс жүргізіліп жатыр. Кеңеске мемлекетіміздің құрылысына өз үлесін қосуды қалайтын жаңа адамдар келгісі келеді. Олар: танымал заңгерлер, азаматтық белсенділер. Сондықтан таяу уақытта мен бұған дейін хабарлаған ауыс-түйіс жария етіледі
- Соңғы уақытта елімізде және шетелде тергеу изоляторында белсенді Дулат Ағаділдің қаза табуы жан-жақты талқыланып жатыр. Елордада наразылық жиыны да өтті. Көптеген адам орын алған жайт себебінің ресми нұсқасына шәк келтіріп, зорлық-зомбылықтан көз жұмуы мүмкін дегенді айтады. Сіз осы мәелеге қандай түсініктеме берер едіңіз?
– Қоғамдық үлкен резонансқа байланысты бұл іспен тыңғылықты танысып шықтым. Өкінішке орай, белсенді Ағаділ жүрек жетіспеушілігі салдарынан қаза тапқандығын нық сеніммен қуаттай аламын. Кері сендіруге тырысу – демек шындыққа қарсы шығу. Қаза тапқан азамат кім болса да, қандай көзқарасты ұстанса да ол ең алдымен адам. Адам өмірі бірегей әрі баға жетпейді. Бәріміз де Алла тағаланың жазмышына мойынсұнамыз. Иманды болсын.
- Мұхтар Жәкішевпен байланысты жайтқа не айтар едіңіз?
- Бұл мәселе тек қана соттың құзіретінде. Әрине, Жәкішевтің денсаулығына байланысты шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы бірнеше рет жүгінгені маған да белгілі. 3 наурызда бірінші сатыдаға сот отырысы өтеді. Соның шешімін күтейік. Мен оның әділ болатындығына сенімдімін.