ҚР Парламент Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы мемлекеттік тілдің мәртебесін заңды өзгерту жолымен көтеруге болады, оған халық та, мемлекет те дайын деген пікірін білдірді. Сенатор бұл туралы «ANTIKOR ORTALYǴY» алаңындағы «AANTIKOR.LIVE» жұбасында айтты.
Өткен жылдың желтоқсан айында Мұрат Бақтиярұлы бастаған бір топ сенатор мемлекеттік тіл – қазақ тілінің мәселесін көтеріп, Үкімет басшысына сауал жолдаған болатын. Депутаттар онда жаңадан мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау керектігін көтерген болатын. Тікелей эфир барсында депутатқа осы мәселеге қатысты жауап болды ма деген сұрақ қойылды.
«Депутаттық сауалға жауап берілді. Жауап бойынша 2025 жылға дейінгі мемлекеттік тіл бағдарламасы қабылданып, сол кезеңде заңды өзгертеміз дейді... Қазір мемлекеттік тілге байланысты хатқа қоғамда қол жинау басталды. 200 мыңға жуық адам қол қойғанн. Сондықтан бұл мәселені өркениетті жолмен шешуіміз керек. Бұған арнайы комиссия құрмай-ақ, Конституцияның 7-ші бабындағы ресми тілге байланысты мәселені қарауымыз керек», - деді М. Бақтиярұлы.
Мұрат Бақтиярұлы соңғы жылдары мемлекеттік тілдің қолданыс аясының кеңейіп келе жатқанын айтып өтті.
«Қазір көп ілгерлеушілік бар. Қазақ тілді мектептердің саны көбейуде. Күнделікті өзгерістермен бірге өркениетті жолмен де өзгертуіміз керек. Өркениетті жолы заңды өзгерту арқылы орындалады. Бүкіл жиналыстарды, бүкіл іс-қағаздарды, мемлкеттік жиналыстар, мекемелер ішіндегі жиналыстар, банк, бизнес бәрі мемлекеттік тілге көшу керек. Бұған 3,4 жыл уақыт берсе, бәрі көшіп алады. Басшылықтан қай тілде сөйлейтін болады, барлығы соған бейімделеді. Меніңше, қоғам, мемлекет оған қазір дайын. Қазір соның уақыты келді. Өйткені қазақ тілді, мемлекеттік тілдегі аудитория өте көп. Мысалы оңтүстік пен батыс өңірлердің (үш-төрт облыстан басқаның бәрінің) іс-қағаздары, жиналыстары мемлекеттік тілде жүргізіледі. Алматы облысынан бастап Батыс Қазақстан, Қызылорда, Түркістан, Шымкент, Жамбыл – бәрі де мемлекеттік тілге көшіп кетті», - деді сенатор.