Астананы ауыстыру – Елбасының жасампаз идеясы

Уақыты: 2020-07-01 Көрлімі: 2387 Сипаттама

Бірнеше күннен соң қазақстандық­тар мемлекеттік мереке – астана күнін атап өтеді. Елор...


Бірнеше күннен соң қазақстандық­тар мемлекеттік мереке – астана күнін атап өтеді. Елордамыз Нұр-Сұлтан қаласының ресми жылнамасы 1998 жылы басталғанымен, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сол кезең­дегі экономикалық дағдарысқа қарамай астананы ауыстыру идея­сын ұсынуын 1990 жылдардан бас­тап посткеңестік кеңістік пен елі­мізде болған саяси оқиғалардан бөліп жаруға болмайды дер едік.

Алматыдан Сарыарқаның Қараөткелі­не ұлы көштің басы 1997 жыл­дың жел­тоқ­санында қонғанымен, ел ас­танасын ауыстыру туралы ойдың Елба­сы­мыздың көкейінде егемендік алған кезден бастап туындағанын оның «Тәуел­сіздік дәуірі» кітабындағы «...Мемлекет жүрегі оның астанасында соғады. Бұл – бұлжымайтын ақиқат. Жас мемлекетке міндетті түрде жаңа, заманауи астана қажет екенін тәуелсіздіктің бірінші күні­нен-ақ ойладым. Осы ойымның дұрыс­тығына нық сенімді едім. 1992 жылдың өзін­де-ақ Ақмолаға жұмыс сапарымен кел­генде, астананы осында ауыстыру тура­лы ойға келдім», деген сөздерінен білуге болады.

Сонау 1997 жылдың желтоқсанында Елбасы бастаған ұлы көштің Алатаудың баурайынан Сарыарқаның Қараөткеліне қонуы тәуелсіздігімізді қорғау ғана емес, Мәңгілік елдің берік қағылған алғашқы қазығы болғандығының дәлелі – осы жылдары жүзеге асырылған саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалардың нәтижесінде қол жеткен Қазақстанның жетістіктері. Осы арада, тәуелсіздік жылдары Тұңғыш Президенттің жасампаз идеяларының қолдаушысы да, жүзеге асырушысы да болған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мына сөздерін келтіргіміз келеді: «...Жаңа астананы салу шешімін Нұрсұлтан Назарбаев жас мемлекетіміздің іргесін қалаудың күрделі кезеңінде жариялағанын ұмытуға болмайды. Қазақстан ол шақта ескі мен жаңаның арасындағы алмағайып сәтте, аса қиын әлеуметтік-экономикалық және сыртқы саяси жағдайда өркениетті нарыққа, ағартушылық демократияға бет бұрған еді. Сондықтан да Н.Назарбаевқа, тіпті кейбір үзеңгілес серіктерінің өзі сене бермеген осынау өршіл жобаның бастамашысы болып, оны жүзеге асыру жауапкершілігін өз иығына артуына тура келді. Елінің стратегиялық мүдделерін кең ауқымда көре білетін, қайтпас қайратты нағыз көшбасшы ғана өзге орындаушылардан ерекшеленеді».

Әлемдік ғылыми ортада қалыптасқан пікірлерді сараласақ, астаналарды ауыс­тыру – мемлекеттердің саяси және әлеу­меттік өміріне терең де көпқырлы ық­пал ететін адамзат тарихындағы аса ірі мега­ин­женерлік жобалар. Алдыңғы қатарлы сая­саттанушы, экономист, футуролог ғалым­дардан бастап шетелдік мемлекет бас­шылары тарапынан бұрынғы Кеңес Одағы мемлекеттерінің ішінде дараланып, астананы ауыстыруды табысты жүзеге асырған Қазақстан тәжірибесі, Елбасы қабылдаған стратегиялық шешімдер қазірдің өзінде қызығушылық туғызып, зерделенуде екендігін атап өткіміз келеді.

Иә, «Асқар тау алыстаған сайын асқақ­тай түседі» дегендей, ел тәуелсіздігінің бас­тапқы жылдарының жылнамасына үңілсек, жастайынан Теміртауда құрыштай шы­ны­ғып, жергілікті билік органдарында, кейін республикалық жоғары органдар­да тәжірибе жинақтаған Елбасы би­лік дағдарысы жағдайында жүріп, мемле­кетімізді нығайтуға арналған аса маңызды саяси қадамдарды жүзеге асырыпты. Дегенмен сол кезеңде республикада жағ­дай өте күрделі болды, көрші мемлекеттер­мен тез арада шекара мәселесін шешу қа­жет еді. Елімізде 1990 жылғы 24 сәуірде пре­зи­денттік қызмет белгіленгенімен, ал­ғаш қабылданған Конституцияға сәйкес қос биліктің қатар жүрген кезеңі болатын. Мұндай күрделі жағдайдың туындауына Жоғарғы Кеңестің ел ішінде ғана емес, сыртқы саясатта күн сайын өзгеріп жатқан үдерістерге ілесе алмауы негізгі себеп болды. Осыдан болар, 1994 жылы 6 шіл­де күні Тұңғыш Президент Жоғарғы Кеңес алдына ел астанасын Алматыдан Ақ­мо­лаға ауыстыру туралы мәселені төте­сінен қойғанда, депутаттар бірден қол­дай қоймады. Парламент мүшелерін маза­л­аған сұрақ «Дағдарыс жағдайында осын­дай орасан зор жобаны қолға алу­дың қаншалықты қажеті бар еді?». Нұрсұлтан Назарбаевтың жоғары беделі мен табандылығы, келтірген дәлелдерінің арқасында Жоғарғы Кеңес аз ғана дауыс басымдылығымен әрі астананы көшіру әзір жүзеге асырыла қоймас деген оймен қабылдаған «Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың мемлекет астанасын Ақмола қаласына ауыстыру туралы ұсынысына келісім берілсін...» деген шешім жарияланды.

Н.Ә.Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» кітабындағы «1990 жылдардың басында жаңа астана жобасының келешегі зор, ерекше батыл жоба екенін айтып, әділ бағасын бергендер аз болды. Бір қарағанда тосын жаңалық сияқты көрінетін мұндай тың бастаманың келешегі кемел екенін ұғыну үшін ой алғырлығы, республика жағдайын терең зерделей алатын білім-білік пен па­йым-парасат қажет еді. Мұндайда алысты болжай білетін ішкі түйсік те, қиядағыны көре білетін қыра­ғы­лық та, сондай-ақ сая­си және әкім­шілік қызмет мектебінің тәжірибесі де керек...», деген жолдар тек де­путаттар кор­пусының ғана емес, сол жылдары Тұң­ғыш Президенттің жанында қызмет жасаған бірқатар қызметкердің де астананы көшірудің стратегиялық маңы­зын жете білмегенін көрсетеді. Қазақстан Респуб­ликасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Кеңсесінің басшысы, профессор М.Б.Қасымбековтің жетекшілігімен жарық көрген «Н.Ә.Назарбаев. Таңдамалы сөздер. 1991-1995» басылымында Елба­сы­ның 1994 жылғы 6 шілдеде өткен Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі он үшінші шақырылымының I сессиясында ел астанасын көшірудің орындылығы туралы сөйлеген сөзі енгізілген. Онда Тұңғыш Президент Алматы қаласын астана ретінде одан әрі дамытуға мүмкіндіктің жоқ екендігін, экологиялық жағдайын, тұр­ғындар санының өсуінің шектеулігін көр­сететін рационалды-техникалық дәлел­дерді ғана келтіргенін байқауға болады.

Егер өткенге көз жүгіртсек, ХІХ ғасыр­дағы патшалық Ресейдің отарлау сая­саты ата-бабамызды ғасырлар бойы қо­ныс­танған шұрайлы жерлерінен қуды, әскери бекіністер салынды. Осы әділетсіздік кеңес дәуірінде де жалғасып, қазақтар санының күрт төмендеуіне әкеліп соқты. Ақмола Целино­град атанып, онымен қоймай Хру­щев­тің ұсынысымен Тың өлкесі ретін­де біріктірілген бес облысымызды Ресей­ге қосу, ал Ерейментауда «неміс авто­но­миясын» құру туралы мәселелер көтеріл­гені тарихшыларымызға белгілі. Еліміз егемендікке қол жеткізген бастапқы жыл­дары көрші ел қарым-қатынастарын көмес­кілендіретін, ұлтаралық қатынасқа нұқсан келтіретін негізі жоқ «көкіме» жарияланымдар да шыға бастады.

Балалық шағы жер ауып келген балқар, түрік, чешен, неміс балаларымен бір ауылда өткен, алғашқы еңбек жолы Қар­меткомбинаттың көпұлтты жұмысшылар ұжы­мында басталған Нұрсұлтан Назар­баев үшін ұлтаралық келісімнің маңыз­дылығы, яғни басқа этнос өкілдерін өз ұлтынан бөлмей, олардың бірлігін қам­тамасыз етуді шешу – астананы ауыстыру идеясындағы басты факторлардың бірі бол­ғанын түсінуге болады. Сайып кел­генде, Елбасымыз Нұрсұлтан Назар­баев­тың астананы Сарыарқаның төріне ауыс­тыру идеясы – бір жағынан, еліміз­дің басқа өңірлерінде тұрып жатқан азамат­тары­мыздың солтүстік өңірге көшуі арқы­лы еңбек миграциясы мәселесін шешсе, екін­ші жағынан – еліміздің Ресеймен көршілес аудандарында тұратын этнос өкілдерінің өздерін толыққанды Қазақстан азаматтары ретінде сезінулеріне негіз болды.

1994 жылғы 6 шілдеде астананы ауыс­ты­ру туралы шешім қабылданғанымен, оны жүзеге асыру бойынша нақты жұмысқа кірісу Елбасымыздың басшылығымен әзір­леніп, нағыз жалпыхалықтық талқы­лаудан өтіп, 1995 жылғы 30 тамыздағы референдумда қабылданған Конституциямен белгіленген президенттік биліктің енгі­зілуінен кейін ғана мүмкін болды. Соны­мен қатар, Тұңғыш Президент Консти­туция қабылданғаннан кейін бірден, 1995 жылдың 15 қыркүйегінде «Қазақстан Рес­пуб­ликасының астанасы туралы» заң күші бар Жарлығын жариялады. Бұл – «жаңа астана таяу арада бола салатын іс емес, қалай болғанда да 20-30 жыл қажет» деп есеп­теген депутаттардың қарсылығын жең­ген қадамның бастауы болды. Осындай аса маңызды шешімді қабылдауы туралы Нұр­сұлтан Назарбаев: «Осылайша, саясаткер және ел басшысы ретінде тәуекелге бас тік­тім. Олай етпесіме болмады. Өйткені бү­­кіл әлем қауымдастығына, ең алдымен өзі­­­мізге, тәуелсіз Қазақстанның қолынан не ке­­ле­тінін көрсетуіміз керек болды», деді.

Аталған Жарлықтағы «Республиканың Президентi Резиденциясының тұратын жерi Ақмола және Алматы қалалары болып саналады» деген тармақ Нұрсұлтан Әбішұлының еліміздің болашақ астанасына бірінші болып өз қонысын көшірді деуге болады. Осы кезден бастап Тұңғыш Президент Ақмолаға жиі, іс жүзінде ай сайын, кей кездері апта сайын да келіп, жергілікті жерді зерделей түседі. Әуе­жайдан бірден құрылыс нысанына барып, құрылысшылармен кездесіп, жиналыстар өткізді. Әрине, барлығы да жоспардағыдай орындала қалды деп айтуға болмайды. Осы арада Елбасының Ақмолаға алғашқы сапарларының бірінен алған әсері туралы айтылған мына сөздері сол кездегі бола­шақ астананың бастапқы жағдайының күрделілігін білдіреді: «Бірнеше аптадан кейін В.Ни екеуміз Ақмолаға келдік. Болашақ астананы аралап шықтық. Барлық ғимарат тозыңқырап қалған екен, қалайда жөндеу қажеттігі туады... Тіпті облыс әкімі өз кабинетінде пальтомен отырады, жанында жылытқыш... Онда басқа үй-жайларда жылу қайдан болсын... Бұл не қылған әкім деп ойлағаным есімде. Қа­шан­нан жұмыс істейді, қаланың жылуын жолға қоя алмаған. Сонымен айтқаным: «Жігіттер, достар! Шегінетін жер жоқ. Кәне, осының бәрін жасайық. Кәне, ешқан­дай қорықпайық. Кәне, жұмыс істейік», – болды». Осы жағдайдан кейін Тұңғыш Президент астананы көшіру туралы шешімді селқос қабылдаған облыс әкімі А.Г.Браунды ауыстыруды ұйғарып, оның орнына қаланы және осы өңірді жақсы білетін Ж.Кәрібжановты тағайындайды. Оған шаруашылық міндеттермен қатар өзіндік бір «топономикалық тапсырма» да жүктеледі. Нұрсұлтан Назарбаев өзінің бұл тапсырмасы туралы «...Көшелердің және барлық ауданның атауларын өзгерту керек еді. Бұл жер «октябрь, краснознамен, совет, Ленин» деген сияқты өткен заман атауларының тұнып тұрған қорығы десе де болғандай-тын. Ол менің көптеген тапсырмамды, соның ішінде осыны да тәп-тәуір орындап шықты», дейді. Осылайша, жұмыс күндіз-түні қызып сала берді. Ақмоланың құрылысына Қазақстанның барлық облыс­тары қатысты. Елбасы бастаған елорда құрылысшылары мүмкін еместі болдырды, ең қысқа мерзімде астана қызметі Алатаудан Сарыарқаға көшірілді. Ол елдің өткеннен болашаққа көшкенін білдіретін айтулы оқиға болды.

Нұрсұлтан Әбішұлы мемлекет құрудан кем емес жалпыұлттық іске айналған үлкен жобаны жүзеге асыруға тартылған майталмандардың қайраткерлігін айтудан еш жалыққан емес. Оның дәлелі ретінде Тұңғыш Президенттің мына сөз­дерін келтіргенді жөн көрдік: «...Сол бір қиындығы да, қызығы да көп болған, ерекше құлшыныспен, ертеңгі сәулелі күндерге деген нық сеніммен білек сыбана іске кіріскен кезде қасымнан табылған, жаңа астана құрылысына өлшеусіз еңбек сіңірген жандарды әрқашан ерекше ықыласпен, ризалық сезіммен еске аламын. Олардың қатарында В.Ни, А.Бөлекбаев, А.Есімов, Ж.Кәрібжанов, Ә.Жақсыбеков, Т.Дос­мұхамбетов, Н.Макиевский, Ф.Га­лимов, Б.Нұрпейісов, О.Песков, В.Иванов, Қ.Омаров, Р.Бекболатов, Ә.Әубеков, Н.Ти­хонюк, А.Рүстембеков және бас­қалар бар». Сонымен қатар елорда дамуы­ның екінші кезеңінің бастауында болған ұлы сәулетші әрі архитектураның саңлақ шебері Кисе Курокаваға да Елбасы зор ризашылығын білдірген еді.

«Қазақстан-2030» стратегиясын жария еткеннен кейін 10 күн өткен соң 1997 жыл­дың 20 қазанында Елбасы оқиға бары­сын жеделдету үшін «Ақмола қаласын Қазақ­стан Республикасының астанасы деп жа­рия­лау туралы» қаулы мәтінін ауыз­ша айтып жазғызып, дәл сол күні қол қой­ды. Осы қаулыға сәйкес, Ақмола 1997 жыл­дың 10 желтоқсанынан бастап республи­ка астанасы болып, жаңа астананың тұсаукесерін 1998 жылғы 10 маусымда өткізу бекітілді. 8 қараша күні қалаға Қазақстанның мем­лекеттік рәміздерінің эталондары: Мем­лекеттік ту, Елтаңба және Президент бай­рағы салтанатты түрде әкелінді.

1997 жылдың 10 желтоқсаны, сәрсенбі­нің сәтінде Президент, Парламент пен Үкі­мет жаңа астанада жұмыстарына кірісті. Сол күні Ақмолада Елбасының төрағалық етуімен Парламент палатасы мен Үкіметтің бірлескен отырысы өтіп, астананы көшіру өз мәресіне жеткен саяси оқиға екені айтылды. Тұңғыш Президент Қазақстан халқына арнаған үндеуінде: «Бүгін біз, Қазақстан Республикасының жоғарғы билік органдары, Ақмола қаласының 1997 жылғы желтоқсанның 10-ынан бастап мемлекетіміздің астанасы екені жөнінде салтанатты түрде мәлімдейміз. Бұдан былай және ғасырдан-ғасырға осында – ұлан-байтақ елдің кіндігінде халық тағдыры үшін өмірлік маңызы бар шешімдер қабылданатын болады. Отанымыздың жүрегі енді осы жерде соғады. Осы жерден Қазақстан үшінші мыңжылдықтың табалдырығында өзінің тарихи тағдырын айқындайтын болады», деген еді. Көп ұзамай-ақ жаңа астанаға заман талабына сай жаңаша ойлайтын, ұйымдасып, тез, жанын салып жұмыс істей алатын білікті мамандар жеделдетіп келе бастады.

Тәуелсіздігімізді нығайтуда шешуші рөл атқарған тарихи оқиғалардың куәсі болған профессор М.Б.Қасымбековтің 2018 жылғы 18 маусымдағы «Егемен Қазақ­стан» газетінде жарық көрген «Бас қала осылай басталған» мақаласына 1998 жыл­ғы 21 сəуірде, елорданың тұсау­кесер рəсіміне 50 күн қалғанда Елба­сы­ның төраға­лығымен өткен жұмыс кеңес­інің бұрын еш жерде жарияланбаған стено­грам­масы арқау болған. Кеңесте көтеріл­­ген үлкен мəселелердің бірі – қала мен тө­ңі­­ректі көгалдандыру. «Ауыл шаруа­шы­­­лы­ғы министрлігінің жəне орманшы ма­ман­­­дардың ақпаратын (соның ішінде 50 гектарға отырғызылған ағаштардың 95 пайызы қурап қалғаны туралы мəліметті де) назарға алған Нұрсұлтан Əбішұлы былай деді: «...Барлық ағаш суарылуға жəне біреуі де қурап қалмауға тиіс. Міндет – осы», деген стенограммадағы үзіндіні келтірдік.

Елбасының астананы салудағы алғаш­қы қадамдарының бірі күрделі табиғи-климаттық жағдайларға қарамастан, елдің бас қаласының өзінде ғана емес, оның төңі­регіне орман ектіріп, болашақта сұлу Көк­шенің орман-тоғайымен ұштас­тыра­тын елорданың жасыл белдеуін жасау болғанын айта кеткіміз келеді. Нұрсұлтан Әбішұлына осы идеяның ойына келуі – сонау балалық шақта асқар тау әкесі дарытқан бағбандықта деп ойлаймыз. Өйткені Елбасы өзінің 2018 жылы берген сұхбатында «Мен – бақта өскен адаммын. Әкем бағбан болатын. Үйіміздің айналасында 25 сотық жер болатын, ол кезде үлкен аула еді. Ол аулада алма ағаштары жайқалып өсіп тұратын. Әкем бақшадағы ағаштың түбінен-ақ қай ағаш екенін білетін, оны маған үйрететін: мұнда алма, мына жақта алмұрт. Нағыз Мичурин болатын. Мен сол бақта өстім, алма ағаштарын күтетінмін, су құйып, өскен соң теріп тұратынмын. Көктемде Алматыға апарып, сататынбыз. Біздің отбасы солай күн көретін», деген болатын.

1998 жылдың 6 мамырында Тұңғыш Президент ел астанасы үшін маңызды шешім қабылдады. Ол шешім – «Қазақстан Рес­публикасының астанасы Ақмола қала­сының атауы – Астана қаласы болып өзгертілгені туралы» Жарлық. Нұрсұлтан Әбішұлы елорда атауы туралы шешім қабыл­дағанға дейін Қараөткел, Есіл, Сарыарқа, Қазақстан, тіпті Нұрсұлтан деген атты ұсынғандар да болыпты. Соңғы ұсы­нысты Елбасы бірден тойтарып тастаған еді. Ал өткен жылдың 20 наурызын­дағы Парламент Палаталарының бірлескен отырысында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасының халқы­мызға және әлем қауымдастығына сіңірген ерен еңбегі мен ұлы есімін мәңгі есте сақ­тау қажеттігін, бұл халқымызды, әсіресе жастарды тарихқа құрметпен қарауға тәрбиелеп, оның даңқты қызметін әділ бағалау үшін маңызды екенін айтып, «Біздің елордамыз Нұрсұлтан аталуы тиіс» деген ұсынысты жариялаған болатын. Бұл ұсыныстың басты ерекшелігі –

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өз ер­кімен Мемлекет басшысы өкілеттігін тоқтатқаннан кейін енгізілуінде. Осы арада, осыдан сексен жыл бұрын Мырзабала әженің «кенже ұлдан көрген тұңғыш немересіне» Алланың 99 атының бірі «Нұр» мен араб тілінде «жоғары билеуші» деп аударылатын «Сұлтанды» біріктіріп қоюы – кейуананың болашақта осы есімнің тәуелсіз Қазақстанның елордасына да бұйы­ратынын сезгені ме деп таңғаласың!

Елбасы өзінің «Өмір өткелдері» атты сұхбат кітабында «...Астана ауыстыруға тоқтағанда қандайлық бел байлағанымды айқын түсіндім. Осы шешімім арқылы мен өмір бойы жинаған абырой-беделімнің бәрін де бәйгеге тігетінімді анық ұқтым. Бұл идеямның жүзеге асырылуы көңілдегіден шықпаған жағдайда, бүкіл өмірімнің бәсі басқаша бағаланары талассыз еді. Мен сол қадамға тәуекел еттім. Тәуекелімді нақты есепке құруға тырыстым», деген болатын. Иә, Тұңғыш Президенттің еңбек жолында тәуекелге барған кезі аз болмапты. Жас Нұрсұлтан 18 жасында металлург боламын деп Теміртауға тәуекелмен барып, от-жалында шыңдалмағанда жиырма жылдан кейін республиканың бірінші басшыларының біріне айналар ма еді?! Ол 1979 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің өнеркәсіп, көлік және байланыс жөніндегі хатшысы, бес жылдан кейін Министрлер Кеңесінің төрағасы қызметінде республикада орын алған әділетсіздікке қарсы тұрып, «драмалық сынақтар кезеңінен» өткенде де тағдырын шүберекке түйіп, тәуекелге барған еді. Сол кезеңнің қауырт та қызу ағысынан сүрінбей өткен Нұрсұлтан Назарбаев 1989 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы болып сайланып, егемен еліміздің жаңа тарихын жазуды туған халқымен бірге бастады. Осылайша, «Егер де сен алдыңа қойған міндетіңді шешкен болсаң, айтылған сын жайында қалады. Егер де сен міндетіңді шеше алмасаң, онда жөніңе кете бер», деген қағиданы басшылыққа алған Елбасы­мыз, бастапқыда тұрғындар саны 300 мыңға да жетпеген облыс орталығын әлемдегі сұлу астаналардың біріне айналдырды, ерке Есілдің бойына ел қондырып, қазірдің өзінде халқының саны бір миллионнан асты, 2030 жылы 2 миллионға жетеді деп болжануда, өңірлердің экономикалық дамуына серпін беріп, сәулесін шашты, бір сөзбен айтқанда Қазақстан елордасы арқы­лы әлемге танылды. Дүниежүзілік сәулет-жобалау ақыл-ойының барлық таңдаулы жетістіктерін бойына жинаған Нұр-Сұлтан қаласының әлемдік астаналар стандартына рухы да, мүддесі де сай келеді.

Осы арада, Нұрсұлтан Назарбаевты өзінің саяси ұстазы тұтатын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа елордамыздың бой көтеруіне Тұң­ғыш Президентіміздің сіңірген еңбегі ерекше. Астананың құрылысы Елбасы­ның тарихи ерлігі саналады. Бас қала­мыз Тəуелсіз еліміздің шынайы бет-бейне­сіне, халқымыздың мақтанышына айнал­ды. Елорда жаңа мемлекеттің идеоло­гиясы ретінде киелі ұғымға ие болды. Астана­мыз, шын мəнінде, өткеннің құнды­лық­тарын дəріптей отырып, күллі əлемге Қазақ­станның жаңа бейнесін паш етті», деген сөзін келтіргіміз келеді.

Осыдан түйер ой, заманынан озып туған Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың прогрессивті ойлау қабілетінің жоғарылығынан туған астананы ауыстыру жасампаздық идея­сы – талай әділетсіздікті көрген қазақ деген ұлттың өз мемлекетінің астанасын ешкімге жалтақтамай таңдай алатындығын дәлелдеп қана қоймай, Қазақстанды жаңа тәуелсіз, бейбіт мемлекет ретінде әлемге танытуда зор рөл атқарды. Болашақта да ұлтаралық татулық пен дінаралық келісімнің, бейбітшілік пен береке-бірліктің қаласы Нұр-Сұлтан жарқырай жайнап, Отанымыздың жүрегі, Тәуелсіздігіміздің тірегі ретінде жасай берері сөзсіз.

 

Әмірхан Рахымжанов,

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының директоры, саяси ғылымдар докторы, профессор

Дереккөз: "Егемен Қазақстан"

Пікір жазу
  • Сөзге серт
    Н. Назарбаев: Халқыммен бірге бұл сырқаттың бүкіл ауыртпашылығын сезіндім