Ширек ғасырдағы Конституциялық Кеңес: Нәтижелер және мүмкіндіктер әлеуеті

Уақыты: 2020-12-29 Көрлімі: 1118 Сипаттама

Биылғы жылы Негізгі Заңның ширек ғасырлық мерейтойы еліміздің аумағында оның үстемдіг...

c1b8329b82e6f0daa7fd69477bb43389_XL.jpg

Биылғы жылы Негізгі Заңның ширек ғасырлық мерейтойы еліміздің аумағында оның үстемдігін қамтамасыз ету үшін құрылған мемлекеттік орган – Конституциялық Кеңестің де 25 жылдығымен қатар келді. 1995 жылғы 29 желтоқсанда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы» конституциялық заңдық күші бар Жарлыққа қол қойды. Осы сәттен бастап Кеңестің даму тарихы басталды.


Жалпы алғанда, біздің елі­мізде конс­титуциялық бақылау инс­титуты­ның қалыптасуы өткен ғасырдың 80-жыл­дарының соңы­нан бастау алатынын атап өткен жөн. 1989 жылы Қазақ КСР-нің Конс­титуциялық қадаға­лау комитетін құру заңмен көз­дел­ген болатын. Алайда бұл идея тек қағаз жүзінде қалып, іске асы­рылмады. Кейіннен, тәуел­сіз­дік­тің алғашқы жылдарында елі­мізде Конс­титуциялық Сот жұмыс істеді. Респуб­ликаның қол­даныстағы Конституциясын қа­былдау кезінде жаңа модель – Конс­титуциялық Кеңес құрылды.

Кеңестің мерейтойы – жүріп өткен жолға қарап, жасал­ған істерге баға беру және конс­ти­туциялық заңдылықты сақ­тау­шы рөлінің тиімділігін одан әрі арт­тыруда қосымша шаралар қабылдау үшін маңызды себеп.

Осы жылдар ішінде Консти­ту­циялық Кеңес­тің қызметі конс­титуциялық құнды­лықтарды то­лық­қанды іске асыру­ға бағыт­талды. Оның шешімдері қазір­гі заманғы қазақстандық мем­лекетті­ліктің Негізгі Заңда бекі­тілген барлық белгі­лерін тиісті түрде түсінуге және іске асы­ру­ға ықпал етті. Кеңестің құқық­тық ұс­та­­нымдары аумақтық тұтас­тықты қам­тамасыз ету және еге­мен­дікті ны­ғайту, қолда­ныс­­тағы құқық, меншік ны­сан­дарының алуан түрлілігі, мемлекеттік тіл мен рәміздерді пайдалану, мем­лекеттік органдардың жаңа жү­йесінің құқықтық мәртебесі мен өкілеті, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау және шектеу тетіктері, мемлекеттік және қоғам­дық институттардың өзара іс-қи­мыл қағидаттары, пар­ла­мен­таризмді, сот төрелігін, про­ку­рор­­лық қадағалауды дамыту және бас­қа да мәселелерге қатысты болды.

Конституциялық Кеңес өз қыз­метінде, іс жүзінде Тұң­­ғыш Пре­зидент – Елбасы Н.Ә.Назарбаев және ел Прези­денті Қ.К.Тоқаев айқындаған қазіргі заманғы конституциялық-құқық­тық саясаттың векторларын дамытты.

Теорияда конституциялық бақылау органдарын «негативті заң шығарушы» деп те атайды, өйткені олар заңдарды немесе өзге де нормативтік құқықтық акті­лерді Конституцияға сәй­кес емес деп тани алады. Конституциялық Кеңес өз тәжі­рибесінде 25 заң мен халықаралық шарт­ты тұ­тас­тай немесе белгілі бір бөлі­гін­де конс­ти­туциялық емес деп таныды.

Сонымен бірге, бұл органдар «пози­тивті заң шығарушы» ретінде де қызмет атқарады. Олардың шешім­дерінде заңның конституциялық еместігі туралы ғана айтылып қоймай, орын алған коллизияларды шешудің жолдары да көрсетіледі. Ондағы құқықтық ұстанымдар құқықтық реттеудің жалпы принциптерін айқындап, кейіннен жаңа заңна­малық норманы қабылдауда негіз болуы мүмкін. Осы жылдар ішінде Конс­титуциялық Кеңестің құқықтық ұстаным­дарын орындау тәртібімен 65 заңға өзгерістер мен толық­тырулар енгізілді.

Жыл сайын Республика Пар­ла­ментін­де тыңдалатын Конс­ти­туциялық Кеңестің елдегі конс­титуциялық заңды­лық­тың жай-күйі туралы жолдау­лары­ның маңызы ерекше. Олар­да заңнаманың жай-күйі, азамат­тардың конституциялық құқық­тарының қорғалу деңгейі талданады және құқықтық база мен оны қолдану практикасын жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізіледі. Заңдар конституциялық талап­­тарға сәйкес келуі әрі әділ болуы, қо­ғам­ның қажеттіліктерін, халық­ара­лық стан­дарттарды ескеруі тиіс, ал оларда көзделген шектеулер қажеттілік, мөлшер­лестік және пропорционалдық қағидат­тары­на сәйкес келуі тиіс, деп Ке­ңес үнемі назар аударып келеді.

Осылайша, конституциялық іс жүргізу практикасы Негізгі Заңның қағидат­тары мен нормаларын жүзеге асыруда маңызды рөл атқарды деп айтуға болады. Ол елімізде іске асырылған мем­лекеттік және қоғамдық өзге­ріс­тер үшін құқықтық негіз жасады. Кеңестің құқықтық ұста­нымдары заңнамадағы орын алған елеулі өзгерістермен нығайтылды.

Жинақталған тәжірибе – заңна­малық материяны конституция­ландыру шең­берін кеңейту мақ­сатында Кеңестің әлеуетін талдау және оны жаңғырту үшін бірден-бір негіз.

Конституциялық бақылаудың тиім­ділігі белгілі бір дәрежеде Конс­титу­циялық Кеңеске өтініш жасау субъек­ті­лерінің белсен­ділігіне байланысты. Құқық сала­сындағы заңнамалық өзге­ріс­тер мен өзге де шешімдерді тал­қы­лау кезінде стейкхолдерлер конс­­титуциялық-құқықтық сәй­кес­сіздіктердің бар екенін жиі көрсетеді. Жекелеген жағ­дай­ларда әртүрлі ортада Кеңес мүше­лерімен кон­суль­тациялар өткізу туралы пікір айты­лады. Алайда мұндай мәселелер ауыз­­ша консультациялар арқы­лы емес, консти­туциялық іс жүр­гізу тәртібімен шешілуі тиіс, ал оны қозғау үшін тиісті түрде ре­сім­делген өтініш қажет. Биылғы жылы Конституциялық Кеңес өз жолдауында соңғы жылдары келіп түскен өтініштер саны азайғанын атап өтті. Мысалы, өтініш субъектілерінің бірі – Пар­ламент депутаттары жалпы санының кемінде бестен бір бөлі­гі соңғы рет Конституциялық Кеңес­ке 2007 жылы өтініш жол­даған. Сол кезде Кеңес депу­тат­тық кор­пустың өтініші бойын­ша Конс­титуцияның мемле­кет­тік тіл­дің мәртебесі мен қол­да­ны­луы мәселесі жөніндегі нор­­­ма­лары­на ресми түсіндірме бер­ді. Пар­ламенттің жаңа сайла­ны­­­мы­ның депутаттары бұл мүм­кін­дік­ті неғұрлым белсенді пайдалана­ды деп үміттенемін. Биыл қабыл­данған заңнамалық шаралар уа­қыт талаптарына сәйкес көп­пар­тиялықты дамытуға және Негізгі Заңда көзделген халық билігі жүйесін жаңғыртуға ықпал етеді.

Шетелдік тәжірибеде консти­туция­лық шағым институты кең таралған, ол азаматтарға өз­дері­нің құқықтары мен заңды мүд­­делерін қозғайтын заңдар­дың конс­ти­туциялылығын тек­­серуге бас­тама жа­сау­ға мүм­­кіндік береді. Мұн­дай тәжі­рибе Аустрияда, Әзер­бай­жанда, Германияда, Кореяда, Латвия­да, Ресейде, АҚШ-та және бас­қа елдерде бар. Бұған қоса, Әзер­бай­жан мен Германияда олар тек заңға ғана емес, сонымен бірге нақты сот шешіміне де конс­ти­туциялық талаптарды сақ­­тау тұрғысынан (күдіктінің құқық­­тарын уақтылы түсіндіру, кінә­­сіз­дік презумпциясы қағи­даты сақталды ма, адвокат беріл­­ді ме және т.б.) баға беру өтіні­ші­ арқылы алады. Бұл институт тиімді жұмыс істейді, аза­­­мат­тарға заңнамалық кол­ли­­зия­­ларды жоюға тікелей қаты­суға мүмкіндік береді және құ­қық­тық мемлекет негіздерін ны­ғай­туға айтарлықтай үлес қоса­ды. Конституциялық құры­лыс тә­жірибесі көрсеткендей, азамат­тарға осындай мүмкіндік беру халық­аралық үрдіске айнал­ған. Еуро­па Кеңесінің Вене­ция ко­мис­­сиясы азаматтардың конс­ти­ту­­циялық шағымдары мен конс­­ти­туциялық бақылау органына жолданатын соттардың ұсыныстары институттарын қоса пайдалану адам құқықтарын қорғау тұрғы­сынан ең тиімді болып табылады.

Қазақстанда азаматтар Конс­ти­ту­ция­лық Кеңеске жанама түрде өтініш жа­сауға құқылы. Ол рес­публика соттары арқы­лы іске асырылады. Бұл тетік әлем­дік конс­титуционализмнің про­грес­сивті мұ­ра­сы­нан алынған және оны қолдану кезін­де халық­аралық тәжірибені ескерген жөн.

Соттар нақты істерді қарау кезінде жеке адамның құқық­тарына нұқсан келті­­ретін құ­қықтық нормаларды, қолданыс­­тағы құқық­тың олқы­лықтары мен қайшы­лық­тарын анықтайды. Бұндай кемші­лік­терді сот ісін жүр­гізуге қатысушылар да көр­­сете алады. Сондықтан соттар­дың құ­қық­тық актілерді тексеру тура­лы ұсыныс­тарды Конс­титу­ция­лық Кеңеске жібе­ру арқылы заң­дардың ел Конс­ти­туциясына сәй­кес болуын қам­тамасыз етуге тіке­лей қаты­суға жақсы мүмкіндігі бар.

Сот ісін жүргізуге қатысушы­лар­дың кон­ституциялық іс жүр­гізуге бастама­шы­лық жасау туралы өтініштерін соттар­дың қарауы тәртібін жетілдіру бұл тұрғыдан перспективалы бағыттардың бірі болып көрінеді.

Соттар жауаптылықты терең ұғынып, тарап­тардың осындай өтініштеріне мұ­қият қарауы тиіс. Жыл сайын Мемле­кет бас­шы­­сының атына азаматтар мен ұйым­дардан бірнеше мың шағым келіп түседі. Конституциялық Кеңес­те де жүз­деген өтініш тір­келе­ді. Олардың көп­шілігі Конс­титу­циялық Кеңестің өкі­лет­­тік­­теріне кірмегендіктен, уәкі­лет­ті мем­лекеттік органдарға жібе­ріледі. Алайда заңнаманың конс­титу­циялылығы туралы мәсе­ле қойыл­ған өтініштер де бар. Біз олар­дың авторларының сот инс­тан­ция­­ларынан өткенін және бұл тұлға­лар көрсет­кен құқық­тық проблемаларды сот­тар­дың байқауы әбден мүмкін екенін көріп отырамыз.

Корея Республикасында егер сот Конс­ти­туциялық Сотқа жү­гіну туралы сот процесі тара­пы­ның өтінішін қабыл­даудан бас тартса, онда сотталушы, талап қоюшы немесе басқа да қаты­су­шылар қол­данылатын заң­ның конституциялығын тексеру туралы өз бетінше сұрау салу­ға құқылы. Бұған қоса, консти­ту­циялық шағым институты да бар, ол азаматтарға барлық инстанциялардан өткеннен кейін өз бетінше Конституциялық Сотқа жүгінуге мүмкіндік береді. Отыз жыл ішінде кореялық әріптестер 38 000-нан астам істі қарады.

Конституциялық бақылау прак­тикасында дәстүрлі шешім­дерден басқа (Конституцияға сәй­кес келеді немесе сәйкес кел­­мейді) қаулылар қабыл­дау прак­тикасы кеңінен қолданы­лады. Соның бірі – заңды Консти­туцияға конституциялық әділет органы анықтаған мағынада сәйкес деп тану. Бұндай жағ­дайда ол заң осылай ғана түсі­ніліп, қолданылуы тиіс. Конс­ти­ту­циялық бақылау органы заң­ды қарау кезінде іс жүзінде оған конституциялық қағидаттар тұрғысынан түсіндірме береді, оның мәнін конституциялық ережелермен жүйелі байланыста ашады. Бұл ұтымды көзқарас заңның (құқықтық норманың) мазмұнын конституциялық талаптар тұрғысынан айқындауға мүмкіндік береді. Осылайша, Кеңес құқықтық актілерді тексеру кезінде заңдар мен заңға тәуелді ак­тілерде конституциялық ере­же­лердің ескерілуін бақылай және таңдалған модельге кешенді баға бере отырып, қандай да бір мә­селені құқықтық реттеу теті­гі туралы толық түсінікке қол жет­­кізеді. Заңдарға және өзге де акті­лерге түсіндірме бере­­тін басқа мем­лекеттік органдар құ­қық­тық материяны кең кө­лем­де қамти­тын бұндай тәсіл­ді қам­тамасыз ете алмайды, өйт­ке­ні Негізгі Заңның нормалары­на ресми тү­сін­дірме беруге уәкілет­тіктері жоқ.

Осы жылдар ішінде Консти­ту­циялық Кеңес мұндай тәсілді бірнеше рет қолданды. Мәсе­лен, Кеңес 2014 жылғы 11 мау­сым­­дағы нормативтік қаулы­сын­да Азаматтық кодекстің Жал­пы бө­лімінің нормасын Конс­титу­ция­ға сәйкес келеді деп таны­ды және Жоғарғы Сотқа оны қолдану мәселелері бойын­ша Конс­ти­туциялық Кеңес осы шешім­де анықтаған конститу­ция­лық-құқықтық мәніне сәйкес нор­ма­тивтік қаулы қабыл­дау­ды ұсын­ды. Осы жылы Кеңес Алматы қаласы Алатау аудандық сотының азаматтардың тұрғын үй құқықтарын қорғау мәселелеріне қатысты ұсынысы бойынша да осындай шешім қабылдады.

Мұндай шешімдер құқықтық актіге неғұрлым икемді түрде қарауға, оның қол­данылуын барынша сақтауға және заңды конституциялық талаптар өрес­кел бұзылған ерекше жағдайларда ғана конс­титуциялық емес деп тануға мүмкіндік береді. Бұл бағыт бұдан әрі жұмыста да ба­сым­дыққа ие болуы тиіс.

Қорытындылай келе, консти­туциялық бақылаудың қазақ­стандық моделі уақыт сынынан табысты өтті және үнемі жетіл­діріліп отырады деп айту­ға болады. Ширек ғасыр көрсеткендей, Конституциялық Кеңес қалып­тасып, Конституцияның үстемдігі мен тікелей қолданылуын қам­­тамасыз ету жөніндегі өз функ­­цияларын тиімді атқарып келе­ді. Сонымен бірге, біз Кеңес мүм­кіндіктерінің үлкен әлеуе­тін көріп отырмыз. Оларды заңна­ма­лық түрде іске асыру құқық­тық құндылықтар негізінде қазақ­­стандық мемлекеттілікті нығай­туға қызмет ететіні сөзсіз.

Жаңа жыл қарсаңында қазақ­стан­дық­тарды осы мемлекет­тік мерекемен құт­тық­тай­мын. Бар­шаңызға зор ден­сау­лық, табыс, бақыт пен бақ-береке тілеймін.

 

Қайрат МӘМИ,

Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің Төрағасы



Дереккөз: egemen.kz


Пікір жазу
  • Ерлан Карин: Келесі жылы саяси реформалар жалғасады
    Үш қыры, үш тақырыбы бар кандидат

    Ұқсас тақырыптар