Үш қыры, үш тақырыбы бар кандидат

Уақыты: 2020-12-31 Көрлімі: 1043 Сипаттама

Тәуелсіздіктің таңы атқанда біздің кейіпкеріміз небәрі 17 жастағы мұрты тебіндеп келе...

5ece3c9a943ef476115491.jpg

Тәуелсіздіктің таңы атқанда біздің кейіпкеріміз небәрі 17 жастағы мұрты тебіндеп келе жатқан балаң жігіт екен. Горбачев бастаған реформа Совет Одағын партиялық ажырғыдан азат етіп, өзгеше ойлауға үйретті. Оның соңы Одақтың тарауына алып келді. Хрущевтың жылымығынан басталып, Горбачевтың реформасына ұласқан осы үрдіс шығармашылық адамдарына көп мүмкіндік сыйлады. Несін жасырамыз, Совет Одағы 20-ғасырдың 80 жылдарында әлем елдері бойынша ең көп кітап оқитын мемлекет ретінде мойындалған. Сол жылдары қазақ мәдениетінің, әдебиетінің, өнерінің алтын дәуірі болды десек артық айтқандық емес. Б. Майлинді, М. Әуезовті оқып тауысқан, «Көшпенділер» мен «Аласапыранды» басына жастап оқыған, С. Мұратбеков, Т. Әлімқұлов, А. Сүлейменов, О. Бөкейдің кестелі тілі мен көркемдік шеберлігін меңгерген, Алаш ардақтылары ақталғанда олардың өлмес мұрасымен танысқан бала Дәурен әдебиетке мол дайындықпен келген еді.

Жазушы М. Мағауин: «Совет одағының тарағанын көзбен көрдім, енді аштан өлсем де арманым жоқ», – деп шығармашылық адамдарының бір бас қосуында, үлкен пафоспен тебірене сөйлеген-ді. Дегенмен, «сананы тұрмыс билейді» дегендей өмірдің өз заңы бар екен, Совет Одағы ыдырағанда алақайлап қуанған Алаш жұрты үлкен дағдарыс пен сынаққа тап болды. Бүкіл жүйесі жоспарлы экономикаға байланған мемлекет одақ тарағанда дағдарып қалды. Зауыт, фабрикалар тоқтап, кәсіпорындар жабылды. Әйелдер ала қапты арқалап алыс-жақын шетелдерді кезіп кетті. Кедейшілік, жұмыссыздық, қылмыс қабаттаса келді. 1990 жылы аудандық газетке жұмысқа тұрған Дәурен осы өмірдің сүреңсіздігі мен тапшылығының тұрпатын 1994 жылы «Халық кеңес» газетінде «Аяқта жыртық бәтіңке, мектепке қарай жүгірдім» деген мақала тақырыбымен ашып берді.

«Орнында бар оңалар» дегендей, Қазақстан бағдарын түзеген соң қат-қабат қиындықты жеңіп, әлемнің төрінен өз орнын тапты. Арқа төсінен жаңа Астана бой көтеріп, миллионнан астам қандастарымыз өз еліне оралды. Нарықтың сынынан өткен отандастарымыз өз жерінің, өз елінің шын мәнінде қожасына айналды.

Тәуелсіздікпен бірге Дәурен Қуат та есейіп, ер жетті, толысып кемеліне келді. Дәуреннің аудандық «Қапал еңбеккері» газетінен басталған журналисттік қызметі Республикалық ең белсенді, ең өткір, қалам ұстаған жастардың ұстаханасына айналған «Жас Алашта» жалғасын тапты. Азат, еркін елдің көк жиегінде қанаттанып, ел мүддесі мен жұрт тілегіне сай жұмыс істегісі келген жас журналист үш ғасырға таяу отарлық сана мен 70 жылдық партиялық цензураның қамытын бұзып, шылбырын үзуге, «4-биліктің» шын мәнінде салтанат құрып, қалыптасу үшін жан аямай қызмет етті.

Еліміз жаңа ғасыр табалдырығын аттағанда (1999 жылдың аяғында) Дәурен Қуат жер жәннаты Жетісудағы үйренген, жайлы қызметін қалдырып, батыстағы Ақтөбеге барып, Мейірхан Ақдәулет ағасымен селбесіп, «Алтын Орда» газетін шығарысты, кейін сол газетке жетешілік етті. «Алтын Орда» ә дегеннен-ақ ел іші іздеп жүріп оқитын басылымға айналды. Қазақ тарихында орталықтан жырақ, өлкелік газет дәл «Алтын Орданың» деңгейіне жетпеген еді, осы жерде Дәукеңнің тәуекелшілдігі мен ізденісіне тәнті боласың. Өйткені бқл кезде «Алтын Орда» Ақтөбе қаласынан Атырауға көшіп барған еді. Тәуелсіз «Алтын Орда» газеті жұмасына бір рет 32 бет болып шығатын. Нағыз кәсіби мамандарға тапшы облыс орталығында отырып тұтас қазақ оқитын газет жасаудың қиындығы мен «қызығын» бір көрсе, сол кезде Дәурен көрген шығар.

Жаңалыққа жаны құмар Дәурен Қуат 2009 жылы еліміздегі алғашқы электронды саяси-ақпараттық портал – «Abai.kz» сайтын ашып еліміздің ақпараттық кеңістігінің көкжиегін кеңітті, қазақтың талап тілегін ғаламторға алып шықты. Сонымен бірге қазақ жазушыларының қара шаңырағы болған «Қазақ әдебиетіне» басшылық ете жүріп, әдеби-энциклопедялық «Runa.kz» сайтын өмірге алып келді.

«Қой асығы демегін, қолыңа жақса сақа тұт» дегендей, жастайынан атқа мінген Дәурен қазақ баспасөзінің отымен кіріп, күлімен шыққанына, осы барыста тұлға болып қалыптасқанына бақандай 30 жыл болыпты. Осы аралықта қаламгер Дәурен Қасенұлы үш қырынан жарқырай көрінді. Біріншіден, қоғамдық әлеуметтік мәселелерге келгенде бей-жай қарай алмайтын қаламы жүйрік журналист ретінде танылды. Екіншіден, алғашқы прозалық шығармалары «10 сом», «Мүйізтарақ», «Шаһмарнның кітабынан» бастап, әдебиетке мол дайындықпен келген, ұлттық салт-сана мен дәстүрді, менталитетті, Октябрь төңкерісінен аштыққа жалғасқан қанды тарихты жақсы білетін жазушы екендігін әйгіледі. Үшіншіден, Шерхан Мұртаза, Оралхан Бөкей, Марат Қабанбай сынды ағаларының дәстүрін жан кештілікпен жалғастырған адуынды редактордың қалыптасқанын жан-тәнімізбен сезіндік. Кезінде Шерхан Мұртаза мен Оралхан Бөкей «Жұлдыз» бен «Қазақ әдебиетін», Марат Қабанбай «Ана тілін» ұлт намысы мен ұлт құндылықтарының іздеушісі, жоқтаушысына айналдырса, Дәурен де «Алтын Орда» мен «Abai.kz» ақпараттық порталын сол деңгейге көтерді. Советтік сөзге келгенде,  «Әсте қаламы мұқалып көрмеген» Сәбеңдей, қазақ мүддесіне келгенде мылтықсыз майданның ең алдыңғы шебінде жүрді.

Интернеттің қарыштап дамуы, Қазақ елінің көркейіп гүлденуі, әлемдегі мүдделі топтардың, өзіміздегі олигархтардың жасырын ойындары қабаттасып кетіп, жау мен досты, оң мен солды, жақсы мен жаманды, айырмайтын халге түсе жаздадық. Осы кезде Дәурен Қуат ұжымын бастап салғыртсыған сана мен қалғып-мүлгіп кеткен миларды түртіп оятты. Тарихи сананы сілкіп оятып, қайта қалыптастыру үшін Таласбек Әсемқұловтың «Кетбұғаның соңғы жорығы», «Абайдың ұлы жұмбағы» атты желілес мақалаларын «Алтын Ордада» тұрақты жариялаған талантты бас редактор «Abai.kz» порталында ақын Ауыт Мұқибектен көші-қонның дау-дамайын, түйткілдерін түкпірлеп жазатын қарымды журналист жасап шықты. Міне, бұл ортақ мақсатқа сәйкесе білген редактордың да, автордың да бағы еді.

Кездейсоқ ештеңе жоқ, адам баласының алған тәрбиесі, айналасы, ортасы азамат болып қалыптасқан соң оның бүкіл өміріне әсер етері сөзсіз. Жоғарыда айтқанымыздай, мақалаға тұздық болған Дәуреннің үш тақырыбына келсек, әуелі, Алаш аманаты, екінші қазақ көші-қоны, үшінші ел мен жердің тағдыры деп кесіп айта аламыз. Бала кезінен жазушы Сайын Мұратбектің «Жабайы алмасын» жастана жатып оқыған, сондағы кейіпкерлермен сырласып, мұңдасқан Дәурен Совет өкіметінің көлеңке тұстарын ерте сезінді. Әлемге жұмақ орнатып жатырмыз деген жарапазаның жалғандығын, төңкеріс, күштеп ұжымдастыру, аштық, репрессияның қазақ халқына қаншалық апат әкелгенін тарихи романдардан оқыды. Ата-апасының, әке-шешесінің айтқан ескілікті әңгімелерінен естіп білді. Сондықтанда Ұлы Абайдың ізін басып, рухымен суарылған, қазақтың алғашқы Республикасын құрған Алаш азаматтарының қасиетті парызы мен қасіретті тағдыры, Столыпин реформасынан кейін жерінен айырылған қазақ шаруаларының қам-көңіл жағдайы, кезінде жер жәннаты Жетісудың бір тармағы болған көркем Іледегі атасы Құсайынның сайы болғандықтан көші-қонның тарихы мен барысы ол үшін жат емес еді. Қиыр жайлап, шет қонған елі жайлы жан жүрегімен егіле сөйлейтін ол қолына қалам алып, қазақ баспасөзінің құлағын ұстаған әр кезенде бұл тақырыпты талмай жазумен келеді. Сқйтіп, аттан түссе де, аяғы үзеңгіден түспеген, Ресейдің қабағына жалтақтағыш шенеуніктердің қолдан жасаған кедергісі мен қиянат, қысымына төтеп берді. Тығырықтан жол тауып шықты. Алаш Орданың жүз жылдық мерейтойы ескерусіз қалғанда, Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның 90 жылдық мерейтойы еленбегенде, Мұстафа Шоқай фашист атанғанда, Ұлы Абайдың жасампаздығына күдік келтірушілер пайда болғанда, жер сатылады дегенде, көші-қон заңы қырық түрлі құбылып, сырғақтағанда, Қытайдағы қандастарымыздың құқығы тапталғанда, Сайрагүл Сауытбайдың тағдыры талқыға түскенде, Дәурен Қуат бастаған Abai.kz ұжымы өткір мәлімдеме, салмақты сараптама жариялап, сенсация қумай-ақ, істі шешуге, мәселені жеңілдетуге, істің ақ-қарасын айыруға ат салысты, әрі мақсаттарына жетті.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында Дәурен Қасенұлы еліміздің саяси тарихындағы маңызды оқиғаның бірі – Парламент сайлауына «Ауыл» партиясының атынан қатысып жатыр. Билік транзиті бейбіт жолмен алмасып, саяси модернизация күн тәртібіне қойылған кезінде Дәурендей азаматтың, төртінші билік өкілінің бұл қадамы құптарлық.

«Біз дәстүрлі түрде Қазақстанның әрқашан аграрлық ел болғанын, халықаралық нарықтарға азық-түліктің ірі жеткізушісі болғанын есімізден шығардық.

Жоғары сапалы, табиғи ауылшаруашылық өнімдерін шығара отырып, біз шет елдерден әкелінген суррогат, ГМО тауарлар тұтынамыз.

Ауыл біздің дәстүрлі құндылықтарымыздың тамыры мен қайнар көзі, қиын уақытта халқымыздың мәдени кодын сақтай алатын моральдық және адамгершілік дәстүрлердің өзегі болып табылады» дейді «ауылдықтар».

«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының сайлауалды бағдарламасында айтылғандай, Қазақстан аграрлы ел. Урбанизация бүкіл әлемдік бет-алыс болса да, біз нарыққа көшеміз деп, ауылдың берекесін кетіріп алдық. Әрине, бәрін нарықтан көруге болмайды. Жоспарлы экономикаға, әміршіл жүйеге бейімделген халықтың менталитеті, көзқарасы, отаршылдық санада қалған құлдық психология, бюрократия, коррупция, міне, осының бәрінің үлесі бар.

Ауылда туып өсіп, қанаттанған, маңдайынан ауылдың күні сүйіп, табанына ауылдың шөгірі батқан, мұрынынан жусанның иісі, ерінінен ерменнің дәмі кетпеген, тірегі ауыл, жүрегі қазақтың баспасөзі болған Дәурен Қуат сияқты азаматымыздың ниеттес достары Берік Әбдіғани, Айдос. Сарым, Ерлан Саиров, т.б. достарымен «Нұр-Отан», «Ауыл» партиясы атынан додаға түсуі саяси өміріміздегі бір үлкен құбылыс, саясатқа жаңа буынның қадам басқанның белгісі. Ешкімнің етегіне ермей, өзімізге тән парламентаризмнің қалыптасуы, толысуы әрі сапалық секіріс болып табылады. Ресей Думасының депутаттары ұйқысынан шошып оянғандай құйрық тістесе солтүстік территориямызға көз алартып, келеңсіз пікірлер айтып жатыр. Неге дейсіз ғой? Олар қазақ Парламентіне білімді жас буын өкілдері келсе, экономикада әлде қашан алға озған Қазақстан саяси модернизацияда алға кетіп, қайыруға көнбей кете ме деп алаңдайды. Егер бір-бірін тежейтін биліктің үш құрылымы аты-затына сай жұмыс істеп, төртінші билік өз құдіретін көрсете алатын болсын десеңіз, көк туымыз мәңгі желбіресін десеңіз, Дәурен Қуат бастаған азаматтарымыздың жолы ақ болсын деп тілеңіздер, қолдаңыздар!

Снимок.JPG

"Жебеу" Республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы 

Омарәлі ӘДІЛБЕКҰЛЫ

Пікір жазу
  • Ширек ғасырдағы Конституциялық Кеңес: Нәтижелер және мүмкіндіктер әлеуеті
    Қасым-Жомарт Тоқаев. Тәуелсіздік бәрінен қымбат

    Ұқсас тақырыптар