Сатыбалды Нарымбетов: Хан Кенені экрандауға дайынмын...

Уақыты: 2021-03-16 Көрлімі: 933 Сипаттама

Кинорежиссер, жазушы, сценарист, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сатыбалды Нарымбетовп...


Кинорежиссер, жазушы, сценарист, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сатыбалды Нарымбетовпен арадағы әңгіме өзегі тарихты зерделеудің киноға әсері жөнінде өрбіді. Соңғы туындыларын экрандағанда ақыл айтудан бойын аулақ ұстап, «Не үшін ұлы тұлғалар басын бәйгеге тікті? Алаш арыстарынан неге айырылып қалдық?» деген сұрақтарға жауап іздегенін айтып берді.

– Сатыбалды Жәлелұлы, Мұстафа Шоқай­ды экранда сомдау арқылы кинода портреттік-тағдырлы жанрдың негі­­зін салдыңыз. Әркімнің өз Мұста­фасы бар. Сіздің Мұстафаңыз қандай?

– 1995 жылы Берлинде болдым. Жер­гілікті қазақтар менің «Жас аккор­деоншының өмірбаяны» фильмімді ұнатып, Мұстафа Шоқайдың қабіріне тағ­зым етуге апарды. Тура он жылдан кейін маған Мұстафа жайлы фильм тү­сіруге ұсыныс түсті. Алғашында ке­лісім беруге жүрексіндім. Күрделі әрі тағдыры ауыр жанның ғұмырдариясына үңілуге батпадым. Содан киноны бастардың алдында Мұстафаның туған өлкесiне тағы бiр рет барып қайттым. Мына жағында – Қорқыт ата бейiтi, мына жағында – Байқоңыр. Қазақ баласы сол жерден қанат қағып, Санкт-Петербург, Кавказ, Ыстамбұл, Парижде күн кешті, тұрды. Жалғыз қазақтың ғана қамын ойлап қоймай, түгел түркiні түгендеді. Бүгінде бейiтi Берлиннiң түбiнде жатыр. «Сүйегін елге алдырайық» деген сөз шыққанда жаным жабырқап қалды. Әруақты мазаламайық. Сүйегі жатқан жерде оны көздің қарашығындай көріп жүрген халық бар. Зерттеп жүрген тарихшылар да аз емес. Бәлкім біздің қо­лымыз жетпеген деректерді солар жа­рыққа шығарар.

– Шығармаларыңызда тағдырға интрига, фабула ретінде қарамай, оның мінезіне басымдық беретін тә­різдісіз. Кейіпкерлеріңіздің басым көпшілігі – мінезді. Бұл шешім «Мұс­тафа Шоқайда» да, «Аманатта» да байқалады...

– «Мұстафа Шоқайды» түсіргенде де, «Аманатта» да алға қойған ең басты мақсатым – кейіпкер мінезін көрсету еді. Кенесарының қайсар мінезі болмаса, компромиске барып, қырғыздармен келісімге келер ме еді. Бірақ ол оған көнбеді. Бекмаханов та, Шоқай да бір­беткей болған. Ол басқа тақырыпқа өтіп, өз пікірін, мақсатын өзгерте салған жоқ. Мысалы, көп адамдар кино Мұстафа Шоқайдың ақбоз ат мінген көрінісімен басталады деп үміттенді. Мұстафа прак­тик емес, теорияның адамы, Әбіш Кекіл­баев айтқандай, планетарлық тұлға. Егер, тап сол кезде Орталық Азия елдері Шоқайды қолдаған кезде бәрі басқаша болар ма еді. Түркия да қарап қалмас еді.

– ХХ ғасырдың басында Тұран идея­сын Тұрар Рысқұлов та арманда­ды ғой...

– Ешкімді кемсіткім келмейді. Бірақ ХХ ғасырда өмір сүрген қазақ зия­лыларының ішінде Мұстафаның шоқтығы биік. Санк-Петербургте жо­ғары оқу орнын бітірді. Мұстафа оқы­ған университетте тек орыстың емес, ежелгі Римнің негізін қалаған заңдық құн­дылықтарды оқытатын. Француз, неміс, түрік тілдерін еркін меңгерді. Ол түркі елдерінің идеясына мықты даярлықпен келді.

Қазір Мұстафа Шоқай «Алаштың» азаматтарымен келiспей кеттi» деген пі­кір басым. Әлихан атамыз: «Мұс­тафа, бiз аман қалу үшiн кеңес өкiме­тiнiң шатырының астында автономия бола тұрайық, қалғанын артынан көре жатармыз» дедi ғой. Мұстафаның «Ша­тырының астына кiрдi деген сөз кiрiптар болды деген сөз! Қолға кiсен түстi деген сөз! Бүгiннен бастап қамданбасақ, большевик деген албасты басып қалады бiздi. Сосын қуып шығара алмай қаламыз оны!» деген сөзін қараңызшы. ХХ ға­сырдың терезесінен ХХI ғасырдың сөзін айтып тұр.

– Мұстафа Шоқайдың «сатқын­дығына» байланысты пікірлер «Түр­кіс­тан легионымен» байланысты емес пе?

– Алдымен, бұл сұраққа жауап беру үшін мына жайтты анықтап алайық: 1937-1939 жылдар екінші дү­ние жүзілік соғыс қарсаңында тұрған уақыт. Тап сол кезде қуғын-сүргіннің қара бұлты Қазақстанға да соғатынын Әлихандардың сезбеуі мүмкін емес. Ал Мұстафа үш-төрт тілді меңгерген тұлға. Кез келген елге сіңісіп, алыстан басқаруға мүмкіндігі бар. Сондықтан атамыздың эмиграцияда жүрген кезінде Алаш зиялыларымен байланысы – жеке дара зерттейтін тақырып. Мұстафа мыңдаған мұсылманды ажалдан арашалап қалды. «Сен өзбексің немесе қыр­ғызсың» деген жоқ. Жат жерде жүр­се де бастапқы идеясына басымдық бер­ді. Кейбір газеттерде «Түркiстан ле­­гионын» құрған Мұстафа Шоқай деп жазып жүр. Осы әңгіме Шоқайды планетарлық демей-ақ қояйыншы, азия­лық деңгейде көрсетілуіне кедергі болып жүр. Голливудтық С.Спилбергтің «Шиндлер тізімі» киносының басты кейіпкері үш мыңдай еврейді сақтап қалған адам екен. Еврей қауымы соған арнап ескерткіш қойды, ұлттың авангардына айналдырды. Ал біз180 мың мұсылманды соғыстан аман сақтап қал­ған Мұстафа атамызға қандай құр­мет көрсете алдық? Бір емес, ол жайлы ондаған фильм түсірілсе де аздық етеді.

Әнебір жылдары киноны көрген өзбек досым «жақсы кино, бірақ ме­нің елімде көрсетілмейтін шығар, себе­бін білесің ғой» дейді. Құжаттарға қа­расақ, мұндай легионның ашылуына қарсы болған. Атамыз 1941 жылы 27 желтоқсанда қайтыс болса, легионды ұйымдастыру iсi 1942 жылы ақпан айында басталған.

– Мұстафа атамыз да, легионда болғандар да әлi күнге дейiн ақталған жоқ қой...

– Ия, бұл бізге үлкен сын. Бiз тәуел­сiздiк алдық дедiк, бiрақ деколонизация, отарсыздандыру жүргiзiлген жоқ. Бiз алдымен осындай ұлы тұлғаларымызды саяси түрде, заң арқылы, Президенттiң Жарлығы арқылы ресми түрде ақтап алуымыз қажет.

– Мұстафа Шоқайды экранға шы­ғар­ған соң біраз сын айтылды. Қалай қабылдадыңыз?

– Бізде киноға қатысты сын айтылмайды, пікір емес, үкім айтуға шебер болып алдық. Елдегі құндылықтар баяу қалыптасып жатыр. Қоғамның ішкі иммунитеті керегін алып, керек емесін синтездеп шығарып тастайтын деңгейге келген жоқ. Барлық тақырыпта дау бар. Әлі күнге дейін кәсіпқойлардың аузымен айтылған, қаламымен жазылған пікір-анализдер жоқ десе де болады. Пікір айтудан гөрі мін іздеуге шеберміз. Вердикт айтуға әуеспіз. Неге барымызды бар деп айтпаймыз? Ермек досым (Тұрсынов) айтпақшы, «насыбайды қалай тартамыз» деген әңгіме шықса, «оны қалай шегеміз?» деп жарты жыл талқылайтын халықпыз. Мұстафа Шоқай экранға шыққан күні сәлемі түзу бір жолдас «сенің киноң маған ұнаған жоқ» дейді. Талдау жоқ. Сол азаматтың киноны түсініп көргеніне күмәнім бар.

– Бақсақ, сынның үлкені Шоқайды сомдаған қырғыз актері Әзиз Бейшен­әлиевке бағытталды. Бұған не дейсіз?

– Осы жерде көрермендерімді тү­сінбей қалдым. Мұны жалған патриотизм дейміз бе, білмеймін. Кешегі Кеңес Одағы кезінде қазақ-қырғыз актерлері тонның ішкі бауындай араласып кет­кенін білеміз. Қазақтың Әлиясын қыр­ғыз қызы Айтұрған Темірова ойнады. Нұржұман Ықтымбаев бастаған қазақ актерлері қырғыздың бірнеше фильміне түсті. Әзиз жабық дауыс кезінде көркемдік кеңес бойынша ірік­теуден өтті деп айта-айта жағым талды. Мұстафа мен Әзиздің жас күнін­дегі суреттері бір-бірінен айнымайды. Қазақты киноға қатысты қазір екі-ақ мәселе – «Көшпенділерде» Абы­лайды неге қазақ ойнамады, «Мұс­тафа Шоқайды» неге қырғыз ойнады?» деген мәселе ғана толғандыратын сияқты.

Сосын көзім жеткен ақиқат, актер өмірде көрермен назарына түскісі, біреу­лерге ұна­ғысы келіп тұрады. Актер үшін тар­тымдылықтың өзі – табыс. Жаны да, өзі де сұлу-сымбатты актер ағаларымыз бүгінге дейін кездесулерде өзіне назар аударылғанын қалап тұрады. Ал Әзизде күміс қоңырау тәрізді көрерменді өзіне тартатын бір сүйкімділік бар. Сосын көңілімнің толатыны – рөлдің ішіне кіріп ойнайды. Кейіпкерін өзінің болмысымен интеграциялап, «эгосын» ұмытып кетеді. Бұл кино үшін қажет. Адамның парасаты толысқан, бабына келген кезде оның белгілері жанарында ой болып тұнып тұрады екен. Мен Әзизден соны байқадым.

– Қазір тарихшылар ХХ ғасыр ба­сында өмір сүрген Алаш азамат­тарының бір-бірімен тіл табыса алмауын қасірет деп бағалайды. Тұрар мен Мұс­тафаны бір-бірінен бөліп қарауға бола ма?

– Бұл ретте алаштанушы Тұрсын Жұртбаев біраз тақырыптың бетін қайырып, жұмыс істеді. Олардың қандай жағдайда тергелгенін білдік. Сондықтан бәріне кешіріммен қарау керек деп ойлаймын. Аз қазақты бір-бірінен бөлу бізге абырой әкелмейді. Бәрі сексеуіл саясатының құрбандарына айналды.

– Бекмаханов тақырыбына қалай бардыңыз?

– Мен «Аманатқа» алты жыл бойы дайындалдым. Бастапқы нұсқасында Кенесарыға басымдық беріп кеткен тұстар көп болғандықтан жобаны іс­ке асыру мүмкін болмады. Кейін Хан Кененің тағдырын Бехмаханов тұл­ғасы арқылы ашуға шешім қабыл­да­дым. Тарихи өлшеммен алғанда Бек­махановпен біздің заманымыз бір. Оның көзін көргендер арамызда жүр. Олар­дың тарихын қайта жазу мүмкін емес. «Аманаттан» кейін Бехмахановты сомдаған Берік Айтжановты «Алланың сыйы» деп қабылдадым. Менің ойымша, Беріктің соңғы бес-алты жылдағы ең үздік рөлі осы-ау деймін. Санжар Мә­диевті де басқа қырынан аштым. Се­бебі осыған дейін Санжарды тек ке­лісті жігіт деп ойлайтынмын. Киноға кас­тинг жарияланған кезде оның ішкі жан-дүниесін таныдым. Әсіресе, оның қиыннан қиыстырып жол тауып кететін шеберлігі де, жанкештілігі де ойдан шықты. Көзінде от пен қайсарлық, тұ­ла бойында бекзаттық бар. Алла қол­дап, Кенесары ханды экрандай алсам, Сан­жар дайын тұр.

– «Аманат» – драмалық жанр. Бас-аяғы түгелденіп, экранға жол тартқан соң кемшілігін байқадыңыз ба?

– Кино – іштен шыққан шұбар жылан. Кемшілігін өзім білемін. Содан болар өз туындымды екі реттен артық көре алмаймын. Алғашқы күні кемшілігін байқап шыр-пырым шығып, тіпті қан қысымым көтеріліп кетті. Екінші күні өзімді са­бырға шақырдым. Мұстафа Шоқайдан кейін біздің ұрпақ әлі де өзінің тарихына ден қойғысы келетінін түсіндім. Ресми түрде айтылмаса да қазақтың рухының дүр етіп көтерілуіне жол ашты. Рас «Аманаттың» жүгі ауыр болды. Бекмахановтың көзін көрген ағалар бар. Алдымызда Алатаудай болып Ілияс Есенберлиннің шығармалары тұр. Қолдағы материалдар төрт сериялы кино түсіруге жеткілікті. Сол себепті әр­бір көріністі кесіп тастаған сайын жүрегімнен қан тамшылағандай әсерде болдым.

– Сіз бір сұхбатыңызда «Мұстафа­ның үйiнiң табалдырығынан аттап, iшiне кiрген сияқтымын, бiрақ ары қарай жiбермей тұр... Әлi сәлемдескен жоқ... «Кiр» деп басын изеген сияқты» дедіңіз. «Аманатта» Бекмахановтың тере­зесінен Кенесарының шатырына сы­ғалап қарағандайсыз?

– Бұл енді Кенесары хан тақырыбына жол ашудың амалы ғой. Келесі тақырып Хан Кенеге арналады деген емеурін. Қазақтың тұлғалары жайлы кино түсiруге менiң бар өмiрiм жетпейдi. Кино әлі күнге дейін әдебиет пен театрдың арасында өз отауын тіккенмен, шаңырағын толық көтере алған жоқ. Мен де әлі күнге ізденіс үстінде жүргендердің бірі­мін. Кейде театр тілінде «сөйлеп» кет­кенімді байқап, өзімді кинодағы қалыпқа түсіруге тырысамын.

 Американың образын жасаған Голливуд. Идеология дегеннен қаш­пауымыз керек. Ұлттық идея мен идеология егiз ұғым, соларға қызмет ететiн құралды таңдай бiлу қажет. Оның ең басында кино тұр. Жаһандану болса келiп қалды, Кенесарыны экрандауды кім армандамайды?! Теориялық тұрғыда, Мұстафамен салыстырғанда Кенесарыға кедергі жоқ. Кезегімен келе жатқан та­қырып. Кедергі болса, Нұр-Сұлтанда ескерткіші сомдалып, көше аты берілмес еді. Бірақ әлдеқалай заман бола ма деген бір қорқыныш синдромы жоқ емес. Оны бәріміз де білеміз.

– Кенесарыны соңына дейін табандап қорғауға шамаңыз жете ме?

– Мен Хан Кенені түсіруге дайынмын. Өзім үшін де, тарих үшін де. Қазақ өзінің өткеніне, тарихына жиіркенбей қарай білсе игі. Айнаға қарағанда өз бейнесін танымай, өзіне-өзі үрген кү­шік сияқты болмай, өзінің балалығы мен бұрынғы тарихына құрметпен, ойлы көзбен қарай алатын деңгейге жет­сек екен деймін. Қазақ қоғамының «Мұс­тафа Шоқайды» сағынып қалғаны маған қанат бітірді. Кенесарылар бос­тан босқа қан төгіп, Бекмаханов та тектен тек басын бәйгеге тікпеген екен. Бәрі болашақ үшін. Сценарийді алыс­тан іздеудің керегі жоқ. Алдымызда Есенберлиннің «Қаһары» тұр. Жиған-тергенім де жетеді. Қазір Берік Айтжанов пен Санжар Мәдиевті үлкен додаға тәрбиелеп жүрмін. Оларда кез келген тарихи образды алып шығатын харизма да, тектілік те бар.

– Сіздің «әдебиет – бәйбіше, кино – көңілдес» деген сөзіңіз бар. Қазір «әдебиет-бәйбішеңізді» ұмытып, «кө­ңіл­десіңізге» көп көңіл бөліп жүр­ген­дейсіз. Бұл ішкі таңдауыңыз ба?

– Бұл енді жастық қызуымен айтылып қалған сөз еді. Проза мен сцена­рийді қатар алып жүруге тырысамын. Уақыт сора­бынан өткесін сол жаз­ғандарымның бірнешеуі сценарийге айналады. Бұл да бір қызық жайт. Өндірісте технологиялық тізбек деген ұғым бар. Сол өлшеммен қарасақ, бұл шығармашылық тізбек десем болады. Кейбір замандастарым әлі де проза мен пьесаларын киноға дайын тұрған дүние деп адасады. Қазір әдебиет уақыт ағымына ілесе алмай қалды. Ал поэзияның жөні бөлек. Сәт сайын төгіліп, уақыттың тынысын қалт жіберіп жатқан жоқ. Мұнда ауыл­ды аңсау да бар, ақпаратты тех­ноло­гияны тізгіндеу туралы ой да бар. Осы ғасырдың шындығын, тарихын зерт­тегісі келетін келер ұр­паққа заман шын­дығы ақындардың шығармаларында дер едім. Ауыл қазағы қалаға қарап бейім­деліп жатыр. Болашақ режиссерлер өзіне керегін прозадан емес, поэзиядан табатын кезге жақындап қалдық.

– Сіз жоғарыда айтып өткендей, Мұстафа Шоқай арқылы жекелеген тұлғаларды портреттік жанрда таныттыңыз. Қиынға соқпады ма?

– Жоқ, әрине. Шәмші, Нұрғиса ағам жайлы түсірілген дүниені аяғына дейін көре алмадым. Телесериал таза кино емес, уақыттың тасасында қалып кететін дүние. Көзін көріп қалған көңіл кинодағы бейнесін қабылдауға көнер емес. Басқа ештеңе айтпаймын. Мен үгiттеп, ұйымдастырмай-ақ түсiретiн жiгiттер толып жатыр. Дәл қазiр дайын 27 режиссер бар. Бiрақ қашанда ақшаның жоқтығы қолбайлау. Олардың бәрi кезегiн күтiп отыр. Жылына бар-жоғы 5-6 ғана фильм түсiремiз. Кеңес кезiнде 10-12 фильм түсiрушi едiк. Әр режиссердiң кем дегенде шаң басып жатқан 2-3 сценарийi бар.

 Қазір Ресей билігі көрерменнің киноға деген талғамын мектептен бастап қалыптастыру керектігін заңдастырып жатыр. Бұл бізге де керек. Себебі қар­жылық сауаттылық сияқты кино сауат­тылық қажет. Жоғарғы жақ корей, тү­рік киносына қарап, неге осындай ки­но түсірмейсіңдер деп бізге өкпе ай­тады. Мен өзiм де осы күнi көп сөй­лемейтiн адамға айналған едім, сен ашын­дырып отырсың. Ресей кино ар­қылы идеологияға үстемдік етуге кірісті. «Бригада» кешегi «Молодая гвар­­дияның» орнына келдi. «Брат-1», «Брат-2» дегендерiңiз бүгiнгiнiң Павел Кор­чагинi. Мұның бәрі саяси тапсырыс­пен дайындалды.

– Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев ұсыныс айтып, сіздерге жол ашып берген жоқ па? Енді не тұ­рыс...

– Қазір Алматыдағы Кино орта­лықта ғұннан бастап, қазіргі заманға дейінгі дәуірді қамтитын үлкен жобалар тал­қыланып жатыр. Қорытынды жоспар Мемлекет басшысының назарына ұсы­нылады. Соның ішінде тарихи тұлға­лардың бәріне арналған жеке-жеке кинолар болады. Жігіттерге «Кенесары хан­ға» дайын екенімді ескерттім...

– Халықаралық тәжірибеде ки­ноның табысының 40 пайызы келесі киноны түсіруге жұмсалады. Сіз тү­сірген «Аманат» шығынын ақтап, та­быс әкелген кино екен. Сіз табыстан үлес алдыңыз ба?

– Ол киностудияға кетті. Кино туралы заңның шалалығынан авторлар ескерусіз қалуда. Заң киногерлердің қатысуынсыз дайындалды. Кеңес одағы кезінде табыстан үлес беріліп тұратын. Қазір сол заң жобасына өзгерістер енгізуге тырысып жатырмыз.

– Кино соңында жүрген режис­сер­лердің көбі қара жаяу емес екені бел­гілі. Сізге кино не берді?

– Кино маған материалдық жа­ғынан ештеңе бермеді. Қаржы – шығар­машылық үшін мотивация. Бала-шаға бар, немере өсіп қалды. Қа­зақстанда отыз шақты киностудия бар екен. Был­тыр «Қазақфильмге» жылына бір ғана фильм беріліп, қалғандарын сол жекеменшік киностудияға шашып тастаған. Мен ұлттық қазақ кино­сын өркендетуге бөлген қаржы жеке сту­дия­ларға бөлінбеу қажеттігін, олар­дың бізге дейін де өмір сүргенін, қазір де жағ­дайының жаман еместігін айтып, ұсыныспен шықтым. Дауысым қаттырақ шығып кеткен тәрізді.

Мәселе «Қазақфильмде» емес, оның ор­наласқан же­рінде екенін кейін тү­сіндік. Егер 3 жыл қатарынан бір киноға ғана қаржы бөлсе, киностудия төртінші жыл банкрот болады да, жері қалталылардың қалтасында кетеді. «Ре­волюцияны фанаттар жасайды, қы­зығын өзгелер көреді» деген сөз бар ғой. Кино да сол сияқты. Киноға коммерция араласса, ұлттық сипатынан айырылып қалады. Бұл міндетті әлемдік деңгейде Голливуд жүз пайыз орындап, біздегі прокат жүйесі соған жұмыс істеп жатыр. Голливудта кеше шыққан кино ертең ентікпей бізге жетеді. Бізбен салыс­тырғанда өзбек пен қырғыз ес жиып, заңмен тосқауыл қоймаққа талпынуда. Мықты елдер кино арқылы идеологияны басқаруға көшті.

Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Гүлбаршын АЙТЖАНБАЙҚЫЗЫ,

Дереккөз: «Еgemen Qazaqstan»





Пікір жазу
  • Ақылбек Күрішбаев асыл тұқымды мал шаруашылығына қажетті негізгі қадамдарды айтты
    Маралбек Ермұхамет: Байтұрсынов түркі елдеріне ортақ әліпби жасауды қолдамады

    Ұқсас тақырыптар