Дэн Сиопин стратегиясы Тоқаев реформасы үшін де маңызды

Уақыты: 2021-04-29 Көрлімі: 690 Сипаттама

Рахым АЙЫПҰЛЫ «Сендерде экономиканың әліппелік сауаты да жоқ»Жер бетіндегі күллі комм...

Рахым АЙЫПҰЛЫ

 «Сендерде экономиканың әліппелік сауаты да жоқ»

Жер бетіндегі күллі коммунист атаулының ортақ бір ауруы бар. Ол – Маркс-Энгельс қатарлы коммунист көсемдерінің айтқандарына құран сөзіндей ұйып, Құдайдай табыну. Дэн Сиопин Қытай экономикасын реформалау кезінде көргілікті дәл осы Марксизмнен көрді. Маркс айтыпты: «Коммунистердің түпкі мақсаты жеке меншікті жою» — деп. Қарапайым ақылға салған адамға иесіз дүние қараң қалмай ма? Дэн Сиопин өзін Қытай коммунистерінің кезекті көсемі санағандықтан коммунизм ілімін өмірге әкелген бұрынғы көсемдерді түпкілікті терістеуге жағдай көтермейтін, ондай уақыт та жоқ болатын. Енді бас жаққа барыспайтын және басқаларды да иландыра білетін дұрыс жолды табуға тура келді. Бұрын коммунистер төңкеріс, зорлықты күш арқылы билікті тартып алып, «Өндіргіш күшті азат етеміз!» деп ұрандайтын. Осыған сәйкес Дэн Сиопин: «Төңкеріс арқылы өндіргіш күшті азат ететін болсақ, реформа арқылы да өндіргіш күшті азат етуге тиіспіз» — деп мәлімдеді. Шынында, Қытайда социалистік түзім орнап, социализм арқылы өндірісті дамытамыз, өндіргіш күшті азат етеміз деп 30 жыл ұрандатыпты. Бірақ өркендеген, дамыған дәнеңесі жоқ. Дамыған елдерді былай қойып, дамушы елдердің өзінен көш кейін қалып қойыпты. Бұл жерде Мао Цзэдуң бастаған коммунист көсемдері Марксизмді жете түсінбеген немесе сол Марксизмнің теориясында сөз жоқ үлкен қателік бар. Біз бүгіннің көзімен қарасақ, Маркстік-Лениндік экономикалық теориялардың мүлде қате екенін бәріміз білеміз. Бірақ ол кезде Дэн Сиопиннен бастап оны терістеу, оған күмән келтіру бас кететін тірлік болатын. Дэн Сиопиннің үш мәрте биліктен қуылуы да осы догматизмді түпкілікті мойындамаудан туындаған болатын. Егер ол Маоның қателігін ашып көрсеткені сияқты Марксизм-Ленинизмді мүлде теріске шығарса, өз саяси қарсыластары оны төртінші рет биліктен тайдырары сөзсіз еді.

Бір кездері Қытайда мызғымастай болып орныққан өндірістік қатынастар мен қондырма Кеңес Одағының үлгісі негізінде құрылған. Тумысында қатып-семіп қалған бұл жүйе өндіргіш күштің дамуын тежеп, өндірісті өрге бастырмай тұрса да, коммунистер оның себебін сол капиталистік елдердің бүлдіруі, жаулардың аяқтан шалуы деп түсіндіріп, 100% жалпылық меншікке бой ұрып, тап-таза социализм құрамыз деп әуреленді. Мынандай социалистік төңкеріс, дау жоқ, өндіргіш күш дамуының объективті қажеттілігінен алшақтап, төңкерген сайын, мойны астына қайырылып, өндіргіш күштің қайшылығы асқына берді. Бұл жайлы Дэн Сиопин: «Біздегі реформаның ең басты мақсаты – қоғамдық өндіргіш күштің дамуындағы барлық кедергілерді жою. Кедергінің аты – кедергі. Оның озығы да, тозығы да болмайды. Ол капитализмге де, социализмге де ортақ. Сол себепті кедергі болса, тазалау керек, ажырғы болса, шешу керек! Олай етпесек, өндіргіш күш ешқашан дамымайды» — деп кесіп айтты. Оның реформа жасаудағы теориясы осындай қарапайым, ұғынықты және нысанаға дәл тиетін. Әрине, өндіргіш күшті азат етудегі кедергілерді аластау айтарға ғана оңай.

Менің есімде, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстанда кәсіпкерлікпен айналысу қатты қиын болатын. Себебі, Кеңестік жүйеден, социализмнен қалған ескі заңдар бізде әлі күшін жойып үлгермеген болатын. Дэн Сиопин Қытайда ең алдымен өндіріске, кәсіпкерлікке кедергі болатын осы заң-ережелердің көзін құртудан бастады. Ол сонау 1960 жылдары ҚКПоК күнделікті жұмысын басқарғанда халық коммунасының кесірінен әбден күйреген шаруашылықты қалпына келтіру үшін: «Біз өндірісті дамытуда шаруалардың өзіне ерік берейік. Олар қандай өндіріс формасын таңдайды, солай жасасын. Заңға қайшы болса, заңды түзетіп, заңдастырып берейік» — деген болатын. Және бір мезгіл осы айтқанын орындапты да. Ондағысы «егістік жерді әр отбасыға көтереге берейік» деген ұстаным еді. Бірақ осы ұстанымы үшін ол мәдениет төңкерісінде биліктен тайдырылып, жер аударуға мәжбүр болды.

Дэн Сиопин экономикалық реформаны ең алдымен ауылдан бастау керек деп шешті. Себебі ол кезде Қытай ауылдарында ауыл азып, халық тозып кеткен. Мемлекеттен әбден күдер үзген диқандар реформаны  мемлекеттен жасырып, өзі бастауға көшкен болатын. Мынадай бір қызық оқиға кейін тұтас Қытай реформасына үлгі болды:

1978 жылдың қысында Анхуй өлкесі, Фыңяң ауданы, Шаугаң өндірістік бригадасының орынбасар бригадирі Яң Хуңшаң бригаданың құрамына кіретін 18 отбасын шақырып, жиналыс ашады. Ол ортақ жер телімін әр отбасыға бөліп алып, игерсек қайтеді деген ұсыныс тастайды. Ол кез Дэн Сиопин енді билікке келіп, ең жоғарғы шешуші билікке әлі қолы жетпеген кезі. Ол кезде жерді жекеге бөлу, өз алдына дербес тірлік ету деген заңға қайшы әрекет саналатын. Жиналысқа қатысқан 21 диқанның бәрі де бригадирдің ұсынысын құп көреді. Бірақ, «Егер жоғарыдағылар біліп қойып, қылмыстық жауапкершілікке тартса, не істейміз?» деген мәселе қабырғасынан қойылады. Олар кеңесе келе, оның да әдісін тапты. Олар соңында өзара мынадай келісімшарт жасасты: егер істейтін болсақ, әр отбасы мемлекетке тапсыратын міндетті астық мөлшерін толық орындау керек. Ендігәрі мемлекеттен ақша немесе астық талап етпейік. Егер сәтсіз болып жатса, жауапкершілікті бригадирлер өз мойнына алады. Сотталып, түрме жазасына кесіліп жатса, қалған диқандар олардың балаларын 18 жасқа дейін асырауды өз міндетіне алатын болып келісті. 21 диқан қол қойып, бармағын басқан осы келісімшарт күні бүгінге дейін Қытайдың тарихи архив музейінде сақтаулы тұр. Бұл қарапайым ғана келісімшарттың қымбаттылығы оның Қытайдағы ауылдық жерлердегі реформаның алғашқы қадамның қаншалық қиын және қорқынышты болғандығында.

Фыңяң ауданы — Қытайдың Миң патшалығын құрушы, диқандар көтерілісінің көсемі Жу Юанжаң патшаның туған жері. Бұл жер он жылдың тоғызында тамшы тамбай, қаңсып жататын, жын жайлаған жер еді. Аталған ауданның халқы ҚХР құрылған 20 жылдан бері тек мемлекеттің көмегімен күнелтіп келіпті. Мәдениет төңкерісі жылдары күзгі қырман басылып, жиын-терін аяқталысымен, адамдар басқа елді-мекендерге босып, қайыр тілеумен күн кешетін. Ол жерде кең тараған бір тәмсіл «Фыңяңнан қыз ұзатылады, бірақ келін түспейді» десетін. 1978 жылы толық емес санаққа қарағанда, осы ауданнан өзінің тұрғылықты мекенін тастап, босып кеткен адамдар 30 мыңнан асыпты. Жаңа ғана біз әңгіме еткен Шаугаң қыстағы  осы кедей ауданның ең кедей елді-мекені саналатын. 1976 жылғы астық түсімі 1955 жылғы түсімнің үштен біріндей ғана еді. Міне бұл Шаугаң қыстағындағы бас көтерер азаматтардың өзін түрмеге тоғытылу қаупіне қарамастан, басын бәйгеге тігіп, жерді диқандарға бөліп беруінің басты себебі. Шаугаң қыстағы жерді жекеге көтереге берудің бірінші жылында-ақ таңғажайып табысқа жетті. Сол жылы әр отбасының кірісі 6 есе артты. Ал жинаған астық мөлшері осының алдындағы 7 жыл жинаған астықтың қосындысынан асып түсті. Фыңяң ауданы 1979 жылы Анхуй өлкелік парткомның бірінші хатшысы Уанлидің қолдауымен жеке топтардың жерді бірлесіп көтереге алуына жол қойды. 1980 жылға келгенде әрбір отбасына көтереге беруді түпкілікті шешті. Фыңяң халқы туған жерін тастап, қайыр тілеп күн көруден өндірген астықтың көптігінен оны сатуда қиналатын деңгейге жетті. Аталған табыс тәжірибелер Дэн Сиопиннің табанды қолдауының арқасында 1980 жылдың басында бүкіл Қытайдағы ауылдық елді-мекендердің 93% жерді жеке отбасыға көтереге беруді аяқтап, тайқазаннан тамақтанатын халық коммунасын таратты. Тарихшылар: «Егер Дэн Сиопин 1960 жылы ортаға қойған осы жоба сәтті жүзеге асқанда Қытай ауылдары 20 жыл бұрын-ақ кедейліктен құтылар еді», деп армандайды. Әрине, бас жобалаушының бұл реформасы билік баспалдағындағы кербақпалардың кесірінен аз қиындық көрген жоқ. Дэн Сиопиннің табандылығының арқасында 1982 жылдан 1986 дейін қатардан 5 жыл ҚКПоК №1 қаулысы ауыл-қыстақ реформасына байланысты қабылданды. 1984 жылы орталық комитеттің қаулысымен жерді бірден диқандарға он бес жыл мерзімге көтереге беру қаулысы  қабылданды. Сол жылдың қазанында орталық комитет тағы да экономикалық құрылымдарды түпкілікті реформалау жөнінде шешім шығарды. Енді көтереге беру науқаны  біртіндеп  ауылдан қалаға ауысты. Міне солай бүкіл ел көлемінде экономикалық құрылымдарды жаппай реформалау науқаны басталды.

Қытай коммунистерінің көсемі Мао Цзэдуң ауыл-қыстақтар арқылы қаланы қоршауға алу жолымен Қытай коммунистерін билікке алып келген болатын. Енді Дэн Сиопиннің басшылығында екінші реткі төңкеріс – реформа төңкерісі де ауылдан басталды. Ауылдық жерлердегі реформа айтарлықтай табысты болған соң ғана, қалаға ауысып, асығып-аптықпастан бүкіл ел аумағындағы экономикалық құрылым реформасын бастауға мүмкіндік алды.

Осы асықпай, байыппен дегеннен шығады, ашық айту керек, Қазақстанда ауылдық жерлер реформасы сәтті болған жоқ.  Тіпті күні бүгінге дейін ол жайлы жүйеге түскен, тәжірибеден өткен табысты бір реформа моделін өз басым әлі кездестірген жоқпын. Бізде де ауылдық жерлерде реформа жүрмеді емес, жүрді. Бірақ ол жаппай талан-тараждау, ортақ байлақты тонаумен аяқталды. Экономика ғылымында қирату мен орнатудың қатынасы деген ұғым бар. Егер сенің қолыңда ескі жүйені қиратқаннан кейін, шыт жаңа табысты жүйені құра алсаң, дау жоқ, ескі жүйені түпкілікті қиратып тастағанның өнімділігі әлдеқайда тез болады. Ал ескі жүйенің орнына ұсынатын жаңа моделің болмаса, оның салдары өте ауыр болары хақ. Біз 30 жылдан астам уақыттан бері ауылдық жерлердің экономикасын әлі көтере алмай келеміз. Себебі біз ескі колхоз, совхоздарды қиратқан кезде, оның орнына қоятын ешқандай табысты моделіміз болған жоқ.

Қытайда Дэн Сиопин реформа моделін 5 жыл бойы тәжірибеден өткізіп, кемелдендіру арқылы 1978 жылы бастаған реформаны 1983 жылы зорға аяқтады. Оның тағы бір себебі, ол кездегі сіркесі су көтермейтін Қытай экономикасының ауыр жағдайы ешқандай тәуекелшілдікті көтере алмайтын. Құдайға тәубе, біздің еліміз жеріміздің байлығы мен халқымыздың көнбістігінен аштан қырылып қалмай, аман-сау бүгінгі күнге жеттік.

Адамдар сұрауы мүмкін, Дэн Сиопин не себепті реформаны ауылдық жерлерден бастады, деп. Бұл туралы Дэн: «Себебі ауылдық жерлердің халқы бүкіл ел халқының 80% құрайды. Ауылдық жерлерде тыныштық болмаса, тұтас саяси жүйеде орнықтылық болмайды. Диқандарымыз кедейліктен құтылмаса, онда тұтас еліміздің кедейліктен құтылмағандығы», — деп еді. Ауыл шаруашылығының маңыздылығы жөнінде Дэн Сиопин: «Ауыл шаруашылығына мән бермесек, күндердің күнінде аспан асты миша былығады. Бүлік болады. Өмірде қандай жағдай туса да, тек халықтың қарны тоқ болса, көйлегі көк болса, басқасының бәрі оңай шешіледі. Не себепті Қытай тарихында диқандар көтерілісі толассыз жүрді? Оның ең басты себебі халық күн көрістен айырылды. Әр пенде күн көріс, құлқының қамы үшін өмір сүреді, қарным тоқ, көйлегім көк болсын деп армандайды. 1979 жылдың өзінде Қытайдың ауылдық жерлердегі елді-мекендердің төрттен бірі, жалпы 200 млн адамның айлық кірісі 40 юаньға да жетпейді. Әрбір адамның әр күнгі тіршілік көзі 11 тиынды құрайды. Реформа басталардан бұрын Қытайда  шаруалардың мүлде басым көпшілігі тақыр кедейлер болды ғой», — деген болатын. Диқандардың жаппай кедейлігі соншалық, олар ішер ас, киер киімге де жарымады. Оларды осы жоқшылықтан, кіріптарлықтан құтқару Дэн Сиопин билігінің ең басты, кезек күттірмейтін міндеті саналды. Тағы бір қырынан ауылдық жерлерде реформа жасау қалаға қарағанда біршама жеңіл болатын. Себебі олар жаппай кедей. Сондықтан, реформа жасауды, өмірін жақсартуды тағатсызданса күтті. Ал қалалық жерде өнеркәсіп, сауда, ғылым ордалары, мәдени ошақтар және оқу орындары қатарлы сан-сала топтасқандықтан, реформа жасау айтарлықтай күрделі болатын. Дэн Сиопин алдымен жеңілін, оңайлау саласын таңдап, біртіндеп тереңдеу керек деп шешті. Қытай диқандары Кеңес Одағының колхоз, совхоз жұмыскерлерінен едәуір парықты болатын. Атап айтқанда,  олар жеке шаруашылыққа, өзі үшін еңбек етуге құлшынып тұрады. Жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жан бағуға еті үйренбеген. Және олардың көбісі жалқаулыққа жаппай жаны қас жанкештілер. Сол себепті қолына мүмкіндік беріп, еркіне жіберіп еді, өз шаруашылықтарын бірден дөңгелентіп әкетті. Диқандар тұрмысының жақсаруы қалаға да өз әсерін тигізбей қойған жоқ. Бұрын сауда дүкендерінің алдында азғантай азық-түлік үшін сағаттап кезекте тұратын қала халқы диқандар әкелген түрлі-түсті ауылшаруашылық өнімдеріне бірден жырғап қалды. Бұрын ақшасы бола тұра қол жетпейтін азық-түліктер енді арзан және қолжетімді жағдайда асып-төгіліп жатты. Ендігі кезекте олар ақшаның тапшылығын сезіне бастады. Бұрын ауыл адамдарына мұрнын шүйіре қарайтын қала халқы қатып-семген айлықтарымен олардың алдында сүмірейе бастады. Мұнда ерекше көзге түскен бір құбылыс ауыл-қыстақ кәсіпорындары жыл сайын 20% үстіндегі даму қарқынымен көптеген мемлекеттік кәсіпорындарды шаң қаптырып кеткендігі болды. Енді қала халқы да реформаны аңсап, өз тұрмыстарының жақсаруын армандады. Ауылшаруашылық реформасының толағай табыстары Дэн Сиопин жолының табысты екенін дәлелдеді. Соған сәйкес реформаға қарсы тұрушылардың қатары да азая берді.

ҚКП 11 кезекті орталық комитетінің үшінші жалпы мәжілісі тек реформа мен есік ашудың бағыт-бағдарын ғана айқындап берді. Ал нақты қалай істеу керек, неден бастау керектігі жөнінде күдік пен күмән көп болатын. Социалистік экономиканың негізгі тірегі саналатын орта және ірі кәсіпорындарды реформалауға ешкімнің жүрегі дауаламады. Ауыл-қыстақ реформасындағы ең басты тетік — көтереге беру. Жоғарыда айтқанымыздай Маркстік идеологияның кедергісі бұл жерде де көрініс тапты. Егер кәсіпорындардың дербестігін арттырып, билікті өз қолдарына берсек, социализмнің негізі саналатын жалпы халықтық меншікті шайқалтып, социализмді жерлеп тынбай ма деген күдік-күмәндар партияның әр дәрежелі құрылымдарында аз айтылған жоқ. Тағы да Дэн Сиопиннің бұл мәселені айқындап беруіне тура келді. Ол: «Біз жерді диқандарға көтереге берсек, ол жерді басы бүтін оларға бергендігіміз емес, жер бәрібір мемлекеттікі, яғни, жалпы халықтық меншікке тән. Ал оның басқару-пайдалану құқығын беруіміз жалпы халықтық меншікке қылдай қиянат әкелмейді» — деп түсіндірді. Осы логикамен кәсіпорындардың меншік құқығын, жауапкершілігін және пайда-зиян қатынасын жіліктеп, айқындап берсек, ұзақ жылдардан бері ара-жігі айқындалмай келген мемлекеттің, кәсіпорынның және жекенің өзара қатынасы табиғи түрде жөнге түспей ма? Мысалы, диқандар әрбір отбасын өзек етіп, еңбек етеді, пайда-зиян есептейді. Жақсылап тер төккендер, еңбектің ебін, сауданың тегін білгендер жақсы табысқа кенеледі. Аз тер төгетіндер азырақ табыс алуы мүмкін. Ал саусағын қимылдатпайтын жалқауларға ешнәрсе де бұйырмайды. Аштан өлсең – өз обалың өзіңе. Егер қалалардағы кәсіпорындарды дәл осылай реформаласақ, ол жерде де тайқазан шағылады, теңгермешіліктің туындысы болған темір тостаған шағылады. Қысқасы, белсенділік жоқ жерде дым да жоқ. 

Дэн Сиопин шет елдік қонақтарды қабылдаған бір сәтінде аса шат көңілмен: «Ауыл-қыстақ реформасының табыстары біздің сенімімізді бекемдей түсті. Енді біз ауыл-қыстақ реформасының тәжірибелерін қалалардағы экономикалық құрылымдарды реформалауда қолданатын боламыз», — деген болатын. Бұл жерде Қытай билігі тек ауылдық реформамен айналысып, қалаға мүлде қарамапты деген ұғым мүлде тумауға тиіс. Дэн Сиопин 1979 жылдың соңғы жартысында-ақ ішінара кәсіпорындарда тәжірибе үшін реформаны бастап кетті. Тек ауыл-қыстақ реформасы сәтті аяқталған соң ғана, 1984 жылы қазанда ҚКП 12 кезекті орталық комитетінің үшінші жалпы мәжілісінде «Экономикалық құрылымдарды реформалау жөніндегі ресми қаулыны» қабылдады. Ендігі кезек қалаларды өзек еткен жалпы мемлекеттік экономикалық құрылымдарды реформалауды бастау еді.

Экономикалық құрылымдарды реформалау экономиканың жандандырудың алғышарты екендігі даусыз. Бұрынғыдай бірізді, жоғары деңгейдегі орталықтандырылған, біртұтас жоспармен басқарылатын экономикалық құрылым тұтас мемлекетті бір алып компанияға айналдырып жіберген. Оларда ішкі бәсеке де, сыртқы басымдық та болған жоқ. Тек бір ізден айнымайтын, мызғымас құрылым ғана болды. Жоспарды орындаса орындайды, орындамаса бір сылтауын айтып құтылады. Мұнда жасампаздық, жандандыру жөнінде ешкім де бас қатырып жатпайтын.

 Осыны ойлағанда кейде біздің «Самрұқ-Қазына» әл-ауқат қорының жағдайы еске түседі. ҚР ең негізгі байлық қайнарының иесі, былайша айтқанда, жіліктің майлы басын ұстап отырған бұл мекеме жуық жылдарға дейін оның кіріс-шығысы есеп-қисабы біз сияқты қарапайым халықтарға  жұмбақ болып келді. Әлі де жұмбақ жерлері көп. Жалпы мемлекеттің, біздің ортақ үйіміздің, жалпы Қазақстан халқының ортақ меншігі болған соң, айына болмаса да, жарты жылда бір парламентке есеп беріп, жалпы кіріс-шығысын халыққа жариялап отырса, нұр үстіне нұр болар еді. Кейде осы мекеменің басқарушы құрылымдары сол социалистік сүрлеумен баяу жылжып кетіп бара жатқан жоқ па, деп ойлайсың. Одан біздің мемлекетіміз қанша табыс тауып отыр, оның активтері көбейіп жатыр ма, әлде азайып жатыр ма, қызметкерлері, басқарушы менеджерлері қанша жалақы алады? Олардың жалақылары қандай негізге, қандай есепке құрылған, оны кім тексеріп, кім бекітеді – бәрі-бәрі бізге қараңғы.

Дэн Сиопин осындай шалажансар экономикалық құрылымға жан бітіру үшін мынадай екі стратегиялық бағытты қолданды:

Бірінші бағыт. Олардың экономикалық дербестігін кеңейтіп, бәсекелестік механизмдерін іске қосу арқылы жалпы халықтық, мемлекеттік кәсіпорындарға іштей жан бітірді;

Екіншіден, жүйе құраушы экономикалық құрылымдардан тыс түрліше меншіктегі экономикалық құрылымдарының заңды дамуына жағдай жасап, олардың жалпы халықтық меншіктегі кәсіпорындармен тең құқылы дамуына жол ашты;

Мемлекет меншігінен тысқары экономикалық құрылымдар негізінен екі үлкен топқа жіктелді. Оның біріншісі жеке кәсіпкерлер мен жеке меншік капиталдың негізінде құрылған шағын кәсіпорындар болды. Екіншісі үш түрлі капитал негізіндегі құрылған ірі және орта кәсіпорындар. Олар:

Қытайдың мемлекеттік кәсіпорындары мен шет ел компаниялары бірлескен кәсіпорындар;

Екіншісі Қытайдың мемлекеттік кәсіпорындары мен шет ел компанияларының селбестігі негізіндегі кәсіпорындар (мұнда шет елдіктер Қытайдың мемлекет меншігіндегі белгілі бір кәсіпорын белгілі мерзімге жалға алады);

Үшіншісі дербес шет ел компанияларының негізінде құрылған кәсіпорындар;

Дэн Сиопин экономиканың көп векторлы мұндай формасын былай деп түсіндірді: «Қытайлық ерекшелікке ие социализм, дау жоқ, жалпы халықтық меншік негізінде қалыптасады. Бұл оның басты принциптерінің бірі». Ал ондай болса не себепті жоғарыда айтылған түрлі-түсті жалпы халықтық меншікке жатпайтын түрлі кәсіпорындар қаптап кетті? Дэн Сиопиннің оған да жауабы дайын болатын: «Бұл экономиканы жандандырудағы қажеттіліктен туындап отыр. Социалистік экономика гүлденіп-көркейсе оның социалистік негізін шайқалтпайды». Шынында, сол кездегі ұғым бойынша социалистік экономиканы жандандыру, кем жерін толықтап, кетігін толтыру үшін түрлі-түсті меншіктегі және формадағы экономикалық құрылымдардың қатар өмір сүруі социалистік экономикаға тек пайдасы ғана бар. Кем дегенде, зиянынан пайдасы көп. Жеке кәсіпкерлер мен жеке меншіктегі орта және шағын кәсіпорындар қоғамдағы едәуір мөлшердегі жұмыссыздық мәселесін шешеді. Дәстүрлі Маркстік көзқараспен қарасақ, социалистік экономика осындай бір маңызды базаны жеке меншікке тастап шыққан болады. Есесіне, мемлекет осы бір топтағы адамдардың ішер ас, киер киімі үшін бас қатырмайды. Бұл адамдар байыса, мемлекетке тапсыратын салық кірісі қомақты артады. Тағы бір қырынан социалистік-экономикалық қарым-қатынасты мемлекет ескере бермейтін, тіпті толық қамтуға мүмкіндігі болмайтын, тек қана нарық қана реттейтін салаларды жеке кәсіпкерлер мен жеке меншіктегі орта және шағын кәсіпорындар сәтті толтырып отырады. Солай бола тұрса да, Қытайда капитализм қайта тірілді, жалпы халықтық меншіктің негізі шайқалып барады деп байбалам салушылар аз болған жоқ. Дэн оларға сабырмен ғана: «Асықпаңыздар. Бір-екі жыл еркіне жіберіп көрейік, одан бүлініп кететін ештеңе жоқ. Бұдан социализмнің қылшығы да қисаймайды. Егер, керісінше, оларға шектеу қоя бастасақ, адамдарды үрей билейді. Шет елдік капитал қаша бастайды. Ал мұның түкке де пайдасы жоқ» — деп басу айтатын. Бірақ бұл жағдай бір-екі жылмен аяқталған жоқ. Қытайда жеке меншік кәсіпорын сол баяғы тез қарқынмен дами берді. Бүгінгі күнде Қытайдың 80% жұмыс күші осы жеке меншіктегі орта және шағын кәсіпорындардан жұмыстанады.

Солшыл күштердің одан бетер үрейін ұшырған үш түрлі капитал негізіндегі кәсіпорындар болды. «Шет ел капиталы 1 АҚШ долларына көбейсе, капитализм үлесі соғұрлым артады. Бұл социализмді дамыту емес, капитализмді дамыту. Соларға жағына түсу, тізе бүгу» деп ат қойып, айдар тағушылар да аз болған жоқ. Дэн Сиопин мұндайларды бетің-жүзің демей, қатты сынайтын. Ол: «Сендерде экономиканың әліппелік сауаты да жоқ. Ал шет елдіктер өз ақшасын әкеліп, бізбен бірлесіп кәсіпорын ашса, оның кем дегенде жартысы социализмдікі ғой. Кәсіпорынның кірісінің де жартысы социализмге тән болады. Капиталдың шет елдік үлесінен, шет елдік кәспіорындардың дербес капиталынан социалистік мемлекеттің иесі болған біз салық аламыз, азаматтарымызды жұмысқа орналастырамыз, мұның несі жаман? Бұдан не зиян көреміз? Ал олардан жаңа техника мен басқару тәжірибесін үйренеміз, информация жинаймыз, шет елдік нарыққа шығамыз. Ал өз ішімізде оларға қызмет көрсететін кәсіптің жаңа саласы пайда болады, экономиканы осылай жандандырмасақ, басқа не істейміз?» — деп ашынатын.

Шынында, жеке меншік және шет ел кәсіпорындарының ең басты пайдасы мемлекеттік кірістерді айтарлықтай толықтырады. Сол кездегі статистикалық мәліметтерге қарағанда, мемлекеттік экономиканың қан тамыры саналтын мемелекет меншігіндегі ірі және орта кәсіпорындардың жағдайы мәз емес еді. Олардың үштен бірі ғана табыс әкелетін. Ал үштен бірі жанын әрең бағатын. Ал қалған үштен бірі мүлде зиянға жұмыс істеп тұрды. Олардың үшеуінің пайда-зиянын қосып есептегенде ғана, пайда-зиянның орны әрең толықтанатын. Олай болса, мемлекеттік қазыналық кірістің ең негізгі бөлігі қайдан келеді? Бұл туралы Дэн Сиопин: «Біз шет ел капиталын тартып, жеке меншік экономикаға жол ашқанымыз жалпы халықтық меншіктегі экономиканың шешуші рөліне пәлендей әсер етпейді. Керісінше, шет ел капиталын тартайық, жеке шаруашылықтың өркендеуіне жол ашайық, оны дамытайық, түптеп келгенде ол өндіргіш күшті дамытады. Жалпы халықтық меншіктегі шаруашылықты бекемдей түседі», — деп мемлекеттік кірістің артуына өлшеусіз үлес қосып отырған жеке меншік экономиканың дамуына табанды қолдау көрсетіп отырды.

 Қытай экономикасының, әсіресе, мемлекеттік меншіктегі бөлігінің, оның ішінде, мемлекет иелігіндегі ірі және орта кәсіпорындардың ұзақ жылдардан бері шалажансар қимылдап, өлместің күнін көріп келуінің ең басты себебі Қытай халқының жатып ішер жалқаулығынан емес, әкімшілік құрылымдардың экономикалық қимылдарды басы бүтін билеп-төстеуі, адымын аштырмауы, құшақтап тұрып, тұншықтырып өлтіруге шақ қалуында болатын.

Қарапайым қисынға салсаң, үкіметтің барлық салаға тұмсығын тығуынан қандай пайда бар? Азырақ араласса, өздеріне жеңіл емес пе? Егер мәселе дәл осындай қарапайым болса, Дэн Сиопинге экономикалық реформаның қажеті де болмас еді. Болған күнде де, оны жалаулатып, бұл да бір төңкеріс деп атауға келмейтін.

Кәсіпорындарды мемлекет басқару керек пе өзі? Басқарса, қай деңгейде басқару керек? Қалай басқару керек? Бұның бәрі мемлекеттің құрылымы шешетін мәселе. Оның жеке тұлғалармен қатысы жоқ. Тіпті мемлекеттің ең жоғарғы билеушілері де оны оңайшылықпен өзгерте алмайтын.

Соғыс жылдарында әскери басқару түзімі қолданылды. Ал ҚХР құрылғаннан кейін Кеңес Одағының моделін айна қатесіз көшіріп әкелді. Саясаттың тұмсық тықпайтын жері қалған жоқ. Қоғамдық өмірдің барлық саласы саясиланды. Әсіресе бұл экономикалық салада тіпті асқынды. Соның кесірінен кәсіпорындар мен әкімшілік құрылымдар мидай араласып кетті. Әр деңгейдегі әкімшіліктер кәсіпорындарды басыбайлы меншіктеп алды. Кәсіпорындар не өндіру керек? Оны өзінен жоғары тұрған мемлекеттік мекеме анықтайды. Тіпті өндіріс кәсіпорындар үшін саяси міндет болып саналды. Әкімшілік пен кәсіпорынның басқару және бағыну қатынасын Дэн Сиопин образды түрде «ене мен келіннің қатынасы» деп суреттейтін. Ол мұндай типтегі экономикалық басқару құрылымын: «Құрылымдары далиып кеткен қаптаған бөлімдер, қат-қабат мекемелер қағазбастылық қасіретке айналған, өнімділік жоқтың қасы», деп атады.

Әкімшілік құрылымдардың далиып кеткені соншалық, орталықтағы министрліктер мен комитеттердің әрқайсында ондаған мың қызметкер жұмыс істеді. Олардың қол астында әрбір өлкедегі сәйкес әкімшілік құрылымдарда департамент, басқарма, оған қарасты бөлімдерді қоса алғанда жүздеген мекеме салық төлеушілердің есебінен күн көретін. Қаптаған бастық, қалың мекеме, орталықтан жергілікті орындарға дейін кәсіпорындарды басқаруға араласатын. Қазақ мұндайды «Молда көп болса, қой арам өледі» дейді. Олар кәсіпорындарды дамытпақ түгілі, оның қанын теспей соратын паразиттерге  айналды.

Шынында, мемлекеттік басқару құрылымдары қазымыр енеге ұқсайтын. Олар қолындағы келінді өзінің басыбайлы меншігі санайды. Келін не киеді, не ішеді, қалай жасанып-таранады – ол тек ененің айтқанымен болуы керек. Себебі, кебеженің кілті ененің қолында. Ол кездегі Қытай әкімшілігі тіпті қазымыр енеден де безбүйрек болды. Себебі олар кәсіпорынның кадр, қаржы айналымы, шикізат қайнары, өндірген өнім және оны сатуға дейін жоғарыдағы әкімшілік құрылымдар шешетін. Демек, кәсіпорын өзі қалаған қажетті маманды ала алмайды, өз табысын жұмсай алмайды, өзі өндірген өніміне баға да белгілей алмайды, тіпті оны кімге сатуды да шеше алмайды. Ол аз болғандай, қалыпты жұмысқа кедергі жасап, тырнақ астынан кір іздеп, оларды қыспаққа алады, амалын тауып, оларды жеп қалуға, бірдеме сындырып, ала қашып, жұла тартуға бейім тұрады.

Қисынға салсақ, кәсіпорын нарықтың қажеті үшін өмір сүру керек, бірақ Қытай кәсіпорындары сол мемлекеттік құрылымда отырған бастықтардың қас-қабағына қарап, солардың қалауымен өмір сүреді. Қырсықтың түп-тамыры осында жатты.

Диқандар үшін жер жыртуда соқа нашар ма, өгіз арық па деген мәселе қабырғасынан қойылатын. Сол сияқты Қытайдың бұдан бұрынғы басшылары да мемлекеттік кәсіпорынның мүшкіл хәлін өзгертуге талпынып көрген. Бірақ жетекші идея қате болған еді. Олар мәселені мемлекеттік құрылымдар кәсіпорынды дұрыс басқара алмай отыр деп ойлайтын. Ал олар басқарған сайын бүлдіретін. Дэн Сиопин оның диагнозын керісінше қатып-семген басқару тәсілінен іздеді. Жоғары шенді бастықтар және түрлі-түсті басқару тараулары барлық билікті монополиялап алған. Биліктің айтпайтын мәселесі жоқ, араласып, тұмсық тықпайтын жері жоқ. Сол себепті жергілікті орындар, кәсіпорындар мен қызметкерлердің белсенділігі нөлге тең болды. Ондайда кәсіпорыннан жаңалық ашып, жасампаздық күту мүмкін емес.

«Онда билік не үшін керек?!» — дейміз ғой баяғы. Оның өмір сүруінің маңыздылығы мен мақсаты  — ол, ең алдымен, халық ең мұқтаж болған қызметтерді көрсету үшін керек. Ол қарапайым халықтың қолынан келмейтін, қолынан келсе де, мүмкіндігі жетпейтін жұмыстарды атқаруға тиіс. Мысалы, қаланың және даланың инфрақұрылымы, мемлекеттік маңызы бар алып құрылыстар, мемлекет қорғанысы, қылмыспен күрес, қоғамдық тәртіп деген сияқты сан-салалы жеке тұлғалар орындауға мүмкін болмайтын тірліктермен айналысуы керек. Ал халық өзі-ақ жасай алатын, тіпті мемлекеттік мекемелерден де табысты орындай алатын салаларға әкімшілік құрылымдардың тұмсық тықпағаны абзал. Бұл қағида бүгін ғана өмірге келген жоқ. Ол адамзат қоғамдасып өмір сүре бастағаннан өмірдің өз қажеттілігі тудырған өмір заңы. Бұл туралы АҚШ-тың алғашқы президенттерінің бірі Томас Джефферсон: «Басқаруға ең аз ұмтылатын үкіметті ең жақсы үкімет деп санау керек», деген болатын.

Біздің билік осы бір қарапайым қағиданы 30 жыл өткенде, енді-енді түсіне бастаған сияқты. Президент Қ.Тоқаевтың мемлекеттік құрылымдарды ықшамдау, жекешелендірудің қарқынын тездету, жергілікті билік құрылымдарын сайламалы ету сияқты бастамалары көңілге қонады.

Дэн Сиопин жобалаған экономикалық құрылым реформасының бірінші қадамы әкімшілік құрылымдар мен экономикалық құрылымдардың ара-жігін айқындау болды. Мысалы ауылдық жерлерде жерді әкімшілік құрылымдардың, яғни, халық коммунасының басқаруынан алып, әрбір отбасыға бөліп беру, ал қалада кәсіпорындарды әкімшілік құрылымдардан бөліп, өз алдына дербес дамитын ету, былайша айтқанда, кәсіпорындар өз алдына дамып, байлық жаратсын, ал әкімшіліктер мемлекеттік жұмыстармен айналысып, халыққа қызмет көрсетсін.

Әрине, мұндай реформа тек тізеге басып жүргізгенде ғана табысты болады. Себебі, билік есірткі сияқты оның тұтынушыларын онсыз өмір сүре алмайтындай күйге жеткізеді. Әкімшілік құрылымдардың қолда бар билікке тас кенедей жабысып, айырылғысы келмейтіндігі де содан. Сол үшін де биліктің қай бөлігін беру керек, қай бөлігі әкімшілікке қалады – бұл мәселені орталықтан қатаң бұйрықтармен түбегейлі шешіп тастау керек болды. Бұл жерде тағы бір қайшылықтың басы қылтиатын. Шамадан тыс далиып кеткен әкімшілік құрылымдар мен оның миллиондаған бос қалған қызметкерлері немен айналысады? Бұл туралы Дэн Сиопин: «ҚХР кәсіпорындар туралы» Заңын шын мәнінде қолданысқа енгізу үшін әр дәрежелі әкімшілік құрылымдардың кем дегенде 30%  қысқарту және біріктіру керек. 50% әкімшілік қызметкерлер де қысқаруға тиіс. Артық құрылымдардың көзін жою керек. Ол мүмкін болмаса, оларды экономикалық құрылымдарға айналдырып, өз күнін өзі көретіндей жағдай жасау керек. Артық қызметкерлер кәсіпорындарға барып, өз қарым-қабілеті мен бағын сынап көрсе болады» деп шешті.

Ал ықшамдалғаннан кейінгі қайта құрылған әкімшілік құрылымдар да өзінің қызмет функциясын да өзгертуге шарт. Мұндайда олар өз өкілеттілігін қалай жүргізеді? Дэн Сиопин олардан ендігәрі экономикалық құрылымдардың жұмысына әкімшілік тәсілдермен килікпеуін шегелеп тапсырды. Былайша айтқанда, әкімшілік құрылымдардың өкілеттілігі мына 4 сөзбен шектелетін болды: жобалау, үйлестіру, бақылау және қызмет көрсету. Бұлардың бәрі айналып келгенде қызмет көрсету бағытында еді. Сол себепті Дэн Сиопин әкімшілік құрылымдардың түпкілікті міндеті билік өкілеттілігін шектеп, қызмет көрсету мүмкіндігін арттыру. Бұл кейін Дэн Сиопиннің: «Басқару дегеніміз – қызмет көрсету» деген қанатты сөзіне айналды.

Әкімшілік құрылымдарды реттеп, олардың қызмет функциясын өзгерту шындап келгенде саяси құрылым реформасына жататын мазмұнда болатын. Бұл туралы Дэн Сиопин: «Кәсіпорындардың өз билігін өздеріне беру, әкімшілік құрылымдар мен экономикалық құрылымдардың ара-жігін ажырату – бұл бір қырынан экономикалық құрылым реформасы, ал екінші қырынан саяси құрылым реформасының бастауы деп түсінген жөн», — деп түсіндірді.

Шынында, мұндай қағида бүгінгі күнде Тоқаев реформасы үшін де айрықша маңызды. Себебі, президент Қ.К.Тоқаевтың өзі айтқандай, экономикалық реформа саяси модернизациясыз мүмкін емес. Бұл — аксиома! Кейде ойлайсың, біздің биліктегілер айтуын айтады-ау, бірақ орындауға келенде тұсаулы аттай бір орында тыпырлай беретіндігі несі екен деп.

Дэн Сиопиннің дәстүрлі экономикалық құрылымдарды реформалаудағы басты бағытын бір сөйлеммен айту керек болса, ол – кәсіпорындардың өзін-өзі басқару билігін барынша кеңейту. Тіпті мұны экономикалық құрылымдарды жандандырудың басты стратегиясы деп атаса да болады. ҚКП 11 кезекті орталық комитетінің үшінші жалпы жиналысындағы сөйлеген сөзінде Дэн Сиопин экономикалық қимылдарды демократияландыру мәселесін айта келіп: «Қазір біздің елде экономиканы басқару құрылымындағы билік тетігі орталыққа шамадан тыс шоғырланып кеткен. Оны жоспарлы түрде жергілікті орындар мен кәспіорындарға қайтару керек. Олай болмаған жағдайда орталық, жергілікті орын, кәсіпорын және өндірісші жеке тұлғалардың белсенділігін жан-жақты сәулелендіру мүмкін емес. Ол және осы заманғы экономикалық басқару мен еңбек өнімділігін арттыруға да кедергі келтіреді. Сол себепті жергілікті орындар мен кәсіпорындардың және елді-мекендердегі өндіріс бригадаларының экономикалық жақтан өзін-өзі билеу құқығын барынша кеңейту керек», — деген еді.

Дэн Сиопиннің ең ақылды тұсы – ол өз халқын өте терең түсінетін. Әсіресе, жанкешті, еңбекқорлығымен танылған қытайларда ерінбей еңбек етуге, өз шаруашылығын дөңгелетіп әкетуге деген ерекше бір құлшыныс бар еді. Мұндай құлшыныс туада олардың қанымен біте қайнасқан ба деп қаласың кейде. Сол себепті де экономиканы өрге бастырып, кәсіпорындарды дөңгелетіп әкетудің кілті оларға қанша ақша бөліп, қанша маман жіберіп, оны басқаруға қаншама құрылымдар құрып, нұсқаулар беріп отырудың қажеті шамалы болатын. Оларға ең керекті нәрсе біреу ғана – билігін өз қолына беріп, еркіне жіберу керек.

Өз-өзін билеу құқығының қасиеті – ол өндірісшілердің жауапкершілігі мен мүддесін тоғыстырып, ғаламат белсенділік тудырады. Өндіруші өз билігі өз қолына тигеннен кейін өз кәсібіне, дау жоқ, жауапкершілікпен қарайды. Себебі, оның кәсіпкерлікпен қалай айналысуы тікелей оның өз міндетімен байланысты болады. Пайдаға деген осы ынтызарлық өндірушіні барлық айла-тәсіл, ерік-жігермен жасампаздық рухқа құлшындырып тұрады. Ендігәрі оларды біреу жетектеп, біреу соңынан қуып жүріп істетудің қажеті болмай қалады. Дэн Сиопин өз халқының осы қасиетін жақсы түсінді және ерекше қастерлей білді.

 Дэн Сиопиннің кәсіпкерлікпен шұғылданушылардың өз-өзіне қожа болу құқығын кеңейтудегі басты тәсілі – олардың жеке белсенділігі мен жасампаздығына жол ашуы еді. Бір сөзінде ол: «Егер бір елдімекендегі өндіріс бригадасының өз билігін өз қолына берсең, егіннің қай бөлігі егілмей қалса, қай бір су айдыны игерілмей бос қалса, сол жердегі диқандар мен олардың көшбасшыларынан ұйқы қашады. Қайтсем барлық мүмкіндікті сарқа пайдаланамын деп, соның қамымен бас қатырады. Бүкіл елдегі неше жүз мыңдаған кәсіпорындар, неше миллиондаған өндіріс бригадалары осылай ойлап, осылай еңбектенсе, қаншама ғаламат байлықты жасап шығар еді?!» — деп өз халқының ақыл-парасатына шын жүректен тәнті болып еді.

Ауыл-қыстақ реформасы табысты аяқталған соң, қалалық жердегі реформаның да қанат жая бастағандығын айттық. 1986 жылы Дэн Сиопин Тиянжин қаласын көзден кешірген кезде кәсіпкерлерге өз билігін қайтарудың құдіретіне өзі куә болды. Тянжин теңіз порты реформа жүрген екі жылдың ішінде адам танымастай өзгеріп кетіпті. Еңбеккерлер сол баяғы кадрлар, жер сол баяғы жер, реформалап еді – толағай табысқа кенеле кетті. Бұл туралы ол: «Оларға біздің бергеніміз тек өздеріне тиесілі биліктері ғой. Меніңше, мұның ішіндегі ең маңыздысы кадрлық билікті толығымен өздеріне қайтарғанымыз»  — деп қорытты.

Биліктің орталыққа шамадан тыс шоғырлануы  бір қырынан орталық биліктің өз бас ауруы болса, екінші қырынан ол жергілікті биліктің жауапкершілігі мен белсенділігін тежейтін басты кедергінің өзіне айналады. Сол себепті Дэн Сиопин өз-өзін басқару құқығын кеңейту реформасын үш сатыға бөліп жүргізді:

Бірінші кезекте, орталық биліктің бір бөлім өкілеттілігін жергілікті билікке беріп, орталық пен жергілікті орынның билік өкілеттілігін нақты айқындау арқылы жергілікті орындардың белсенділігіне қозғау салды;

Екінші, кәсіпорындардың, оның ішінде жеке кәсіпкерлер мен диқандардың өз-өзін басқару құқығын кеңейтіп, мемлекет пен кәсіпкерлік саласының өзара қарым-қатынасын реттеу арқылы тұтас кәсіпкерлік әлемінің белсенділігін арттырды;

Үшінші сатыда, кәсіпорын мен жеке тұлғаның өзін-өзі басқару құқығын арттыру арқылы ұжымдар мен жеке тұлғаның қарым-қатынасын реттеп, жеке тұлғалардың белсенділігінің артуына мүмкіндік жаратты.

(Жалғасы бар)


Пікір жазу
  • Дэн Сиопин. Тиан Ан Мын қырғынынан соң
    ЖІНТІКТЕЙ ЗЕРДЕЛЕП, ТЫҢҒЫЛЫҚТЫ ТҰЖЫРЫМ ЖАСАҒАН

    Ұқсас тақырыптар