Дэн Сиопин. Тиан Ан Мын қырғынынан соң

Уақыты: 2021-04-23 Көрлімі: 1838 Сипаттама

Рақым АЙЫПҰЛЫДэннің даму стратегиясы ешқандай кедергісіз алға жылжыды деп айтуға болм...

Рақым АЙЫПҰЛЫ

Дэннің даму стратегиясы ешқандай кедергісіз алға жылжыды деп айтуға болмайтын еді. Дамуға екі түрлі кедергі болды: бірі – солшылдық кедергілер, оған сауаты төмен, көз аясы тар қарт коммунистер кедергі болды. Олардың ойынша, жекешелендіру қарқын алған соң, экономика дамығанымен, капитализм элементтері тым көбейіп кетті дегенге саятын. Екіншісі – оңшылдық кедергілер, олар көбінде демократиялық ұстанымдағы зиялы қауым өкілдері мен студент жастар болды. Олар батыс құндылықтарын барынша дәріптеп, Қытайдың бірден демократиялық бағытқа беттегенін армандады. Оның соңы 1989 жылғы Тиан Ан Мын қырғынына ұласты.

Тиан Ан Мын қырғыны өрімдей жастарды оққа байлау, ешқашан да, ешқандай жолмен ақтап алуға болмайтын ұлттық қасірет. Дэн Сиопин осы жолғы өзінің қатыгез шешімімен ел ішінде және халықарадағы мысқалдап жиған абыройын шелектеп төгіп алды. Оның саяси салдары айтарлықтай ауыр болды. Солшыл күштер бірден бас көтеріп, барлық бәле-жаланы реформа мен сыртқа есік ашуға әкеп тіреді. Мәдениет зор төңкерісіндегі солшылдық ұрандар, әсіресе, таптық күреске байланысты ұрандар қайта айтыла бастады. Біздің жолымыз социализм бе, әлде капитализм бе деген сұрақ қабырғасынан қойылды. 10 жыл бойы төккен тер, жасаған еңбек, реформа мен сыртқа есік ашудың арқасында қолға тиген экономикалық табыстар да селге кетуге шақ тұрды. 1988 жылдың өзінде-ақ Қытай жалпы халықтық шаруашылық  негізіндегі ескі экономикалық жүйенің мүмкіндігін сарқып біткен болатын. Реформаны одан әрі тереңдетпеген жағдайда экономикалық даму тұралап қалатыны өз-өзінен түсінікті еді. Ескі жүйе мен нарықтық қатынастардың арасындағы текетірес үш үлкен қоғамдық мәселені су бетіне шығарды. Олар: ақшаның құнсыздануы, бөлістегі әділетсіздік, билік элитасының монополиясы мен сыбайлас жемқорлықтың  белең алуы. Қоғамдағы осы қайшылық 1989 жылдың көктемі мен жазындағы саяси дүрбелеңнің білтесіне айналды. Бейкүнә жастардың талап-тілегі орынсыз емес болатын. Бірақ ҚКП саяси билігіне де қауіп төніп тұрғаны шындық еді. Шешуші сәтте Дэн Сиопин саяси билікті таңдады да, студент жастарға қару кезеп, қанмен жаныштады.

1984 жылдың 4-маусымында 50 күнге созылған саяси дүрбелең күшпен басылды. Соңынан Дэн Сиопин бейкүнә жастарға шоқпарды қатты сілтеп жібергендігін өзі де сезді. Ойлап көрсе, 50 күнге созылған толқуда ҚКП жүйкесіне ши жүгіртетін небір ұрандар айтылыпты. Тек соның ішінде реформа мен есік ашуға қарсы көтерілген бірде-бір ұран жоқ екен. Демек, студент жастар реформа мен есік ашуға тілеулес, жат пиғылды жандарға мүлде ұқсамайды. Олай болса, оларға қару кезеп, қан төгу неге керек болды? Орнықтылық, тыныштық деген қан төгумен, қатыгездікпен орнамайды ғой?! Орнаған күннің өзінде, оның ғұмыры ұзақ болмайды. Халыққа қару кезенген адам күндердің күнінде сот алдында, өмірден өтіп кетсе, ар соты алдында жауап береді. Дэн Сиопин үшін болар іс болды. Бірақ, оның салдарларын қалай да жуып-шаю керек. Қытайдың жоғары билігіндегілердің арасында осы жолғы саяси толқуға реформа мен есік ашуды кінәлі етіп шығарғысы келгендер болды. Бірақ, Дэн Сиопин оны керісінше ойлайтын. Жастардың саяси талабында жемқорлық мәселесі ең басты орында тұрыпты. Саналы жастар, оны қолдаған халық реформа жасап, есік ашуға қарсы емес екен. Жемқорлыққа жаны қас екен. Олай болса, халықтың көңілін өздеріне қайта бұру үшін сол жастардың талабын орындау керек. Сонда ғана ашу-ыза сейіліп, халықтың көңілі орнына түседі. Осы ойдың жетегімен ол биліктегілердің осы реткі саяси толқуларға қатысқандарды шетінен қамап, жазалап, қара тізімге алып, соңына шырақ алып түсуіне үзілді-кесілді тыйым салды. Қамалғандарды тез арада босатты. Жарақат алғандарды емдеді. Шет елге кетем дегендеріне еркіндік беріп, жолға салды. Қатыгез саясат салған жараны қанша емдегенімен, оның ызғары бәрібір адамдар жүрегінен оңайшылыққа сейілген жоқ.

Осыдан соң Қытай бір мезет әлемнен оқшауланып, реформа мүлде тоқырап қалды. Тіпті, кері кетті десе де болады. Бұрынғы солшылдық ұрандар қайта жаңғыра бастады. Тіпті, бұл саяси шешімдерге де айналды. Ауылдық жерлерде ұжымдық экономиканы дамыту сылтауымен диқандарға бөліп берген жерлер қайта тартып алына бастады. Жеке меншіктегі ауыл-қыстақ кәсіпорындары жергілікті әкімшіліктердің қарамағына көшіп, ешбір ақы-пұлсыз тартып алынып жатты. Мемлекеттік кәсіпорындар да біртіндеп әкімшілік басқаруға көшті. Егер осылай кете берсе, көп кешікпей-ақ 10 жыл жалғасқан реформа табыстары түп-түгел селге кетер еді. Жағдай күн өткен сайын ушыға берді. Мемлекеттік кәсіпорындардың үштен екісі зиянмен жұмыс істей бастады. Тек үштен бірі ғана болмашы табыс әкеліп тұрды. 1990 жылы 1988 жылмен салыстырғанда мемлекеттік өнеркәсіптік кәсіпорындардың табысы 56,5 % азайды. Ал мемлекеттік меншіктегі сауда түсімі 96,6 % кеміп кеткен болатын. Нарық заңдылықтары бұзылған соң, базар тұралай бастады. Бір жерде тұтыну тауарлары қоймада тау болып үйіліп жатса, базарда тапшылық бола бастады. Соның кесірінен өндірістік кәсіпорындар зиянға ұшырап, жұмысын тоқтатты. 1989 жылы бюджеттік шығын 12,2 %-ға,  1992 жылы 13,6 % артып, қызыл цифр 5,8 триллион юаньді құрады. Мемлекеттік міндетті төлемдерді қоса алғанда, нақты қызыл цифр бұдан әлдеқайда қомақты болатын. Бұдан бұрынғы Қытайдың 10 жылдық дамуы тек халықтың қарнын тойдырып, иінін киімге жарытуға ғана жетіп еді. Ал Қытайдың ол кездегі дамуы көрер көзге әлемді таңыртқатқанымен, дамыған елдермен салыстырғанда жер мен көктей болатын. Осы алшақтық одан бетер асқынып кетті. Тіпті дамушы елдермен салыстырғанда да артта болатын. Мысалға, Қытай экономикасы 80-жылдары дамушы 128 мемлекеттің ішінде соңғы жиырмалықтың ар жақ-бер жағында болып, Африканың Сомали, Танзания қатарлы мешеу елдерімен парапар еді.

Тиан Ан Мындағы қырғыннан соң, Дэн Сиопин өзінің ең соңғы мансабы ҚКПоК әскери істер комитетінің төрағасы міндетін тапсырып, ресми зейнетке шықты. Ол бар билікті ҚКП үшінші ұрпақ басшылық ұжымына тапсырарда: «Ғасыр соңында экономиканы екі еселеуге мүмкіндіктерің бар ма? Мен сол күнге дейін тірі жетіп, сол екі еселенген экономиканың жетістіктерін көргім келеді. Үш сатылы даму жоспарының екінші сатысы шешуші маңызға ие. Ол үшінші сатыдағы дамуға негіз қалайды» — деді. Дэн Сиопин уақыттың тым тапшылығын терең сезіне бастаған еді. Ол: «ҚХР алғашқы 30 жылдық тарихы қан-қасап саяси қырқыстармен өтті. Өлгенде әрең жағдайды жөнге салып, жағдай жақсара бастады ма дегенде оңшылдар мен солшылдардың капитализм мен социализмнің ара-жігін айқындай алмай, тағы да қызыл кеңірдек болып жатқаны мынау. 90-жылдардың да бір-екі жылы артта қалды. Екінші сатыдағы дамудың стратегиясы жүзеге аспайтын болса, үшінші саты да қиял ғажайып ертегі болып қалады» деп ойлады. Дэн Сиопин жағдайдың аса қауіпті шекке қарай беттеп бара жатқандығын айқын сезінді. Қытай халқы тағы бір рет ең қатерлі шаққа тап болғанда оның тағы да араласуына тура келді. Ол өз салмағы мен жауапкершілігін жақсы білетін. Тек өзі ғана осы жағдайды дұрыс бағытқа бұруға қабілетті екенін айқын сезінетін

Бірақ ол биліктен кеткеніне екі жыл болған қатардағы зейнеткер ғой.  Екі жыл бұрын өзінің әскери істер комитетінің төрағасы міндетін тапсырғанда: «Мен ендігәрі орталық комитеттің жұмысына араласпаймын» — деп уәде берген болатын. Бірақ сол кезде: «Ерекше бір жағдай болып қалмаса» дегенді қосып кеткені бар. Қазіргі жағдай ерекшенің ерекшесі, ұлт пен мемлекетке қатер төніп тұр. Ал ол араласты, айтты делік. Қазіргі билікті ұстап отырғандар оны тыңдай қояды ма деші?!          

Оңтүстік аймақтарға сапар, соңғы рет атқа қону

            Ол көп ойланды. Ойлана келе, баяғы Мао Цзэдуңның ескі тәсіліне көшті. Реформа мен есік ашудың алдыңғы шебі болған оңтүстік аймақтарға сапар шекті. Алдымен реформа мен есік ашудың табыстарын шын мәнінде көріп-білген, дамыған оңтүстік аймақтарды, оның ішінде, ерекше аймақ ретінде қалыптасқан Шынжын, Жухай қатарлы ерекше экономикалық аймақтарды көзден кешірген соң, теңіз жағалауы арқылы Шанхайға келіп, 1992 жылдың көктем мерекесін сонда қарсы алды. Бейжіңдегілер шалдың не мақсатпен кеткенінен бейхабар болатын. Әдетінше үлкен кісі көктем мерекесін Шанхайда қарсы алуға кеткен болар деп топшылады. Бірақ жергілікті басылымдар мен шет елдер де оның оңтүстік аймақтар көзден кешіргендегі мірдің оғындай сөздері таралып үлгерген болатын. Ол Шынжын вокзалына түскенде оның қасында мемлекет төрағасы және орталық әскери істер төрағасының орынбасары Яң Шаңкун бірге жүрді. Дэн Сиопин — зейнеткер, компартияның қатардағы мүшесі. Ол партияның он үшінші құрылтайында барлық мансаптарынан қол үзіп, тек орталық әскери істер комитеті төрағасы міндетін сақтап қалған еді. Осы мансап арқылы 1989 жылы ҚКП билігін қарудың күшімен сақтап қалды. Қазір ол ешкім емес. Моральдық тұрғыдан бірер ауыз сөз айтуға хақысы бар шығар. Ал мемлекет төрағасы Яң Шаңкунның оның қасынан табылуы мәселенің мәнісінің тым тереңде жатқандығын көпшілікке сездіре білді. Заң тілімен айтсақ шетелдерде Яң Шаңкун ғана Қытайдың №1 ресми басшысы ретінде қабылданады.

Бір апта өткен соң ҚКПоК №2 қаулысымен бүкіл партияға Дэн Сиопиннің оңтүстік аймақтарды көзбен кешіргендегі сөздерінен үзінділер жарияланды. Бұл сөздер күні бүгінге дейін Қытай саясатшылдарының құрандай жаттап, хадистей қайталайтын бойтұмарына айналды. Мұнда: «Реформа дегеніміз – өндірісті азат ету үшін жасалады, реформа жасамау — өзіңді көрге сүйреумен бірдей»; «Даму ғана бұлжымас ақиқат»; «Реформаның тоқтап-тоқырап қалуындағы ең басты кедергі адамдардың капитализм бе, социализм бе деп қызыл кеңірдек болуында жатыр»; «Жоспар мен нарық – ол экономикалық дамудағы тәсілдер ғана, капитализмде жоспар жоқ деп кім айтты сендерге?! Капитализмде де жоспар, социализмде де нарық болады»; «Біз, Қытайлықтар, оңшылдықтан сақ болуымыз керек, бірақ ең қорқынышты нәрсе – солшылдық»; «Біз уақытты пайдаланып, орайды қолдан бермей алдағы бірнеше жылда тағы бір белесті бағындыруға тиіспіз» деген сияқты ҚКП бағытына соңғы рет түпкілікті бетбұрыс жасаған пайымдаулар болды.

Дэн Сиопиннің оңтүстік аймақтарды көзден кешіргендегі көп дәріптелмеген мына бір сөзі де бар еді: «Менің шешімдерімнің қажеттілігі болса, оның ең бастысы — менің реформа мен есік ашу бағытынан айнымағаным еді». Шынында да, тек соның табандылығы ғана осы жолдан айнытқысы келген біраз саясаткер-сымақты тәубесіне келтіріп, ең шешуші сәтте ең қажетті шешуші сөзді айта білгендігінде еді.

Тарихшылар Дэн Сиопиннің оңтүстік аймақтарды көзбен кешіргендегі сөйлеген сөздері Қытайдың даму бағытына екінші рет тарихи бұрылыс жасау деп бағалайды. Бірінші реткі тарихи бұрылыс – оның 1978 жылдың ақырындағы Қытайда таптық күресті арқау еткен саяси тартыстан арылтып, Қытайды экономикалық дамуды өзек еткен тарихи бұрылыс жолына бастағандығы еді. Міне, екінші рет 1992 жылдың басында Қытай билігінің бейбіт саяси өзгерістерден сақтануды өзек еткен билік стратегиясын қайтадан реформа мен есік ашудың, атап айтқанда, шынайы нарықтық экономиканың даңғыл жолына қайта салып кеткендігі болды.

Бұл тарихи бұрылыс бір мезет Қытайдың болашақ дамуынан торығып, қасірет пен қайғыға батқандарға үміт отын сыйлады. Қытай қоғамы ұйқыдан оянып, барлық сала жаппай жанданудың, көркейіп-гүлденудің даңғыл жолына түсті. Халық жасы 90-ға таяған осы бір қарт жобалаушы тірі болмағанда күніміз не болар еді деп от басы, ошақ қасында жиі әңгімелейтінді шығарды. Оның осы еңбегі 1989 жылғы Тиан Ан Мын қырғынындағы оның қылмыстарын едәуір жеңілдеткендей болып еді.

                        Айтысып тартысудан аулақ болу

Дэн Сиопиннің даму стратегиясында мына екі ұстаным қызықты және көп саясаткерге, тіпті қарапайым ақылды адамдарға да үлгі болады деп ойлаймын. Оның біріншісі ұлы Абайдың «наданнан күнде жеңілем» дегені сияқты. Бұл туралы Дэн Сиопин: «Таласып-тартыспау – менің бір тапқырлығым десем де болады. Таласып-тартыспау уақыт жоғалтпау үшін керек. Таласып-тартыссаң бітті, мәселе күрделене береді, уақытың кетеді, жүйкең жұқарады, соңынан түк те істей алмайсың. Оданша, таласып-тартыспай-ақ өзің дұрыс дегенді істеп көр, тәжірибе жаса. Біз ауылдық жерлерді реформалағанда осы әдісті қолдандық. Қаладағы реформа да осыған саяды», — деген еді. Қарап отырсам, бұл Дэн Сиопиннің де тапқырлығы емес сияқты. 2000 жылдың алдындағы Қытайдың ұлы философы Лаозы: «Ақылды адамдарға таласпауға кеңес берер едім. Қайдағы біреумен қызыл кеңірдек болғанша жер бетіндегі қараша халыққа пайдалы іспен айналысқаның әлдеқайда дұрыс», — деген екен. Ұлы ойшылдар Абай да, Лаозы да кім-көрінгенмен сөз таластырып, дауласып жатуды құп көрмепті. Дэн Сиопин өз өмірінде Қытайдың мына бір тәмсілін қатты ұнатады екен:

«Есте жоқ ерте заманда бір білгіш:

— Төрт жеті – жиырма сегіз, — десе, екінші біреуі айтатын көрінеді:

-  Жоқ, оқымысты мырза, төрт жеті – жиырма жеті болады, — депті.

Екеуі қатты айтысып, ең соңында, төбелесіп қалады да, аудандағы ұлыққа барады. Ұлық жағдайға қаныққан соң төрт жеті – жиырма сегіз деген оқымыстыға дүре соғуды бұйырады. Ал, төрт жеті – жиырма жеті деп қасарысқан қас наданды жазасыз жіберіпті. Өзінің неден жазғанын түсінбеген оқымысты-сымақ:

— Тақсыр-ау, мен неден жаздым? – деп зарлайды.

Сонда ұлық:

— Ақымақ неме, елдің бәрі білетін ақиқатты қайдағы бір қас наданмен неге уақыт шығындап дауласып жүрсің? Сенің мұның ақиқаттың өзін қорлау ғой! – деп жауап беріпті».

Дэн Сиопиннің пайымдауынша, Қытайдың миллиардқа жуық халқы дені сау тірлікпен шұғылданбай, 30 жылға жуық айтыс-тартыс жасапты. Бірін-бірі қаралапты, жалалапты, атыпты, асыпты, оның соңы қан-қасап қырғын, жар астынан жау іздеу, ағайынды араз, жақынды жау етуден басқа түк емес екен. Әлемде тобырдың дау қуғанынан артық жаман нәрсе жоқ. Сол себепті Дэн сол даудың түбіне нүкте қойып, даукестердің ініне су құйған болатын. Себебі, «өспейтін елдің баласы өнбейтін дауды қуады» деп қазақ айтқандай, дау қуғандардың көбі дені сау тірлікпен айналыспайтын, өмірде жолы болмаған бейбақтар екені әлмисақтан аян.

Дэн Сиопиннің тағы бір қатты ұстанатын берік ұстанымы ол – қоғамның дамуы. Тыныштық, тұрақтылық дегенді Дэн Сиопин де аз айтқан жоқ. Бірақ, тұрақтылық пен тыныштықтың ең басты кепілі ол – қоғамның дамуы. Соның ішінде, экономикалық дамудың маңызы бәрінен үлкен. Ол 1991 жылы айтқан бір сөзінде: «Қоғамдық тұрақтылық, әрине, қажет. Бірақ бұл барлық мәселені шешудің кілті емес. Бәрі де айналып келіп экономикалық дамуға табан тірейді. Түбірімен айтқанда, қалтаңда ақша, қолыңда байлығың болса, көптеген қайшылықтар мен мәселелерді шешуде ырықты боласың», — деген болатын. Шынында, бүгін кез-келген мемлекеттік билік үшін алып айтқанда  қоғамда барлық мәселені шешетін ең негізгі құрал ол — орындалмайтын уәде, әдемі саяси ұрандар емес, экономикалық дамудың жылдамдығы мен өресіне байланысты болады.

(Жалғасы бар)

Алдыңғы бөлімін сілтемеден оқи аласыздар

Дереккөз: "Жас Алаш"

Пікір жазу
  • Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫ: Бүгінгі күні білім бар, біліктілік те бар, тек бұрынғы ұлттық мінез жоқ
    Дэн Сиопин стратегиясы Тоқаев реформасы үшін де маңызды