ТАРИХТЫҢ ТАҢДАУЫ ТӘУЕЛСІЗДІК

Уақыты: 2021-04-30 Көрлімі: 1165 Сипаттама

Омарәлі Әділбекұлы Жуырда ғана «Қазақ университеті» баспасынан тарихшы Нәбижан...

Омарәлі Әділбекұлы

 unnamed.jpg

          Жуырда ғана «Қазақ университеті» баспасынан тарихшы Нәбижан Мұхаметханұлының «Халықаралық феномен: Қазақ халқының бөлінуі мен тұтастану үдерісі» атты монографиясы қолымызға тиді. «Бұл еңбегімді Қазақстан республикасының тәуелсіздігінің отыз жылдығына арнаймын» деп жазған автор алғашқы бетті ұлы Абайдың «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген атақты өлеңімен ашыпты. Монографияның мазмұны мен мағынасы, көтерген тақырыбы мен көздеген мақсаты осы сөздердің аясына сыйып кеткендей. Бар саналы ғұмырын ғылымға арнаған, тәуелсіздіктен кейін отанға оралып жаңа тынысы ашылып, өткен өміріміз бен келешегімізге қазақтың көзімен үңіліп, қазақтың жанымен сезінген ғалымның бұл еңбегі өз зерттеуінің сүбейлі жемісі ғана емес, отан тарихындағы жаңа бір бетбұрыстың басталуы, ғылым көкжиегінің кеңейуі болғанын кітапты оқи отырып сезіндік. Кітаптың кіріспесінде автор «мен қазақ халқының бөлінуі мен тұтастану тарихи үдерісін жалпы әлем тарихы контексінде, халықаралық қатынастар жүйесіндегі өзгерістерге байланыстырып талдау жасау арқылы оның ішкі заңдылық сипатын ашып көрсетуді алдыма мақсат етіп қойып отырмын» [9 б.] деп түйіндесе, «зерттеу еңбегінің негізгі дерек көздерін – тарихи құжат материалдары және қазіргі заманғы құжат жинақтары деп екіге жіктеп айтуға болады»[13 б.] деп сараптай келе «зерттеу нәтижесі Тұңғыш президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев белгілеген, елімізде отыз жыл бойы дәйекті түрде ақтарып келген қазақ диаспорасы саясатының дұрыс әрі нәтижелі болғанын анықтайды»[16 б.] деп қорытындылайды.

         Жалпы монография «қазақ халқының бөліну үдерісі»... «қандастар және «мәңгілік ел» болу» деген бес бөлімге бөлініп, көтерген тақырыбы, сұрыпталған материалдарына қарай әр бөлім шамамен бес тарауға жіктелген.

          Осыған дейін он төрт жинақ, монография шығарған, жеті энциклопедия, сөздік жұмысына қатысқан, онға таяу ғылыми еңбекті құрастырып, аударған тарихшы бұл еңбегіне ұзақ дайындалғаны, көз майын сарқып көп ізденгені, қазақ халқының өткені мен бүгініне сын көзбен қарап, бодандық пен тәуелсіздіктің себебі мен салдарын саяси, тарихи, халықаралық, географиялық тұрғыдан сараптай келе ұлттық қасіреттің объектив және субъектив себептеріне үңілгені байқалады. Тарихи оқиғалар мен құбылыстарға баға беріп, тарихи жылнамаларды сарапқа салғанда қалыптасқан қағидаттар мен отаршылдардың мүддесімен орныққан тұжырымдарға тәуелсіз елдің көзімен қарап қазір де, болашақ ұрпақтар да ескерер ащшы сабақтарды жасырып, жаппай нақты фактілермен ой елегінен өткізеді. Бұл пайымдар әсіресе Қазақ хандығы ыдырап қазақтар екі империяның бөлісіне түскен кезде, одан кейін хандық, би институттары жойылып ел тағдыры қыл үстінде тұрғанда орталыққа бағынбаған ру басылары мен билердің өзара алауыздығын ұлт мүддесінен жоғары қойған сұрқай тірліктері тарихи фактілермен айтылады. Әсіресе қытай қазақтарының өткен ғасырдың алғашқы елу жылдығында көрген құқайы мен ру басылар мен ел бастаған серкелердің саяздығы мен тәуекелшілдігі, өзара бақталастығы аңыз-ертегімен емес тарихи құжаттармен расталып ел басына түскен нәубеттің ұлтқа алып келген өлшеусіз зардабы мен зиянын жадымыздан қайтадан бір жаңғыртып өтеді.

Снимок.JPG

          Барлық отарлықтан құтылған елдер ең алдымен бетпе-бет келетін әрі мемлекетті құрып, күшейту барысында кешірілмес шөре, басым идеологиялық бағыт саналатын – отарсыздандыру процессі елімізде өте баяу жүргенмен, ұлттық тұтастану процессі басталып кетті. Оның белгісі кітап авторы атап өткендей 2014 жылы ұлт көшбасшының «Мәңгілік ел» идеясы, «Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» деген атпен қабыса түссе одан ары «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» және «Ұлы даланың жеті қыры» сияқты бағдарламалық құжаттармен толықты. Ішкі, сыртқы көші-қон жұмысы жүйеге түсіп, түркі халықтарының екінші мекені атанған Түркістан жаңа статус алып, латын жазуына көшу жоспары сөзден іске көшіп жаңа серпін алды. Міне бұл ұлттық тұтастану үдерісінің жаңа өреге көтерілуі еді. Әсіресе, К.Л. Сыроежкин сияқты жалдамалы идеологтар асыра дәріптеген «жергілікті қазақтар мен қытай қазақтардың менталитеті басқа, тілі, жазуы ұқсамайды. Қандастар қоғамның аутсайдерлері олардан бір ұлт жасауға тыраштанбау керек деген» сандырақтарына қазақ ұлтының бөлінуі мен қайта тұтастану тарихын, қазақ этногезінің қалыптасу барысын, соғыс, ашаршылық, репрессия кезінде ұлт болып ұйысып, бір-біріне жан басып, көмектесіп, өмір, бостандық, ар-ұждан үшін бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып күрескенін тарихи құжаттар мен фактілерге сүйене отырып тойтарыс берді.

          «Қасым ханның қасқа жолы» мен «Есім ханның ескі жолында» топтасқан, ұйысқан жауынгер халықтың бодандық қамытын киіп, әлемнің қырық неше еліне шашырап кетсе де тілін, дінін, тегін ұмытпай тәуелсіздік жылдарында атамекенге ат басын тіреген, қысқа мерзімде советтік мәдениеттің шылауына түсіп бөгделене бастаған қандастармен тіл табысып рухани жаңғыру жолындағы жаңа Қазақстанның тың келбетін қалыптастырғанын оқиғалар, құжаттар, деректер, цифрлар, жетекші тұлғалардың жеке өмірі арқылы сараптап береді.

18203_large.jpeg

          Әрине жаңа кітап туралы сезінген, түйсінген, түсінген дүниелер аз емес, ол туралы кәсіби мамандар мен сарапшылар әлі талай қалам тербеп рухани өмірімізге алып келген жаңалықтарын, қосқан құндылықтарын айта жатар. Біз тараптан монографияның үшінші, төртінші, бесінші бөлімдерінің төртінші тарауларына айрықша тоқтала кетуді жөн көрдік.

          Өз жерімізде отырып еріксізден бөлініп-жарылу қанша қасірет болып жадымызда сақталса да қайтадан бірігудің барысы, жолы мен жосыны оңай емес екен. Жиырмасыншы ғасырда адамзатқа орын толмас апат алып келген коммунизм қозғалысы жүріп өткен совет одағы, қытай, моңғолия сияқты елдерде өмір сүрсек те санаға сіңген, танымға таңылған, жүрекке сыз қалдырған бөгде саяси мәдениеттің ықпалдары мен этникалық қазақтар арасындағы өзара саяси жатсыну мәселесі байқалып отыр. Тіпті қоғамдық ортада болмаса да, қоғамдық желі де дауға ұласып кеткені жасырын емес. «Олардың ұстанған марксизм-ленинизм негізіндегі Сталлиндік, Мао Цзэдундық идеологиясы дүйім халықты адами қасиеттен айырды. Олар халықты жалпы адамзатқа ортақ құндылықтармен гуманизмге баулу емес, маркстік утопиямен атеизмге, қарапайым халықтар бірін-бірі жау санайтын, әкесіне баласы саяси және адами жақтардан қарсы болатын тағылыққа тәрбиеледі, ең жоғарғы билеушіні «әке», «ата» деп танитын, тіпті құдай санап, табындыруды дәстүрге айналдырды. Соның салдарынан адамдардың ойлау жүйесі барынша саясиланды.»[148 б.] «ҚХР – КСРО қатынастары шиеленіскен сайын, екі елдегі қазақтарды бір-біріне қарсы қойды. Сөйтіп олардың санасына бірін-бірі жау көретін, бірін-бірі «шпион» санайтын көзқарас сіңді. Осылайша ширек ғасырға жалғасқан идеологиялық теріс насихаттар, екі елдегі қазақтардың ойлау жүйесін саясиландырып жіберді, содан олар өз тумаларына саяси өлшемдермен қарайтын болды.»[149 б.] Міне осылай мәселенің талмау жерін тапқан тарихшы тиісті жауаптыда өзі берген. «ҚХР мен КСРО-ның ширек ғасырдан астам екі елдегі қазақтарды тұмшалап, бөгделесе де, тіпті бір-біріне қарсы қойса да, қазақ халқын мүлде екі басқа ұлтқа айналдыра алған жоқ. Өйткені ұлттарда болатын ортақ ұлттық сана-сезім оңай өшпейді, өте ұзақ сақталады. Сондықтан қазақтардың ұлттық танымының олардың тарихилығы мен өміршеңдегін аңғарамыз.»[150 б.] «Арызқойлық «бұл жалпы қазақтың тарихи ауруы», даукестік, дауласқыштық, пәлеқорлық, жалақорлық, шабуылшылдық [агрессивті] әрекеттер. Мұндай құбылыстар бұрын-соңды Қытайдан келген ағайындардың кейбіреулерінен көбірек байқалады. Соңғы жылдары қытайлық қандастар арасында интернет ақпарат құралдары арқылы етек алған айтыс-тартыстары Қытайдағы «үлкен ашылып-сайрау» науқанына қатты ұқсап кетті. Басқаша айтқанда, қытайлық «мәдени революцияның» қазақстандық кіші көрінісіндей болды. Олар оралмандардан да, отандықтардан да «жау» іздеді. Бейне қытайдың «мәдени революциясы» сияқты ешқашан дәлел-фактісіз-ақ кез келген адамға «қылмыс» тағып, күрес жасауға шықты. «Шпиондар», «сатқындар», «қытайшылдар» [... «шылдар» деген қылмыстық атау емес. Әлемде «шығысшылдар», «батысшылдар», «орысшылдар», «жапоншылдар» деген идеялық тенденцияны аңғартады. АҚШ-та «қытайшылдар», қытайда «АҚШ-шылдар» толып жүр] деген қылмыстар тағып, айыптай беретін болды. Тіпті күресті «табақтай-табақтай дипломы бар, том-том кітабы бар» ғалымдарға бағыттады. Бұл қытайдың «мәдениет революциясындағы» анти-интеллигенциялық күресінің айна-қатесіз көшірмесі болды. Қытайда зиялыларды «сасық тоғыз» деп жаныштаған болатын. Ұлт зиялыларына қарсы тұру – ұлтты жоюдың төте жолы екенін қоғамдық практика әлдеқашан дәлелдеген ақиқат. Ал «мәдени революцияны» ҚКП-ның өзі «он жылдық алапат» деп бағалаған болатын. Бірақ қазіргі Қытайда Мао дәуіріне қайту тенденциясы байқалса, Қазақстанда оның ұшқындары жылтылдайды.»[179 б.] «Қытайлық кейбір қандастардың ойлау жүйесі барынша саясиланған, елге келген соң да пәлендей өзгере қойған жоқ. Мысалы, Қытайда жүргенде ауылдың дөрекі партия хатшысына сын айтуға батылы бармайтын бейсауат әйелдер, елдегі сөз бостандығын пайдаланып, өзінің Қазақстанның тәуелсіздігі арқасында, Елбасының салиқалы саясатының шапағатымен Отанға оралғанын ескермей, мемлекеттік саясатқа сын айтып көкігенін көргенде намыстан жарыла жаздайсыз. Бұл қытайлық «күрес мәдениетінің» көрінісі емей немене?! Осындай шартты әзірлеп келген қытайлық оралман пысықайлардың Қазақстанда жолы болғанын көзіқарақты адамдар байқап отыр. Ондай пысықайлар арасында кейбіреулері биік мінбедегі саясаткерді де, мүйізі қарағайдай жазушы қаламгерлерді де саналы түрде өздеріне қызмет еттіріп қойған! Өкінішке орай, дәл қазір Қазақстанда мемлекет үшін, ұлт үшін қызмет еткеннен гөрі белгілі бір ру немесе шағын топтың мүддесі үшін жұмыс жасаған әлдеқайда пайдалы болып тұр. Өйткені, біздің саяси және мәдени элитамызда [бәрі демеймін, көбінде] әлі күнге дейін кез келген мәселеге мемлекеттік, ұлттық мүдде тұрғысынан емес, рулық, аумақтық шағын топтық мүдде тұрғысынан таңдау жасайтын пасық әдет бар. Мұны сезген қытайлық оралман пысықайлар оны өзінің жекебасы үшін пайдаланып, мемлекетті, ұлтты масқаралауға дейін барғаны жасырын емес. Мысалы, Қытайдың ортағасырлық атақты ақыны Ли Байды [Ли Боны – Li Bai] Дулат бабанының тоғызыншы ұрпағы жасаймын деген қуға, қор жинап, қаржы топтап қарбаласқа түскені өтірік емес қой. Ли Байдың еңселі мүсінін Тараз қаласының кіре берісіне тұрғызатын үлкен жобалары, әдебиетші-тарихшы Дәулетханұлы Әлімғазының «даукестігінен» әрең тоқтап, халықаралық масқара болудан аман қалдық.»[180-181 б.] «Сынықтан басқаның бәрі жұғады» дегендей тілімізді, дінімізді, ділімізді сақтаймыз деп жан таласып жүріп қаншама асыл қасиеттерімізді жоғалтып, жаттың жағымсыз психологиясы мен әдет-ғұрпын жұқтырып алғанымыз тіпті кей жақтардан олардың өзін жолға қалдырып кеткенімізді тарихшы кей міскіндердің аты-жөнін әтейлеп атамаса да олардың айқай - аттандар мен іс-әрекеттерінен бәрін танып, сезіп отырмыз. Дерт батпандап кіріп, мысқалдап шығады дейді. Мына дерттен ұрпақ жаңаланбай құтылмайтын шығармыз.

          Өткен ғасыр басталғанда ұлт ұстазы А.Байтұрсынов «Әлхәмдулла! Алты миллион болдық» деп шүкіршілік айтқан еді. Алла осы сөзді көп көрді ме? Қайдам бөлшектенгеніміз аз болғандай Қазан төңкерісінің зеңбірек үніне жалғасқан мың сан машақат пен ауыр тағдыр маңдайымызға жазылыпты. Ғасыр ортасында қара шаңырақта қазақтар саны небәрі екі миллионды әзер құрады. Оның соңы қазақтың қырық пайызға жуығы өз ана тіліне мақұрым қалып, сол кездегі астана Алматыда жалғыз қазақ мектебі дәтке қуат болып өмір сүріп жатты. «Өлмегенге өлі балық жолығады» дегендей тәуелсіздікке арып-ашып, азып әрең жеттік. Қабырғамыздың қатая бастағаны шығар 23 жылдан кейін ұлт көшбасшысы 2014 жылы 24 тамызда кезінде хандар салтанат құрып, Ақсақ темір тізе бүккен, Жошы ханның рухы сіңіп, тәні дамыл тапқан Ұлытау баурайында журналистерге берген сұхбатында «Мәңгілік ел» идеясын халыққа жариялады. Н.Мұқаметханұлы осы идеяның түп тамыры байырғы ғұндардан, сақтардан, үйсіндерден басталып көк түріктер заманында жалғасқанын айтып, осы тарихи бағдарламаны халыққа түсіндірген отандық ғалымдардың еңбегіне сараптама жасай келіп «өкінішке орай бұл еңбекте ұлттық бірігу қарастырылады да, шетелдердегі этникалық қазақтардың тарихи Отаны – Қазақстанға оралуының ұлттық ұлы тұтастанудағы маңызы назардан тыс қалып қойған. Ұлт тұтастанбай мемлекет күшеймейді. Бұл аксиома.»[223-224 б.] деп мәселені қабырғасынан қойды. Ғалымның бұл пайымдарына түсініктеме жасаудың керегі жоқ. Асырып айту тіпті мүмкін емес. Осы тақырыпта кеңірек ойланып, тереңірек толғану керек. Тәуелсіздігіміздің отыз жылдық мерейтойына орай осындай еңбектің жазылуы уақыттың сұранысы, қазақ тарих ғылымының сапалық секірісі, ғалымның жанкештілігі мен өз мемлекетіне деген шексіз сүйіспеншілігінің белгісі деп білеміз.             


Пікір жазу
  • ЖІНТІКТЕЙ ЗЕРДЕЛЕП, ТЫҢҒЫЛЫҚТЫ ТҰЖЫРЫМ ЖАСАҒАН
    Күнсұлу Закарья: Тірі вакцина әзірлеп жатқан бізден басқа ел жоқ

    Ұқсас тақырыптар