Конституциялық реформалар мемлекеттің дамуы бағытына қалай әсер етті? Халық ондағы канондық ұғымдармен қаншалықты таныс? Конституцияны мемлекеттің негізгі заңы деп айтуымызға не себеп? Осы сауалдарды ҚР Конституциялық Кеңесінің мүшесі Әлібек Темірбековтің берген жауабын ҚазАқпаратқа сілтеме жасап хабарлаймыз.
-Конституцияны мемлекеттегі негізгі заң деп жатамыз ғой. Соны тарқатып айтып беріңізші. Оның мемлекет өміріндегі маңызын қалай сипаттар едіңіз?
- Конституцияның елдің басты заңы ретіндегі маңызы орасан. Дамудың демократиялық жолын таңдаған мемлекеттердің саяси, экономикалық, әлеуметтік, құқықтық және мәдени-гуманитарлық негізін Конституция айқындайды.
Ата Заңның 1-бабы бойынша Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет деп таныған. Қазақстанның ең қымбат байлығы – адам мен оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары.
Яғни, адамның құқығын, өмірі мен еркін мемлекет қорғауға міндетті. Ал ҚазКСР Конститутциясында бірінші кезекте мемлекет, одан кейін барып адам қорғалатын. 1995 жылы қабылданған Констиутцияда бірінші орынға әуелі адам мен қоғам, одан кейін барып мемлекет қойылды.
Ата Заңымыздың сол нұсқасы бүкілхалықтық референдумда қабылданған болатын. Құжатың 4-бабы 1-тармағы бойынша Конституцияның нормалары Қазақстанда құқық қолданысын реттейді. Басқаша айтсақ, елдегі нормативтік-құқықтық база түгелдей Ата Заңға сәйкес болуы керек.
- Ал нормативтік-құқықтық база Ата заңға сәйкеспесе не болады?
- Әрине, заңдарды қабылдау кезінде және іс жүзінде мұндай сәттер кездеседі. Егер заңның өзі немесе нормасы Конституцияға сәйкес келмесе, 72 және 78-баптарда айқындалған субъектілер ресми түсіндірме алу үшін Конституциялық Кеңеске қабылданатын норманың негізгі құқықтық құжатқа сәйкестігі туралы сұрау салып, жүгіне алады. Басқаша айтқанда, ел Конституциясы – барлық заңнама мен құқық қолдану практикасына негіз болып тұрған іргетас.
4-бапта Конституцияның ең жоғары заңдық күші бар екені айтылған және республика аумағында тікелей қолданылады деп белгіленген. Яғни, Конституцияны абстрактілі құжат ретінде түсіну мүмкін емес деген сөз. Ата Заң ең әуелі Қазақстан азаматтарына арналған және ол тиімді жұмыс істейтін құқықтық құжат болып саналады.
- Конституцияның қабылдану тарихына тоқталсақ. Құжаттың жобасын дайындаған кезде қай елдердің тәжірибесі көбірек ескерілді?
- 1993 жылы тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Конституциясы қабылданды. 1995 жылы қазір қолданып жүрген екінші Конституция қабылданғанын білесіз. Елдегі басты құқықтық құжатты барынша тиімді әрі пәрменді ету үшін елдегі зияткерлік және рухани күштердің бәрін бір арнаға тоғыстыру қажет болды.
Құжаттың жобасын әзірлеу кезінде Конституциялық доктринаның прогрессивті ережелері мен әлемнің көптеген елдерінің практикасы пайдаланылды. Бірінші кезекте, біздің Конституциямыздың Франция Конституциясымен ұқсастықтары бар екенін атап өту керек. Бұл жөнінде Ата Заңның Конституциялық Кеңес туралы VI бөлімінде айтылады. Әлемдік тәжірибеге қарасаңыз, Конституциялық кеңестер Францияда және тағы бірнеше елде ғана бар. Негізінен Конституция нормаларының сақталуын Конституциялық соттар қағалайды.
1995 жылғы Конституция қабылданған кезде ел Президенті арнайы сараптамалық-консультативтік кеңес құрып, оған белгілі қазақстандық және шетелдік сарапшылардың басын қосқан еді. Оған тарихшы, саясаттанушы, этнолог, филолог, журналист сияқты басқа да мамандық өкілдері тартылды. Осылайша, құжаттың әр бабы, тарауы, тіпті сөзі жан-жақты сыни талдаудан өтті.
- Жаңа Конституция қабылданар кезде қоғамда қызу талқыланғаны белгілі. Жұртшылық қандай ұсыныстар берді, қолданыстағы құжатта ол ұсыныстар қаншалықты ескерілді?
- Иә, құжат жобасы бүкілхалықтық талқылаудан өтуі үшін БАҚ-та жарияланды. Оған бүкіл елден 3 миллионнан астам адам қатысып, 31 мыңнан астам ұсыныстар мен ескертулер берді. Соның нәтижесінде құжат жобасын айтарлықтай жетілдіруге бағытталған 1100 түзету енгізілді.
Бүкілхалықтық референдум 1995 жылы 30 тамызда өтті. «Сіз 1995 жылғы 1 тамызда баспасөзде жарияланған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдайсыз ба?» деген жалғыз сұрақ қойылған еді. Референдумға қатысқан азаматтарының 81%-ы жаңа Конституцияны жақтап дауыс берді.
- Конституцияға өзгерістер мен түзетулер жиі енгізіледі деген пікір бар. Кейбіреулер Ата Заң қайта-қайта өзгертілмеуі керек деп жатады. Мұндай пайымдаулар қаншалықты орынды?
- Иә, әрине, мұндай пікірлер бар. Бірақ Конституцияға енгізіліп жатқан өзгерістер мен толықтырулардың бәрі нақты уақыт талабынан туындағанын айтқым келеді. Конституцияның әрбір реформасы, нақтырақ айтсақ, 1998, 2007, 2011, 2017 және 2019 жылдары жасалған жетілдірулер қоғамның эволюциясымен тікелей байланысты болды. Олар барынша негізді және уақтылы жүргізілді деп ойлаймын.
- Сол өзгерістер мен түзетулердің ішіндегі елеулі дегендері қайсысы деп ойлайсыз? Олардың маңыздылығы неде?
- 1998 жылы Ата Заңның 19 бабына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Өзгерістер Президенттің, Сенат пен Мәжіліс депутаттарының мерзімдері мен өкілеттіктеріне қатысты болды. Мемлекеттік қызметшілерге қойылатын жоғарғы жас шегі алынып тасталды. Сонымен қатар, 1998 жылғы түзетулерде Мәжілістің 10 депутаты пропорционалды өкілдік жүйесі бойынша партиялық тізімдер негізінде сайланады деп көзделген.
Ал 2007 жылы енгізілген өзгерістер мен түзетулердің мәні мынадай болды: пропорционалды сайлау жүйесіне көшу, премьер-министрді парламенттік көпшілік дауыспен бекіту туралы норманы енгізу және Үкімет басшысын тағайындау кезінде Президенттің партиялық фракциялармен кеңесуі арқылы Парламент мәртебесін нығайту. Сондай-ақ, Қазақстан халқы Ассамблеясы конституциялық мәртебеге ие болды және өз өкілдерін белгіленген квота бойынша Парламент Мәжілісіне, Сенатына жіберу құқығын алды.
2011 жылғы ақпанда ел Президентінің кезектен тыс сайлауын тағайындау мен өткізудің конституциялық негіздерін белгілеуге бағытталған өзгерістер енгізілді.
2017 жылғы конституциялық реформа аясында «Қазақстан-2050» Стратегиясы, Қазақстанның неғұрлым дамыған 30 елдің қатарына кіруі, сондай – ақ Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Бес институционалдық реформасын орындау тетіктері қабылданды. Осы реформаның қорытындысы бойынша Конституцияның 25 бабына 33 түзету енгізілді.
- Конституцияның негізгі канондық ережелерімен халықтың қанша пайызы таныс?
- Халықтың қанша пайызы Конституциямен таныс екенін нақты айту қиын. Бірақ мен Қазақстанның әрбір азаматы мемлекеттің негізгі заңы – Конституцияны білуге және құрметтеуге тиіс екеніне сенімдімін.
Конституциялық Кеңестің Жолдауларында Ата Заңның беделін көтеру, конституциялық патриотизмді қалыптастыру қажеттігі айтылған.
2018 жылдан бастап «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында мектеп оқушыларының, журналистердің арасында конкурстар өткізіп келеміз. Ондағы мақсат – жастардың құқықтық мәдениетін, әр азаматтың Конституцияны білу қажет екенін түсіндіру.
2019 жылы Конституция күні Конституциялық кеңес «Ата Заң апталығы» жобасын іске қосқан болатын. Бұл жоба өзінің тиімділігін көрсетіп, 2020 жылы Білім және ғылым, Ақпарат және қоғамдық даму министрліктерінің, әкімдіктері үн қосты. Конституцияны насихаттауға белсенді қатысатын мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, қоғамдық бірлестіктердің және басқа да ұйымдардың саны жыл сайын тек арта түседі деп ойлаймын.
Конституция күнімен барша қазақстандықтарды құттықтап, оларға денсаулық, сәттілік және амандық тілеймін! Жаһандық пандемиядан туындаған сынақтардан төрт көзіміз түгел өтейік!
- Әңгімеңізге рахмет!
Автор Есімжан Нақтыбай