Қытай Коммунистік партиясының ресми газеті – "Жэньминь жибао" (Халық газеті) сайты қазақ тілінде кириллица қарпімен шыға бастады, деп malim.kz сайтына сілтеме жасап хабарлаймыз.
"Онлайн «Халық Газетінің» қазақ(кириллица), итальян, суахили тілдеріндегі нұсқасы тиісті өңірлердегі халыққа Қытайдың саясаты, экономикасы, қоғамы, мәдениеті, ғылымы мен білімі секілді көптеген салаларынан ақпарат таратады. Сөйтіп, қытайлықтар мен сол өңірдегі интернет тұтынушыларының өзара түсінісіп, барыс-келіс жасауының жаңа мүмкіндігіне айналуды мақсат етіп отыр. Бұл жоба онлайн «Халық Газетінің» көп тілді, көп терминалды, жаһанданған,қамту аясы кемелді алдыңғы қатарлы халықаралық жаңа медиа құру қадамын оңтайландыра түседі", - делінген Онлайн "Халық газетінің" сайтында.
"Халық Газеті «әр тарапты өңір, басқа мемлекет, өзге жұртшылықты жақын тартып, дәлме-дәл ақпарат тарату тәсілін қолдану арқылы, Қытай арманы мен Қытай үнін жаһандандырып, өңірлендіріп, бұқараландырып бейнелеу» сынды халықаралық ақпарат тарату қызмет талабына сәйкесіп, Қытай хикаясын, Қытай үнін дәйекті жеткізіп, Қытай елін шынайы, жан-жақты көрсетуді орындап келеді", - делінген сайтта.
«Халық Газетінің» бүгінде қазақ тілінен бөлек, ағылшын, жапон, француз, испан, орыс, араб, корей, неміс, португал, итальян, суахили сынды 12 шет тіліндегі нұсқасы бар.
"Халық Газетінің" кириллица қарпімен берілген қазақ тіліндегі сайтын шолып шықтық. "Коронавирустың таралу тегін зерттеу қызметі жауапкершілікті басқаның мойнына артудың құралы болмауы керек" деген бас мақала АҚШ барлау қызметінің коронавирустың шығу тегі бойынша ұсынған ақпаратты жоққа шығарады. Мемлекеттік денсаулық сақтау комиссиясы меңгерушісінің орынбасары Цзэн Ысинге сілтеме жасаған басылым оның «Коронавирустың тегі туралы мәліметтің кәсіби медициналық мекеме емес, керісінше АҚШ-тың барлау мекемесі тарапынан жариялануының өзі күлкілі, вирустың таралу тегін кімнің саясиландырғысы келетіні бесенеден белгілі болып тұр" деген сөзін келтіреді.
Сондай-ақ сайтта Қазақстанға қатысты ақпараттар да қамтылған. Мысалы, Жамбыл облысындағы әскери бөлім қоймасынан өрт шығып, жарылыс болғаны жайлы Қазақпараттың материалы берілген.
Бұдан бөлек Шыңжаңдағы Ауат орталық бастауыш мектебінде оқитын шәкірттің "мектебімді сүйемін" деген сөзі мен мектеп ауласында бір топ оқушының жаттығу жасап тұрған суреті берілген. Бұл мектепте 2700-ден астам ұйғыр оқушылары оқиды.
Қытай Коммунистік партиясының ресми газетінің сайты не себепті кириллица қарпімен қазақ тілінде сөйлей бастады? Оның артында не жатыр? Сарапшыларға осы сұрақты қойып көрдік.
Омарәлі Әділбекұлы, "Жебеу" қоғамдық бірлестігінің жетекшісі:
– Бұл кириллицамен шығып жатқандықтан, Қазақстанға арналған сайт. Бұрын "Халық газеті" сайты ағылшын, орыс, француз сияқты тілдерде шығатын. Енді соның қатарына қазақ тілі қосылды. Мұның екі түрлі себебі бар. Біріншісі – қазақтілді оқырманның көбеюі. Бұрын Қытай Қазақстанға тек орысша оқып, орысша сөйлейтін ел ретінде қарайтын. Соңғы жылдары Пекинде, Шанхайда, Сиан қалаларындағы университтерде қазақ тілі кафедрасы ашылды. Құлжа және Үрімші қалаларындағы университеттерде қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасы бұрыннан бар. Осы тұрғыдан келгенде қытайлар қазақтілді оқырмандарға назар аудара бастады.
Екінші себеп – Қытайдың өз ықпалын, үгіт-насихатын жүргізу керек деген ежелгі саясаты. Онлайн "Халық газетінің" сайтын қарадым, Тибет, ішкі Моңғол және Шыңжаңдағы жетістіктер жөнінде бірталай мақала жүр. Бұл Қытайдың аз ұлттарға жүргізген саясатын ақтап, дәріптегенінің белгісі.
Қазақстанның саяси маңызы, орны артып келеді. Мұны Қытай байқап отыр. Қытайда Қазақстанды зерттейтін Орталық Азияны зерттеу институттары бар. Бұл Қытайдың Қазақстанға мән бере бастағаны, қазақпен санаса бастағаны, қазақ тіліне мән беріп, өз ықпалын жүргізуге тырысқаны. Мұны жұмсақ күш деуге болар.
Бүгінде Қытай халықаралық жағдайда оқшауланып қалды. Сөйтіп, ақпарат құралдары, шетелге вакцина беру арқылы ықпал көлемін арттыруға тырысып жатыр. Тіл, сыртқы саясат, вакцинамен қамту, осы ықпал ету құралына кіреді.
Ербол Дәулетбек, "Атажұрт еріктілері" қоғамдық ұйымының жетекшісі:
– "Халық газетінің" сайтын Қытайды дәріптеп, табындыру үшін, соғыссыз жаулау үшін қазақ тілінде шығарып отыр. Мұны оқыған адам Қытай сұмдық екен, келешекте ең мықты болады деп қытай тілін үйренеді, Қытайға барып оқуға, жұмыс істеуге, жұтылуға қарай ұмтылады.
Ол сайтта Қытай Компартиясының саясатын үгіттеледі. Қазақ тілінде шығарудағы себеп, "партия саясатын үгіттеп, әлемдегі ең мықты Қытай Коммунистік партиясы" дегенді миға сіңіру.
Дос Көшім, саясаттанушы:
– Менің ойымша, Қытай үкіметі "Халық газетінің" сайтын кириллица қарпімен қазақ тілінде шығара бастауы – бір жағынан шетелдегі сарапшыларға жасаған жақсылығы. Себебі Қытайдың басты газетінің не айтып жатқанын біліп жату саясаттанушыларға, сарапшыларға өте керек. Қытай бұл арқылы өзінің ашықтығын көрсетіп жатыр. Ол газетті бізде жабылып оқиды деп айта алмаймын. Сондықтан бұл – өздерінің саяси бағытын, мемлекеттік саясатын халықаралық деңгейге шығарудың бір жолы. Егер Washington Post, Еуропаның белді басылымдары қазақ тілінде шықса, ол да жақсы болар еді.
Бұл идеологияның астарында бір нәрсе болуы мүмкін. Қытайдың үлкен бәсекелесі – АҚШ. Қытай басты газетін сан түрлі тілде шығаруы – Қытай саясатын, Қытай бағытын бәрін біліңдер дегені. Әрине, оны оқыған адам дәл солай қабылдамайды, әрбір нәрсенің астарында басқаша қабылданатын фактілер бар екені белгілі. Сондықтан бұл оның достарына да, жауларына да үлкен көмек.
Ауыт Мұқибек, ақын, қоғам қайраткері:
– «Халық газеті» – Қытайдың бас басылымы. Онда шығатын дүниелер сол елдің бет-бейнесі мен ұстанымын білдіреді.
Ал ол басылымның арнайы қазақ тіліндегі сайтының ашылып, жолға қойылуының өзіндік мәні бар.
Өзіңіз білесіз, Қытайдың Шыңжаң өлкесінде үш миллионнан астам қазақ тұрады. Олар өздерінің байырғы ата-бабасының жерінде отыр.
Соңғы төрт-бес жылдың көлемінде Қытайда жүргізіліп жатқан геноцидке ұшыраған халықтардың ішінде біздің сол қазақтар да бар.
Қытай басында ол қазақтың мына жақта Отаны, иесі бар екенін ескерген жоқ. Тіпті, білсе де олар бізге ештеңе істей алмайды деген өктем империялық пиғылмен біздің қандастарымызды қойша көгендеп, саяси лагерлерге тыға бастады. Отаны жоқ ұлттардың қатарында жайпап жіберуге білек түріп кірісті.
Нәтижеде не болды?!
Қазақ үкіметі үн шығармағанымен, қазақ қарап қарап жоқ!
Серікжан Біләшұлы деген жігіт шықты да, өзі секілді ұлшылдармен бірігіп, ол қазақтардың мәселесін көтере бастады. Жай көтерген жоқ, әлемдік деңгейде көтерді.
Міне, қазір Серікжан Біләшұлы АҚШ-та тұрып жатыр. Сол Қытайдағы қазақтарды құтқару күресін әлі жалғастырумен келеді. Оны бүкіл дүниежүзінің әділетті жақтайтын тұлғалары мен құқық қорғау ұйымдары қолдап, оның Қытай геноцидіне қарсы күресін емін-еркін, кедергісіз жүргізуіне мүмкіндік тудырып беріп отыр.
Ал қазақ билігі оның үстінен дүркін-дүркін қылмыстық іс қозғап, қамады. Соңында соттап жібере жаздап, Батыс елдерінің араласуымен босатты.
Серікжан Біләшұлы лагерлерге отырып шыққан мыңдаған адамдардан куәлік алу арқылы Қытайдың сол фашистік әрекетінің сырын бірінші болып ашып берді. АҚШ бастаған Батыс елдерінің Шыңжаңдағы бұл қырғынды геноцид деп тануына және санкциялар салуына бұлтартпас айғақтар берді...
Соған байланысты, бүкіл дүниежүзі халқының Қытай коммунистік билігіне деген көзқарасы өзгеріп, өшпенділігі қозғалды. Сол қатарда, ең жақын көрші, стратегиялық маңызды әріптесі саналатын Қазақстан халқы Қытай десе, төбе шашы тік тұратын халге жетті.
Қытай қазақтың осы көңіл күйін біліп отыр. Осындағы «жұмсақ күштерінің» бұл қарсылықты басуға шамасы жетпеді. Серікжан Біләшұлы олардың да атын атап, түсін түстеп, ит терісін басына қаптап, ініне қуып тықты...
Демек, енді «Халық газетінің» сайтын ашып, қызыл ұрандарға толы пропагандамен қазақтың көзін қызартпақшы.
Дайындағандар: Елнұр Бақытқызы, Бағашар Тұрсынбайұлы