Соңғы кездері әйелдер боксы елімізде жақсы қарқынмен дамып келе жатқаны баршаға мәлім. Спорттың бұл түрі 2012 жылы Олимпия ойындарының бағдарламасына енді. Алғашында Лондонда, одан кейін Рио-де-Жанейрода үш салмақ дәрежесі бойынша жүлделер сарапқа салынды. Осы жарыстардың екеуінен де отандастарымыз олжалы оралды. Атап айтсақ, Ұлыбританияның астанасында Марина Вольнова, ал Бразилияда Дариға Шәкімова қола медальдарды иеленіп, барша жанкүйерді қуантты.
Ал Токиодағы бәсекелер бес салмақта өтті. Өкінішке қарай, айтулы додада Қазақстанның бір ғана былғары қолғап шебері бақ сынап, оның өзі алғашқы айналымнан аса алмады. Осы сәтсіздіктің себеп-салдарын білу үшін "Егемен Қазақстан" тілшісінің КСРО спорт шебері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Жұмабек ӨМІРЗАҚОВТАН алған сұхбатын, egemen.kz-сілтеме жасап жариялаймыз.
– Жұмабек аға, сіз – елімізде әйелдер боксын дамытудың алтын баста-уында тұрған мамандардың бірісіз. Өз командаңызға қыздардың алғашқы легін қабылдаған кездер есіңізде шығар?
– Әрине, есімде. 2008 жылы біз Алматыдағы Кәркен Ахметов атындағы спорттағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернаттан «Шаңырақ» шағын ауданындағы жаңадан ашылған білім ошағына ауыстық. Сол жерде мен әйелдер боксы үйірмесін аштым. Алғашында біздің бөлімде небәрі төрт қыз болды. Солармен жұмыс істеп, түрлі жарыстарға апардым. Барлығы да шама-шарқы жеткенше ұмтылып, түрлі жарыстарда жүлде алып жүрді. Уақыт оза сол қыздардың арасынан Назым Қызайбай суырылып шығып, Қазақ елінің мақтан тұтар спортшысына айналды. Төл шәкіртім әлем чемпионатында екі рет топ жарып, көптеген аса ірі халықаралық жарыстардың жеңіс тұғырына көтерілді. Кейіннен қатарымызға тағы бірнеше бұрымды қосылды. Солардың арасынан да мықты спортшылар шықты. Бірақ қандай да істі бастау қашанда қиын ғой. Сондықтан барлығына оңайлықпен қолымыз жетті деп айта алмаймын. Көз арбаған белестерді бағындырып, мықтылығымызды мойындату үшін жатпай-тұрмай еңбектендік, көп тер төктік.
– Қазақстанда спорттың бұл түрі 2008 жылдан бері мықтап қолға алына бастады деп отырсыз. Ал нақты деректерге сүйенсек, әлем чемпионаттары 2001 жылдан бері үздіксіз ұйымдастырылып келеді. Сол жарыстарда қыздарымыз жүлде де алды. Осыған не дейсіз?
– Иә, кейбір жерлерде бірен-саран үйірмелердің жұмыс істегені рас. Алайда олар тым аз еді және де мемлекет есебінен қаржыландырылмайтын. Сол себепті де әйелдер боксы көп бапкерді қызықтыра қоймайтын. Тек 2008 жылдан бері ғана бюджеттен қаржы бөлініп, спорт мектептері мен интернаттарда арнайы бөлімдер жұмыс істей бастады. Соның бастауында біздер тұрдық. Ал оған дейін өткен жарыстар жайында айтар болсақ, 2001-2005 жылдар аралығында жалауы желбіреген алғашқы үш әлемдік додаға Қазақстан құрамасы қатысқан жоқ. 2006 жылы Үндістанның астанасы – Нью-Делиде шымылдығы түрілген байрақты бәсекеде Назгүл Боранбаева қола медальды мойнына ілді. Сол кезге дейін ол кикбокспен айналысып, халықаралық аренада біршама табысқа қол жеткізді. Яғни Назгүлге әйелдер боксына бейімделу айтарлықтай қиындық туғызған жоқ. Одан кейін Елена Кольцова шықты. Ол баскетболдан ауысып келді. 2008 жылы Қытайдың Нинбо қаласында ұйымдастырылған жарыста Кольцова да қолаға қол созды.
– Иә, қысқа ғана мерзім аралығында әйелдер боксы Қазақстанда айтарлықтай дамып, халықаралық аренада бұрымдыларымыз өздерінің мықтылығын мойындата бастады. Лондон мен Рио-де-Жанейро олимпиадаларында қола медальдарды олжалап, 2006-2019 жылдар аралығында өткен сегіз бірдей әлем чемпионатында 5 алтын, 4 күміс, 9 қола жүлдені еншілеуіміз – жоғарыда айтылған сөзіміздің айқын дәлелі. Осы уәжбен келісетін шығарсыз?
– Оған ешкімнің күмәні жоқ. Біздің қыздар өздері қатысқан жарыстардың бірде-біреуінен құралақан оралған емес. Алғашында алты спортшымыз әлемдік додада жүлдегерлер қатарынан көрінді. Одан кейін 2014 жылы Оңтүстік Кореяның Чеджу қаласында Назым Қызайбай чемпиондық
атаққа қол жеткізді. Арада екі жыл өткен соң ол сол нәтижесін қайталады. Астанада ұйымдастырылған әлем чемпионатында Назымнан бөлек, Дина Жоламан, Валентина Хальзова және Ләззат Күнгейбаева алтыннан алқа тақты. Олардан бөлек, тағы екі қызымыз үшінші орынға табан тіреді. 2018 және 2019 жылдардағы жарыстарда жерлестерімізге бас жүлде бұйырмағанымен, қоржынымыз күміс және қола медальдармен толықты. Осындай елеулі табысымен жер-жаһандағы санаулы мемлекеттер ғана мақтана алады.
– Назым Қызайбай екі дүркін әлем чемпионы бола тұра, екі бірдей Олимпия ойындарынан шет қалды. 2016 жылы Рио Олимпиадасы қарсаңында ол нағыз бабында еді. Мықты боксшымыз Бразилияға неге бара алмады?
– Олимпиаданың алғашқы іріктеу турниріне Қызайбай қатысты. Ол кезде оның тамағы ауырып, сырқаттанып қалған. Сол себепті де біз Қытайға бармауға бекінген едік. Бірақ жоғары жақ талап еткен соң бас тартудың реті келмеді. Ақыры бардық. Қытайға келген бетте осы саланың басы-қасында жүрген пысықайлар астыртын жоспарларын жүзеге асыра бастады. Өздерінің ішкі есептері болса керек, олар біздің жолдама алғанымызды қаламады. Осылай деп ой түюімізге бірнеше негіз бар. Біріншіден, дәрігерлер Назымның сырқат екенін көре тұра, ем-дом жасауға еш құлқы болмады. Сан мәрте өтініш білдірсек те, ақ халаттылар шәкіртімнің маңайына да жоламады. Екіншіден, тұсаукесер кездесуінде қазақ қызының жолы Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері, бес дүркін әлем чемпионы, үндістандық Мэри Коммен қиысты. Ол да қитұрқы ойынның «жемісі». Әйтпесе, қос мықтыны бірден жолықтырудың не қажеті бар еді?! Жеребе ауыр түссе де, намысқа тырысқан Қызайбай Комның жақсылап тұрып «сыбағасын» берді. Бірақ жеңіс атағы жер жарған боксшының уысында кетті. Сөйтіп, Назым Олимпия ойындарынан шет қалды. Осы орайда жаудың алыстан келмегенін айта кеткім келеді. Арамза әрекеттері арқылы шәкіртімді «құрбандыққа шалған» сол жерде жүрген өз азаматтарымыз, өзіміздің басшысымақтар. Олар «Қызайбайдың қасына жоламаңдар» деп дәрігерлерге бұйрық берді. Ал «сүріндіру» жағын төрешілерге мықтап тұрып тапсырды.
– Жұмабек аға, теледидар арқылы сіз Токио Олимпиадасын басынан аяғынан дейін тамашалаған боларсыз? Өкінішке қарай, айтулы жарысқа бір ғана бұрымдымыз қатысып, оның өзі алғашқы айналымда сүрінді. Жанкүйерлер бес жыл бойы тағатсыздана күткен байрақты бәсекеге толық құраммен баруға не кедергі болды?
– Ең бірінші кезекте мына нәрсені айта кеткен жөн. Қазіргі кезде ел спорты үшін шын ниетімен басы ауырып, балтыры сыздайтын азаматтар азайып барады. Оларға мемлекеттің мүддесі немесе ел намысы деген ұғымдардың құны көк тиын. Көбісі тек қара басының қамын күйттейді. Ойлағандары – ақша, мал табу, қандай да жолмен баю. Одан қалса, жершілдік, тамыр-таныс деген мәселе ушығып тұр. Осы «індеттің» тамырына балта шаппасақ, еш ілгерілеу болмайды. Бастаған ісіміз ешуақытта өрге баспайды. Асыра сілтеп отыр десеңіздер, соңғы Олимпиаданың нәтижесіне зер салыңыз. Токиоға Қазақстаннан жалғыз ғана боксшының баруы ұят жағдай. Басшылардан бастап, бапкерлерге дейін не ойлағаны белгісіз. Негізі Олимпия ойындарының іріктеу турниріне еліміздің ең мықты былғары қолғап шеберлерін қатыстыру керек еді. Олай болмады. Егер Назым Қызайбай, Карина Ибрагимова және Дариға Шәкімоваға сенім артылғанда, олардың қай-қайсысы да
жолдаманы қалталарына басатыны сөзсіз еді. Бірақ мықтылар елде қалып қойды. Олардың орнына барған осал боксшылар сыпыра ұтылды. Араларында жалғыз Надежда Рябецтің ғана жолы болды. Алайда ол да алысқа шаппады. Жерлесіміз Олимпиаданың алғашқы айналымында сүрінді. Келесі лицензиялық турнир Парижде ұйымдастырылуға тиіс еді. Бірақ пандемияның кесірінен ол жарыс өтпей қалды.
– Бұл күндері бірқатар бұқаралық ақпарат құралы Қазақстан әйелдер құрама командасының мүшелері арасында туындаған дау-дамай жайында жарыса жазуда. Барлығы Ангелина Лукастың Instagram арқылы жариялаған жазбасынан басталды. Ол жерде Лукас командалық әріптестері тарапынан теперіш көріп отырғанын айта келе, осы іске Назым Қызайбайдың тікелей қатысы бар деп айыптады. Даулы мәселеге байланысты өз пікіріңізді білдірсеңіз.
– Екі қыздың арасында нақты не болғанын мен білмеймін. Егер жанжал «51 кило салмақ дәрежесінің тізгінін кім ұстауға лайық?» деген мәселеден туындаса, онда мен Қызайбай Лукастан әлдеқайда мықты деп айтар едім. Спарринг кезінде де, түрлі жарыстар барысында да Назым оны үнемі ұтып жүр. Бұл жағдайды барлық бапкер жақсы біледі.
– Бірақ 2019 жылы Сербияда өткен турнирде Лукас Қызайбайды сан соқтырып кетті емес пе? Бәлкім, қарсы жақ осы жайтты алға тартқан болар?
– Сербияда Ангелина Назымды ұтқан жоқ. Керісінше, ол жекпе-жекте Қызайбай жеңіске жетті. Аталған жарыста түсірілген бейнетаспаны бір қарап шықсаңыз, осы сөзімнің растығына анық көз жеткізесіз. Бірақ төрешілердің Лукастың қолын көтергені рас. Жасыратын несі бар, қазылар әділдікті белден басты. Өйткені басшылық қызмет атқарып отырған біраз азамат Лукастың Олимпиадаға баруына мүдделі болды. Солар төрешілердің көмегімен Қызайбайды қарсыласына жығып берді. Осының салдарынан лицензиялық турнирге Ангелина барды. Шын мықты болса, сол жерде ол өзінің мықтылығын дәлелдейтін еді ғой. Алайда Лукас бастапқы бәсекелердің бірінде ұтылып, елге құралақан оралды. Сондықтан да оның ренжитін жөні жоқ. Ренжісе, Қызайбай ренжуі керек. Өйткені оған ондай мүмкіндік берілген жоқ.
– Кешірерсіз, осы орайда оқырмандар тарапынан «Ол Назым Қызайбайдың жеке жаттықтырушысы болған соң осындай пікір білдіріп отыр» деген ой туындауы мүмкін. Осыған не айтасыз?
– Назымды балауса кезінен жаттықтырып келгенім рас. Ол менің көз алдымда өсті десем де болады. Сондықтан да шәкіртімнің мінез-құлқын, шама-шарқы мен мүмкіндігін және әлеуетін жақсы білемін. Бірақ қазіргі кезде Қызайбай менің қол астымда жаттығып жүрген жоқ. Осыдан екі жылдай уақыт бұрын ол басқа бапкерге ауысты. «Кетемін» деген адамды күштеп ұстап тұра алмайсың ғой. Жөнін айтып кетсе, бір сәрі. Алайда ол маған ескертпей, тыныш қана кетіп қалды. Осы жайттан құлағдар болғанда көңілім қатты құлазыды. Оңай ма, Назымды спортшы ретінде қалыптастырып, бүгінгі деңгейге жеткізу үшін 12 жыл ғұмырымды сарп еттім. Осыны ойласам, көңілім нілдей бұзылады. Десек те жолын бөгеуді жөн көрмедім. Сол себепті де осы мәселеге байланысты көпшілік арасында «Назым Қызайбайдың ұстазы болғандықтан, соны қолдап отыр» деген ой туындамауы керек. Қазіргі кезде екеуміздің жолымыз екі айырылды. Иә, мен де қол қусырып отырған жоқпын. Қазіргі кезде бапкерлік кәсібімді жалғастырып, жалындап тұрған жастарды тәрбиелеп жатқан жайым бар. Мақсатым – соларды дұрыстап даярлап, бағыт-бағдар беріп, әлемдік аренаға шығару.
Дереккөз: egemen.kz