Аса байлық не керек...

Уақыты: 2022-02-06 Көрлімі: 482 Сипаттама

Мақтағанды, бай-бақуатты болғанды кім жек көрсін. Солар тек табан ақы, маңдай термен, адал еңбекпен, әлдекімнің нақақ көз жасынсыз келсін деңіз. Әрине, бұлай ойлайтындарды утопистер, қиялшылар ретінде қабылдайтындар табылады....

c227b170c906d499ae8759a38118af6a.jpg

Мақтағанды, бай-бақуатты болғанды кім жек көрсін. Солар тек табан ақы, маңдай термен, адал еңбекпен, әлдекімнің нақақ көз жасынсыз келсін деңіз. Әрине, бұлай ойлайтындарды утопистер, қиялшылар ретінде қабылдайтындар табылады.

Себеп біреу – адам баласы жаратылғаннан бері тағдыры талас-тартыспен, қақтығыспен, соғыспен өрілуде. Демек, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған, бай мен кедей қатар қонған заман ілуде-шалу екен. Мұны бабаларымыз жақсы білген. Білгендіктен бай мен кедей ілінісіп зорға жүреді деген.

Осы сөздің айдай ақиқат екеніне нарық тұсында көзіміз толық жетті. Кеңестік идеологияның әсерімен нағыз тарих пролетарлық революциядан кейін басталады, капитализмге соқпастан социализмге өте шығумен бақытқа кенелдік деген жалған түсінікпен жүре беріппіз. КОКП-ның күйреуімен тарихқа материалистік монокөзқарас біржолата күйремесе де, пікір алуандығы басымдыққа ие болды. Бұған қоса тоталитарлық режим орнатқан орынды-орынсыз тыйымдар мен шектеулер кәсіпкерлікке, бизнеске орын берген соң, капиталдың алғашқы қорлануы басталды. Большевиктер жақтырмайтын меншік иелері, байлық иелері, коммунистік тілмен айтсақ, қанаушы тап пайда болды. Бірақ бәрі бірдей қансорғыштар, қанаушылар емес екен. Заманауи капиталистерді ХХ ғасыр басындағы капиталистермен қатар қоя алмаймыз. Араларында қалтасынан қаражат шығарып, жерлестеріне, кембағалдарға, тұрмыс деңгейі төмен жандарға мектеп, емхана, тұрғын үй салып бергендер, ауруды емдеткендер, талантты жастарға қолдау көрсеткендер баршылық. Бұлар, шынына келгенде, құлдай істеп, бидей ішетіндер. Сақалын да сатқан жоқ, көзін де сатқан жоқ. Ақылы мен еңбегіне сүйеніп, жаңа өмірдің жаршысы бола алғандар.

Байлар, бақуаттылар неғұрлым көп болса, қоғам да байи түсетінін, адамдарды алаңдататын мәселелер оңайырақ шешілетінін біздің азаматтар қапысыз түсінді. Оларды жақтырмай, үрке қарау қоғамдық сана мен пікірде әлсіреп, қайта солардай болуға тырысатындар қатары үздіксіз өсуде.

Дегенмен, қазіргі Қазақстанда бұлардан оқшау тұрған аса бай топ бар. Ертеде, ХІХ-ХХ ғасыр тоғысында «шіріген бай» атанғандар. Қазақстандық шіріген байлар құрамы кімдермен қалыптасқанын енді біліп жатырмыз. Басым бөлігі, тіпті бәрі дерлік Н.Назарбаевтың туған-туыстары мен әр жылдарғы сенімді серіктері болып шықты. Отандық аса бай адамдар қауымына, яғни олигархтарға көзқарас басқаша. Бұларды жемқорлықпен, заңды бұзумен, салықтан жалтарумен күрт байып кеткендер санайтын түсінік үстемдік құрып тұр. Осылайша ойлаудың жаны да бар. Ешқандай өндіріс орнын құрмастан, дайын минералды ресурстарды сатумен, тек табыс әкелетін салаларды (қонақ үй бизнесі, БАҚ құралдары, банк  т.б.) қолға алумен миллиардер атанған М.Әбләзов, С.Ахметов, Т.Ермегияев, В.Храпунов сынды сотталғандар мен елден қашқандарды көріп, басқаша ойлау әсте мүмкін емес.

11 қаңтар күні ҚР Парламентінің мәжілісінде сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Елбасы Н.Назарбавтың қолдауымен әлемдік өлшеммен қарағанда аса бай компаниялар мен жекелеген тұлғалар пайда болғанын жариялады. Әлемдік ақпараттық кеңістікте Назарбаевтар әулетінің қисапсыз байлығы жайлы мыңдаған материалдар бар және оларды бекерлеуге талпынып жүргендердің болмауы күдікті күшейте түседі.

Түйіп айтсақ, капиталдың алғашқы қорлануы Қазақстанда жартылай легитимді, жартылай қылмыстық, алаяқтық, заңсыз жолмен жүрді. Мұның әкелген зардаптарын санап тауыса алмаймыз. Әлеуметтік тұрғыдан ең ауыры – ірі ұлттық буржуазияның толық қалыптаспағаны. Кезінде Алаш қозғалысы да қазақ буржуазиясының әлсіздігінен көп қиыншылықтарға тап болып еді. Тәуелсіз Қазақстанда сол тарих тағы қайталанды. Оқу орындарының, ғылыми мекемелердің, өнер ошақтарының, БАҚ-тардың жүдеулігін осыдан көремін.

«Алтын көрсе, періште жолдан таяды». Қатардағы қарапайым жандардың жолдан таюуы бірде байқалса, бірде байқалмай қалуы бек мүмкін. Ал алтынға бола теріс жолға өте жоғары билік иелері түскенде экономикалық, әлеуметтік, мәдени-имандық апат қаупі артады. Жасампаздық, шығармашылық ізденіс, бәсекеләк қабілет атаулыдан жұрдай пысықайлар өмірдің төріне озады. Билік пен бизнес заңды белден баса ауызжаласқан елде түбінде саяси сахнаға диктатор көтеріледі, Конституциялық құрылыс тұрақсызданады, әлеуметтік теке-тірес пен қақтығыс туындайды. Болу немесе бордай тозу бетпе-бет келгенде шешуші сөзді халық айтады. Көпке топырақ шаша алмайсың. Көп қорқытады, терең батырады. Оның немен тынатынын 2011 жылы Жаңаөзен оқиғасы көрсетіп еді. Билік иелері тиісті қорытынды шығармағандықтан 2022 жылдың алғашқы аптасында бүкіл ел бойынша қайталанды. «Ұрлық түбі - қорлық». Түбінде қайыры жоқ ит тіршілік дегеніміз осы. Дүниенің төрт бұрышында мың-миллион рет дәлелденген бұлжымайтын ақиқат бұл. Жақында ғана еліміздің басынан өткен «қаңтар қасіреті» Қазақстан үшін ерекше жол жоқ екенін дәлелдеді.

Біз байлыққа қарсы емеспіз. Байларды, жартылай феодалдарды тап ретінде жою қазаққа қандай апат әкелгенін де білеміз. Мемлекеттік билік тізгінін қолында ұстағандардың халық алдындағы, тарих алдындағы жауапкершілікті ұмытып, дүние-боқтың қызығын қуғанына қарсымыз. Ел билеу мен жеке бастың байлығын еселеп арттыру әрқашан үйлесім таба бермейді. «Аса байлық не керек» деген өлең жолдары осындайдан туса керек, сірә.

«Қаңтар қасіреті» бәріміздің жанымызға батуда. «Кім кінәлі?», «Не істеу керек?» сұрақтарына жылдар бойы жауап та ізделер. Тарихшы ретінде үш мәселеге ерекше назар аударғанды жөн санаймын. Ең алдымен, ұлттық тарих пен педагогика қойнауында пісіп жетілген мәңгілік құндылықтарымызды толық мағынасында қайта жаңғыртуымыз керек. Мәселен, дәстүрлі қазақ қоғамындағы Елтұтқалар – хандар, билер, батырлар парақорлықты, жемқорлықты, халқының игілігіне қол сұғуды әдетке айналдырып па еді, тәйірі? Ешқашан шайтан жолына түсіп, ондайға барған емес. Ардан безген баукеспе ұры болмаса, қарапайым жандардың өзі ала жіптен аттамаған ғой. Тамаша ғалым Кенжехан Матыжанов балалар фольклорын «рухани уыз» деп айдарлайды. Дәл айтылған. Ендеше ұлттық уыз тәрбиенің өзегінде адалдық, әділдік, иман сынды құндылықтар тұруы керек. Сонда ол ұрпақтың өмірбойғы ұстанымына айналады. Әлемнің азаматы болғаннан ұлттың перзенті болу әлдеқайда қиын.

Екіншіден, мемлекеттік билік вертикалына тепе-теңдік пен тежемелік механизмін енгізбесек, оңалмайды екенбіз. Бұл талап ең жоғарғы қызмет иесі ҚР Президентіне келгенде мүлтіксіз орындалуы қажет. Тарқата айтпасақ та, бір адам 30 жыл үздіксіз мемлекет басқарса, қандай халге ұшырайтынымыз белгілі болған жоқ па. Қысқасы, түбегейлі саяси реформа, оның ішінде Конституциялық реформа қажет. Дұрысы – парламенттік-президенттік билік институтына көшу шығар.

Үшіншіден, халық байлығын талан-таражға салу аттөбеліндей топты рахатқа бөлегенмен, сан мың адамның қайғысына айналды. Кедейшіліктен қаншама жан ауруға ұшырады, емделе алмады, отбасылар ойрандалды. Жетім-жесірлер қатары ұлғайды. Жығылғанға жұдырық дегендейін Қазақстанның сыртқы қарызы ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіруде. Ендеше, жаңа үкімет алдындағы кезек күттірмейтін міндет – заңсыз шетел асқан қисапсыз қаражатты елімізге кері қайтару. Оңай шаруа емес. Бірақ тап осы мәселеде әлемдік тәжірибені кешенді әрі табанды түрде кәдеге жарата алсақ, тәуелсіздікті нығайтуға мол олжа салынады.

Кеңестік жылдары Қазақстанды ұзақ уақыт басқарған екі-ақ қазақ болды. Бірі – Жұмабай Шаяхметов, екіншісі – Дінмұхамед Қонаев. Қонаевтың қарапайымдылығы мен тақуалығы жайлы біраз жазылды. Қырық жыл ішінде қырық қала салса да Димекеңнің жеке меншігінде жеңіл көлігі де болмапты. Міне, осындай тазалығына тәнті болғаны соншалықты, Сәбетбек Еркінбайұлы деген азамат «Әдептен озбайық...» сараптама кітабын жазыпты. Бейне қонаевтанудағы сот, прокурор, адвокат бір өзі дерсіз. «Қонаевтың табиғи болмысы мүлдем ол суреттегендей емес» деп жазушы С.Досановты аяусыз сынға алады. Ең соңында: «Жиырмасыншы ғасыр» романы халықтық сыннан өте алмасы кәміл» деген үкімін жариялайды.

Ақын Несіпбек Айтұлының «Жер – жаннан қымбат» поэмасындағы:

Бұйырмас ашық айтсақ ел айыпқа,
Сүттен ақ, судан таза болайық та.
Әулие тұтқанымен айналасы,
Халықтың өкпесі көп Қонаевқа -

жолдары үшін естімеген сөзі жоқ. Тобықтай түйіні мынадай: «Жырыңда шындықты батыл айтқансып, бірін мұқатып, бірін асыра мақтап арасына сына қаққаныңды, жұрттың арасына жік салғаныңды өзің айтпақшы «айналаңдағы» ат төбеліндей жандар болмаса қалың қазақ жөн дей қоймас. Өйткені поэмаң әділдіктің, мәдениеттіліктің ауылынан тым алыс. Имандылықтың, поэзияға тазалықтың маңына да жуымайды».

Автор танымал азамат Қайым-Мұнар Табеевті тыңғылықты зерттеуші санап, сырттай болса да құрметпен қарап жүрген екен. «Қала мен дала» газетінде жариялаған мақаладан Қонаев тұсында 700-ден аса қазақ мектебі жабылды, қазақ тілі қолдау таба бермеді деген пайым-тұжырымдарды оқып бұрынғы ойынан күрт қайтады. Тыңғылықты зерттеушінің жазғанын «жаптым жала, жақтым күйе» деңгейінде бағалайды.

Осылайша Қонаевты періштеге айналдырған. Осындай мадақтаулар өліге керек емес. Ол жұмыр басты пендені тура жолдан адастыратыны сөзсіз. Егер күні кешеге дейін Елбасының атына айтылып келген мадақ сөздерді өлшейтін жабдық табылса, салмағы қара жерден де ауыр тартады-ау, сірә. Басқаша айтсақ, тұңғыш президентіміздің жеке басына табынуға бәріміз үлесімізді қостық. Назарбаев құбылысы әлі ұзақ жылдар бойы талқылана беретіні ақиқат.

Ал Ж.Шаяхметовке келсек нағыз тақыр кедей күйінде дүниеден озған екен. 1966 жылғы 17 желтоқсанда толтырылған актіде марқұмның артында 2 үстел, 2 адамдық кереует, 3 есікті гардероб, телевизор, 10 орындық, 2 жастық, 2 көрпе, 1 тоңазытқыш, 2 кілем, т.б. ұсақ-түйек дүние қалғаны көрсетіліпті. Ұзын-ырғасы 31 зат, құны 294 рубль. 60-80 пайызға дейін тозығы жеткен. Тәуір деуге жарайтын жалғыз костюм-шалбары Алматыдағы қызының қолында екені айтылады. Актінің көлемі 2 бет қана. Қателессем құдай кешірсін, бүгінгі билік иелерінің дүние-мүлкі тізімделе қалса, 200 беттен де асып түсетініне кәміл сенемін.

30 жыл Қазақстанды басқарған Н.Назарбаев бір сөзінде: «Миллиардерлерді көп көрдім, бірақ нағыз бақыттыларын көрмедім» деген еді. Шынында да, бақыт әкелмейтін аса байлық не керек.

Ханкелді Әбжанов,

ҰҒА академигі

Дереккөз: Abai.kz


Пікір жазу
  • БИЛІК ТРАНЗИТІНІҢ АЯҚТАУЫ ЖӘНЕ ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН
    МАҚСАТЫМЫЗ – БҮКІЛ ҚАЗАҚТЫ ТҰТАСТАНДЫРУ

    Ұқсас тақырыптар