«Жер тағдыры – ел тағдыры» деген сөз бекер айтылмаған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы 2 қыркүйекте халыққа арнаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» алғашқы Жолдауында: «Жер ресурстарын тиімсіз пайдалану мәселесі өте өзекті болып отыр. Жерге салынатын тікелей салықтар деңгейінің төмендігі жағдайды күрделендіре түсті. Мемлекеттен жерді тегін жалға алу құқығына ие болғандардың көпшілігі жерді игермей, босқа ұстап отыр. Елімізде «шөп қорыған иттің» кебін киген «латифундистер» көбейіп кетті. Пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін қайтарып алатын кез келді. Жер – біздің ортақ байлығымыз және оны кім игерсе, соған тиесілі болуға тиіс. Үкімет пен Парламент осы түйткілді реттеудің тиімді жолдарын ұсынуы керек. Бұл – өте маңызды мәселе. Мұны шешпей, отандық агроөнеркәсіп кешенінің сапалы дамуы мүмкін емес», деген болатын.
Арада екі жарым айдай уақыт өткенде, Ақмола облысына жұмыс сапары барысында Президент осы мәселеге қайта оралып: «Мен Жолдауда жерді өңдеумен айналыспайтын латифундистерден оны қайтарып алу міндетін қойдым. Бұл өте маңызды тапсырма қызыл сөз үшін берілген жоқ. Адал да еңбекқор фермерлер, шаруалар мал бағатын жер таппайтын жағдайға дейін жеттік. Алайда менің тапсырмам өте баяу орындалып жатыр. Қазіргі жағдайды өзгертпеуге мүдделі адамдардың қысымына ұшырағандықтан, бұл жұмысты созбаққа салу ұйғарылған сияқты», деп мәлімдеген еді.
Содан бергі екі жылдан астам уақытта орталық уәкілетті орган – Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Үкіметтің бұл бағытта тындырған істері шамалы, бірнеше қадам ғана ілгері жылжу бар. Біріншіден, Мемлекет басшысы құрған Жер реформасы жөніндегі комиссия әзірлеген ұсынымдарды іске асыру мақсатында былтырғы 30 маусымда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданғанын айтқан жөн. Соған сәйкес 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап жергілікті атқарушы органдардағы жерлердің пайдаланылуы мен қорғалуын мемлекеттік бақылау функциялары Ауыл шаруашылығы министрлігіне қайтарылды. Осыған орай, биылғы 19 қаңтардағы Үкімет қаулысымен өңірлерде АШМ Жер ресурстарын басқару комитетінің Жер ресурстарын басқару жөніндегі аумақтық департаменттері құрылды. Себебі қолданыстағы жер заңнамасын бұзушылықтар жергілікті әкімдіктер тарапынан жасалатындығы анықталып отыр. АШМ Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы – Жерді пайдалану мен қорғау жөніндегі бас мемлекеттік инспекторы Мұрат Теміржановтың мәліметіне қарағанда, орталық уәкілетті органға тек жер мәселелері бойынша жергілікті атқарушы органдардың үстінен 2020 жылы – 2 614, 2021 жылы 1 613 арыз түскен. Олардың дені сауда-саттықсыз (аукцион, конкурс) жер учаскелерін беру, оларды беруден негізсіз бас тарту, жеке және заңды тұлғалардың жер учаскесін беру туралы өтініштерін қарау мерзімдерін сақтамау болып отыр. Әрине, мұндай бұзушылықтарға сыбайлас жемқорлық сипаты тән. Алайда енді мұндай келеңсіздіктерге жаңадан құрылып жатқан Жер ресурстарын басқару жөніндегі аумақтық департаменттердің қызметкерлері жол бермейді дегенге де сену қиын. «Қосылғыштардың орнын ауыстырғанмен, қосынды өзгермейдінің» кебі болып шықпағай, әйтеуір.
Екіншіден, жуырда Мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі іске қосылды. Алайда одан ауыл шаруашылығы құрылымдарының атауы мен шаруа қожалықтарының басшыларының тегін ғана білуге болады. Ал мыңдаған гектар жерге иелік етіп отырған ірі серіктестіктердің иелері, һәм латифундистер кімдер екені жайлы мәлімет жоқ. Мұны әзірге Ауыл шаруашылығы министрлігіндегі шенеуніктердің өздері ғана біліп, құпия ұстап отыр. Жұртшылық болса, жер мәселесінде толық ашықтық пен әділдік болуын талап етуден танар емес. Бұған әлеуметтік желілерде жарияланып жатқан көптеген пікір айғақ.
Мемлекет басшысы осы көпшілік көкейіндегі мәселеге биылғы 8 ақпанда болған Үкіметтің кеңейтілген отырысында тағы да ерекше назар аударып: «Мен бос жатқан жайылымдық жерлерді тезірек қайтарып алып, оны ауыл тұрғындарына беруді тапсырған болатынмын. Қазір халық үшін айрықша маңызы бар жұмыс жүргізіліп жатыр. Бірақ бұл жерде де Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдіктер көзбояушылыққа жол берген. Министрлік жайылымдық жердің тапшылығы 6,8 млн гектарға немесе 32 пайызға азайды деп мәлімет беріп отыр. Бұл шаруа қожалықтарымен меморандумға қол қоюдың және елді мекендердің аумағын кеңейтудің нәтижесінде мүмкін болды. Алайда Бас прокуратураның тексерісі көрсеткендей, бірқатар өңірде жайылымдық жердің тапшылығы әлі де азаймаған. Ақмола, Атырау және Қостанай облыстарында ауыл тұрғындарына малын фермерлердің жеріне жаюға рұқсат беріледі деген жалған меморандум жасалған. Шын мәнінде, жайылымдық жердің тапшылығы қағаз бетінде ғана азайған. Бұдан бөлек, аймақтар халықтың жайылымға деген сұранысын төмендетіп көрсете бастаған. Үкімет неге бұған көз жұма қарап отыр? Мұндай әрекеттер ауыл халқының наразылығын өршітпесе, кемітпейді. Үкіметке жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, осы мәселені түбегейлі шешуді тапсырамын.
Бұдан әрі. Жерді ұтымды пайдаланудағы маңызды міндеттердің бірі – оның бір қолға шоғырлануына жол бермеу. Мен бұл туралы айтқанмын. Бүгін нақ жерді көбірек алып, инвестиция салмай, өнімсіз шоғырландыру жайлы айтпақпын. Бірқатар өңірде мәслихаттардың шешімдерімен жер телімдерінің мөлшерлері ғылыми-негіздеу тәсілінсіз бекітілген: Атырау облысында – 98 мың гектар, Алматы облысында – 96 мың гектар, Шығыс Қазақстан облысында – 69 мың гектар. Сол-ақ екен, Ауыл шаруашылығы министрлігі бір қолға 98 мың гектар ауылшаруашылық жерін беруге рұқсат ететін қаулы жобасын әзірлей қойды. Бұл шамадан тыс жерге ие адамдардың қазіргі иелігін бекіту, яғни нормативтік база ретінде айқындау әрекеті сияқты көрінеді. Түсінік бере кетейін: мемлекет үлкен жер учаскелеріне қарсы емес. Бұл жақсы да – экономикалық айналымға жер көбірек енгізіледі, ауқымдылық әсері жұмыс істейді, бәсекеге қабілеттілік артады. Алайда қатаң қарсы міндеттемелер, жерді нақты пайдалану үшін жауапкершілік болуға тиіс. Сондықтан Үкіметке жер телімдерінің шекті мөлшерлерін анықтап, биылғы 1 мамырға дейін бекіту үшін сарапшылар мен ғылыми институттардың қатысуымен жұмыс тобын құруды тапсырамын», деді.
Расында да, осыған дейін еншілеп алған жерлерін өңдеумен айналыспайтын латифундистерден оны қайтарып алу жұмысын созбаққа салып келген Ауыл шаруашылығы министрлігіндегі шенеуніктердің шын ниеттері аңғарылып қалған секілді. Латифундистердің қатарын азайтуды емес, көбейтуді көздейтін құжат жобасын дайындағандықтары – соның дәлелі емес пе?! Олардың қатарында, бейресми деректерге қарағанда, аталған министрліктің бұрынғы және бүгінгі кейбір басшы қызметкерлерінің болуы да әбден мүмкін. Сондықтан олардың өздері отырған бұтақты кесіп нелері бар?..
Шынтуайтында, ондаған-жүздеген мың гектар ауылшаруашылық жерлерін латифундистер қалай алғандығына Бас прокуратура назар аударса, талай былық-шылықтың беті ашылып қалар деген ойдамыз. Ең бастысы, күн көріп отырған малын бағуға жайылым таба алмай, қиналып жүрген және өздеріне тиесілі жер үлестерін жалға берген компаниялардан уәде етілген пайларын ала алмай, алданып, жер үлестерін де қайтарып ала алмай қорланып жүрген ауыл адамдарының жанайқайлары Үкіметтің құлағына жетсе екен дейміз.
Дереккөз: "Егемен Қазақстан"