ТАЛАНТЫ МЕН ТАЛҒАМЫ БИІК АЗАМАТ

Уақыты: 2022-02-21 Көрлімі: 735 Сипаттама

Талант тектілікпен тікелей байланысты. «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» деген сөзді халқымыз өмір тәжірибесінен қорытқан тұжырым. Бұл тұжырымның дұрыстығын Тәкеңнің болмыс-бітімі сипаттап тұрғандай....

Талғат Мамырұлының 60 жасқа толуына орай


Снимок.JPG 

Талант немесе дарын деген адамдарда болатын ерекше тума қабілиет. Ол әкенің қанымен, ананың сүтімен дарыған зеректік, жасампаздық және сезімталдық ерекшеліктермен сипатталады. Кейбір ғалымдар таланттардың зейінін цифрлық өлшем бойынша 160(sd15)деп көрсетеді. Ондай адамдарда айырқша ойшылдық қасиет болатын көрінеді. Психология ғылымында мұндай жандарды ерекше зейінді адамдар деп санайды. Francis Galton деген ғалым: таланттар қол жеткізген толағай нәтижелері арқылы өзінің өскелең жасампаздығын жарыққа шығарады, сондай-ақ олардың жасампаздығының құндылығы ұзақ сақталады дейді. Осы тұрғыдан сараласақ, Талғат Мамырұлы сол дарындылар өлшеміне сай келетін азамат екеніне көз жеткіземіз. Өйткені оның тек кәсіпкерлік пен білім беруді ұштастырып ашқан Халықаралық қазақ-қытай тіл колледжінің құндылығы ұзақ сақталатыны анық.

Талант тектілікпен тікелей байланысты. «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» деген сөзді халқымыз өмір тәжірибесінен қорытқан тұжырым. Бұл тұжырымның дұрыстығын Тәкеңнің  болмыс-бітімі сипаттап тұрғандай.

 Талғат Мамырұлының ата-бабалары тегінде Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан өңіріндегі Маңырақ тауының бауырайында өсіп-өнген, мыңғыртырып мал айдаған дәулетті кісілер болыпты. Алайда Ресейде социалистік жүйенің орнауымен басталған атыс-шабыс, тәркілеу, қуғындау, аштықпен қырғындау саясатынан бойтасалаған аталары 1932 жылы шекара асып, Қытайдың Тарбағатай аймағына ауып барып Дөрбілжін ауданына тұрақтайды. Тәкеңнің әкесі Мамыр аға сол жылы дүниеге келіпті. Ол кісі өмірдің қиындығына түзе жүріп, жүйелі түрде мектеп білімін алып, Дөрбілжін ауданында ұзақ жыл басшылық қызмет атқарады. Ал Талғаттың өзі 1961 жылы Дөрбілжін ауданында өмір есігін ашады. Бір қызығы сол – Талғат та, әкесі де аштық жылдары туған екен. Алайда олардан анасының уызына тойып өскен дарқандық қасиет қашанда байқалып тұрады.

Болар бала жасынан байқалады демекші, Талғаттың таланты мектеп оқушысы кезінен байқалған-ды. Ол орта мектепті озат бітіріп, ұлттық конкурс арқылы 1978 жылы Шыңжаң университетінің Электроника-информатика мамандығына қабылданып, 1983 жылы оқуды үздік нәтижемен бітіргенде, оны университет бірден оқытушылық жұмысқа алып қалады. Өйткені ол кезде қытай қоғамында реформа және ашықтық саясаты пәрменді жүргізіліп жатқандықтан қоғамның мамандарға деген сұранысы арта түскен болатын. Әсіресе жаңа технология саласы талантты жас мамандарға тіпті зәру еді. Сондықтан Талғаттай талантты жас мамандарды қолдарынан шығармай, қолдап-қуаттап, үлкен маман етіп жетілдіру - университеттің маңызды міндеті болып саналатын ол кезде. Талғат университетте ассистент қызыметін атқару барысында өзінің даму потенсалын аңғартты. Соған орай университет оны Шанхай Фудань университетіне жіберіп аспирантурада оқытады (1989-1991 ж.). Қытайдың ең алдыңғы қатарлы университетіндегі жаңа технологияның майталмандарынан білім алған Талғат электроника-информатиканың маманы болып тез қалыптасты, білім беру мен зерттеуде ол жарқырап көзге түсті. Университет басшылары Талғаттың болашағынан зор үміт күтіп, ендігі жерде оны АҚШ-қа жіберіп докторантура оқытуды жоспарлап қояды. Алайда Қазақстанның тәуелсіздік алуы, оның, ол ғана емес-ау, шетелдегі бүкіл этикалық қазақтардың тарихи Отанына оралуына жол ашты. Сонымен Талғатқа тарихи талдау жасау керек болды. Ол АҚШ-қа баруды ең басты арманы санайтын қытайлық жастардың көзқарасы бойынша емес, қазақы ұлттық құндылық тұрғысынан талдау жасап, АҚШ-қа емес, атамекенге оралуға шешім қабылдады. Осы арада сөздің қисыны келіп қалғандықтан айта кетейін, мен де сол жылдары Жапонияға ғылыми қызметкер ретінде барып жұмыс істеуге келісіп қойып, Қазақстан дербестікалған соң, «Елім тәуелсіздік алып жатқанда, Жапонияға барып қайтейін?!» деп, 1993 жылдың сәуірінде атамекенге алып ұшып келген жайым бар. Осы тарихи таңдауымыз Тәкең екеуміздің тағдырымызды өзгертіп, бағымызды ашты.

ФОТО-02-Талғат-Мамырұлы.jpg

Талғат Мамырұлы 1993 жылы Елге келген соң, өзінің мамандығымен қоғамға үлес қосам деген арманы бойынша, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының Имформатика институтында аға ғылыми қызметкер болып жұмыс істеді. Алайда сол кездегі әлеуметтік экономикалық жағдай оның ғылыммен шұғылдануына мүмкіндік бермеді. Сонымен ол 1997 жылы бизнеске бет бұрды. Ол жұбайы Фарида Мырхамидқызы екеуі сауданы мата сатудан  бастап, қазақтың ұлттық киімдерін жаңғыртып тігетін «Ерке-Нұр» кәсіпорнын ашумен қоғамға таныла бастады. Олар компаниясын тұрақты дамытып, бірнеше жүз адамды жұмыспен қамтып, «Ерке-Нұр» өнімдерін отандық бранд ретінде халықарада танымал таварға айналдырды.

Талғат Мамырұлы бинестің қызығына түсіп, пайда қуып, басқалармен қарабайыр бәсекеге түсіп кеткен жоқ. Ол қанша қарбалас жүрседе өзін ғылыммен кемелдендіруге көңіл бөлді. Тәкең отандық әлеуметтік сұраныс және өзінің мүмкіндігіне қарай бұрынғы мамандығын өзгертіп, елімізге ең қажетті бизнес әкімшілігін таңдап, 2004-2008 жылдары АҚШ-тың Оризона штатындағы Солтүстік Орталық университетінде (North central University) докторантураны сырттай оқып бітіріп, «Бизнес администрациясы докторы» (DBA) ғылыми дәрежесін қорғады. Сондай-ақ игерген осы мамандығын практикада жанды қолданды. Содан соң ол тыңнан түрен салып, «Ерке-Нұр» компаниясының қаржысымен Халықаралық қазақ-қытай тіл колледжін ашып, 2008 жылдан бастап студент қабылдады. Бұл колледж қоғам сұранысына, замана талабына және мемлекет саясатына сәйкескен тың бастама болды. Колледж кәсіби білім беру мен маман тәрбиелеуді басты мақсат етіп қойып, «Аударма ісі», «Туризм», «Тігін өндірісі және киімді модельдеу», «Екі шет тілі», «Іс қағаздарын жүргізу және мұрағаттану», «Киім дизайны» сияқты алты түрлі мамандық бойынша орта буын кәсіби-техникалық кадрлар дайындап келеді. Студенттер негізгі теориялық және практикалық білім алумен қатар, мемлекеттік тілді мықты игере отырып, қытай және ағылшын тілдерін жақсы меңгеріп шығуда.



1524252915435377.jpg


Талғат Мамырұлы білім беруді интернационализациялау сынды замана талабына сай, Халықаралық қазақ-қытай тіл колледжін Қытайдың жоғары оқу орындарымен интеграциялады. Анықтан айтқанда, ҚХР-дағы Чунчин Чжаотон университеті (Chongqing Jaotong University), Хуачжон педагогикалық университеті (Huazhong Normal University) және басқа да жоғары оқу орындарымен әріптестік ынтымақтастық қатынас орнатып, колледж студенттерін оқу барысында және бітірген соң аталған және  басқа да Қытайдың жоғары оқу орындарына барып оқуына мүмкіндік жасады. Сондай-ақ сол университеттің білікті мамандарын колледжге шақырып, лекция оқыту арқылы да білім беру сапасын көтеруге көп көңіл бөліп келеді.

Ал колледждың қандай маман дайындайтынын туралы олардың қабылдаған стратегиялық ұстанымынан білеміз. Онда: «мамандықты жетік меңгерген, көп тілді еркін игерген, әлемдік бәсекеге қабілетті, отансүйгіш ұрпақ тәрбиелеп шығару және Қазақстанның білім беру саласына үлес қосу» деп көрсетілген. Бұл колледждің - темірқазығы. Осы концепцияға сайкес, колледждің оқу үдерісіне шет тілдерін оқытудың жаңа техникалық тәсілдерін қолданысқа енгізген. Сонымен қатар техникалық білім беруді инновациялық тәсілдермен ұштастырып, патриоттық тәрбие беруді маңызды орынға қойып, білім беру мен адам тәрбиелеуді органикалық түрде ұштастырғаны көңіл куантады, үміт ұялатады.

Қазір колледжде мыңға тарта студент оқиды, 60-қа жуық ұстаз білім береді. Мұның өзі отандық кәсіптік білім беру саласына қосылған зор үлес болып саналады. Соған орай Талғат Мамырұлының отанға сіңірген ерен еңбегі өз бағасын алып келеді. Ол «Ы. Алтынсарин» медалімен (2010), «Гордость образования» орденімен (2016), Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет грамотасы» (2017) сияқты марапаттарына ие болды, сондай-ақ Министрлік оның Білім беру жүйесін дамытуға қосқан жеке үлесі үшін «Алғыс» (2017) айтты, Ел тәуелсіздігінің 30 жылына орай Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев та Тәкеңіе «Алғыс хат» жолдады. Талғаттың есімі «Егемен елдің 100 қайраткері» кітабына енгізілді. Мұның бәрі Тәкеңнің өз Отанына сіңірген еңбегінің  бағаланып, тарих бетіне алтын әріппен жазылғанын көрсетеді.

Талғат Мамырұлының өмір жолы және ғылыми педагогикалық, кәсіпкерлік менеджметтік жұмыстарының сәтті де, табысты болып отыруының сыры, – оның бойындағы талантты және шешуші кезеңдерде жасаған талғампаздық талдауларының дұрыс болуында деп санаймын. Тәкеңдегі дарындылыққа мінезінің салмақтылығы құп жарасып, ойшылдығы мен еңбекқорлығы оны замандастарының алдынғы легінен көрсетіп келеді.

Мен Талғат Мамырұлымен ол Шыңжаң университетінде мұғалім болып жүрген жас кезінен танысқанмын. Отанға оралған соң біз етене араласып кеттік. Әсіресе, ол колледж ашқаннан кейін біздің арамызда кәсіби байланыс орнады. Бірлесіп бірнеше рет Алматыда халықаралық конференциялар өткіздік, Қытайда өткен халықаралық ғылыми конференцияларға да бірге барып жүрдік. Сапар үсінде, бос уақыттарда біздің әнгімеміз көбінесе Қазақстанда қытайтану ғылымын қалыптастыру, қытайтанушы патриот мамандарды  қалай дайындау деген мәселелер төңірегінде өрбиді. Бір байқағаным, Тәкең идеяға бай адам екен, ол қашан да  тың ойлар мен жаңа жобалар айтып, сізді ойландырады. Ол отандық қытайтану ғылымын дамыту үшін еліміздің әрсаласында Қытайды зерттеумен шұғылданып жүрген ғалымдар мен қытай тілі оқытушыларының басын қосатын ғылыми ұйым болу керек дейді. Сондай ұйым атынан республикалық немесе халықаралық гранттарды ұтып алуға немесе ірі кәсіпорындарынан демеуші табуға болады. Қаржы қолға келсе, отандық қытай тілі оқулығын халықаралық стандарт бойынша жазуға, қытай -қазақ қатынастарындағы ең өзекті мәселлерді зерттеуді өрістетуге болады. Мұндай ғылыми ұйымды тек сіз басқарып отырған әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қытайтану кафедрасы құрып, жетекшілік ете алады. Ұлттық университеттің халықаралық имиджі де ұйымның жұмыс жасауына септігін тигізеді. Сондықтан сіз ұйымдастыруыңыз керек деген ұсыныс айтты. Мен оның бұл ұсынысын көн көріп, басқа да әріптестеріммен кеңесіп келіп,  2016 жылы сәуірді «Қытайтанушылар ассоциациясы» қоғамдық бірлестігі деген қоғамдық ғылыми ұйымды Алматы қаласының Әділет департаментіне ресми түрде тіркеуден өткізіп құрдым. Алайда, бұл комерциялық ұйым болмағандықтан, қаржы мәселесі шешілмей, жоспарлаған жобаларымызды іске асыру қазірше мүмкін болмай тұрған жайы бар. Бірақ аталмыш Бірлестіктің құрылуының өзіндік маңызы зор. «Қытайтанушылар ассоциациясы» қоғамдық бірлестігі Қазақстанда құрылды деген сөз, отандық қытайтану ғылымының қалыптасқандығын анықтайтыны сөзсіз. Еуропадағы қытайтану ғылымы да осындай ұйымдардың құрылуымен қалыптасқан. Қытайдың халықарадағы орны мен ықпалы, Қазақстанмен қарым-қатынасының дамуы, міндетті түрде отандық қытайтану ғылымының дамуына мұрындық болады. Сондықтан аталмыш ұйымның ғылыми құндылығы мәнгілік сақталады деп санаймыз.

Талғат Мамырұлы қашанда үлкен ойда жүретін ғалым. Оның замана тынысын, әлемнің беталысын дәп басып аңғаратыны, кез келген мәселенге ұлттық мүдде тұрғысынан толғанатыны ғалымдық қасиетін аңғартып, адамды тәнті етеді. Оның әр әнгімесінен нәр алғандай, көңліңіз жадырап, жаныңыз рахаттанып қалады. Тәкеңнің тұрпайы әнгіме айтқанын, мән-мағанасыз бос сөз сөйлегенін естімеппін. Бұл да оның бойындағы тамаша мәдение қасиет деп қараймын.

Тәкең IT маманы болса да гуманикарлық ғылыми, әдеби кітаптарды да көп оқитыны оның сөйлеген сөздерінен байқалып тұрады. Ол ана тілінен тыс, қытай, ағылшын және орыс тілі сияқты халықаралық үлкен тілдерді жақсы игерген маман. Сондықтан ол ғылыми ақпараттарды дер кезінде алып отырады. Міне, Тәкеңдегі осындай дара қасиеттер оны кемелділікке бастап келеді деп санаймын.

Қадірлі Талғат Мамырұлы, Сіз 60 жасқа үлкен нәтижелермен келдіңіз, Сіздің Отанға бергеніңізден береріңіз көп. Лайым Жаратушы Сізге ұзақ ғұмыр, қажымас қайрат берсін, отбасыңыз аман-есен, ісіңіз ілгері, мәртебеңіз биіктей берсін!

Нәбижан Мұқаметханұлы, тарих ғылымдарының докторы,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры.


 Алматы, 28.12.2021


Пікір жазу
  • Латифундистерді азайтамыз ба, әлде көбейтеміз бе?
    Жаңа Қазақстанның құндылықтары айқындала түсті