Ұлттың коды мен паспорты

Уақыты: 2020-02-04 Көрлімі: 1653 Сипаттама

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаев мырза ұлы ақын бабамыз, данагөй ойшылы...

abaj-1200.jpg

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаев мырза ұлы ақын бабамыз, данагөй ойшылымыз, ұлт рухын асқақтатқан Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толуына орай терең ойлы әрі жүрекке жақын, көңілге ыстық мақала жариялады. Сонда «Ұлы Абайдың ой-тұжырымдары баршаңызға қашанда рухани азық бола алады» деген тамаша пайым бар. Расында, қаншама жылдар, қаншама қоғамдық өзгерістер болып жатса да ұлтымыз үшін ұлы Абай ілімі, ақын рухы темірқазықтай жол көрсетіп тұр.

Ал Елбасы – Қазақстанның Тұң­ғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев «Замандар ауысып, дүние дидары өзгерсе де, халқымыздың Абайға көңілі айнымайды, қайта уақыт өткен сайын оның ұлы­лығының тың қырларын ашып, жа­ңа сырларына қаныға түседі. Абай өзінің туған халқымен мәңгі-бақи бір­ге жасайды, ғасырлар бойы қазақ елін, қазағын биіктерге, асқар асуларға шақыра береді» деп жазған еді.

Қ.К.Тоқаевтың да, Н.Ә.Назар­баев­­тың да мемлекет басқарудағы үн­дестігі, ұлтымыздың екі ірі сая­сат­­керінің рухани-мәдени салада да бір көзқараста екендігі қуантады.

Қ.К.Тоқаев «...тіпті қазір айтып жүр­ген интеллектуалды ұлт қалып­тас­тыру идеясы Абайдан бастау алды деуге болады. Ұлы ойшыл әр сөзімен ұлттың өрісін өсіруді көз­деді. Сондықтан Абайды терең тану­ға баса мән бергеніміз жөн», деп тұжы­рымдайды. Иә, ұлы Абайды тану бірден қалыптаса қойған жоқ. Оны тану қиын, қатпарлы жолдан өтті. Ұлы ақын, дана, ойшыл мұрасын тану жолындағы тай­талас күні кешеге дейін жалғас­ты. Тәуелсіздік әкелген рухани жаң­ғыру ғана Абай мұрасына жаңа көзқарас, ұлттық код, ұлттық құн­ды­лықтар тұрғысынан кеңінен тануға мүмкіндік ашты.

Хакім Абай қара сөздері – өмірді көріп, соның жақсылығы мен жаманын, қуанышы мен қайғысын, табиғат пен жан үйлесімділігінен шындық пен болашаққа жол іздеген адамның болмысы, жан күйзелісі, сенімі мен сезімі.

Уақыт өткен сайын, қоғамдық құ­ры­лыс өзгерген сайын Абай ілі­міне деген көзқарас та өзгеріп отыр­­ған. Өйт­кені әр ұрпақ, әр заман адамдары хакім Абай ілімімен су­сы­н­дайды, кере­гін табады.

Әрине Абай қара сөздері 1905, 1907 және 1910 жылдардағы Мүр­сейіт қолжазбалары бойынша екше­ліп, сарапталып жарияланып келеді.

Қара сөздер жинақталып, ірік­теліп бір ізге түсіріліп, алғаш рет 1933 жылы жарияланған ақын кіта­бына енді. Ал 1957, 1977, 1995 жылғы Абай кітап­тары­ның жи­нақ­тарында қара сөз­дер­дегі өзге­рістер арнайы түс­інік­темелер арқы­лы берілді. Осылай хакім Абай қара сөздері ғылыми негізде қайта екшеліп, өз оқырманымен қауышты.

2007 жылы Абай қара сөздері М.О.Әуезов атындағы Әде­биет және өнер институты ғалым­дары­ның күші­мен қайта қара­лып жарияланды. Жалпы, редакция­сын басқарған филология ғылым­дары­ның докторы, профессор Ж.Ыс­­мағұлов, баспаға әзірлеген жауап­­ты шығарушы филология ғылым­­дарының кандидаты Тоқтар Әлбеков болды. Міне, осы жинақ барлық басылымдарға сын көзімен қарап, бір ізге түсірілген ғы­лы­ми басылым болды.

Осы жинақтарға зер салып қара­сақ, хакім Абайға деген замандық, қоғамдық көзқарас айқын көріне­ді. Мысалы, 1957 жылғы берілген түсі­­нік­темеге назар аударалық:

«Қара сөздер тақырып жағынан ақынның өлеңдерімен ұштасып жатады... Абайдың қоғам өміріне, жалпы дүниеге көзқарасы әр жақты кең қамтылып отырады. Ақынның дү­ние­тануындағы, саяси-әлеуметтік көз­­қарасындағы қайшылықтар қара­ сөздерінде айқынырақ көріне­ді. Материалистік ой-пікірлер мен дінге сенушілік, демократтық идея­лар мен ескі патриархалды-ру­шылдық өмірдің кейбір жақтарын дәріптеушілік қатар келіп отырады. Халық өмірінің ауыр жағдайын, қанаушылықты ашып көрсете отырып, ақын тап күресіне шақыру дәрежесіне көтеріле алмайды», [Абай. Қара сөздер. А. «Арда», 2007 ж. 80 б] – деп баға беріледі.

Әрине мұндай тұжырыммен мүл­дем келісуге болмайды. Абай қазақ қоғамының барлық қай­шы­лықты өмірін ашып көрсетті. Со­ның салдарынан тұралап, кенжелеп қалғанын ашық жазады.

Абайды «тап күресіне шақыру дәрежесіне көтеріле алмайды» деп айыптау сол кеңестік тоталитарлық идеологияның көрінісі. Ақынның революционер болуы шарт емес. Өмір, заман, қоғам кеселін көрсетіп берді.

Ал Абай қара сөздерінің 1977 жыл­ғы нұсқасын жоғарыда берілген түсініктемемен салыстыралық:

«Ұлы ақын қара сөздерінде заман халі, өмір, дін, адамгершілік, келешек, өнер, білім, оқу-ағарту сияқты сан қилы мәселелер хақында өлеңдерінде өрбіткен өрісті ойларын тарата жазып, өз тебіреніс, толғанысын білдіреді. Абай қара сөздері ақынның мол білімін танытып, оның өнер өрістеріне көз жіберуге мүмкіндік береді деп сылап-сипап бағалайды».

Дегенмен, Абайды «тап күресіне шақыра алмады» деген айыптауды алып тастау Абайға деген көз­қарастың эволюциялық өзгеріске ұшы­рағанының көрінісі еді. Өйт­кені бұл кезең де коммунистік идео­ло­гияның жаншу, таптау саясаты әлі де бәсеңсімеген тұсы.

Хакім Абайдың 1995 жылғы жи­нақта қара сөздеріне берілген ғылыми түсінікте Абайдың қазақ руха­ния­тындағы орны, мәні мен маңызы туралы еш баға берілмейді.

«Ақынның 150 жылдық мерейтойына арналған басылымға әзір­лік үстінде қара сөздердің мәтіні жоғарыда аталған қолжазба­лар­мен және ілгері басылымдар­мен қайтадан салыстырылды. Сөйтіп бұрынғы нұсқаларда жіберіл­ген кейбір жаңсақтықтар тү­зеті­ліп, түпнұсқа дәлдігі қалпына келті­рілді», деп қысқа қайырады.

Ғалым Әбу Насыр әл-Фараби, Жү­­сіп Баласағұн, Қожа Ахмет Ясауи ең­бектерін айта отырып, Абай қара сөздерінің шығыстық, Ба­­тыс Еу­ропа мен орыс әдебиетінің да­на­­­лық ой мәйегінен нәр алған­ды­ғы­­на назар аударады және «Қалай бол­­­ғанда да, Абайдың қара сөз­дері­­­нің дүниежүзі әдебиетіндегі да­на­­­лық белгісі айқын туындылар қа­та­­рын­­да тұратынында ешқандай кү­мән бол­­мауы керек деп ойлаймыз», деген бағамдау Абай қара сөздерін ба­ға­лаудағы жаңа көз­қарас болды.

Ж.Ысмағұлов ақын поэзиясы мен ғақлиясын бір бірлікте қарас­тырады. Мұны М.Әуезовтің концепциясы не­гізінде өрістетеді. «Абай өзінің өлең сөз­дерінің көп­тен-көбін заманындағы оқу­шы мен тыңдаушыларына үнемі түсі­­нікті болмайтындай көреді. Оны­сы аны­ғында солай да еді. Осы жайды ес­керіп, Абай енді қара сөзінде сол өлең­дерінде айтылатын ойларының бірта­лайын жаңа сөзбен таратады», дейді Ж.Ысмағұлов.

Профессор Ж.Ысмағұлов тәуел­сіз­ді­гіміздің алғашқы он жыл­дығында Абай­дың қара сөздері­не басқаша қарайды. Дін, адамгер­шілік, Абайды қаза­қ­тың «қаны мен дәстүріне сіңген елдік» заңды сақтамайтыны алаңдат­қанына назар аударады. Абай қара сөздерін, «бойтұмар» деп бағалайды.

Иә, хакім Абай даналығы заман­нан озған, уақыт пен кеңістікте жеке дара жасай беретін ілім. Ол дана­лық мәйегі ғылымның бар­лық сала­сын дамытуға ықпал етіп отыр. Ол гу­ма­нитарлық ғылым­ның – пәлсапа, тіл, әдебиет, тарих, психология, педагогика, юрис­пруденция ғана емес, жаратылыс­тану ғылымына да ықпал ете бастады. Осы тұрғыда талай ғылыми-зерттеулер жасалды, монографиялар жазылды. Олар ғылыми айналымға қосылды. Енді тәуелсіздік дәуірінде, нарықтық қатынастар аясында қазақ қоғамы тағы да хакім Абайға, ұлы ойшыл ақынның қара сөздеріне қайта орала бастады. Бұл абайтанудағы жаңа бетбұрыс, тың қадамға айналды. Осы орайда соңғы шыққан экономика ғылымдарының докторы, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Оразалы Сәбденнің зерттеулеріне Абай қара сөздері арқау болғанын атап өтер едім.

«Абай дүниетанымын тану, оны ғылыми негізде ұғыну үшін, оның ұлттық, шығыстық рухани жүйесін дүниежүзілік ой өркениетінің дамуымен байланыстыруда, қазіргі ХХІ ғасырдың цивилизациялық жаңалықтарымен ұштастыруда деп ойлаймын. Сонда ғана біздер Абай дүниетанымы болмысына ғылыми тұрғыда дендеп, қазіргі және келешек өмірге бейімдеп іске асыра аламыз. Осы еңбекте Абайдың ой өркениетін ізгілендіру қоғамын құруға пайдалану әрекеттері жасал­ған», дейді О.Сәбден.

Оразалы Сәбден Абай қара сөз­дерін өз ойына нысана етіп алып оты­рады. Мәселен, Абайдың он бірін­ші қара сөзінде «Ұрыны тыюға да болар еді, бірақ осы бұзақының тіліне еретұғын, азатұғын байларды кім тыяды?» деп жазған ғой. Осы­ны тілге тиек ете отырып Қазақ­стан­ның тек шикізат сатумен айналыс­қанына дәйектер келтіріп, бұл мәселені саясат деңгейінде қарас­тырады.

Болгар ғалымы Д.Иванов, Абай­­дың қара сөздерін Аврелий Авгус­танның 400 жылы жазыл­ған «Исповеді», Адам Смиттің XVIII  ғасырда жазылған «Теория нравстенных чувств» еңбектерімен үн­дестікте қарастырады. Ол Мұх­тар Әуезов айтқан «Абай – всевидящее око», «Абай – отзывчивое сердце», «Абай – муд­рость народа» деген сөздеріне бас иеді. Яғни, М.Әуезов бағалағандай, Абай қара сөздерін адамзат ілімі ретін­де қабылдайды. Тіпті Д.Иванов Абай қара сөздерін Інжілмен теңестіреді.

«Библия казахского народа или точнее, народов Центральной Азии, как мы можем назвать эту книгу, «была создана автором в конце его жизни», дейді ғалым.

Иә, мұндай теңеу ұлт үшін мақ­таныш. Жүздеген, миллион­даған адам тәу ететін Библияға теңеу Абай ілімінің таусылмас қазы­на екені­нің белгісі.

Франциялық әдебиетшілер Аль­бер және Мадлен Фишерлер Абай­дың жиырма бесінші қара сөзіндегі «өзге ұлт­тар­дың рухани жәдігерлерін біл­ген адам төмен­демейді, қайта олар­мен теңе­седі» деген лұғатты сөзі ешқашан ескір­мейді деп есептейді.

Жоселин Перар, Маривони Перро деген франциялық ғалымдар «Абай қара сөздері өмір сүру философиясы», деп бағалайды. Кере­мет тұжырым. Яғни, «бұл ілім, оны зерттей беру керек, зерделей білу керек». Осы елдің тағы бір әде­биет­­ші ғалымы Шан­таль Лемер­се Кел­­кежет Абай поэзия­сы мен қара сөз­­дерін оқи келе оны «ағарту­шы мо­­дернист» деп баға­лайды. Ол Ба­тыс­та да, Шығыста да, өз хал­­қы­­ның ға­­жап философиялық мұра­ларын игер­­ген энциклопедист тұлға, ойшыл.

Чех қаламгері, әдебиетшісі А.Кос­тан «Абай – бүкіл халықтың ұлы» деп жазады.

Абайдың он төртінші қара сөзі­не назар аударып көрелік. «Тірі адам­ның жүректен аяулы жері бола ма? Біздің қазақтың жүректі кісі дегені – батыр кісі дегені» (сонда). Абай осын­­дай адами қасиет­терді адам бо­­йы­нан іздейді және оны адам­ның жан дүниесімен бір­лес­тікте қарас­­тырады. Мұны адам­ның жан-жануар­­лардан артық­шылық қасие­тін тілмен бірле­стікте қарастырады. «Тіл жүрек­тің айт­қанына көнсе, жал­­ған шық­пайды. Амалдың тілін алса, жүрек ұмыт қалады», деп ой түйеді Абай. Сонда жүрек деп отырғаны Абайдың тек қана кеудедегі соғып тұрған жүрек пе?! Жоқ. Әрине, Абай үшін жүрек ақыл, ой-санамен бірлік. Ал «амал» деп отырғаны – болмыс. Өмірдің, жағдайдың күйін күйттеп, өз ойы жоқ, өз тоқтамы жоқ топпен бірге адасуға бейім адамдарға тән. Жаман мен жақсының парқын білетін адамдар көштің соңынан итше ере бермей, адасқан көптің атының басын бұрып алуға жараған, әділетті ақыл мойындаған нәрсеге пайым табу ерлік пен батырлыққа пара-пар. Ал олай болмай бұра тартып, әділеттілікке жүгінбеу бір бөлек. Абай ұғымында олар жүректі адам емес, «қасқыр жүректі» деген ұғымға саяды.

Осы ұғымдарды Абай қазақы болмыспен, қазақы мінез-құлықпен шендестіре қарайды.

Білім – адамтану ілімі. Он тоғы­зын­­шы қара сөзіне назар аударалық:

«Адам ата-анадан туғанда есті бол­майды: естіп, көріп, ұстап, татып ес­керсе, дүниедегі жақсы, жаман­ды таниды-дағы, сондайдан біл­­гені, көр­гені көп болған адам білім­ді болады».

Демек, Абайша тоқтам былай: «Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады». Бұдан қандай пәлсапалық ой түюге болады? Адам жақсыны көр­се, соған ұқсауға тырысуы қажет. Оны бойына сіңіріп, өміріне серік етсе ол адам қор болмайды. Жаман­нан қашып, жақсылыққа жол тапса, соны «адам десе болады».

Өз ұлтын өзге ұлтпен салыстырып, шендестіру – ғылыми әдіс. Мұ­ны ұлы Абай жиырма төртінші қара сөзінде ерекше пайдаланған. Міне, Абай ілімінің мықтылығы да осында.

Жиырма үш ой тұмадан тұратын отыз жетінші сөз ғақлияның адам өміріндегі орнын айғақтайды. Әр мысалды тереңдеп қарай бастасақ талай-талай ой иірімдеріне қаны­ғасың. Мұның бәрі адам өмірі­нің иманшарты секілді көрінеді. «Адам­­ның адамшылығы істі баста­ған­­дығынан көрінеді, қалайша бітіргендігінен емес». Бұл сөздің астарында не жатыр? Адам қандай да бір істі адам игілігі үшін пайдалы мақсатқа арнап бастаса, ол мін­детті түрде аяқталады. Әупі­рімдеп бітпейді. Ал кімге болысу керек? Кісіге білімін ескеріп болысу қажет, татымсыз адамға жасал­ған көмек оны бұзады. Міне, осы сөз­дер күні бүгінге дейін өте мәнді және құнды. Өйткені жең ұшынан жалғасу­шылық осындайдан басталады. Абай хакім осыны меңзейді.

Абай ілімі қай заманда да қажет. Өйткені хакім Абай өмірді, қазақ­тың бар қасиетін зерделеген адам. Абай ұлтын шексіз сүйетін ұлы тұлға.

Хакім Абайды қазақ қоғамының бар мәселесі алаңдатады. Соның ішінде, әсіресе Абайдың қазақтың дер­бес мемлекет болуын аңсайтын тұс­­­тары аз емес. Ол ерекше көзге ұрып тұр­­мағанмен қырық бірінші қара сөзін­де айқын аңғарылады. Демек, хакім Абай өз заманына да, өз қоға­мына да риза емес. Бұл осы қырық бірін­ші сөзде нақты көрініс тапқан өзге ел­дермен теңесу үшін қазаққа не керек?

«... Әуелі – бек зор өкімет, жар­лық қолында бар кісі керек». Ал өкімет, жарлық қай жерде болуы мүм­кін? Әрине, жеке мемлекет бол­ған елде болады. Сонда қоғам­ды өзгер­туге бола­ды. Үлкендерді тәр­тіп­ке шақырып, жас балаларды «мед­реселерге беріп» оқы­­­тып, қажет­ті салалар бойынша ма­­­мандар даяр­лауға болады. Қыз­дар да қо­ғамның бір пайдасына жа­рауы ке­рек. Оларды мұсылман ғылы­мына жібер­се, қоғам өзгермек. Олар өздері­нің ал­дын­дағы ұрпақты алмастырар еді.

Ұлы Мұхтар Әуезов: «Жал­пы ал­ғанда, Абайдың қара сөз дей­тін мұра­лары көркем проза­ның өзінен бөлек, бір алуаны болып қалып­танады. Бұлар сю­жетті шы­ғар­малар емес. Бұрынғы жазушылар қол­данған естелік, ме­муар да емес. Стиль, мазмұн жағынан алғанда, осы шы­ғар­малар – Абайдың өзі тапқан бір көр­кемсөздің түрі деп бағалап едім».

Сайып келгенде, Абай хакім қара сөздері өзінің формалық, баяндау, па­йымдау, айқындау, түйіндеу жағынан алғанда қазақ халқының өмір сүру конституциясы деп білу керек. Ол қазақ халқының өркениет жолындағы рухани қазынасы, ғылыми қайнар бұлағы. Ол адамзатты толғандыратын өмір сүру ережесі. Абай – ұлттың коды мен паспорты!

 

Уәлихан ҚАЛИЖАНОВ,

ҰҒА академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Дереккөз: "Егемен Қазақстан"

Пікір жазу
  • Абайдың 175 жылдық мерейтойының ресми ашылуы болды
    Абай қазақтың бас дәрігері