Ұлы Абайдың 175 жылдығы аясында ақынның өзбек тіліне аударылған шығармалары мен шығыстың ғұлама шайыры Әлішер Науаидің қазақ тілінде жарық көрген «Хамса» атты кітабы көпшілікке таныстырылды, деп Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлаймыз.
Кітаптардың тұсаукесер рәсіміне Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев, Өзбекстанның Олий Мәжіліс Сенатының төрайымы Танзила Нарбаева, Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінің Қазақстандағы елшілері, Мәжіліс депутаттары және бірқатар ақын-жазушы мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Мәулен Әшімбаев бұл күннің қазақ және өзбек әдебиеті үшін, сондай-ақ, тұтас түркі жұрты үшін маңызы зор екенін айтты.
«Абай қазақтың ғана ақыны емес. Ол – барша адамзатқа ортақ ғұлама. Ақынның ой-толғамдары мен өсиеті барша түркі жұртына арналған десек те, артық бола қоймас. Қазіргідей сын-қатерлер заманында біз осындай ортақ құндылықтарымызды кеңінен дәріптеуіміз керек. Әсіресе, жас буынға жан- жақты насихаттасақ, түркі дүниесінің бірлігін нығайтуға қосылған үлкен үлес болар еді», – деді Сенат төрағасы.
Сонымен қатар ол Абай мен Науаи мұраларының рухани сабақтастығына назар аударды.
«Шығыс шайырларының дара тұлғасы, ежелгі түркі әдебиетінің атасы Әлішер Науаидің еңбегін қазақ тіліне аударуды маңызды оқиға деп қабылдаймыз. Бұл – қазақ әдебиетіне қосылған құнды үлес. Абай Науаиді өзінің рухани ұстазы санап, оның өлеңдерінен тағылым алғанын бәріміз жақсы білеміз. Осы тұрғыдан келгенде, екі бірдей кемеңгердің еңбектерін
қатар аударудың символикалық мәні бар», – деген Мәулен Әшімбаев Науаи поэзиясының маңызы мен әлемдік әдебиеттегі орны туралы да сөз қозғады.
Салтанатты рәсім кезінде Өзбекстан Олий Мәжілісі Сенатының төрайымы Танзила Нарбаева, Өзбекстанның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Саидикрам Ниязходжаев, Мәжіліс депутаты Сауытбек Абдрахманов және ақын Несіпбек Айтұлы сөз сөйлеп, мұндай шаралар түркі әлемінің ынтымағын нығайта түсетінін айтты.
«Хамса» – Әлішер Науаидің әйгілі бес дастаннан тұратын еңбегі. Қазақ тілінде жарық көрген кітапқа «Ләйлі-Мәжін» және «Ескендір қорғаны» атты екі дастан енген. Бұл шығармаларды көне өзбек тілінен қазақтың белгілі ақыны Несіпбек Айтұлы аударды. Шалқар шабытпен, асқан шеберлікпен тәржімаланған жауһар туындылар бауырлас екі ел арасындағы әдеби және мәдени байланыстардың алтын көпіріне айналары сөзсіз.
Аталған игілікті іске Халықаралық Түркі Академиясы ұйытқы болды. Осы ретте Академияның мұрындық болуымен бұған дейін де бұл бағытта бірқатар маңызды бастама жүзеге асырылғанын атап өткен жөн.