ҚР Cыртқы істер министрінің ресми өкілі Айбек Смадияров Қытайда қысымға ұшырап, елге келе алмай жатқан қандастар туралы Астана қаласындағы ҚХР елшілігіне дипломатиялық нота бағыттадғанын хабарлады.
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің жетекшісі Айбек Смадияров дәл қазір ведомство қандастар мәселесі бойынша алған ақпаратты тексеру жұмыстарын жүргізіп жатқанын айтты.
"Бұл жағдайдан хабардармыз. Келіссөздер жүргізіп жатырмыз, Қытай тарапы да тиісінше жұмыс істеуде. Астана қаласындағы Қытай елшілігіне дипломатиялық нота жіберілді", — деді Сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің жетекшісі брифинг барысында.
Смадияров дипломатиялық нотаға сыртқы саяси ведомствоның Қытай тарапы тексеруі тиіс барлық ақпаратты енгізгенін айтып өтті.
2 қарашада Қытайда ата-аналары қалған алпыс шақты бала Алматыда жиын өткізіп, Қазақстан билігінен, халықаралық ұйымдардан көмек сұраған.
Бұған дейін Шыңжаңның түрлі аудандарынан Қазақстанға көшіп келген қазақтар Алматыда кезек-кезек баспасөз мәслихатын өткізіп, Қытайда қамалған туыстарын босатуға биліктен және халықаралық қауымдастықтан араша сұраған. Қыркүйектің соңында Шыңжаңның Мұңғылкүре ауданынан көшіп келген қазақтар өткізген жиында прокуратура өкілдері келіп, мұндай жиын өткізуге болмайтыны туралы ескертіп кеткен.
Смадияровтің сөзінше, қазір министрлік балаларынан ажырап, Қытайда қалған қазақтар мәселесіне қатысты Пекинмен жұмыстар жүргізіп жатыр.
«Балалары Қазақстанда, өздері Қытайда қалған қазақтардың мәселесін білеміз. Дипломатиялық арналар арқылы бірнеше нота жолдадық. Аты-жөндерін де жібердік. Кейбір балалардың ата-аналарын білмейміз. Көмек керек болса, ресми түрде сыртқы істер министрлігіне хабарласса болады», - деп ҚР Сыртқы істер министрлігіне нақты сауал жолдамағандардың да бар екенін айтып, барлық Қытайда туыстары қысымға ұшыраған қандастарға қажетті құжаттардың барлығын жинап, министрлікке жазуға кеңес берді.
Журналистердің тексеруге қанша уақыт кететініне қатысты сауалына СІМ өкілі процестің қиын әрі ұзақ мерзімге ұласатынын айтты.
СІМ Қытайға сауал жібермес бұрын қолда бар мәліметті құқық қорғау органдарындағы ақпаратпен салыстырады. Осыдан кейін дәл осындай механизм Қытайда жүзеге асады.
"Бұл істің аяқталуына қатысты нақты мерзімді айта алмаймыз. Біз Қытай тарапынан жауап күтіп отырмыз", — деді ведомствоның ресми өкілі.
Естеріңізде болса, 2017 жылдан бастап қазіргі күнге дейін ҚР мен ҚХР сыртқы саяси ведомстволарының арасында өткен екі жақты консультациялар барысында аталған мәселе талқыланғаны ақпарат құралдарында жарияланған. Одан бөлек, 2018 жылдың 23-24 сәуірінде, 21-22 мамырында, 7-8 маусымында ҚР мен ҚХР сыртқы істер министрлері және консулдық қызмет мәселелрі жөніндегі келіссөздер барысында, сондай-ақ 2018 жылдың 17-19 сәуіріндегі ҚР Сыртқы істер министрінің Бірінші орынбасары М. Тілеубердінің Үрімші қаласына жасаған жұмыс сапары барысында ШҰАР партия комитетінің хатшысы, ҚКП Орталық комитетінің саяи бюросының мүшесі Чэнь Цюаньго және басқа үкімет басшыларымен келіссөзде егжей текжейлі талқыланған. Бұны ҚР Сыртқы істер министрілігі 21 маусымдағы Жебеу қоғамдық бірлестігіне жазған хатында хабарлаған.
Хатта «Қытай азаматтығы бар этникалық қазақтардың көші-қоны, олардың кіру/шығуы, азаматттықан шығуы/қабылдауы туралы мәселелер талқыланып, екі тарап ҚР-ҚХР достығын назараға ала отырып, заңдардың орындалуын қадағалайтын, туындаған сұрақтарды өзара тікелей ықпалдастық орнату және консультациялар өткізу арқылы шешетін болып келісті», - деп жазылған.
2018 жылдың маусым айында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ШЫҰ саммиті кезінде Қытайда сапарда болды. Бейресми ақпараттарға қарағанда сол жолы да Елбасы Қытайдағы қазақтардың жағдайын Қытай басшысымен талқылаған. Демек, қандастар мәселесінде екі ел арасында дипломатиялық жұмыстар жүріп жатыр. Қандастарымыз екі елдің дипломатиялық органдарына арыз-шағымын жеткізе беруі қажет екеін министрлік өкілі тағы бір қайталады.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде «Қытайдағы қазақтар мәселесінде ҚР Сыртқы істер министрлігі Қытайдың ішкі ісіне араласа алмайды. Сондықтан арызды ҚР үкіметінен көрі, шетелдік ақпарат құралдарына, БҰҰ-ға, АҚШ президентіне берген дұрыс» деген сияқты пікірлер де айтылған. Осы арада қандастардың осындай алып-қашпа сөздерге ермей, туысына араша болу үшін ҚР Сыртқы істер министрлігіне арыз-шағымын түсіріп, қазақ билігінен көмек сұрағаны жөн деген ойымызды тағы бір қайталағымыз келеді.
Jebeu.kz