: АККАУНТ СУНКАРА НУРМАГАНБЕТОВА В FACEBOOK
Бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатында ҚР Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов Қытайда ұсталған қазақтардың 80 проценті босатылғанын айтты.
Үкімет сағатында ҚР Парламенеті Мәжілісінің депутаты Берік Дүйсенбинов сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұловтан Қытайдың "саяси үйрену орталықтары" мен қысымға ұшыраған, тарихи Отанына жете алмай жатқан қандастардың мәселесін шешу бойынша қандай кешенді шаралар қолға алынғанын сұрады.
Министр депутатқа берген жауабында дипломатиялық жұмыстардың нәтижесінде қазақтарды шетінен босатып жатқанын, әлі де дипломатиялық жұмыстардың жүріп жатқанын айтты.
Бейбіт Атамқұлов "Қазір Қытай Халық Республикасында 1,5 миллионнан аса қазақ тұрады.Бізге күн сайын Қытайдан бірталай мәлімет түседі. Бұл мәселе біздің ерекше назарымызда. Былтыр 2,5 мың қандасымыз Қазақстанға оралуға рұқсат алды. Ал қос азаматтық үшін 33 адам қамауға алынған. Дипломатиялық жұмыстардың нәтижесінде соның 20-сын елге қайтардық", - деді депутатқа берген жауабында.
Сонымен қатар, оның айтуынша, министрлікке қамауда отырған қазақтар туралы 1387 арыз түскен. Әр түскен арызды жеке-жеке қарастырып жатқанын айтты.
"Бұл мәселе бүкіл әлемдегі мұсылмандардың құлағын шулатып жатыр. Қытайдың өз саясаты бар, бірқатар дипломат сол лагерьлерге барып, өз көздерімен көріп қайтты. Бүгінгі таңда, бізге түскен мәлімет бойынша, сол жерде ұсталған қазақтардың саны 80 проценке азайған, бәрін шетінен босатып жатыр. Биыл да қандастарымыз жеңілдік алды", - деді министр.
Атамқұлов сыртқы істер министрлігімен ғана емес, ішкі істер және басқа да құзырлы органдармен үлкен жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Jebeu.kz