"Қазақтелеком" шетелдегі қандастарға арналған байланыс орталығының серіктесі болды

Уақыты: 2019-04-20 Көрлімі: 1544 Сипаттама

"Қазақтелеком" АҚ, "Отандастар қоры" коммерциялық емес АҚ және Дүниежүзі қазақтарының қ...

photo_55510.JPG

"Қазақтелеком" АҚ, "Отандастар қоры" коммерциялық емес АҚ және Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы тарихи отанына оралған және шетелде тұрып жатқан отандастарына көмек көрсететін әлеуметтік қызмет түрін ашып жатыр. "Отандастар қоры" коммерциялық емес АҚ президенті Нұртай Әбіқаев пен "Қазақтелеком" АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев байланыс орталығын ашу мен оны техникамен жабдықтау бойынша өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды. 

"Қазақтелеком" АҚ этникалық қазақтарға бірегей қызмет түрін көрсету үшін орталықты телефон байланысы желілерімен және бағдарламалық жасақтамалармен қамтамасыз етіп, операторлар алды. Әзірше қазақстандық ұялы байланыс операторларының нөмірінен тегін қоңырау шалу мүмкіндігі талқыланып жатыр.

 Байланыс орталығы "бір терезе" қағидасы бойынша қызмет көрсете отырып, оралман статусын және ҚР азаматтығын алу мәселелері бойынша, әлеуметтік жеңілдік пен төлемақыларды, мемлекеттік көмекті белгілеу мәселесі бойынша, сондай-ақ, оралмандар мен иммигранттарды жұмысқа орналастыру үшін оларға өңірлік квота белгілеуге қатысты кеңестер береді. Бизнес ашу және технологияларды дамыту мәселелері бойынша кеңес алу үшін қала және облыс әкімдіктерімен, ұлттық компаниялармен, "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен, "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қорымен, "Зерде" және "ҚазАгро" холдингтерімен серіктестік қарым-қатынастар орнатылып жатыр. 

Байланыс орталығына мына нөмірлер бойынша хабарласуға болады: 1404 (мобильді нөмірден қоңырау шалу), +7 (7172) 981404 (шетелден қоңырау соғатындарға), 8-800-080-1404 (Қазақстандағы қалалық телефон нөмірлерінен). Сондай-ақ, орталық қызметкерлерімен WhatsApp,Telegram және Skype мессенджерлері арқылы байланысқа шығуға болады.

 "Бүгінде ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасы бойынша құрылған "Отандастар қоры" тарихи отандарына оралған, сондай-ақ, шетелде тұрып жатқан отандастарына көмек пен қолдау көрсету мақсатында бірнеше жобаны жүзеге асырып жатыр. Қордың негізгі міндеттерінің бірі Қазақстанға оралып жатқан отандастарға бейімделуге және әлеуметтенуге көмектесу. Бірыңғай байланыс орталығының ашылуы барлық қажетті көмекті жинап қана қоймай, оралмандар мен шетелде тұрып жатқан отандастарымыздың проблемаларын шешу үшін мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асырып, қолдау көрсетуге қажетті ақпараттың дереккөзі болмақ. Мұндай қызмет түрінің пайда болуы мемлекеттің отандастардың проблемасына деген назарының деңгейін көрсетеді", - дейді "Отандастар қоры" коммерциялық емес АҚ президенті Нұртай Әбіқаев. 

Ресми мәліметтерге қарағанда, 1991-2016 жылдар аралығында Қазақстанға 1 миллионнан аса адам көшіп келген - мемлекеттік бағдарлама аясында қоныс аударғандар мен өз бетінше көшіп келгендер. Cоңғы уақытта тарихи отанына оралған этникалық қазақтардың санының өсу тенденциясы байланыс орталығын ашу қажеттілігін дәлелдейді.

 "Осы меморандум аясында біз өзара және нәтижелі ынтымақтастыққа барлық жағдай жасауға ұмтыламыз. Бұл жобаның үлкен әлеуметтік мәні бар, онда біз серіктес ретінде қатыса отырып, инфрақұрылымдық мультисервистік оператор ретінде осы жобаның дамуына қосатын үлесіміздің маңыздылығын түсінеміз", - деді "Қазақтелеком" АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев. 

Сондай-ақ, меморандумға қол қою барысында тараптар ортақ іс-шараларды өткізу перспективаларын талқылады. Өзара әрекеттестік мерзімі 2022 жылға дейін белгіленді.

Дереккөз: kaz.tengrinews.kz

Пікір жазу
  • Сарапшы - Қазақстан мен Өзбекстан президенттері екі мемлекет тарихындағы жаңа кезеңді бастап отыр
    Қандастар назарына: Оралман мәртебесін ұзартуға байланысты акция 2019 жылдың 31 желтоқсанына дейін