Алматы қалалық Әлеуметтік әл-ауқат басқармасы оралман куәлігінің уақыты өткен қандастарға, жеңілдетілген тәртіппен азаматтық алу мақсатында оралман мәртебесі ұзартылатынын хабарлады.
Хабарламада «мәртебе мерзімі аяқталған оралмандарды Қазақстан Республикасының азаматтығына жеңілдетілген тәртіппен қабылдау жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында, оралман мәртебесі мерзімінің аяқталуына қарамастан (1991-2018 жыл аралығындағы) ұзарту туралы республикалық акция басталғанын хабарлаймыз. Акцияның аяқталу мерзімі 2019 жылдың 31 желтоқсанына дейін.
Ұзартуға қажетті құжаттар: Өтініш, Алматы қаласында тұратындығын дәлелдейтін мекенжай анықтамасы.
Алматы қаласында тұратын оралмандар ұзартуға өтінішті Қонаев көшесі 122 мекенжайында орналасқан (Қабанбай батыр көшесімен қиылысы, 103 кабинет, тел.: 261 – 10 – 86) Алматы қаласы Әлеуметтік әл-ауөат басқармасына білдіре алады», - деп жазылған.
Естеріңізде болса, 16 наурызда Қазақстан Республикасының бірінші Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев оралмандар мәртебесін жеңілдетілген тәртіппен 2019 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзарту туралы шешім шығарғанын хабарлағанбыз. Қазіргі кезде әр қала, облыстардағы Әлеуметтік әл-ауқат басқармасы (бұрынғы Көші-қон комитеті) оралман мәртебесінің уақыты өткен қандастардың өтінішін қабылдап жатыр. Акция уақытының шекті екенін ескерте отырып, барша оралман куәлігінің уақытты өткен қандастарды орайды ұтымды пайдалануға шақырамыз.
Jebeu.kz