Серікжан Біләш қазіргі қазақ қоғамындағы күрделі мәселеге айналып бара жатқанын мойындайтын кез келді. Егерде бұл мәселе бұдан ары сағыздай созылып, жалғаса беретін болса, қазақ қоғамындағы жіктелушілік одан ары ұлғая түсетіні белгілі болып отыр. Алғашқы кезде Серікжан Біләш Қытайдан келген қазақтарды «Қытайдың шпионы», «патроиот» деп жіктеп, ағайын арасына жік түсірсе, енді бүкіл қазақ қоғамы арасындағы жіктелушіліктің себебіне айналып отыр. Қазіргі күні Әзімбай Ғали, Ринат Зайтов сияқты қоғамда белгілі тұлғалардың өзі Серікжан Біләш уағызының жетегінде кетіп, соның сойылын соғып, қазақ қоғамы арасында да жік түсіріп отырған жайы бар.
Өткен күзде Жарқын жеті туралы «Abai.kz» сайтында жарияланған мақалада Серікжан Біләштің кім екенін толығымен дәлелдеп көрсеткенбіз. Әлі де ол ойымнан қайтқан жоқпын және соңғы кезде қолымда жинақталған материалдар Серікжан Біләштің мен ойлағанннан да қауіпті, халықаралық деңгейдегі арандатушы екеніне көзімді жеткізе түсті. Бірақ бұл мәселелерді мына мақала шеңберінде қайта қозғамақ ниетім жоқ.
Ендігі кезекте "Серікжан Біләш қазақтың шын жанашыры ма?" деген сұраққа жауап беріп көрмекпін. Олай етпесек, "Серікжан Біләш болмаса, Қытай қазағы мүлдем құрып кететін еді", "біздің мұңымызды, қайға қасіретімізді сыртқы дүниеге шығарып, жар салып, дүние жүзінің Қытай қазақтарының мәселесіне көңіл аудартып отырған тек Серікжан Біләш. Ол болмаса, бар Қытай қазағы түрмеде шірір еді" дегенді айтып елді шулатып жүрген Серіжан жақтастарының дауысы күн сайын күшейе түсуде. Олар тіпті кезінде Сайрагүл мен Серікжанды қолдап, ара түсіп жәрдем қолдарын созған адвокат Абзал Құспан мен журналист Сәуле Әбділдаханқызын да, олардың сөздерін қостап, ара түспек ағайындардың барлығын аяққа таптап, жоқ етуге бар.
Серікжаннның өзі болса, ақын Мұхтар Шаханов бастаған зиялы қауым өкілдерінің айтқан тоқтау сөздеріне құлақ аспай, оларды тышқанға, сасық күзенге теңеді. Мұндай адамды қазақ деп, қазақ жанашыры деп айту мүмкін бе? Қазақ өзінің ар-иманын, руханиятын малынан да, жанынан да артық бағалаған халық. Олай болмаса, «Малым жанымның садағасы, Жаным арымның садағасы» деп айтпаған болар еді. Ал, ақын Мұхтар Шаханов бастаған топ қазіргі күнгі қазақтың арына баланған, қазақтың жоғалғанын түгелдеп, жыртығын жамап, руханиятын қалпына келтіріп жүрген тұлғалар болатын. Оларды тышқанға, сасық күзенге теңеп, «Мен танкімін ғой. Танкі табанының астындағы тышқан, сасық күзендерді қайтіп көрсін» деп уәж айтқан Серікжанды қазақтың жанашыры деп айта алмаймын. Жоқ. Айту мүмкін емес. Қазақтың руханиятын аяққа таптаған адамды қазақтың досы деп айтудың өзі қылмыс. Себебі, кез-келген халықты халық етіп ұйыстыратын өзек – ол халықтың рухани-мәдени болмысы.
Халық одан ажырайтын болса, онда ол халық – халық ретінде тарих сахнасынан кетеді. Қазақтың сол рухани өзегіне, сол рухани өзекті сақтап отырған, қорғап отырған тұлғаларды тышқанға, сасық күзенге теңеген адам қазақтың қайтіп жанашыры бола алады? «Қазақ» атын бетперде қылып, сол қазақты тоз-тоз етуге бағытталған Серікжан Біләштің бұл әрекеті қазақтың мүддесіне емес, керісінше, жалпы Орталық Азия елдерін халықаралық жанжалдың ошағына айналдыру болып отырған Батыс елдерінің мүддесіне сай келетінін қазақтың көпшілігі әлі түсіне қойған жоқ. Өйткені, бұл Батыс елдерінің стратегиялық жоспарында арнайы қарастырылған көп қатпарлы саясат екенінен хабарымыз жоқ. Ондай саясаты болмаса АҚШ бастаған Батыс елдерінің қазіргі Ауғанстан мемллекетінің солтүстік бөлігінде Сирия мен Ирақтан шығарылған террористік топтарды шоғырландыру не үшін қажет болды? Серікжан Біләштің жанын салып, уаххабилікті уағыздап, қазақты қазаққа айдап салып, одан қалса, қытайға қарсы қоюдағы мақсаты қазақтың мүддесі үшін емес, жоғарыда айтқан «үлкен жоспарды» іске асырудың жолдары емес пе?» деген заңды сұрақ туындайды.
Өйткені, Серікжан Біләштің ұйғырлардың азаттық күштерімен бірлесе әрекет ететіні белгілі болып отыр. Ал, ұйғыр азаттық күштерінің АҚШ бастаған Батыс елдерімен тығыз байланыста екені әлемге белгілі. Ұйғыр ағайындарды қазақ қанша бауырға тартқанымен қазақты халық деп менсініп жүрген ұйғыр жоқ екеніне көзіміз жеткен жоқ па? Соңғы жылдары ғана қазақстандық ұйғырлар тарапынан жасалған сепаратистік әрекеттер олардың түпкі мақсатының нені көксейтінін көрсеткен жоқ па? Ұйғырлардың Қазақ жері есебінен Ұйғыр мемлекеттігін қалыптастыру ойлары барлығын да жоққа шығаруға болмайды. Олай болса, Серікжан Біләш сол саясатты іске асырушы «ойыншы» емес екеніне кім куәлік береді? Егерде осы мәселелерді тұтасынан алып қарайтын болсақ, онда Серікжан бастаған «ойынның» Қазақ мемлекеттігі үшін қауіпті астары барлығын жоққа шығаруға болмайды және бұл мәселеде оның қазақ үшін күресіп жүрмегеніне көзімізді жеткізе түседі.
АҚШ пен өзге Батыс елдерінің Орталық Азия елдерінде Қытайға қарсы бүлік шығаруға мүдделі болып отырғаны туралы «Фонд стратегической культуры» атты электронды басылымда жарияланған Алексей Пахолиннің «США в Центральной Азии – как стравить китайцев с казахами и киргизами» атты мақаласында АҚШ-тың Орталық Азия елдері халықтарын Қытайға қарсы қою саясаты жүргізіліп жатқанын және ол саясатты жүргізіу үшін кім қаржы бөліп отырғанын ашып жазды. Серікжан Біләштің мына әрекеті сол саясатпен астасып жатқанын жоққа шығару мүмкін бе? Жоқ! Біздің олай деуімізге тағы бір дәлел – Халықаралық құқық қорғау ұйымдарының Серікжан Біләш бастаған топтың арыз-шағымдарына еліп ете қалуы да, күдік тудырмай қоймайды. Оның үстіне бұл азаматтың ұйғырлардың азаттық қозғалысы ұйымымен де тығыз байланысы барлығы оның әсте Қытайдағы қазақ үшін күресіп жүрмегенін аяғақтай түседі.
Жалпы, Қытайдағы қазақтың басына қара бұлттың үйірлуіне Серікжан Біләштің тікелей қатысы барлығын, уаххабилік-салафилік идеологияны Қытай қазақтары арасында таратушы болғанын бұған дейін жазған мақаламызда толық баядаған болатынбыз. Қажет болса, оны ары қарай аша түсуге болады. Жалпы Қытай қазақтары арасына уаххабиліктің таралуына байланысты, ондағы қазақ арасындағы рухани ауытқушылыққа байланысты Заңғар Алтайдың жариялаған «Жарқын 7 лаңы және келесі қауіп ...» мақаласынан үзінді келтірсек, сол кезеңдегі Қытай қазақтары арасында Серікжан Біләштің қазақ руханиятына қарсы қалай күрескенін көруімізге болады. Ол мақалада былай делінеді: «Қазақстанда сол жылдары қаншама діни ағымдар болса, арғы бетте тура сондай ағымдар ашық үгіттеліп жатты. Ол идея үгіттеушілер ешқашан шынайы ат қолданған емес. Солардың ішінде жарқын7 деген атпен жүретін белгісіз адам Қытай қазақтары сайттарында арнаулы түрде, тұрақты өзін дәріптеп, діни-саяси бағытын үгіттеумен айналысты. «Күлтегін» атты сайтты соңында толық бақылауда алып, әртүрлі өзге ұлтты, өзге дінді теріс қырынан көрсететін, жек көрсетуге бағытталған жазбаларын және де Қазақтың салт-дәстүр мерекелерін (Наурыз мерекесі жайлы, би, музыкалық аспаптар) жек көрушілікті дәріптеп дін үгіттеуге көшті (оның миллион рет оқылған «Мың бір сапар» шығармасы сіздерге дәлел ретінде жіберіледі). Әрине ол елді өзіне баурау үшін әртүрлі ұлттық құндылықтардың жанашыры кейпіне енетін кезі де болды. Ол сонымен қатар Қытай жоғары оқу орындарындағы белсенді жастармен кездесіп, оларды өз қатарына тартты. Өзіне қарсы келген жастарды қорқыту, үркіту арқылы да өзіне тартты. Және қарсы келген адамдарға жала жабу, аяусыз боқтық сөздер айту арқылы үнемі басып-жаншып отырды. Осындай жүйелі жұмыстар арқасында Шыңжаң қазақтары арасында дәстүрлі діннен алыстаған, әрі дәстүрлі исламды дәріптеген адамдарға жау көзбен қарайтын, оларды жау санайтын топтар пайда болды. Ақыры бұл Қытай қоғамы қауіпсіздік мекемесі жағынан байқалып, Қазақ сайттары бақылауға алынды, жабылды. Бұл өз кезегінде қытай ақпарат саласында Қазақстанмен ақпараттық көпір болып, қытай қазақтарының рухани азығы болып отырған қазақ ақпарат кеңістігі үшін орны толмас жоғалту болды.
Бұл мақаланы жазып отырған сол Қытайдан келген қандасымыз. Серікжан Біләштің Қытайда жүріп қазаққа, қазақ руханиятына «қандай қамқорлық» жасағанын осы үзіндінің өзі-ақ танып-білуге мүмкіндік береді. Өзінің қызметінің басты бағыты қазақтың рухани-мәдени болмысын талқандауды мақсат етіп алған адамды «қазақ жанашыры» деп айтуға келеді ме? Серікжан Біләштің уаххабилікпен тікелей байланысы барлығы жақында оны қорғамақ болған оралман қарындасымыздың видеосында тағы да дәлелденді. Ол видеода Серікжан Біләштің діни бағыты А.Смановпен бірдей екенін дәлелдеп, Серікжан ханафи мазхабының өкілі деп пәтуә береді. Бұл Серікжан Біләштің уаххабилер өкілі екеніне толық дәлел бола алады. Өйткені, Смановтар әулеті қазақ жеріне уаххабилік әкелуші негізгі арнаның бірі болғаны баршаға аян. Өздерін ханафи мазхабы өкіліміз деп айтқанымен, олар ханафи мазхабының өкілі бола алмайды. Ең бастысы олар әруақты, әулиені мойындамайды. Әулие мен әруақ жоқ жерде ханафи мазхабы да жоқ.
Тәуелсіздіктен кейін келіп елімізге енген уаххабилік ағымның салдарын қазіргі күні бар қазақ қоғамы көріп отыр десек артық айтқандық емес. Осы ағымның салдарынан елімізде қаншама терактілер орын алды, қанашама жастар адасып, Шешенстан, Сирия, Ирақ елдеріне барып ажал құшты. Қазіргі күні қазақ қоғамы осы идеологияның салдарынан жік-жікке бөлініп отырғаны мойындалмай отырған ащы шындықтың бірі. Осы идеолгияның Қытай қазақтары арасына таралуына, ондағы қазақтардың діни танымының өзгеруіне ықпал еткен, қазақ руханиятынан ажыратқан адамды, қазақ тілінде шешен сөйлейді екен деп қолдау көрсету қазақ халқына қарсы жасалған қастандық болар еді. Онымен шектелмей Қазақстанның ішіне келіп, халықты іштей өзара дүрдараз қылып, жіктелуіне ықпал етіп отырғаны да белгілі.
Серікжан Біләштің еліміздің ішкі тұтастығын бұзуға бағытталған мұндай әрекеттері жоғарыда атап өтілген халықаралық ірі саяси ойыншылардың Орталық Азия елдерінде бүлік шығару жоспарымен сай келетінін ескерер болсақ, онда Серікжан Біләшті қазақ мүддесін қорғаушы ретінде қарау мүмкін емес. Ең бастысы сол уаххабилік идеологияның қазіргі Батыс идеологтары қолындағы мұсылман елдерін іштей бүлдіруге бағытталған басты идеологиялық қару болып отырғаны жалпыға аян. Және бұл жерде тағы ескерте кететін бір жәйт, Серікжан Біләштің еліміздің ішкі тұтастығын бұзуға бағытталған әрекеттерінде жалғыз еместігін, оны қолдайтын топтың барлығы да айқындалып отыр. Ол елімізде танымал «Тәуелсіз журналистер клубы» өкілдері «Атажұрт еріктілерімен» бірге «Қытайдың қазақтан шыққан шпиондарын» әшкерелеумен айналысып келеді. «Тәңірлік дінді қалпына келтіремін» деп ел ішінде жік шығарып жүрген Тоқтар Жақаш пен уаххабилік идеологияның уағызшысына айналған Ораз Әлімбеков сынды журналистер бұл мәселеде біраз жетістіктерге жетіп, қазақ арасына жік салуда аянбай еңбек етіп жүргендерін айтуға тиіспіз.
Серікжан Біләштің бұлардан басқа да қолдаушылары аз еместігіне соңғы кезде көзіміз жете бастады. Өйткені, Қытай өкіметінің Шығыс Түркістандағы қазақтарға жасап жатқан қысымы қаны бар қазақтың кез-келгенінің қанын қыздыратыны жасырын емес. Алайда, бұл мәселе бұлай, Серікжан Біләштің методымен шешілмейтінін ұғынуға тиіспіз. Қазіргі күні мына жерде іштей жік-жік болып, айтысып, тартысып, бет жыртысқанмен мәселе шешілмейді. Осы тартыс ары қарай жалғаса беретін болса, онда мәселе одан ары ушығып кететіні анық. Оның орнына бұл мәселені шешудің басқа жолдарын қарастырып, Қытайдағы қандастарымызды мүмкіндігі болғанынша көптеп қайтарудың жолын қарастыруымыз керек. Екінші мәселе, Қытайдың экспансиялық саясатына қарсы тұра алатын саяси жігер мен сауатты экономикалық саясат қажет. Өкінішке орай, қазір бізде ол жоқ екені бәрімізге белгілі.
Қазіргі күні еліміз саяси тұрғыдан да, экономикалық тұрғыдан да Қытайға тәуелді. Қазақстанның барлық базары Қытай тауарына тәуелді және Қытай экономикасының қуатын арттыруға жұмыс істеп жатыр. Мұндай жағдайда Қытайға сөзің өтеді ме? Жоқ! Сондықтан да қазақ-қытай арақатынасы мемлекеттік деңгейде айқындалуы тиіс. Дәл қазіргі жағдайда Серікжан Біләш сияқты арандатушылардың әрекеті қазаққа зәредей де пайдасын тигізе алмайды. Керісінше, алпауыт мемлекеттердің геосаяси жоспарларын іске асыру жолындағы әрекеттерінің құрбандығына айналып кету ықтималдығы бар. Алпауыт мемлекеттер өздерінің мүдделерін іске асыру жолында ешнәрсені көзге ілмейтініне, ешкімнің көз жасына қарамайтынына соңғы он жыл көлемінде әлем халықтарының көзі сан мәрте жетті. 2009 жылы басталған «Араб көктемінің» жалғасы аяқталмағанына, жүздеген мың адам құрбан болып, миллондаған адамдардың босып кеткеніне бәріміз куәміз. Сол жағдай қазақ халқының басына да келмесін десек, онда жалған ұранды желеулетіп, халықты орға жықпақ болған кез-келген арандатушының жолы кесілуі тиіс. Басқа жол жоқ!
Зікірия Жандарбек
Дереккөз: Abai.kz