Бүгінде бүкіл әлемдегі объективті көші-қон процесі жағдайында «диаспора», «шетелдегі отандастар», «ерікті қоныс аудару» сияқты ұғымдар жаңа мәнге ие болды. Әлемнің көптеген елі шет елдердегі этнобірегейлік қоғамдастықтарды қолдау саясатын дамыту, «жұмсақ күшті» пайдалану арқылы ақпараттық және мәдени ықпал етудің кешенді құралы ретінде өз мүдделерін іске асырудың мүмкіндіктерін бағалай білді. Қазақстандықтар шетелдегі отандастарды, этникалық қазақтарды жан-жақты қолдау қажет екенін біледі. Мұны шетелде тұратын қазақтардың өздері де түсінеді.
Қазіргі халықаралық тәжірибені зерделеу көптеген елдің шетелдегі отандастарын мемлекеттік қолдаудағы мәселелерін шешуде бізден әлдеқайда озып кеткен. Оларда қолданыста этникалық топтар өкілдерін қолдау, ерікті түрде қоныс аудару және репатриациялаудың мемлекеттік бағдарламалары қабылданған.
«Отандастар қоры» КЕАҚ жобаларының зерттеулері негізінде назарларыңызға этникалық немістерді мемлекеттік қолдау саласындағы Германия Федеративтік Республикасының тәжірибесі туралы қысқаша ақпарат берсек.
Германияның шетелдегі отандастарын қайтып оралуын ынталандыруға және қолдауға бағытталған негізгі заңнамалық актісі 1953 жылы қабылданған ГФР «Қуылғандар мен босқындар туралы» заңында (Gesetz über die Angelegenheiten der Vertriebenen und Flüchtlinge (Bundesvertriebenengesetz – бұдан әрі - BVFG)) жазылған.
Интернетте бұл заңның аудармасына байланысты «Қоныс аударғандар және босқындар туралы» немесе басқа да түрлі атауларды кездестіруге болады. Бірақ ГФР Бундестагының қазіргі депутаты, отандасымыз Генрих Цертик, «Отандастар қоры» КЕАҚ-ның өкілдерімен кездесуде заң атауын ГФР «Қуылғандар мен босқындар туралы» заңы деп аудару қажет екенін баса айтты.
Бұл заң осы кезге дейін бірталай өзгертулер мен толықтырулардан өтті, ал негізгі өзгертулер 2013 жылы енгізілді.
Заңның негізгі мазмұны – Екінші дүниежүзілік соғыс және соғыстан кейінгі жылдар кезеңінде қуғынға, депортацияға ұшыраған және мүлкін жоғалтқан «ресейлік» немістерді өтемақы ретінде Германияға қабылдау.
Заң «ресейлік немістер» деп Ресей империясының, Кеңес Одағының немістерін және олардың ұрпағын санайды. «Ресейлік немістер» деген топтық термин посткеңестік кеңістікте тұратын барлық этникалық немістерді қамтиды. Қазақстандық немістер де осы санатқа кіреді.
Заң қоныс аударушыны қабылдау туралы шешім қандай да бір мерзіммен шектелмейді деп белгілейді. Бұл құжаттар өз күшін жоғалтпай, 20 және одан да көп жыл сақталады дегенді білдіреді. Заң «кейінгі қоныс аударушыға» (осылай деп Германияда Кеңес Одағында тұрған барлық этникалық немістерді атайды) тілдік талаптарға өте үлкен мән береді, ал неміс тілін білу деңгейі өтініш беру мерзіміне қарамастан өзекті болуы тиіс. Бұл – неміс қоғамының ана тілін білуге деген ұқыпты көзқарасының көрсеткіші.
Неміс қоғамының ана тіліне көрсеткен осындай құрметі арқылы ұлттың болашағына деген қамқорлығы байқалады. Немістер ұлттың болашағы тек табиғи-белсенді индивидтердің болуында ғана емес, сонымен бірге олардың санасының тек ана тілі арқылы мүмкін мәденигуманитарлық, рухани толығуында екенін анық түсінеді.
Неміс заңындағы түзетулер бұрынғы өтініштер бойынша алынған және күшіне енген бас тартулардан кейін де қоныс аударушыны қайта қабылдау туралы өтініштерге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп танылған тұлғалардың неміс тілін білуін растау қажеттігінен толық босатылуы туралы заңның ережелерін жоғары адамгершілік белгілері деп тану керек. Мұндай қағида қандай да бір ауруларға байланысты тілді үйреніп, емтихан тапсыра алмайтындарға да қатысты.
Неміс заңындағы тағы бір маңызды жаңалық – енді отбасының барлық мүшелерінен Германияға бір мезгілде бірлесіп шығуы талап етілмейді. Бұған дейін заңның бұл ережесіне сәйкес егер отбасы басшысы, үміткер Германияға тұрақты тұруға көшкен жағдайда, «кейінгі қоныс аударушы» мәртебесін алу үшін үміткер отбасы мүшелерін өтінішке енгізуі мүмкін емес деп көзделген болатын. Өтінішке отбасы мүшелерін одан әрі енгізу мүмкін емес еді. Енді қосылуға ниет білдірген отбасы мүшелері отағасының қай жерде тұрғанына қарамастан, оның бастапқы мәлімдемесіне енгізу туралы өтінішпен жүгінуге құқылы. Мұндай өтінішті жұбайы, балалары, ата-аналары, сондай-ақ кейінгі қоныс аударушының басқа да ұрпақтары беруге құқылы.
Заңдағы жаңалықтар, бірінші кезекте, шетелдегі отандастарды мемлекеттік қолдау саласындағы ГФР заңнамасын жетілдіруге бағытталған. Көші-қон саясатын іске асыруға қатысатын барлық мемлекеттік құрылымдардың, сонымен қатар Германияның барлық федералдық жерінің аумағында министрліктер деңгейінде жұмыс істейтін қоныс аударушылар істері жөніндегі уәкілдердің де рөлін күшейтуге ықпал етті.
Қазақстанда этникалық репатриация саласында арнайы уәкілетті органның болмауы жағдайында, немістердің тіпті жерлер денгейінде (бізде облыстар денгейі) этникалық миграция мәселесін шешудегі орнықты ұстанымдары үлкен құрмет пен қызығушылық тудырады.
Германияда әлі күнге дейін қоныс аударушылардың бейімделуі үшін Фридланд лагері жұмыс істейді. 1991 жылдан бері осы қызметте жұмыс істейтін лагерь директоры Хайнрих Хёрншемайер кездесу кезінде лагерьдің қызметі туралы айтып қана қоймай, кейінгі қоныс аударушылардың өмір сүру жағдайларын да көрсетті. Ол соңғы жылдары бұрынғы посткеңестік республикалардан қоныс аударушы этникалық немістердің ағыны едәуір азайғанын, керісінше, экономикалық және саяси қолайсыз елдерден көшіп-қонушылардың саны өсе түскенін атап өтті.
Германияның этникалық немістерді қайтару және мемлекеттік қолдау саласындағы тәжірибесін зерттеу барысында мемлекет тарапынан қолдаумен қатар, қоныс аударушылар олардың өмірі мен қызметінде белсенді рөл атқаратын бірқатар қоғамдық ұйымдар қолдайтынын көрсетті. Олардың бірқатарын атап кетуге болады:
– Отто Бенекке қоры: 1965 жылдан бастап жұмыс істейді, мемлекет қаржыландырады, жас мамандарға – кейінгі қоныс аударушыларға және олардың отбасыларына қайта мамандану мен жұмыс табуына көмектеседі. Алғаш рет қоныс аударушылар қор өкілдерімен Фридландта кездеседі;
– Герхард Хауптманның үйі: жұмысының негізгі бағыты – неміс тілін оқыту курстарын ұйымдастыру, қоныс аударушыларды жұмысқа орналастыру, оларға кеңес беру, әлеуметтік және өзге де көмек көрсету;
– Бонның Библей семинарының христиан бөлімін (BSB) 1946 жылы қоныс аударушылар құрған. Басшы және жұмыскерлердің көпшілігі кейінгі қоныс аударушылар, негізгі бөлігін тек персонал ғана емес, сонымен қатар білім алушылар (көпшілігі Германияға қоныс аударушылар мен көшіп-қонушылардың балалары) құрайды, олар Германиядағы қоныс аударушылардың тарихы туралы кітапхананы құра алған;
– Internationale unternehmensgruppe Monolith халықаралық сауда компаниясы: тауарларды өндіруге және сатуға маманданған, негізінен ТМД елдерімен, әсіресе, Ресей Федерациясымен және Қазақстанмен ынтымақтастықты жүзеге асырады. Жұмыскерлердің басым бөлігін ТМД елдерінен шыққан этникалық немістер құрайды. Компанияның қызмет бағыты – Германияға көшіп келген тұлғаларды жұмысқа орналастыру;
– Берлин көшіп-қонушыларға көмек көрсету орталығы: мемлекеттік бюджет есебіндегі инфрақұрылымы бар ғимарат. Ғимарат қоныс аударушылардың тұруы үшін бейімделген, маңызды әлеуметтік мәселелер, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлар және бос уақытты ұйымдастыру бойынша қажетті ақпарат береді, жұмысқа орналастыру кезінде көмек көрсетеді;
– Германиядағы «ресейлік немістердің» жерлестігінің федералдық жастар ұйымы және Берлиннің интеграциялық үйі (Lira e.V.) Берлиннің жұмысқа орналастыру орталығы жанындағы коммерциялық емес ұйымдар ретінде тіркелген. Негізгі қызметі – жастардың білім алуына және жұмысқа орналасуына көмек көрсету.
Бұдан бөлек өзге де ұйымдар бар. Этникалық қоныс аударушыларды қолдайтын Германияның барлық коммерциялық емес ұйымдарымен кездесу мүмкін емес, олар көп және оған уақыт қажет.
Осыған орай салыстыру қажет сияқты. Қазақстанда әзірге мемлекет құрған және қолдайтын жалғыз ғана ұйым – «Отандастар қоры» КЕАҚ жұмыс істейді. Бірақ осы ұйымға берілген құзыреттер мен ресурстар Германиядағы ұқсас ұйымдардың мүмкіндіктерімен салыстыруға келмейді.
Әрине, салыстыру барысында Қазақстан жас мемлекет, егемендікті жақында алды, тәжірибесі жоқ және сол сияқты т.б. уәждерді алға тартуға болады. Алайда Германияның жағдайында соғыстан кейінгі күйзеліс, елдің екіге бөлінуі және т.б. жантүршігерлік апаттарды бастан өткергенін атауға болады. Солай бола тұра, олар отандастарын қолдауда және өздерінің немістеріне деген тарихи әділдікті қалпына келтіруде ешқандай шектеу жасамайды.
Германияның тәжірибесі шетелдегі отандастарды мемлекеттік қолдау мәселелерін, сондай-ақ этникалық репатриация мәселелерін мемлекеттің билік өкілдерінің қатысуынсыз, осы саладағы қатынастарды реттеуге бағытталған тиімді жұмыс істейтін мемлекеттік құжаттарсыз табысты шешу мүмкін еместігін көрсетіп отыр.
Сондай-ақ ең бастысы, мемлекеттік басқару жүйесінде батыл шешім қабылдайтын және өз мойындарына жауапкершілік ала алатын мемлекеттік тұлғалар болмай осы саясатты іске асыру қиын.
Бүгінде қазақстандық қоғам ұлттық кадрлар мен жастардың шетелге кетуіне шындап алаңдаулы. Себептер жеткілікті, бұл туралы бәрі біледі. Осы орайда этникалық қазақтарды Қазақстанға ерікті түрде көшіру мәселелеріне де мемлекет пен қоғам тарапынан тиісті назар аударылу керек деп есептеймін.
Ол үшін басты саяси құжаттар – шетелдегі отандастарды мемлекеттік қолдау мен этникалық репатриацияны реттеуге бағытталған мемлекеттік бағдарлама мен арнайы құқықтық акті қажет. Мемлекеттік аса маңызы бар осы құжаттар қабылданбай, шетелдегі отандастарды мемлекеттік қолдау және этникалық репатриация саласында табысқа жету мүмкін емес. Осыны түсіну үшін басқа елдердің тәжірибесіне назар аудару жеткілікті.
Нұрхан ЖӘЛИЕВ, «Отандастар қоры» ақпараттық талдау департаментінің басқарушы директоры
Дереккөз: "Отандастар қорының" баспасөз қызметі