Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева шетелдегі қандастарды қолдау шаралары туралы айтты, деп ҚазАқпаратқа сілтеме жасап хабарлаймыз.
«Қандастарды, шетелдегі отандастарымызды қолдау – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Атажұртқа оралған қандастарымыз көп. Бұл мақсатта жүйелі жұмыстар легі жүргізіліп жатыр. 2018 жылы «Отандастар» қоры құрылды. Қор қазіргі таңда белсенді түрде жұмысын жалғастыруда», - деді Аида Балаева Парламент Сенатының отырысында.
Министр кейінгі бір жарым жылдың ішінде қандастарымыздың қолдау мақсатында 3 мыңға тарта шара өткізілгенін жеткізді.
«Балалар лагері ұйымдастырылып, қазақ тілін үйрену курстары басталды. Әдістемелік құралдар әзірленді. Әлемдегі 12 мемлекеттің 23 қаласында қазақ тілін үйретуге арналған 31 онлайн-сынып ашылды. Олар қазір белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Шетелдегі 250 қазақ орталығымен ынтымақтастық орнатылды. Бұл жұмыс жүйелі түрде жалғасын табады», - деді Аида Балаева.
Бұдан бөлек министр шетелдегі қандастарды қолдауға бағытталған 2021-2025 жылдарға арналған бағдарлама әзірленгенін жеткізді.
Өз кезегінде Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев қандастардың мәселесін ерекше назар аудару керектігін айтып өтті.
«Азаматтық алу үшін құжаттардың тізімін азайту және осы рәсімді жеңілдету мәселесі бар. Бүгінгі күні қандастарымыз бұл жұмыстармен басы қатып жарты, тіпті бір жылға дейін жүреді. Ана жақтан, мына жақтан қағаздарды жинау керек деп, әуре-сарсаңға түседі. Қандастарымыз осы рәсімді жеңілдету мәселесін жиі көтереді. Бұл жерде де Үкімет тарапынан бір жұмыстардың басталғанын білеміз. Нақты нәтиже болар деп үміттенеміз», - деді ол.