Белгілі шығыстанушы, қытайтанушы ғалым Дүкен Мәсімханұлы Шығыстану институтына директор болып тағайындалғанын хабарлағанбыз. Бұған дейін Л.Гумилев атындағы ЕҰУ жанындағы қытайтану институтының директоры қызметін атқарып келген ғалым "Түркістан" газетіне сұхбат беріп, көші-қонның мән-маңызы және шығыстану, қытайтану саласына қатысты әңгіме өрбіткен екен. Аталмыш басылымға сілтеме беріп, сұхбаттың толық нұсқасын назарларыңызға ұсынамыз.
– Қазақстан Тәуелсіздік алған соң Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев әлем қазақтарын атажұртқа шақырды. Соның нәтижесінде елге ел қосылды. Жалпы, Назарбаевтың әлем қазақтарын біріктірудегі ролі қандай?
– Өткен отыз жылда тәуелсіз қазақ елін құру, қалыптастыру және нығайту жолында Тұңғыш Президент, Елбасы Н.Назарбаев табысты атқарып шыққан аса ауқымды істерінің қатарынан біз мына үш мәселені ерекше бөліп атаған болар едік. Оның біріншісі – көршілес мемлекеттермен шекара шебімізді бейбіт жағдайда, дипломатиялық жолмен шегендеп беруі болса, екіншісі – елордамызды Алматыдан Арқа төсіндегі Ақмолаға ауыстырып, аз жылда айшықты қала тұрғызумен бірге, еліміздің солтүстік өңіріне ұлттық рух дарытуы. Ал үшіншісі – алыс-жақын шетелдерден бір миллионнан астам қандас бауырларымызды атамекеннің құшағына оралтуы.
Әрине, тәуелсіз елді қалыптастырудың қат-қабат қиындықтарымен арпалыса жүріп жүзеге асырылған осынау үш игіліктің қай-қайсысы да халқымыздың «ғасырлық жетістігі» деп айтуға лайықты. Алайда тағдырдың теперішімен әлемнің түкпір-түкпіріне тарыдай шашылып кеткен қандастарымызды Қазақстанға жинай бастауымыз саяси-стратегиялық тұрғыдан да, патриоттық тұрғыдан да ешқашан маңызын жоймайтын тарихи ұлы істердің бірі болып қалатыны – басы ашық ақиқат.
1991 жылғы 16 желтоқсан күні Алаш баласының ғасырлар бойы аңсаған асқақ арманы орындалып, тәуелсіз ел атандық. Ол кезде республикамызда мемлекет атын иеленіп отырған титулды халықтың үлес салмағы небәрі 40 пайыздың маңайында ғана еді. Осындай жағдайда «әлемдік қауымдастық» атты ұлы айдынға жаңа шыққан қазақ елі кемесін ақ жал толқындар қайда апарып соғуы мүмкін, тосын соққан дауылдарға төтеп бере алар ма екен деген сұрақтар қай-қайсымызды да мазалағаны рас.
Елдің тағдыры мен болашағына қатысты осынау күрмеуі күрделі мәселені жедел шешудің бір жолы шетелдерде тұратын қандас бауырларымызды мүмкіндігінше елге оралтып, сол арқылы ортамызды толтырып, жыртығымызды бүтіндеу еді. Н.Назарбаев осыны ерте аңғарып қана қойған жоқ, іске де жедел кірісті. Тіпті, Елбасының бұл бағыттағы қадамы республикамыз тәуелсіздік алмай тұрып-ақ басталып кеткені де жұртшылықтың жадынан шыға қоймаған болар.
Нұрсұлтан Назарбаев 1991 жылдың қыркүйек айында Қазақстан Республикасының Президенті ретінде Түркияға ресми сапармен барды. Сапар барысында Стамбұл қаласында қазақ диаспорасының өкілдерімен кездесіп, оларды елге көшіріп алуға уәде берді. Бұл оқиға сол кезде тек Түркиядағы ғана емес, сонымен бірге шетте жүрген күллі қазақ диаспорасы өкілдерінің жүрегіне үміт отын жағып, болашаққа деген сенімін оятты.
Осы кездесуде қазақ диаспорасының өкілдері Елбасыға кезінде Ауғанстаннан ауып барып, Пәкістан, Иран, Сауд Арабиясы және Түркияда босқын ретінде тұрып жатқан қазақ бауырларымызды бірінші кезекте елге қайтаруға қол ұшын беру туралы өтініш білдірген болатын. Президент осы өтінішті бірден қабыл алып, тәуелсіздігіміз жария болғаннан кейінгі аз уақыт ішінде Қазақстаннан арнайы әуе көлігін жіберіп, аталған мемлекеттерде босқын деген статуспен жүрген бауырларымызды атамекенге алдыртты.
Бір кездері тағдыр тәлкегіне түсіп, Ауғанстаннан пана таппай, бөтен ел, жат жұрт арасында азып-тозып жүрген сол бауырларымыз бүгінде Қазақстанның әр-әр жерінде өсіп-өніп, еңбек етіп, туған халқымен бірге бақытты болашағының бесігін тербетуде.
1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан өзінің тәуелсіздігін жариялады. Содан тура 15 күннен кейін Елбасымыз шетелдерге хабар тарататын «Шалқар» радиосы арқылы сөз сөйлеп, алыста жүрген ағайындарға ақ тілегін жолдады. Азат ел, тәуелсіз мемлекет басшысының үні қандай асқақ, сөздері қандай жалынды еді десеңізші! Әуе толқынынан саңқылдай шыққан бұл тілекті өз құлағымен естіген қазақ баласының қуанышында шек болмады. Президенттің әсіресе: «Қымбатты отандастар! Ежелгі атамекенінен жырақтап қалған сіздерді кешегі күнге дейін «Ата-баба жеріне қайтып келе аламыз ба?» деген сұрақтың алаңдатып келгенін мен жақсы білемін. «Туған жердің түтіні де ыстық» дейді халқымыз. Қандас бауырларымызды байырғы ата қонысына тарту мақсатында Қазақстан Үкіметі арнайы қаулы қабылдады. Сондықтан атамекенге келемін деуші ағайындарға жол ашық. Ата-баба әруағы алдарыңыздан жарылқасын!», – деген сөздерін толқымай тыңдау мүмкін емес еді.
Әрине, айтылған сөз ақиқатқа айналса ғана құнды. Елбасымыздың сөйлеген сөздері мен айтылған ойларының бәрі біртіндеп жүзеге аса бастады. 1992 жылғы қыркүйекте сол кездегі астанамыз Алматы қаласында тұңғыш Президентіміздің тікелей бастамасымен Дүниежүзі қазақтарының бірінші құрылтайы шақырылды. Ғасырлар бойы жат жерде жүрген қазақ диаспорасы өкілдерінің бастары атамекенде қосылып, бір-бірімен жылап көрісті. Мұндағы жергілікті жұрт та жеті атасы тіріліп келгендей қуанды. Шетелден келген бауырлардың ұшақтан түсе салысымен әуежайдың топырағына аунап, қара жерді құшырлана сүйгенін көргенде жүрегі тебіренбеген жан қалмады. Осы құрылтайда Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы құрылды. Оның төрағасы болып Елбасымыз Н.Назарбаев бір- ауыздан сайланды.
Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайы өткен соң, көп ұзамай, Қазақстан Президенті 1992 жылғы қарашада Иран Президентінің арнайы шақыруымен осы елге тұңғыш рет ресми сапармен барды. Сапар кезінде Нұрсұлтан Әбішұлы Иранның сол кездегі президенті Әли Акбар Хашеми Рафсанжани мырзамен сондағы қазақтардың тағдыры туралы арнайы әңгімелесіп, ағайынның өз қалауы бойынша атажұртына еркін көшуі туралы келісімге келді. Бұл да, әсіресе жастары парсыланып кетуге бейім тұрған Ирандағы қазақ диаспорасы үшін теңдесі жоқ қуаныш еді.
Басқаны былай қойғанда, бұрынғы Кеңес Одағының құрамында болған Ресей, Өзбекстан, Қарақалпақстан, Түркіменстан, Тәжікстан, Қырғыз Республикасы т.б. республикалардағы қазақтарды атамекенге оралтудың заңдық тетіктерін жасаудың өзі оңайға түскен жоқ. Дегенмен Елбасы бұл елдерде өмір сүріп жатқан ағайындарды елге оралту мәселесін тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында аталған мемлекеттердің басшыларымен жеке-жеке сөйлесіп, келісімге келу арқылы оңтайлы шешіп берді. Соның арқасында, әсіресе Өзбекстандағы қандастар Отанға кедергісіз оралуға толық мүмкіндік алды.
Азаттықтың алғашқы кезеңінде алыстағы ағайындарды елге оралту үшін Қытай елімен келісімге келудің қиындығы көптің көңілін күпті қылған күрделі мәселенің бірі болғаны жасырын емес. Алайда Елбасы ҚХР-дың сол кездегі төрағасы Цзянь Цзэминмен ауызекі келісіп, «бөлініп-жарылған отбасылардың қоныс аударуына» рұқсатын алды. Қытай еліне жасаған кезекті бір сапарында Нұрсұлтан Әбішұлы ондағы ағайындардың хал-жағдайын білу мақсатымен Құлжа қаласына дейін барып, қандастармен кездесіп, тұрмыс-тіршіліктерін көзімен көріп қайтқан болатын. Осындай қадамдардың арқасында Қытайда өмір сүріп жатқан қандастар арасындағы атажұртқа ораламын деушілердің көшіне кең жол ашылды.
Қазірге дейін қазақ елінде Дүниежүзі қазақтарының бес құрылтайы өтті. Нақтырақ айтқанда, бұл бес-алты жыл сайын бір құрылтай өтіп тұрды деген сөз. Соның бәріне де Елбасының өзі қатысып, шетелдердегі қазақ диаспорасының мұң-мұқтажын, көші-қонға қатысты түйткілді мәселелерін мұқият тыңдап, құзырлы сала басшыларына мәселені тездетіп шешу жөнінде нақты тапсырма беріп отырды.
–Шетте тұратын отандастарын көшіріп алып жатқан санаулы елдің бірі – Қазақстан. Осы уақытқа дейін тарихи Отанына 1 миллионның үстіндегі қазақ көшіп келіпті. Шетелден келген қазақ ретінде көші-қон істеріне көңіліңіз тола ма?
– Иә, бүгінде қазақ елі – қомақты қаражат бөліп, қандастарын еліне шақырып отырған санаулы ғана мемлекеттің бірі. Соның арқасында өткен ширек ғасыр ішінде 300 мыңға жуық отбасы атажұртқа оралды. Бұл – бұрыннан керегесі кең, бүгінде өзгелермен терезесі тең тәуелсіз еліміздің халқы 1 миллионнан астам жаңа қандастарымызбен толықты деген сөз. Айтқанға аз секілді көрінгенімен, бұл біздің еліміз үшін үлкен бір облыстың немесе оншақты ауданның халқына шамалас келетін қомақты сан екені сөзсіз.
«Елге ел қосылса – құт!» дейді қазақ даналығы. Шеттен келген бауырларымызбен бірге елге мәдени-рухани құндылықтарымыз да оралып, ұлттық мәдениетіміздің дамуында тың тыныс, жаңа өріс пайда болғанын мақтанышпен айтуға тиіспіз. Сол арқылы қаймағы бұзылмаған шұрайлы тіліміз мен бай әдеби мұрамыз, діни сенім-нанымымыз бен халықтық салт-дәстүрлеріміз, ұлттық қолөнер туындыларымыз, атамекенде ұмыт қалып бара жатқан көптеген ән-күйлеріміз бен билеріміз соңғы жиырма бес жылдың ауқымында отандық мәдениетімізге жаңа қазына болып қосылып, одан әрі байи түсті.
Атажұртқа оралған ағайындардың арасында бүгінде елімізде кәсіпкерлікпен табысты айналысып, ғылымымыз бен білімімізді, мәдениетіміз бен өнерімізді дамытуға белсене атсалысып жүрген айтулы тұлғаларымыз қаншама?!
Бір ғана әдебиет саласын алсақ, көші-қон саясатының арқасында қазақ қаламгерлерінің қатары жүздеген талантты ақын-жазушылармен толықты. Елге оралған қандас қаламгерлер әдебиетімізге тың тыныс, жаңа леп ала келді. Олардың қаламынан туған шығармалар отандық оқырманның жүрегіне жол тауып, сүйіспеншілігіне бөленіп үлгерді.
Сондай-ақ қазақ қисса-дастандарының ондаған томы, ағартушы ақындар – Ақыт қажы Үлімжіұлының, Көдек Маралбайұлының, Әсет Найманбайұлының, Таңжарық Жолдыұлының шығармалары, XV ғасырда өмір сүрген әйгілі қазақ шипагері Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» атты медициналық еңбегі, Қажығұмар Шабданұлының 6 томдық «Қылмыс» романы атажұртта жарық көріп, руханиятымыздың көкжиегін кеңейте түсті.
Бұл арада әлемнің түкпір-түкпірінен елге оралып жатқан бұлбұл көмей, жезтаңдай әншілердің бәрін тізбелеп жатпай-ақ қоялық. Бір ғана Майра Мұхамедқызының өзі Қазақстанның ән өнері мен музыка мәдениетін әлемдік жаңа белеске көтеруге қаншалықты үлес қосып жүргенін айтсақ та жеткілікті.
Ұлттық би өнеріміз де тәуелсіздік жылдарында өзінің жаңаша даму арнасын тапты. Бұл салада Шұғыла Сапарғалиқызы алып келген би мектебінің өзіндік орны бар екені әмбеге аян. Ал ұлттық дәстүрлі би өнерінің жауһары болып саналатын «Қара жорға» бүгінде той-жиындарда халқымыздың жанына шаттық нұрын сыйлайтын ортақ игілігімізге айналды.
Таэквондо – бүгінде елімізде қанатын кеңге жайып, тез өркендеп келе жатқан спорттың бір түрі. Оның қазақ топырағында тамыр жаюы Мұстафа Өзтүріктің есімімен тікелей байланысты. Ал боксшыларымыз Бақыт Сәрсекбаев пен Қанат Ислам әлемдік ең мәртебелі бокс бәсекелерінде ел абыройын асқақтатып, көк туымызды биікте желбіретті.
Тәуелсіздік жылдарында әлемнің әр түкпірінен еліміздің білім мен ғылым саласына келіп қосылған ұлағатты ұстаз, білікті ғалым бауырларымыз да емес. Осынау іске өлшеусіз үлес қосқан Халифа Алтай, Зардыхан Қинаятұлы, Мініс Әбілтай, Қаржаубай Сартқожа, Нәбижан Мұхаметхан, Ислам Жеменей, Дүкен Мәсімханұлы, Нәпіл Бәзілханұлы, Жанымхан Ошан т.б. ғалымдардың есімдерін құрметпен айту ләзім.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап бұлардың әрқайсысы өз саласы бойынша жас мамандар даярлау мен ғылыми зерттеулер жүргізу ісін қатар өрістетіп, отандық шығыстану және тарих ғылымдарын жаңа белеске көтеруге лайықты үлес қосты. Олардың қатарында қазіргі және ежелгі моңғол, қытай, парсы және шағатай тілдерін жақсы меңгерген білікті мамандар бар. Осындай ғалымдар мен педагогтардың елге оралуының арқасында отандық ғылымның көкжиегі кеңи түсті.
Елге оралған қандастарымыз «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында Шығыстың көне мұрағаттарындағы қазақ халқы мен Қазақстан тарихына қатысты құнды деректерді ғылыми тұрғыдан жүйелеп, ана тілімізге аударуға атсалысты. Сондай-ақ олардың қазақ тарихының ақтаңдақ беттерін ашуға ықпал ететін ғылыми еңбектері оқырманмен табысып, елімізде азат ой-сана мен жаңа тарихи көзқарастың қалыптасуына септігін тигізуде. Бұған істің көзін білетін мыңдаған тәжірибелі малшылар мен диқандарды, жаратылыстану саласының ғалымдары мен дәрігерлерді, әскери қызметшілер мен инженер-құрылысшыларды, ІТ және сандық-технология мамандарын, тағы басқаларды қоссаңыз, ұлт ретіндегі ортақ олжамыздың қаншалықты қомақты екеніне көзіміз айқын жетеді.
Елге елдің қосылып, құтқа айналғанының көрінісі осы болса керек. Елбасымыздың көші-қон және демография саласындағы салиқалы саясатының, шетелдердегі қазақ диаспорасына қатысты ерен еңбегінің арқасында осылайша өлгеніміз тірілді, өшкеніміз жанды, ортамыз толды, ойдағымыз болды деп нық сеніммен айта аламыз.
– Әлемнің 40-қа жуық елінде шашылып жатқан тағы да 5 миллионнан артық қазақ бар көрінеді. Сіздің ойыңызша, оларды көшіріп алу мүмкін бе? Болмаса шеттегі қазақты тарихи Отанына шақырудың жеңіл жолы қайсы?
– Шамамен қазақ баласының үштен бірі әлі де болса жат елдерде өмір сүріп жатқаны жасырын емес. Олардың бір бөлігі ирредента, ал екінші бөлігі диаспора болып саналады. Ирредента деп өздерінің ежелгі атамекенінде тарихи өмір сүріп келе жатқан, бірақ біртұтас ұлттан ата қонысымен бірге бөлініп қалған бөлігін айтады. Тарихтан белгілі болғанындай, қазақтардың бірқатар жерлері шекаралардың өзгеруі, отаршыл басқыншылық сияқты оқиғалардың салдарынан өзге елдердің құрамына еніп кеткені белгілі. Ал диаспоралар бір ұлт өкілдерінің өз елінен екінші бір елге ерікті-еріксіз қоныс аударып, өзге халықпен бірге тұруы болып табылады.
Осы тұрғыдан келгенде Қытайдағы, Ресейдегі, Өзбекстандағы, Моңғолиядағы қандастарымыз тұтастай ирредента болып саналады. Оның үстіне шетелдегі қандастарымыздың шамамен 90 пайыздан астамы осы аталған төрт мемлекетте өмір сүріп отыр. Қалғандары Түркия, Иран және Еуропа елдерінде тіршілік етуде. Ал енді шетелдегі ағайындардың көші-қон мәселесіне келетін болсақ, Қазақстанға бұған дейін көшіп келгендердің басым бөлігін сол ирреденталар құрап отыр. Бұдан былай да атамекенге көшкісі келетіндер негізінен сол ирреденталардың арасынан табылады. Ал Түркия, Иран және Еуропа елдеріндегі ағайындардың Отанға оралғысы келетіндері тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ келіп алды. Ал қалғандары қозғала қоймайды-ау. Өйткені «сананы тұрмыс билейді» дейтін жосық бар ғой, сол сөздің жаны бар. Еуропадағы жанға жайлы тұрмысты, өркениетті өмірді көбісі қимайды. Оны айтасыз, біздің еліміздегі тұрғылықты ағайындардың өзі Қазақстанды тастап Батыс және Еуропа елдеріне көшіп кетіп жатқан жоқ па?! Сондықтан ол жақтағы ағайындарды «неге көшіп келмейсің?» деп кінәлауға болмайды.
Ал енді тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қандастар көші негізінен Өзбекстан, Қытай, Моңғолия елдерінен ағылып келіп еді. Өкінішке қарай, 2010 жылдардан кейін шеттен келетін ағайындар көші мүлде саябырлап қалды. Оған себеп сол жылдарда Қазақстан Үкіметі көші-қонға мараторий жариялады, одан кейін көші-қон заңына өзгерістер енгізіп, берілетін квотаны қысқартты, азаматтық алуды қиындатты. Тек 2014 жылғы Украинадағы «Қырым оқиғасынан» кейін ғана қазақ билігі дереу іске кірісіп, шетелден келетін ағайындар көшін жандандыруға ұмтылғанымен, оның кешенді механизмдері уақытылы жасақталмай, көш жанданбаған күйі тоқырауға ұшырады.
Ал енді сырттан келетін қазақ көші қайтсе жанданады деген мәселеге келетін болсақ, «Отандастар қоры» берген ресми мәліметтерге қарағанда, дәл қазірдің өзінде шетелдерде өмір сүріп жатқан ағайындардың арасынан 1,5 миллион қандасымыз Отанға оралуға ниет білдіріп отырған көрінеді. Алайда біз осы ағайындарды елге әкеліп, бауырымызға басуға дайынбыз ба?! Мәселе осында. Оларды елге әкелеміз дейді екенбіз, ендеше олардың өмір сүруіне қажетті тіршіліктің ең қарапайым шарт-жағдайын жасап беруіміз керек. Ол қандай шарт-жағдай? Бірінші, құжаттандыруды (ықтиярхат, азаматтық) жеңілдету керек. Екінші, қандастар арасындағы қарапайым егінші-малшыларды мемлекет еліміздің солтүстік өңірлеріне әкеліп егістік және жайылымдық жермен тегін қамтамасыз ету керек. Үшінші, зиялы қауым өкілдеріне, өнер, мәдениет қайраткерлеріне қала-қалашықтардан салынып жатқан «арендалық тұрғын үйлерден» жартылай несиемен болса да баспана беру керек. Төртіншіден, зейнет жасындағы қандастардың еңбек өтіліне қарай лайықты зейнетақы тағайындау керек. Бесіншіден, көшіп келген ағайындарға тек Қазақстан азаматтығын алғаннан кейін ғана кісі басына жеткілікті мөлшерде бір реттік жәрдемақы беру керек. Міне, осы бес түрлі тармақ бойынша Үкімет кешенді бағдарлама дайындап іске кіріссе, сырттан келетін қазақ көші қайта жанданады деп толық сеніммен айта аламын. Әсіресе, ҚХР билігінің соңғы екі-үш жылдан бергі Шынжаңда жүргізген саясаты салдарынан ондағы ағайындардың ішіндегі Қазақстанға көшкісі келетіндер санының күрт өскені жасырын емес.
Шеттен келетін қазақ көші туралы айта бастасаң болды, кейбір керітартпа ағайындар «соның не қажеті бар?!» деп кірпіше жиырыла қалады. Мен жоғарыда Украинадағы «Қырым оқиғасын» жайдан-жай еске алып отырған жоқпын. Дәл қазір шетелдегі қандастар ұрпақтарының тағдыры мен болашағы үшін Қазақстанға мұқтаж, ал Қазақстан болса тәуелсіздіктің тағдыры мен болашағы үшін демографиялық өсімге, елде қандастардың көбеюіне мұқтаж. Замана беталысы, уақыт тынысы, еліміздің тағдыры мен болашағы бізден осыны талап етіп отыр. Мұны ел болып түсінетін уақыт жетті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Дүниежүзіндегі қандастарымыздың басын туған жерде біріктіру – біздің қасиетті парызымыз», – деген сөзінің астарында осындай ұлы мақсаттар жатқаны анық.
Мен Алаштың аспанына азаттық таңы атқан күннің ертеңінде-ақ Отаныма алып-ұшып жеткен қазақпын! Отандағы өткен осы отыз жылым тұтастай туған халқымның көз алдында өтіп келеді.
1993-2000 жылдар аралығында көрмеген қиындығымыз қалмады. Бірақ «көппен көрген ұлы той», қандай қиындық болса да осындағы ағайындармен бірге көрдік. Отыз жыл бойы табан аудармай еліміздің жетекші ЖОО-да ұстаздық етіп, қытайтанушы мамандар даярлау жұмысымен айналыса жүріп, еліміздегі қытайтану ғылымының қалыптасуы мен дамуына бір кісілік үлесімізді қосып келеміз. Сонымен бірге, елге оралған күннен бүгінге дейін еліміздің билік бұтақтарын, қарапайым халықты, зиялы қауымды Қытай туралы ғылыми-танымдық ақпараттармен қамтамасыз етіп, қытайдың экономикалық және демографиялық экспансиясынан сақтану туралы тынбай айтып та, жазып та келеміз. Бұл саладағы азды-көпті еңбегімізді осындағы ел-жұрт, зиялы қауым, билік басындағы азаматтар өте жақсы біледі әрі лайықты бағалап та жатыр. Отанға оралған отыз жылда әдебиі бар, ғылыми-зерттеуі бар, көркем аудармасы бар, оқулықтары бар, жалпы отыздан астам кітабымыз жарық көрді. Оның бәрі қалың қазақ жұртының, жас ұрпақтың білім-білігі үшін, пайым-парасаты үшін лайықты қызмет етіп келеді.
– Өткен жылы Л.Гумилев атындағы ЕҰУ жанынан «Қытайтану ғылыми институты» ашылған екен. Осы уақытқа дейін сол институттың директоры қызметін атқардыңыз. Осы аптада шығыстану институтына директор болып тағайындалғаныңызды естіп отырмыз. Жаңа қызметте де елге береріңіз мол болсын. Осы орайда қытайтану саласында атқарылып жатқан жұмыстар жайлы әңгімелеп берсеңіз.
– Жалпы, бір мемлекеттің өзге мемлекеттерді зерттеп отыруы – өркениетті елдерде ежелден қалыптасқан үрдіс. Бірақ бұл үрдістің мақсаты мен міндеті заманның ауысып, уақыттың жаңалануымен өзгеріп отыратыны да жасырын емес. Қазақстан үшін, қытайтану ғылымы саяси-стратегиялық тұрғыдан да, елтану ғылымы ретінде де қажет. Қажет болғанда жай қажет емес, өте қажет. Себебі бүгінгі ҚХР біздің еліміздің халықаралық байланыстағы сенімді әріптесі, дос ел, тату көршісі дейміз. Ендеше көршімен, доспен тату болу үшін де оны әбден, жан-жақты танып-білуіміз керек. Егер қытай халқының менталитетін, ресми Пекиннің ішкі-сыртқы саясатын, ел ішіндегі барлық жағдайды жақсы білетін болсақ, Қытай билігінің күнделікті тірлігін қалт жібермей назар аударып отыратын болсақ, жалпы өзімізге келер кез келген зиян мен қауіп-қатерге, сыйласып отырып-ақ жол бермеуге болады. Бұл – бір. Екіншіден, қазақ пен қытай – жер жаралып, су аққаннан бері Азия құрлығының шығысы мен кіндік тұсын қатар мекендеп келе жатқан халықтар. Тарихтағы аумалы-төкпелі замандардың кесірінен тарихымыз бен мәдениетімізге қатысты жазбалар өзімізде сақталмай қалды. Осы ақтаңдақтардың орнын да қытайтану ғылымының көмегімен толтыруға болады. Қысқасы, біз «Қытайдың жан саны көп екен, экономикасы мен әскери қуаты өте мықты екен, бізге күндердің күнінде осы елден қауіп төнуі мүмкін» деп басқа бір жаққа көшіп кете алмаймыз ғой. Ендеше, біз әрі ұлттық қауіпсіздігіміз үшін, әрі ол елмен тату көршілік, сенімді достық қарым-қатынасты сақтау үшін қытайтану ғылымын жандандыруымыз керек.
Қытайдың 22 өлке, 5 автономиялық өлкесінің бәрінде Гуманитарлық ғылымдар академиясы бар. Сол академиялардың бәрінде Орта Азия елдерін зерттеу институттары жұмыс істейді. Бұған көптеген өлке-қалалардағы Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің, сондай-ақ ЖОО жанындағы Орта Азия елдерін зерттейтін ақпараттық-талдау орталықтарын қосыңыз. Олардың кейбіреуі ҚХР құрылған кезде бірге құрылған. Ондағы әрбір институт пен орталықта кем дегенде 10-20 қызметкер жұмыс істейді.
Президент Қ.Тоқаевтың жол-жорығымен, университет ректоры, академик Е.Сыдықтың қолдауымен жаңа ашылып жатқан Қытайтану институтының мойнына жүктеліп отырған міндеттер мен мақсаттарының ауқымын осыдан-ақ шамалай беруге болады. Атам қазақ «ештен кеш жақсы», «жоқтан бар жақсы» деген ғой.
Алдағы уақытта институт ҚХР ішкі-сыртқы саясатының басты бағыт-бағдарын, Ресми Пекиннің Шығыс және Оңтүстік Азия елдерімен, Тайванмен, Батыс әлемімен, Түркі әлемімен, Ислам әлемімен, Орта Азия елдерімен (оның ішінде, әсіресе қазақ елімен) қарым-қатынасын зерттеуге көбірек ден қоятын болады. Сонымен бірге аталған институт ҚХР-ның өз ішіндегі этносаралық, дінаралық, экономикалық, саяси-әлеуметтік мәселелері мен жалпы беталысы туралы да ғылыми болжам жасап, өзіміздің билік бұтақтары мен жалпы оқырманға ұсынып отыратын болады. Бұдан тыс, Қытай мұрағаттарындағы ежелгі қазақ (түркі) тариxы мен мәдениетіне қатысты деректерді жинақтап шығару, әйгілі қытай ғалымдарының ежелгі қазақ (түркі) тариxы мен мәдениетіне қатысты зерттеулерін, сонымен бірге қытай xалқының (xань зу) менталитеті мен таным-талғамын қазақ оқырмандарына таныстыру мақсатында қытай әдебиетінің таңдаулы үлгілерін қазақ тіліне аударып шығару да институт жұмысының негізгі бағыттарының бірі. Сондай-ақ институт еліміздің салалық министрліктері мен ұлттық компанияларынан және жеке тұлғалардан арнайы тапсырыс қабылдай отырып, оларды уақытылы, сапалы орындап беру де жоспарымызда бар.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Бейбіт ТОҚТАРБАЙ
Дереккөз: turkystan.kz