6 желтоқсан таңғы 03:29-да Алматы қаласының Халықаралық әуежайына Дубай-Алматы бағытында ұшақпен ұшып келген қандасымызды карантин кезіндегі шектеулері себепті кері қайтарған болатын.
Осыған байланысты ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде біраз пікірлер айтылды. Алматыда тұратын ҚР азаматы Риза Ақанқызының туған әпкесі Ақан Алусиямен хабарласып қолдан келген көмегімізді жасайтынымызды айттым. Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы және «Отандастар Қоры» басшылары да бұл іске алаңдаушылық танытып, барлық мүмкіндіктерді қарастырды.
Өмірде маңызды және аса маңызды уақыт күттірмейтін ортақ бір мәселелер бар. Ол - қазақтың мұңы, әлі күнге дейін қоныстанып бітпеген қазақтың көші-қоны. Тағдыр тәлкегімен әлемге тарыдай шашыраған қандастарымыз, әсіресе Шынжан аймағында тұратын нақты саны белгісіз ағайындарымыздың қазіргі жағдайын ескеріп, қандайда бір жеңілдіктер болса екен дейміз. Амалын тауып Ата-мекенге келген азаматтарды кеудеден кері итермей, барынша қолдау көрсетіп, елде қалуына мүмкіндік берсе нұр-үстіне нұр болар еді.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасынан 2020 жылы 11 мамырдан бастап карантиндік шектеулер кезіндегі өту тәртібімен таныстық. 35 тармақтан тұратын ережеге сай карантин кезінде ерекше себеп-салдар болмаса елге кіруге тиым салынған. Бұл біріншіден қазіргі өршіп тұрған індеттен елімізді сақтау мақсатында жасалған қамқорлық. Тәртіпке, заңға бағыну ортақ міндет. Ал Қытай Халық Республикасында тұратын қандастарымыз қиындықпен виза алып, Қазақстанға тікелей әуе кемелерінің ұшпауына байланысты, үшінші мемлекет арқылы елге табаным тиді ау дегенде, шекарадан өткізбей кері қайтару өте ауыр жағдай болды. «Кеден болды, кедергі неден болды» демекші, осы саланың маманы, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығының штаттан тыс қызметкері Рақым Айыпұлы сенатор Мұрат Бақтиярұлымен хабарласып, осы істің оң шешім табуына ықпал етуін өтінген болатын. Ағамыз да аянып қалмады, қазақтың жанкүйері, жанашыр жан жауапкершілікті өз мойнына алып, құзырлы мекемелерге қоңырау шалып, қарындасын елге кіргізуге ұрықсат алып берді. Осындай табанды еңбектің арқасында Риза қызымыз аман-есен елге келіп алды. Осы іске жан-тәнімен жәрдем еткен барша азаматтар мен азаматшаларға алғысымыз шексіз. Бұл уақытша қиындық, бұл күндер өтер, шекарамыз да айқара ашылып қандастарымыз емін-еркін елге келіп кетіп жүретін уақытар да болар. Түсіндіру жұмыстары жүргізіліп,осындай кезеңде сәл сабырмен, болып жатқан жағдайларды ушықтырмай дұрыс шешуге атсалысайық. Бұл бір ғана оқиға, күнделікті жұмыс барысында бұндай шаруаның бірнеше түрі болып жатады. Өткен аптада төрт жасар немересімен елге келген қандасымызда дәл осындай жағдайға душар болған болатын, елдің елдігі асқар тауларымен немесе терең көлдерімен өлшенбейді, елдің елдігі елім деген ерлерімен өлшенеді. Аллаға шүкір қаны қазақ, жаны қазақ азаматтар билік басында да отыр, ол жолыда бәрі оң шешім тауып, сәтімен аяқталған болған болатын. Бұл біздің міндетіміз, осы салада жұмыс істеп отырғандықтан атқарып жатқан жұмыстарымызды күнделікте әлеуметтік желілерге жариялауға міндетті емеспіз. Кейбір жеңіл дағбара құмар жандар болмашы бір нәрсе істер, істеместен әлемге жар салып жатады. Онымен қоймай біреуді кінәлап, жазықсыз жала да жауып, қаралауға дайын тұрады. Шымшық сойсада қасап сойсын демекші әркім өзінің шама-шарқына қараған жөн, осы саланың мамандары айналысатын іспен заң аясында құзырлы мекемелер жұмыс жасау керек, және жасап та отыр. Жыл басынан бері минстірліктермен бірлесе отырып, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы және Отандастар Қорының атқарған ісі ұшан теңіз. Алдымыздағы бастан өткерген оқиғаларға сүйене отырып, алдағы уақытта да осындай жағдайлармен бетпе-бет келеріміз сөзсіз.
ҚР Мемлекеттік шекарасынан 2020 жылы 11 мамырдан бастап карантин шектеулері кезіндегі өту тәртібі 35 тармақтан тұрады. Ережеге сай карантин кезінде ерекше себеп-салдар болмаса елге кіруге тиым салынған. Осы ереженің 14-ші тармағына қосымша Қытайдағы қандастардың елге кіру жағдайын жеңілдететін бір тармақ қосса болар. Нақтырақ айтқанда Қытай Қалық Республикасында тұратын этникалық қазақтардың Шынжан аймағындағы айрықша қиын жағдайын ескере отырып елге келем деушілерге кедергі келтірмейтіндей жағдай жасалынса деп ойлаймыз.
Бір ғұлама айтқан екен: «Бір тамшы суды аман сақтап қалудың жолы – оны теңізге қосып жіберу» деп. Шетелдегі қазақтардың тағдырыда соған ұқсас. Олар буланып,жахандану кезеңінде жоқ болып кетпей тұрғанда, әлемдегі барша қазақтың жалғыз отаны – Егемен елі Қазақстанға көшіріп алу.
Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығының кеңесшісі Қарлығаш Бекпатшақызы.