2021 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 14 358 адам тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алды. Жалпы алғанда, 1991 жылдан бері республикаға 1 миллион 84,7 мың этникалық қазақ оралды. Бұл туралы Еңбек министрлігі хабарлады.
Осы жылдың басынан қандастардың жартысынан көбі (76,3%) Қазақстанға Өзбекстаннан келген, 9,4%-ы – Қытайдан, 6,4%-ы – Түрікменстаннан, 2,5%-ы – Моңғолиядан және 5,4%-ы басқа елдерден келген.
Келген этникалық қазақтар негізінен Алматы (28%), Маңғыстау (19,3%), Түркістан (13,5%) және Жамбыл (8,1%) облыстарына, сондай-ақ Шымкент (10,7%) қаласына қоныстанды.
Ағымдағы жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 55%-ды, еңбекке қабілетті жастан кішілері 27,9%-ды және зейнеткерлер 17,1%-ды құрайды.
Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 11,1%-ының жоғары білімі, 39,8%-ының орта кәсіби білімі, 45,5%-ының жалпы орта білімі бар және 3,6%-ының білімі жоқ.
Этникалық қазақтарды мемлекеттік қолдау шараларымен қамтамасыз ету шеңберінде жыл сайын қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасы белгіленеді.
Өңірлік квота шеңберінде 720 этникалық қазақ (Ақмола облысы – 92 адам, ШҚО – 121 адам, Қостанай облысы – 117 адам, Павлодар облысы – 328 адам және СҚО – 62 адам) көшуге субсидия: отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК-тен (204,1 мың теңге) келетін біржолғы төлем алды, сондай-ақ 12 ай бойы отбасына 15-тен 30 АЕК-ке дейінгі (43,7-ден 87,5 мың теңгеге дейінгі) мөлшерде ай сайынғы төлем алды.
Сонымен қатар, қандастарға жергілікті атқарушы органдар тұрғын үй беру және жұмысқа орналастыру бойынша қолдау көрсетеді.