Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбековтың бұйырығымен Омарәлі Әділбекұлы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Алматы қалалық филиалының төрағасы болып тағайындалды. Зауытбек Тұрысбекұлының бұйырығын 4 наурыз күні қауымдастықтың Алматы қалалық филиалында өткен шағын дөңгелек үстелде ДҚҚ төрағасы бірінші орынбасарының кеңесшісі Қарылғаш Бекпатшақызы жеткізді.
Жаңа басшыны ресми түрде тағайындауға арналған дөгелек үстелге қоғам қайраткерлері Рақым Айыпұлы, Сіламхат Сейтхамзаұлы, ақын Алмас Ахметбекұлы мен Мақсұтхан Дәлейұлы қатарлы зиялы қауым өкілдері қатысып, Омарәлі Әділбекұлын жаңа қызметімен құттықтап, алдағы жұмыс жоспарларын талқылады.
Омарәлі Әділбекұлына Қауымдастық басшысының бұйырығын жеткізген ДҚҚ төрағасы бірінші орынбасарының кеңесшісі Қарылғаш Бекбатшақызы қауымдастықтың Алматы қаласындағы филиалына алғаш рет шетелде туған қандастың төраға болғанын атап өтті.
«Алматыдағы кеңсе қандастардың қара шаңырағы сияқты. Бұл жерге алғаш рет шетелден келген қандас төраға болып отыр. Бұл отыз жылдағы қол жеткізген үлкен жетістіктің бірі. Бұл сіздердің ұзақ жылғы еңбектеріңіз бен қолдауларыңыздың жемісі, сіздерге деген үлкен сеніміміз. Қазіргі кезде көптеген қалалар мен облыстардағы бөлімімізді шетелден келген ағайындар басқарып отыр. «Жебеу» қоағамдық бірлестігі ұзақ жылдан бері қауымдастықты қолдап келеді. Сондықтан Омарәлі Әділбекұлына үлкен сенім артамыз. Алматы 3 миллионға жуық халқы бар үлкен мегаполис. Қандастардың 60-70 пайызы осы Алматы қаласы мен Алматы облысында орналасқан. Сондықтан бұл жақтың жүгі өзгеше, ауыр. Өте жауапкершілікті жұмыс. Омекеңе сәттілік тілеймін! Сізге Алматы қаласының жұмысын жандандырады деп сенеміз»-, деді Қарылғаш Бекпатшақызы.
Омарәлі Әділбекұлы өзіне үлкен істі сеніп тапсырған Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының басшыларына алғысын білдіріп, өзіне үлкен жакапкершілік жүктелгенін жеткізді.
«Мен 1994 жылы елге келіп, 3 күннен соң ең алғаш рет қауымдастықтан «қазақ куәлігі» деген құжатты алған едім. Содан бері қауымдастық ыстық. Көші-қон саясаты еліміздің маңызды саясаттарының бірі. Елбасы Тәуелсіздікті ала салып, әлем қазақтарының бірінші құрылтайын ашып, алыстағы жүрген қандастарды елге шақырды. Содан бері бір жарым миллионға жуық қандас келді. Олардың осында келіп өсіп-өнуімен 2 миллионнан асты. Бұны Елбасымыздың саясатының үлкен жемісі деп ойлаймыз. Тәуелсіздіктің отыз жылдығынан кейін кезінде Елбасы Нұрсұлатан Назарбаевтың тапсырмасымен, Болат Әбілов бастаған кәсіпкерлердің қолдауымен Дүниежүзі қазақтары қауымдастыңының қара шаңырағы ретінде салынған ғимаратта жаңа міндет алып отырмын. Бұны үлкен жауапкершілік, зор сенім деп білемін. Жиған тәжірибемізді, жеткен ақылымыздың бәрін осы жұмысқа жұмсаймыз. Көші-қон саясатының жақсара беруіне, қандастардың көбірек келуіне бар күшімізді саламыз»,- деді Омарәлі Әділбекұлы.
Қоғам қайраткері Сіламхат Сейітхамзаұлы осы тағайындауды жеткізген Қарлығаш Бекпатшақызына алғысын білдіріп, Омарәлі Әділбекұлына сәттілік тіледі.
«Бұны тарихи оқиға деуге болады. Осыған дейін осы шаңырақта істеген шетелден келген қандастар болған жоқ. Бүгін міне қауымдастықтың қолдауында, тәуелсіздіктің қолдауында төрағаға тағайындап отырсыздар. Осыны жеткізген және тағайындаған қауымдастықтың басшыларының, Омәрәлі Әділбекұлын осы қызметке ұсынған Рақым Айыпұлының азаматтығына ризамын. Алдағы уақытта Омарәлі Әділбекұлының жұмысына қолдау білдіріп, пікірімізді айтып тұрамыз. Омарәлі бұл үдеден шығады. Әдебиет туралы сөйлетсеңіз де, тарих туралы сөйлетсеңіз де, экономика мен саясат туралы айтсаңыз да барығына білімі, тәжірбесі жетеді»,- деді Сіламхат Сейітхамзаұлы.
Белгілі қоғам қайраткері, заңгер Рақым Айыпұлы дүниежүзі қазақтары қауымдастығының құрылу мақсаты әлемдегі тарыдай шашылған қазақтың рухани тұтастығын сақтау екенін айтып, қауымдастықтың қандастар мәселесі бойынша нақты мәселелерді үкіметке сауал ретінде жолдап тұруы керегін айтты.
«Қауымдастықты құрған кездегі басты міндет әлем қазақтарының алдындағы мәселелерді терең зерттеп, үкіметтің, атқарушы биліктің алдыа кезең-кезеңімен қойып отыру болатын. Өзбекстанның қазағын не толғандырады? Қытайдың қазағын, Иранның қазағын не толғандырады, бізге жетпей жүрген қандай мәселелер бар дегенді дәнегер болып үкіметтің алдына қойып отыруы керек болған. Ал енді бүгінгі Омекеңнің бұл орынға неге керек болды дегенге тоқталсам, бірі Омекең өзі мәдениет қайраткері, жағдайды біледі, қолынан жазу-сызу келеді. Елшіліктер мен министрліктермен тіл табысып жұмыс істей алады. Керек кадр ма? Керек кадр. Шетелден келген зиялыларды жақсы біледі, оқиды, бағалай алады. Алматы үлкен қара шаңырақ болғандықтан біраз дүние осыдан басталуы керек. Мысалы, Солтүстікті қазақыландыру керек болса, қайтып қазақыландырамыз? Үкіметтің алдына осы мәселені кезең-кезеңімен қойып отыруы керек. Қандастар неден қиналып жатыр? Қиналып жатса, қай заңның, қай қаулының қай тектіктерін өзгерту керек дегенді көтеру керек. Студенттер мен магистарнттардың мәселлері бойынша да нақты ұсыныстармен шығуға болады», - деп қандастардың мәселесі бойынша істейтін жұмыстың көптігін айтып өтті.
Жиналысқа келген ақын Алмас Ахметбекұлы қауымдастықтың ұлттық, көші-қон мәселелері бойынша нақты концепция дайындап, мемлекеттік бағдарламалар аясында жұмыс жасауға шақырса, ақын Мақсұтхан Дәлейұлы Қауымдастықты шетелдегі және шетелден келген қандастарды әдеби және мәдени сала бойынша үлкен қолдау көрсетуге шақырды. «Қызай ана» қорының директоры Базарәлі Әріпұлы қауымдастықты мемлекетшілідік көзқарасты дамытуда көшбасшы болуға шақырып, ішкі көшті жандандыру, шекаралық аймақты нығайту мәселерін көтерді. «Жебеу» қоғамдық бірлестігінің хатшысы Құрмет Қабылғазұлы, ақын Жанболат Құрманұлы қатарлы азаматтар Омарәлі Әділбекұлына құттықтауларын айтып, қашанда қолдау білдіретіндерін жеткізді. Жиналыста алдағы уақытта Қауымдастықтың Алматыдағы филиалына қоғамның әр саласындағы адамдармен жиі кездесулер өткізіп, әр буын арасындағы түрлі мәселелерді талқылап тұру ұсынысы айтылды. Өз кезегінде филиалдың жаңа басшысы айтылған ұсыныстарды негізге алатынын айтты.
Jebeu.kz