4-5 маусым аралығында Францияның Париж қаласында шетелде тұратын отандастарымыздың қатысуымен «Еуропа қазақтарының кездесу-құрылтайы» өтті.
Шара Қазақстан Республикасының Франциядағы елшілігі мен Франциядағы Қазақ-Түрік қоғамы, сонымен қатар «Отандастар қоры» коммерциялық емес АҚ-ның атсалысуымен ұйымдастырылды.
Кездесу-құрылтайдың ресми ашылуы Еуропа елдері мен Қазақстаннан келген командалар арасындағы футбол ойындарының өтуімен бастау алды. Тоғыз елдің намысын қорғаған 13 команда өзара мықтыны анықтады. Атап айтқанда, Парижден – 4, Берлиннен – 1, Кельннан – 1, Мюнхеннен – 1, Венадан – 1, Түркиядан – 1, Қазақстаннан – 3 және Голландиядан – 1 команда футбол алаңында бас қосты.
Ашылу салтанатында Garges-Les-Gonesse қаласының мэры Benoit Jimenez бен «Отандастар қоры» ҚеАҚның президенті Абзал Сапарбекұлы сөз сөйлеп, әр қомандаға сәттілік тіледі. Ойын барысында Қазақстан елінен келген «Алматы» командасы мен «Париж - 1» командасы финалға шығып, дода соңында Алматы командасы жеңіске жетті.
Кездесу-құрылтайдың алғашқы күнінде Қазақстанның Франциядағы Төтенше және өкілетті елшісі Жан Галиев пен «Отандастар қоры» КеАҚ президенті Абзал Сапарбекұлы ұлы тұлғаларға тағзым етуге арнайы барды.
Атап айтқанда, Алаштың азаттық күресінің қайраткері Мұстафа Шоқай мен хәкім Абайдың ескерткішіне барып, құран бағыштады, гүл шоқтарын қойды. М.Шоқайдың ескерткіші Париж маңында кезінде өзі тұрған үйдің қасында орналасқан. Ал Абайдың ескерткіші Париждің дәл ортасындағы ақындар саябағында бой көтерген.