Көші-қонға жаңа тәсіл қажет

Уақыты: 2022-06-02 Көрлімі: 542 Сипаттама

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»«Мың өліп, мың тірілген» жаны сірі хал­қымыз «Көп қ...

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

«Мың өліп, мың тірілген» жаны сірі хал­қымыз «Көп қорқытады, терең ба­ты­­ра­ды» деген нақыл сөзін Мағжан Жұмабаев:

«Алыстан орыс, қытай – ауыр салмақ,

Жақыннан тыншытпайды

қалың қалмақ.

Артында – ор, алдында – көр,

жан-жағы – жау,

Дағдарған Алаш енді қайда бармақ?», деп жырлаған қилы заманда қиналғанынан айтқан болар, шамасы.

Ұлан-ғайыр жерінің көлемі бойынша дүние жүзінде 9-орынды, ал халқының саны бойынша 64-орынды ғана енші­леп отырған Қазақстан үшін демография мәселесі, соның ішінде, ішкі және сыртқы көші-қон жайы қазіргі алмаға­йып кезеңде де аса маңызды екенін көзі ашық, көкірегі ояу адамның бәрі түсінеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» бағдарламалық мақаласында: «Біз еңбек күші көп оңтүстік өңір тұрғындары­ның солтүстік және шығыс аймақтарға қо­ныстануына қолайлы жағдай жасап, осы жұмысты назарда ұстаймыз. Бұл – өте өзекті әрі еліміздің қауіпсіздігіне қатысты мәселе. Бұған қоса, соңғы жылдарда түр­лі себептерге байланысты бәсеңдеп қал­ған қандастар көшін барынша қолдап, оларды жоғарыда айтылған өңірлерге орналастыруды жандандырамыз. Бұл екі мәселенің де стратегиялық маңызы бар. Оған кезекті науқан ретінде қарау­ға болмайды. Жергілікті билік мұндай жұмыстарды жоғарыға көпірген ақ­пар беру үшін емес, мемлекеттік мүдде және ағайынға шынайы жанашырлық тұр­ғысынан жасауға тиіс», деп жазып, мемлекеттік көші-қон саясатының мән-маңызын ашып көрсетті. Сондай-ақ был­тырғы Жолдауында Үкіметке Көші-қон саясатының жаңа тұжырымдама­сын әзірлеуді тапсыра келіп: «Ел ішіндегі еңбек күшінің ұтқырлығы мәселесіне қа­тысты да жаңа ұстанымдар қажет. Үкімет оңтүстіктен солтүстікке көшіп жат­қан азаматтарға жәрдемақы бөлудің қол­даныстағы тәсілдерін қайта қарауы керек. Атап айтқанда, оны әкімдіктер арқылы ғана емес, оңтүстік өңірлерден адамдарды өз бетімен жалдайтын жұмыс берушілердің шығынын өтеу арқылы да беруге болады. Өз бетінше бизнеспен айналысқысы келетіндердің де көшуіне жағдай жасаған жөн. Көшіп келген азаматтарға үй салу ғана емес, ауыл шаруа­шылығымен айналысу үшін де жер телім­дерін беру мүмкіндігін пысықтау керек. Сондай-ақ оларға мемлекеттік қол­дау шаралары қолжетімді болуын қам­тамасыз ету қажет», деп нақты міндеттер жүктеді.

Бұл бағытта қандастарды қабылдау­ға қоса, «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арнал­ған мемлекеттік бағдарламасы аясын­да жұмыс күші артық өңірлердің тұр­ғындарын жұмыс күші тапшы өңірлер­ге ерікті түрде қоныс аудару қолға алын­ғаны белгілі. Үкіметтің мәліметіне сүйен­сек, өткен бес жыл ішінде оңтүстіктен солтүстік өңірлерге 33,8 мың адам қо­ныстандырылған. Бұл аз ба, көп пе? Мұны білу үшін көші-қон статистикасына көз салайық. Кейінгі бес жылда тұрғындар саны Қостанай облысында 22 мыңға (2017 жылғы 879 мыңнан 2022 жылғы 857 мың адамға дейін), Павлодар облысында 10 мыңға (757 мыңнан 747 мың адамға дейін), Солтүстік Қазақстан облысында 26 мыңға (563 мыңнан 537 мың адамға дейін), Шығыс Қазақстан облысында 33 мыңға (1 389 мыңнан
1 356 мың адамға дейін) азайған. Тұтас­тай алғанда, аталған қоныс аударушыларды қабылдаушы 4 өңірде бес жыл ішінде тұрғындар саны 91 мыңға кеміген. Жыл­дан-жылға жалғасып келе жат­қан осы теріс үрдістің қашан тыйылары белгісіз. Сайып келгенде, бұл қоныс аударушылар саны аз болып, қоныс аудару бағдарламасы күткендегідей нәтиже бермегенін көрсетеді.

Мұның себебіне үңілсек, ең алдымен, Үкімет солтүстік және шығыс өңір­лердегі дабыл қағарлықтай демогра­фиялық ахуалға және қоныс аудару бағ­дарламасын іске асыруға жете көңіл бөлмей отырғаны аңғарылады. Атап айт­сақ, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қоныс аударушылар мен қандастарға бөлінетін жылдық квотаны жұмыс күші тапшы өңірлердің берген өтінімдеріне сәйкес бекітумен ғана шектеліп, осы мемлекеттік маңызға ие бағдарламаны іске асыруға араласпай, оны жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне беріп, жайбарақат қарап отыр. Мысалы, биылғы жылы өңірлік квота бойынша небәрі 6 587 қоныс аударушыны және 1 499 қандасты қабылдау көзделген. Себебі солтүстік және шығыс өңірлердің әкімдіктері, «Аш құлақтан тыныш құлақ» дегендей, жергілікті тұр­ғындар саны жылдан-жылға азайып бара жатқанына онша алаңдамай, қоныс аударушылар мен қандастарды қабылдаудың машақаты көп шаруасымен шұғылдануға онша құлшыныс танытпайтыны, тіпті жергілікті шенеуніктер тарапынан көшіп келген ағайындарға адами жанашырлық жетіспей жататыны белгілі. Демек, көші-қон саясатына жаңа тәсіл қажет. Нақты айтсақ, жұмыс күші артық өңірлердің тұрғындарын жұмыс күші тапшы солтүстік және шы­ғыс өңірлерге ерікті түрде қоныс аудару және қандастарды қабылдау бағ­дарламасын іске асырумен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі уәкілетті мемлекеттік орган ретінде тіке­лей айналысып, тиісті облыстар әкім­діктерінің сылбыр қимылына соны серпін бергені жөн. Бұл үшін солтүстік және шығыс өңірлерде қоныс аударушылар мен қандастарды қабылдауды барынша көбейтудің бірнеше жылға арналған болжамды жоспарын жасап, тиянақты іске асыру қажет. Осы мақсатта, бәлкім, қоғамда айтылып жүргеніндей, Үкіметтің жанынан Көші-қон агенттігін немесе Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жанынан дербес Көші-қон комитетін құру қажет шығар. Сонымен қатар бұл мемлекеттік мәселе Үкіметтің ұдайы бақылауында болғаны жөн.

Шынтуайтында, оңтүстік өңірлерден солтүстік және шығыс өңірлерге қоныс аударғысы келетін отбасылар, әсіресе жаңа шаңырақ құрған жастар аз емес. Бұны Алматы облысынан СҚО-ға кө­шіп барған қоғам белсендісі Бурахан Дақанов ашқан «Теріскейге жорық» телеграм-арнасына үн қатқан азаматтар­дың сөздеріне қарап байқауға болады. Алайда олардың көбі қоныс аударудың мән-жайын білмейді және әлеуметтік желіде қойған сауалдарына құзыретті шенеуніктер тарапынан жауап алып жатқан жоқ. Сондықтан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жанынан қоныс аудару мәселелері бо­йынша азаматтарға ақпараттық қол­дау көрсететін орталық құрылса, құба-құп.

Қандастарды қабылдау мәселесіне келсек, Дүниежүзі қазақтарының қа­уым­дастығы халықтық асар әдісімен шетелден көшіп келетін қазақтарға тұрғын үйлер салу бастамасын көтеріп отыр. Әлбетте, оған Үкімет назар аударып, қолдау көрсетсе, игі. Ақмола және Түркістан облыстарында іске асырылып жатқан қандастарға арналған агроқалашықтар салу жобасы алдағы уақытта Солтүстік Қазақстан облысында жалғасын табуға тиіс.

Осы орайда бір ескерерлік жайт: орыстілді тұрғындары басым солтү­с­тік және шығыс өңірлерге Өзбекстан­нан және басқа ТМД елдерінен көшіп келетін, орыс тілін білетін қандастарды көбірек орналастырған дұрыс болар еді. Өйткені Қытай мен Моңғолиядан және басқа шет мемлекеттерден көшіп келген қандастарымыз орыс тілін біл­ме­гендіктен, теріскей өңірлерде қиын­дықтарға тап болып, жаңа ортаға тез бе­йім­деле алмай, қиналып жүр.

Мемлекет басшысының өз бетінше бизнеспен айналысқысы келетіндер­дің де солтүстік және шығыс өңірлерге көшуіне жағдай жасау, көшіп келген азаматтарға ауыл шаруашылығымен айналысу үшін жер телімдерін беру жө­ніндегі тапсырмалары қоныс аударуға ниеттеніп отырған адамдарды қуантып тастағанымен, олардың орындалу барысы көңіл көншітпейді. Осыған орай, Мәжіліс депутаты Құдайберген Ержан Үкімет­ке жолдаған депутаттық сауалында: «Ха­лықпен кездесулерімізде қоныс аудару бағдарламасының орындалуы жөнінде сын-ескертпелер айтылды. Кей жерлерде тіпті жергілікті биліктің әрекетсіз­дігін саботажға теңеді. Бағдарлама аясында көшіп барғанымен, кейін қай­туға мәж­бүр болған жерлестеріміз се­бептерімен бөлісті. Олар мынадай: бірін­шіден, жер­гілікті әкімдіктер нем­құрайды­лық танытып, қоныс аударушы азамат­тар өз проблемаларымен өздері бетпе-бет қалған. Екіншіден, қоныс аударушылар­ға берілген тұрғын үйлердің сапасыз­ды­ғы балалардың денсаулығына теріс әсе­рін тигізген. Үшіншіден, жеке қожа­лық шаруашылығын жүргізуге мүм­кіндік болмаған. Төртіншіден, мал шаруа­шылығымен және диқаншылықпен айналысуға шабындық, жайылым, жер телімдері берілмеген. Жылдап игерілмей бос жатқан жерлер бола тұра, жергілікті атқарушы органдар әртүрлі себепті алға тартып, қоныс аударушылар сұранысын орындауға асықпайды», деп жазыпты. Мәжілісменнің осы пікірі де көші-қонға жаңа тәсіл қажеттігін айғақтап тұр.

Кәрібай МҰСЫРМАН


Дереккөз: Egemen.kz

Пікір жазу
  • "ҚЫЗАЙ АНА" САЯБАҒЫ АШЫЛДЫ
    Еуропа қазақтарының кездесу-құрылтайы өтті

    Ұқсас тақырыптар