Омарәлі Әділбекұлы
Коммунистер қарулы күшпен билікті тартып алған соң, Ресей империясының мұрагері ретінде өз билігін күштік құрлымдарға сүйене отырып бекемдеді әрі ақпарат-баспасөз қызметіне қатаң цензура орнатып, өзгеше ойлайтындарды тәндік тұрғыдан жойды немесе лагерге тоғытты.
Жүріс-тұрыстарын қатаң бақылауға алды. Әсіресе бұрынғы НКВД мен ішкі істер құрлымына ерекше өкілдік беріліп, олардың құрығынан, уысынан ешкім де құтыла алмайтын жағдай қалыптасты. Оның бәрі заңмен, түрлі-түсті қарар-құжаттармен, белгілемелермен толықтырылып отырды. Әсіресе, ішкі істер органдары аталмыш жүйеге қауіп төндіреді деген азаматтарды сот, прокуратура органдарымен сәйкесе отырып, өздері аңдып, ұстап, тергеп, соттап, бақылап отырды. Азаматтардың шетелге шығуы, көлік жүргізу куәлігін алуы, тұрақты тіркеуде тұруы осы министрліктің бақылауында болып, жеке тұлға ретінде тырп ете алмайтын болды. Тәуелсіздіктен кейін еліміз Батыстан инвестор тартып, экономиканы өркендету үшін олардың құндылықтарын қабылдап, көптеген заңдық, құқықтық, экономикалық реформалар жасады. Осы саланың басшылығына Бауыржан Мұқаметжанов, Зауытбек Тұрысбеков қатарлы азаматтық тұлғалар келген кезде бірталай оңды өзгерістер болды. Түрме мен төлқұжат, жеке құжат дайындау жұмыстары Әділет министрлігіне берілді. Бірақ Қалмұқамет Қасымов министр болғанда төлқұжат жасап, виза рәсімдеу функциялары қайтадан ішкі істерге қайтарылды. Өйткені, сол кезде шетелдіктерге шақырту жіберу, виза рәсімдеу жұмысы коррупция жайлаған көлеңке бизнестің апаны еді. Туысшылау, саяхат, жұмыс бабымен алыс-жақыннан келген шетелдіктер осы министрліктің қала, облыс, аудандардағы департамент және басқармалары арқылы визасын бір айдан бір жылға дейін аралықта ұзартып алатын. Алматыдағы әмбебап Никольски базарына тиіп тұратын А.Байтұрсынов пен Қарасай батыр көшелерінің қиылысындағы Алматы қалалық ішкі істер департаментінің миграция басқармасының ғимаратының алдында шетелдік қонақтар мен қандастарымыз жыртылып-айырылатын. Қара сөмкелерін түрлі-түсті құжатқа толтырып алған қандастарымыздың біразы сол араны төңіректеп, делдалдықпен айналысып, күн көретін. Олардың ішінде уәдесіне берік, ісіне адал, ақшаға құнығып кетпеген біраз азаматтар бұл жұмысты кәсіп ретінде қарап, ИП немесе туристік фирмасын заңды түрде тіркеп, салығын төлеп, қолдары тимейтін немесе тіл білмейтін, жүріп-тұруы қолайсыз кісілерден лайықты ақысын алып, жұмыстарын бітіріп беріп алғысын алды. Сылдыр сөзі мен арзан тақпағына сүйеніп аңқау жерлестері мен туыстарының тірнектеп жинаған ақшаларын жеп кетіп, байланыс құралдарын өзгертіп, өшіріп қашып кеткен алаяқтар да болды. Шетелдік көлігінің багажын паспорт пен құжаттарға толтырып келіп, бастықтың кабинетіне кідірместен кіріп баратын Сима, Саша деген көрші Қытайдың азаматтарына былайғы жұрт таңдана қарайтын.
Азаматтық тұлғалардың күштік құрлымдарға әкелген өзгерістері өз нәтижесін берді. Біртіндеп заң тармақтары жаңаланып, ғқұрлымдардың міндеті айқындалып, жауапкершілік күшейді. Әсіресе, Иманғали Нұрғалиұлы Алматыға әкім болып келгенде базарларда
заңсыз жүрген алыс-жақын шетелдің азаматтары анықталып, айыппұлдарын төлетіп, шекарадан шығарылды. Барлық шетелдік кәсіпорындар мен фирмаларға заңды тіркеуде тұрып, еңбек лицензиясын алу міндеттелді. Мұнда бір лицензия алу үшін 12 жергілікті тұрғынды жұмысқа алуы шарт. Бұл қағидат жыл сайын жаңарып, ұзартылып отырады. Осы аралықта шетелдік азамат заңға томпақ іс жасаса лицензиясынан айрылады.
Соңғы жылдары виза рәсімдеу жұмысы толықтай еліміздің сыртқы істер министрлігіне өткізіліп, заң пәрменіне енді. Ішкі істер министрлігі белгілі себептермен виза мерзімін өткізіп алған шетелдіктерге сот арқылы айыппұл салып, екі жетіге жарамды виза рәсімдеп бере алады. Осы жылдар аралығында республика аумағында ауқымды тексерістер жүргізіліп, делдалдармен астасып, жалған еңбек лицензиясын жасаған Алматы, Шымкент, Нұр-Сұлтан, Тараз, Талдықорған қалаларының полковник, капитан, майор шеніндегі қызметкерлері әшкереленіп, ісі сотқа жетті, жеңілдері жұмыстан қуылды. Ашкөз делдалдар да тиісті жазасын алды.
Сонымен Парламентте талқыланып, мақұлданып, айналыста жүріп жатқан визалардың категориялары мынадай:
А5 дегеніміз инвесторлық виза. Бұл категорияны фирманың құрылтайшысы мен директоры және олардың отбасы мүшелері игіліктене алады.
В1 дегеніміз үш ай мерзімі бар аралықта бір ай тұруға арналған конференция, көрме, концерт, спорт мерекесі, жиналысқа қаратылған жұмыс визасы.
В2, В3 үш ай көп мәртеге арналған, ел аумағында 30 күн ғана тұруға рұқсаты бар бизнес визасы болып табылады.
В12 саяхат визасы болғандықтан ешқашан ұзартылмайды
В10 деген этникалық қазақтарға арналған туысшылау визасы. Мерзімі үш ай немесе жарты жыл арасында. Пандемияның алдында қандастарымыз тығыз орналасқан еліміздің шетелдегі елшіліктері мен консулдықтарында арнаулы штатпен бір адам жұмыс істеп, этникалық қазақ екендігі анықталған өтініш иелеріне екі жылдық, үш жылдық визалар рәсімдеген. Сондай-ақ барлық елден туристік визамен келген қандастардың визасын ұзартыуына және тұрақты тіркеуге тұрып, ықтияр хат алуына, азаматтыққа өтініш беруіне руқсат етілді. Міне, бұл атамекен - қара шаңырақтың қандастарға жасап жатқан үлкен қамқорлығы әрі еліміз ішкі-сыртқы саясатындағы басым бағыттардың бірі болып отырған көші-қон саясатының дәйекті атқарылуы, заңдық-құқықтық нормалармен қорғалуы болып табылады.
Таяуда еліміз Қытай, Иран, Үндістан елдерінің азаматтарының 14 күнге келіп-кетуі үшін визалық режимді алып тастады. Мұндағы басты мақсат - екі жарым жылдан бері әлемнің туризм саласын тұралатып тастаған қиындықтан шығар жол іздеу және іскерлік байланыстарға тұсау болатын бюрократиялық кедергілерден арылу. Қазір цифрлық дамудың жаңа өреге көтерілуіне орай еліміздің шекаралық, кедендік қызметі толықтай интернетпен көмкерілген. Мейлі қай елдің азаматы болсын шекарадан өткен сәттен бастап жүріс-тұрысы қайта қайтып кеткенше қадағалауда болады. Сондықтан қытай, үндіс, парсы қаптап кетеді деп байбалам салып, қарапайым жұртты дүрліктірудің еш негізі жоқ. Әрине, лайк жинап, кәйіп алу үшін әдейі сенсациялық жалған ақпараттарды желіге салып, фейк болып коментерий жазатын диван батырларға сөз шығындаудың жөні жоқ. Олардың сулбасы айқындалып, жұрт алдындағы кейіп-кеспірі әшкере болуда.
Түркияның жалпы ішкі өнімінің 36% -ы, Сауд Арабияның жалпы ішкі өнімінің осы шамаласы да толықтай туризмнен келеді. Жиырма миллионның үстінде адам жасап жатқан, халықаралық қауымдастықтың назарын ерекше аударып отырған ҚХР-ның Шыңжаң ұйғыр автономиялы районында да бірнеше жылдан бері «тыныштық бәрінен қымбат» ұранымен тоқыраған экономика мен жалаңаштана бастаған бюджетін ішкі қытайдан 150-200 миллион турист келіп жауып тастапты.
Әрине, ел амандығы мен қауіпсіздігі бәрінен де жоғары десе де, «нан болса, ән болады» деген Советтік заманның афоризмін бір сәт еске алсақ қателеспейміз.
Омарәлі Әділбекұлы