Қазақстан – Түркия: Білім саласындағы байланыс

Уақыты: 2022-10-12 Көрлімі: 324 Сипаттама

Осы аптада елімізге Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған мемлекеттік сапармен келеді...


Осы аптада елімізге Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған мемлекеттік сапармен келеді деп жоспарланғаны белгілі. Осы ретте түбі бір туысқан елімен арадағы серіктестік байланыстардың ішінде білім мен ғылым саласындағы қарым-қатынас маңызды орын алады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылдың мамыр айында Түркияда болып, онда бірқатар құжатқа қол қойғаны мәлім. Соның бірі білім саласындағы келісім болатын.

Аталған келісімде бірлескен білім беру бағдарламаларын іске асыру, оқытушылар алмасуды одан әрі қарқындату, білім беру саласында жаңа технологияларды қолдану тәжірибесін алмасу секілді шаралар қарастырылған.

Еліміздің ұзақ жылдан бергі стратегиялық серіктесі саналатын Түркиямен ынтымақтастықты тереңдетудің мәні зор.  Бүгінгі таңда қос ел арасында тамырлас тарих пен мәдени мұрадан негіз алған ынтымақтастықтың мызғымас дәстүрі қалыптасқан.

Қазіргі күні еліміздің Ғылым және жоғары білім министрлігі­нің алдында университет ғылы­мын нығайту, ұлттық эконо­миканы дамытудағы отандық зерттеулердің үлесін арттыру, сондай-ақ Қазақстанның әлемдік ғылыми кеңістікпен одан әрі интеграциялануына қатысты бірқатар стратегиялық міндет тұр.

Қазақстанның Түркиядағы Елшілігінің мәліметінше, Түркия университеттерінде 2 300-ге жуық қазақстандық оқып жат­­са, елімізде 360-тан астам түрік студенттері білім алып жүр. Қазақстанның 73 жоғары оқу орны Түркияның 100-ден ас­там жоғары оқу орындарымен және ғылыми-зерттеу орталық­тары­мен тығыз қарым-қатынас орнат­қанын айта кету керек. «Болашақ» бағдарламасы да екі ел арасында алтын арқау болып келеді. 

Қазақстан Президентінің мамыр айындағы Түркияға ресми сапары кезінде еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының бірі – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Ыстан­бұл қаласындағы филиалы ашылды. Бұл қадам Қазақстан мен Түркия арасындағы білім беру кооперациясының көкжие­гін кеңейтері анық.

Ғылыми кооперацияда іл­гері жылжу байқалады. 2009 жылы екі ел арасында ғылым мен техника саласында­ғы ынты­мақ­тастық туралы келісімге қол қойылды. Қазіргі уақытта түрік ғалымдарының қатысуымен қазақстандық тарап қаржыландыратын 16 ғылыми жоба іске асырылып жатыр. Сондай-ақ ғылым саласындағы ынтымақтастық Халықаралық Түркі академиясының желісі арқылы жолға қойылған.

Таяуда біздің ортақ ұйымымыз – халықаралық Түркі академиясының ғылыми археологиялық экспедициясы Номғон алқабында Күлтегін мен Білге қағанның әкесі Құтлық Елтеріс қағанның кешенін тапты. Бұл түркітануды одан әрі дамытуға, сонымен қатар түрік әріптестермен бірлескен тың зерт­теу жобаларына серпін бере­тін ақжолтай жаңалық болды.

Соңғы жылдары Түркия инновациялар мен озық технологияларды дамыту саласында елеу­лі табыстарға қол жеткізді. Мысалы, өткен жыл­дың қорытын­ды­сы бойынша Жаһандық инновациялар индексінде (Global Innovation Index) Түркия 10 сатыға көтеріліп, 132 елдің ішінен 41-орынды иеленді. Бұл – нақты кейстерімен нық тұрған, маңызды жетістіктерге жеткен түрік экономикасының бүгінгі бет-бейнесі.

Қазақстан үшін іргелі және қолданбалы зерттеулер саласында түрік тарапымен ын­тымақтастықты одан әрі нығайта түсу – табысты қадам боларын анық. Бүгінгі таңда табиғи ресурсты тиімді кәдеге жарату, ақпараттық және ғарыштық технология, агроөнеркәсіптік кешен секілді бағыттарға ден қою кез келген ел үшін маңызды. 

Қазіргі уақытта тараптар Қазақстанда Түркияның жетекші техникалық университет­терінің бірінің филиалын ашу, студенттерімізді Түркияның жетек­ші ғылыми-зерттеу орта­лық­тарына тәжірибе алмасуға жіберу және отандық жоғары оқу орындарына түрік мамандарын тарту мүмкіндігін қарастыруда.

Қазақстанда түрік тілін үй­рену үрдісі ағылшын тілінен кейін­гі екінші орында тұр, сол себепті бұл салада иық тіресе ынтымақ­тасу артық етпейді. Дәл осы тіл үйрету бағытында еліміз­де қызмет ететін Жүніс Әміре институт­тары үшін кең көкжиек ашыла түсті.

Бұл Қазақстанның жоғары білім саласында жемісін беруге даяр бастамаларының бір парасы ғана. Бұл ретте білім мен ғылымдағы кооперацияны те­реңдету тек қазақ-түрік стра­те­гиялық әріптестігін нығайтуға ғана емес, сонымен қатар екі елдің байырғы мүдделеріне сай келеді.

 

Саясат НҰРБЕК,

Ғылым және жоғары білім министрі

Дереккөз: Egemen Qazaqstan

Пікір жазу
  • Қазақ көшіне қауіп төнді ме?
    Түркі мемлекеттеріне ортақ біртұтас әліпби жасалады

    Ұқсас тақырыптар