16 қарашада Түркістан қаласында Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына арналған халықаралық түркітанушылар конгресі өтті. Бұл туралы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлаймыз.
Шараға ЮНЕСКО, ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымдардың өкілдері мен Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан мен Ресей ғалымдары қатысты. Конгрестің ашылу салтанатында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысушыларға арнаған құттықтау сөзін оқыды.
«Ұлт ұстазы атанған Ахаң түбі бір, тарихы тамырлас елдер үшін аса құнды ғылыми-танымдық мұра қалдырды. Сол себепті оны барша түркі жұрты құрмет тұтады. Әзербайжан, башқұрт, өзбек, түрік халықтарының белгілі ғалымдары бас қосқан бүгінгі конгресс соның айқын дәлелі», - делінген Президенттің құттықтау сөзінде.
Шара барысында 4 тілде жарық көрген Ахмет Байтұрсынұлының таңдамалы шығармаларының және филология ғылымдарының докторы Алмасбек Әбсадықтың «Серт», «Ұстаз жолы» кітаптарының тұсаукесері өтті.
Конгресс соңында арнайы қарар қабылданып, Түркия мен Өзбекстан ғалымдары «Ахмет Байтұрсынұлы» төсбелгісімен марапатталды.