Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының құрылғанына 30 жыл
Алматыда өткен Әлем қазақтарының алғашқы құрылтайының шешімімен 1992 жылы құрылған Дүниежүзі қазақтары қауымдастығына (бұдан былай - Қауымдастық) биыл 30 жыл толып отыр. Қауымдастықтың Төралқа төрағасы Қазақстанның тұңғыш президенті Н.Назарбаев, оның бірінші орынбасары болып Қалдарбек Найманбаев (1992-2004) сайланды. Қ.Найманбаевтан кейін Талғат Мамашев (2004-2017) атқарды. Ал, Төрағаның орынбасары қызметін Сұлтанәлі Балғабаев (1992-2017) атқарса, 2017 жылдан бүгінге дейін Зауытбек Тұрысбеков Қауымдастық төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарып келеді.
Алматыда орналасқан Қауымдастықтың 4 қабат ғимаратын (Ш.Уәлиханов көшесі, 43А) Қ.Найманбаев салдырып, (2000 жылы іске қосылды) шеттен келген ағайындардың жайғасатын ақ ордасына айналғаны баршамызға мәлім. Қазақтардың алғаш атажұртқа келгенде табан тірейтін орны, қара шаңырағы осы Қауымдастық болды.
Еліміз аяғын жаңадан тәйтәй басып, қиыншылық қыспағында тұрған сол бір кезге қарамастан Қазақстан үкіметі шетте жүрген ағайындарын шақырып, құшағына алып, мұндағы қазақтың санын көбейтуге күш сала білді.
Қауымдастықтың негізгі міндеттері мен мақсаттарына келер болсақ, қазақ диаспорасы өкілдерінің өздерінің өмір сүріп жатқан жерлерінде еркін, жан жақты дамуына жәрдемдесу, олармен күнделікті рухани, мәдени байланыс жасау. Сондай-ақ, елге көшіп келген ағайындарға да көмектесу т.т. Қауымдастық құрылғаннан бері сырттағы 5 миллионнан астам қазақпен байланыс жасауда көптеген жұмыстар атқарумен қатар мол тәжірибе жинады. Жоғарыдағы міндеттер мен мақсаттарды орындау арқылы шетелдегі қазақтардың атажұртқа оралуына Қауымдастықтың рөлі зор болды. Еліміз тәуелсіздігін жариялаған алғашқы жылдары шет елдерде Қазақстанның дипломатиялық елшіліктері ашылмай тұрғанда, жеке адамдарды ұйымдастыру арқылы Қауымдастық қазақ диаспорасы өкілдерінің атына жеке-жеке шақыру жіберіп, олардың елге оралуына ұйтқы болғанын атап өткім келеді. ҚХР, Ауғанстан, Сауд Арабиясы елдерінен елге оралған алғашқы қарлығаштарға себепші болғанбыз.
Қауымдастық Қазақстан жоғары оқу орындары жанынан дайындық курсын ашу идеасын көтеріп, іске асырды. Аталмыш істің нәтижесі мол, бүгінге дейін жалғасын табуда. Шетелден келетін жас жеткіншектердің оқитын алғашқы дайындық курсы Алматыдағы Қыздар педагогикалық институты жанынан ашылып, одан кейін Кентауда, Түркістандағы Яссауи ат. Қазақ Түрік университетінде жалғасын тапты. Қәзір көптеген университеттерде бар. Жыл сайын 1400 қазақ жастары келіп, білім алумен қатар, олардың көбісі қалып қоюда. Осы жастарды қолдайтын бағдарлама керек. Оларды жұмыспен, баспанамен қамтамасыз етсе, азаматтықты университет қабырғасында жүргенде еш кедергісіз берсе тамаша болар еді. Ондай жағдайда елге оралушылардың саны артары анық.
Көптеген басқосулардың нәтижесінде шетелдік дипломдарға апостель жасату, одан нострификациялау мәселелерінің шешім тапқаны Қауымдастық жұмысының жемісі!
Қауымдастық елге көшіп келген ағайындарға тегін кеңес беруге, анкета толтыруға, арыздарын жазып беруге көмектесі, тиісті мекемелерге хат жолдап, Қауымдастық үйі мекен жайына тіркеп беретін. Алғашқы жылдары Қауымдастық үйіне балаларды дем алдыратын лагер ұйымдастырып, кейін «Балдәурен» балаларды сауықтыру лагеріне 20 баладан 150 балаға дейін демалдыру ісін жүзеге асырды.
Атажұртқа 1 млн.нан астам қандастарымыз оралған болса, осы істе Қауымдастықтың көші-қонға қосқан үлесі зор деп білем. Қауымдастықтан шетелдегі қазақ жастарын Қазақстанның жоғары оқу орындарына шақырып, олардың құжаттарын Білім және ғылым министрлігіне өткізетін едік. Бұл істі Жәркен Бөдешұлы, Жанна Орынбекова, Шынар Сатыпалдиева, Кенжеқыз Телғозиева және Күлғазира Балтабаева ойдағыдай жақсы атқарды.
Қауымдастық «Шетелдегі қазақтар» сериясымен алыс, жақын шет елдердегі қазақ диаспорасының шығармаларын атамекендегі ағайындарға таныстыру мақсатында 700-ден аса баспа табақ кітапты және де «Алтын бесік» журналы мен
«Туған тіл”, ДҚҚ-ның сайтын шығарды. Және шетелдегі ағайындарға тегін таратып, олардың кітапхана қорларын оқулықтармен қоса әдеби кітап, журналдармен байытуға Тілекқабыл Дәулетов, Талғат Мамашев, Сұлтанәлі Балғабаев, Жәди Шәкен, Серік Рәсіл, Жанар Жанапиянова, Гүлсім Омарова, Ерлік Кебекбай қатарлы азаматтар зор еңбек етті. Соңғы жылдары бұл үрдіс тоқтады.
Осы орайда, Қауымдастық эмблемасының ауторы үлкен, кіші құрылтайлардың шақыруын, бильвордтарын түрлі фестивальдер мен «Шетелдегі қазақтар» сериясымен шыққан кітаптардың беттерін өңдеген Бейсенбек Серікбайды, Әлем қазақтарының алғашқы құрылтайына Еуропа елдерінен шақырылған делегаттардың аты-жөндерін тауып беріп, бүгінге дейін оның барлық іс шараларына белсене ат салысып келе жатқан Досан Баймолданың да еңбектерін атап өткен жөн деп көрем.
Қауымдастық тарапынан түрлі ғылыми-теориялық, ғылыми-тәжірибелік конференциялар, симпозиумдар, сан тақырыптарды қозғайтын «дөңгелек үстел» мәжілістерін ұйымдастырып, әлемнің қырықтан астам еліндегі қазақтармен күнделікті байланыс орнатып, оларға рухани, мәдени жақтан қолдау көрсетті. Кейбір елдерде құрылған қоғамдармен қоса жаңадан қазақ қауымдастықтары мен қоғамдардың құрылуына ықпал етті. Ресей Федерациясындағы 30-дан астам қазақ қоғамдарын біріктіріп, Ресей қазақтарының федерациясы ұйымына жұмылдырдық. Еуропадағы 10-нан астам қазақ қоғамдарын біріктіріп, Еуропа қазақтарының қауымдастығын құрдық. Осы істің атқарылуы Т.Мамашевтың тікелей басшылығымен болғанын атап өту артық болмас.
Моңғолия, РФ, Еуропа, Түркия, Тәжікстан, Өзбекстан елдеріндегі қазақ қоғамдары ресми тіркеуден өтті. Түркіменстанда қазақ қоғамын құру, оны тіркеу мүмкін болмады. ҚХР мен Иранда басқаша. Сол себепті осы елдердегі жеке тұлғалармен жұмыс жүргіздік. Олармен кирилше, төте жазумен және латын алфабитімен қарым қатынас жасадық.
Республикамыздың 8 облысында Қауымдастықтың филиалдары ресми тіркеліп, жұмыс істеді. Және де Қауымдастық жанынан құрылған ақсақалдар алқасы, студенттер мен өнер орталықтары өз ережелері бойынша жұмыстар атқарды.
Қауымдастық СІМ, ІІМ, МАМ, ҰҚК тікелей байланыста көптеген жұмыстар атқарды. Қауымдастық тарапынан жазылған өтініш хаттарға барлық министрліктер, әкімдер жауап хат беретін беделді ұйымға айналғанды. Осы орайда, Қауымдастық басшылары болған Қалдарбек Найманбаев, Білім министрі болған Шайсұлтан Шаяхметов пен Еңбек министрі болған Саят Бейсенов ағаларымыздың еңбектерін ерекше айтуға тиіспіз. Бұл кісілер ұлттық мүдде үшін керемет еңбек сіңірген нағыз ұлт жанашырлары еді. Марқұмдардың жатқан жерлері жаннат болсын!
Моңғолия қазақтары тәуелсіздік жарияламай тұрғанда атажұртқа көшті бастап, өз қаражаттарымен оралғаны ерлікпен тең болатын. Кейін үкімет тарапынан Моңғолиядағы бауырларын КамАЗ-бен, ұшақпен көшіріп әкелді. Және де Қытай, Түркия, Иран, Ауғанстан, Саудия Арабиясы, ТМД елдерінен 1 млн. 83 мыңнан астам қандасымыз елге оралды. Еліміздің демографиясының өсуіне аталмыш қандастардың үлесі орасан зор. Бұл өте үлкен капитал! Олар қазақтың салт дәстүрін, шұрайлы таза ана тілін, әдет ғұрпын бойларына сіңіріп өскен ұрпақ. Өз басым Моңғолиядан атажұртқа көшті ұйымдастырушылардың бірі бола жүріп, көшке айтарлықтай үлес қостым. (2012 ж. жарық көрген «Атажүртқа
жеткен көш» атты кітабымда баяндағанмын).
ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың «Egemen Qazaqstan» газетінде жарық көрген
«Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында «соңғы жылдары түрлі себептерге байланысты бәсеңдеп қалған қандастар көшін барынша қолдап, оларды солтүстік және шығыс өңірлерге орналастыруды жандандырамыз» деп атап көрсетті. Бұл - өте маңызды мәселе. Шетелдегі қазақтардың көптеп қоныс аударуы еліміздің әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани дамуына оң ықпалын тигізеді. Бірақ, соңғы жылдары қандастар көші әртүрлі себептермен барынша азайды. Басты себеп – бұрынғы Көші-қон комитетінің таратылуы. Қәзір ол Еңбек министрілігінің құрамындағы шағын ғана басқарма. Және де көшпен айналысуы тиіс мекемелердің бұл мәселеге дұрыс көңіл бөлмеуінен де туындап отыр. Диаспора басқармаларының айналысуы тиіс жұмыстары көші – қон мәселесі болу әрі осы іске белсене кірісулері қажет. СІМ-нің шетелдердегі Консулдық қызмет департаменті қызметкерлері атажұртқа көшетіндерін тізімге алып, оларға кеңес беру, барлық құжаттарын сол жақта әзірлеуге тиіс. Ел тәуелсіздігінің нығаюына, демографиямыздың өсуін, қауіпсіздігіміз үшін шетелдердегі қазақтарды атамекенге көшіру аса маңызды.
Ал, ІІМ-дегі бармақ басты, көз қыстылықтың көбеюінен де қандастардың кейбір мәселесі шешілмей отыр. Елге оралған кейбір ағайындардың 18-20 жыл бойы азаматтыққа қол жеткізе алмауы, құжаттарын қалпына келтіре алмай табанынан таусылып жүргендігі осының салдары десем артық айтқандық болмас. Ең алдымен қолдан жасалған кедергілерді жою керек! «Қазақтың отаны біреу. Ол
- Қазақстан» десек, шетелдерден келетін қандастарымызға бөгет неге көп ?
Көп елдердің паспорттарында ұлты көрсетілмейді. Моңғолия елінің ішкі төлқұжатында олардың руы жазылады. Сондықтан да осы жағында мәселелер бар.
1992-2004 жж. аралығында №791 Қаулы бойынша СІМ Консулдық қызмет департаменті «Қазақ» куәлігін Қауымдастықтың анықтамасы арқылы беретін. Қаулының күші жойылған соң да шетелдегі консулдықтарға Қауымдастықтың анықтамасы жарай беретін. Бүгінгі күні бұл анықтаманы жарамсыз етуде. ІІМ Көш-қон департаментінің облыстық басқармалары қандастардың тез азаматтық алуларына кедергілер жасайды, оған айтар дәлеліміз жеткілікті. Мысады: Ақтауға Ираннан келген ағайындардың шетел құжаттарындағы СІМ консулдықтарынан берілген «қазақ диаспорасының өкілі» деген визаны керек етпей, оларға «Қазақ» екеніңді дәлелдеп кел деу масқара жәйт. Бұл Көші-қон басқармаларында еңбек етіп отырған қызметкерлердің білімсіздігін және немқұрайлы қарайтынын көрсетеді. Осындай мысалды Алматы облысы ІІД Көші-қон басқармасынан да көруге болады.
Мен зейнеткерлік демалыста болсам да елге оралып, түрлі қиындықтарға тап болған қандастарымыздың мәселелерін шешумен, оларға көмектесумен келемін. Әсіресе, Ақтаудағы ІІД көші-қон полиция басқармасы тарапынан қойылып отырған талаптар орынсыз. СІМ шетелдегі консулдығы берген «қазақ диаспорасының өкілі» деген визадағы анықтамаға пысқырмайтындығы мені таңқалдырады. Қазақтардың қазақ екенін дәлелдеу еш қиындық тудырмайды. Біз, Қауымдастықта арнайы комиссия құрып, келген адамдардың ата тегін, жеті атасын сұрап-ақ, дәлелдеп беретінбіз, қате, жаңылыс еш уақытта болмаған. 1994- 2004 жж. аралығында бір де бір басқа ұлтқа «Қазақ» куәлігі берілмегені осының дәлелі.
Қазақстан азаматтығын алу үш сатыдан өтеді. Олар: тұрақты тұруға тіркеу,
«Қандас» куәлігін алу, ықтияр хатқа. Барлығы дерлік нотариалды куәландырылған болу керек. Қаншама қаражат!
Аталмыш құжаттарын жинастырып жүргенде жоғалтып алу, делдалдарға алданып қалу...Бұл біздің қағазбастылықты көрсетеді. Меніңше тек қазақтар үшін жеңілдік қарастырылуы керек. Шетелден келген қазақтардың түрлі кедергілерге тап болмауы үшін Қазақстан Үкіметі тарапынан бір ғана Қаулы шықса жетеді!
Елге ел қосылса, құт болары сөзсіз! Елімізге қазақтардың көптеп келуі демографиямыздың өсуіне зор әсер етеді. Германия мен Израил мемлекеттері шекарадан кірген қандастарына дереу азаматтық паспортын қолдарына табыс етеді. Қандай керемет!
Ал, азаматтық алған жағдайда да кедергілер баршылық. Қазақстан азаматтығын аларда қандастарымыздың аты жөндерін жеке куәліктеріне дұрыс толтырып берсе. Қытайдан келетін кейбір қандастарымыздың ата тегі көрсетілмей, тек өз аттары жазылып келеді. Моңғолия, Өзбекстан, Иран, Ауғанстан т.б. елдерден келетіндердің төлқұжаттарындағы қате жазылған аты жөндерін қазақ граматикасына сай дұрыс жазып, бір ізділікке түсірсе, болашақ ұрпақ үшін қажет! Осы мәселелердің барлығына «Халықтың көші қон туралы» заңын негізге ала отырып, СІМ, ІІМ басшыларының біріккен бұйрығымен шешуге болады деп есептеймін!
Алыс жақыннан келетін ағайындардың Қазақстанға келулері барынша төмендеп, керісінше кетушілер қатары көп болуымен елімізде көптеген мекендер бос қалып жатыр. Өзім соңғы жылдары ШҚО Катонқарағай жағына барып демалдым. Сонда байқағаным, шекаралас аудандардағы тұрғындар айтарлықтай
азайған. Мұның бәрі еліміздің дамуына кері әсерін тигізері сөзсіз. Бұл жағдай Қазақстан үкіметінің этностық көші-қонға, яғни қандастар көшіне дұрыс көңіл бөлмеуінен. Бұрынғы Көші-қон комитеті таратылған. Қәзір ол ЕӘҚМ-нің құрамындағы шағын ғана басқарма.
«Халықтың көші қон туралы» заңда қандастар көшін сырт жерлерде ұйымдастыру СІМ не жүктелгенмен, бүгінге дейін нақты іс шара атқарған жоқ.
2000 ж. басында СҚО «Нұрлы жол» бағдарламасымен «Бәйтерек», Ақмола облысында «Қызыл жар» ауылдары салынып, соған арнайы квотамен қандастар көшіп барған болатын.
Өкінішке орай, салынған үйлері сапасыз, қыста баспаналары суық, жазда төбесінен су ағып, үйдің қабырғалары көгеріп, отыруға ыңғайсыз болып шықты. Көші-қон басшылары айтқан уәделерін орындамай, халықты алдады. Осы олқылықтар үшін қандастардың өзін кінәлады, осыған ренжіген ағайындар өкпелеп, кері көшіп кетті. Бұл жемқорлықтың нәтижесі еді! Қәзір де осы үрдіс жалғасын табуды. Ішкі көші-қонмен барған жергілікті ағайындардың да көрген күндері бәз баяғыдай. Жаңалықтардан хабардар болып отырған шеттегі ағайындар ат басын тартып қалуда. Көштің жанданбау себебі осыдан. Сапалы үй, мамандықтары бойынша жұмыс, жақсы жалақыға кепілдік берілсе, әлі де кеш емес!
Ең дұрысы, Үкімет аралық келісім шарттың болуы. Әр елдің талаптары түрлі болатыны заңдылық. Қытай мен Моңғолияда зейнет демалысына ертерек шыға беруге болады. Ал, бізде басқаша. Сондықтан қайшылықтар туындайды. Соңғы кезде Моңғолияда қызмет еткен өтілдері есептелмей жатқан жәйт бар. Осыны ескеріп, Үкіметтің қаулысымен шешуге болады.
Шетелдегі ағайындардың көпшілігі өз ана тілінде оқып, білім алу мүмкіндіктерінен айырылып, ана тілін ұмытып, сол елдегі халыққа сіңіп, ассимлияцияға ұшырап, ұлт ретінде жойылу қаупіне ұшырауда. Қазақстан тарапынан осы мәселеге айрықша көңіл бөліп, қазақ диаспорасының ұлт ретінде өсіп өркендеуіне үзбей қолдау жасап отыруы керек.
Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында шетелдегі ағайындарға қолдау көрсетіп, олардың атажұртқа қоныс аударуын ұйымдастыру үшін «Отандастар қорын» құру жөнінде шешім қабылданып, іле шала Қор құрылғанды. Аталмыш қор президенттің тапсырмасын бірінші болып орындауы тиіс деп көрем. Қаржы жеткілікті, тек іске асыруы кемшін.
Сөз соңында айтарым, «Қазақ көшін» жандандыру үшін ДҚҚ-ның көші-қон саласындағы жоғарыда айтып өткен тәжірибелерін ескере отырып, бұған мемлекет тарапынан ерекше маңыз берілсе деп ойлаймын және осы саланың жұмысын басқарып, жүргізетін, үкімет басшысына тікелей бағынатын көші-қон комитетін не агенттігін құру дұрыс болар еді деп санаймын.
Ботагөз УАТҚАН, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ардагері
*Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының құрылғанына 30 жыл толуына орай «Ұлттық бірегейлік - тәуелсіздіктің кепілі» атты республикалық ғылыми-практикалық дөңгелек үстелде жасаған баяндамасы.