Қандас дәрігерлер қолдау күтеді

Уақыты: 2022-12-29 Көрлімі: 846 Сипаттама

Балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен қилы заманда бас сауғалап шекара асып, дүние жүзіне тарыдай шашылған қандастарымызды атажұртқа қайтару үдерісін жандандыра жалғастырудың маңыздылығы қазіргі алмағайып кезеңде бұрынғыдан да арта түсті....



Балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен қилы заманда бас сауғалап шекара асып, дүние жүзіне тарыдай шашылған қандастарымызды атажұртқа қайтару үдерісін жандандыра жалғастырудың маңыздылығы қазіргі алмағайып кезеңде бұрынғыдан да арта түсті.

Бұл мәселеге Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауында ерекше назар аударып, жалпыұлттық мүддеге сәйкес қандастардың көшіп келуіне және ішкі көші-қонға қатысты саясат түбегейлі өзгеретінін айтты, сондай-ақ Үкіметке шетелден келетін ғылым, денсаулық сақтау, өндіріс, IT салаларының білікті мамандарына жеңілдік жасау жөнінде нақты міндет жүктеді.

Мемлекет басшысының бұл шешімі көпшіліктің көңілі­нен шыққаны, ал шетелде өмір сүріп жатқан ағайындарды елең еткізгені анық. Енді кейінгі жылдары қарқыны бәсеңдеп қалған ұлы көштің «екінші тынысы» ашылып, атамекенге біржола бет түзейтін этностық қазақтардың қатары қалыңдай түседі деп үміттенеміз.

Сонымен қатар Үкімет елі­мізге осыған дейін көшіп кел­ген білімді де білікті қандас­тары­мызды шетелде алған маман­дықтарына сәй­кес жұмыспен қам­­тамасыз ету мә­се­лесіне атүс­ті қарамай, жете кө­ңі­л бөліп, қол­да бар кадр әлеуе­тін тиімді пай­даланғаны жөн деп ойлай­мыз.

Өйткені олардың бір бөлігі Қазақ­стан қоғамында әлі де үстемдік құрып тұр­ған орыс тілін білмеуіне және кәсі­би білімдері мен біліктіліктеріндегі кей­бір айырмашылықтарға байланыс­ты өздеріне лайықты жұмыс таба алмай жүргені жасырын емес. Тіпті медицина мамандарының тапшылығы алыстағы ауыл түгіл, елорданың өзінде де сезіліп отырған денсаулық сақтау саласында да шетқақпайлық көріп жүрген қандас-дәрігерлер бар болып шықты. Сол себепті олар жуырда «Қандас» медицина мамандары қауымдастығын құрып, өз құқықтарын қорғау және еліміздің денсаулық сақтау саласын одан әрі да­мытуға септесу мақсатын көздеп отыр.

Қандас дәрігерлердің айтуына қара­ғанда, денсаулық сақтау саласының майталман мамандары атажұртқа орал­ғаннан кейін бәрі бірдей өз кәсібін ой­дағыдай жалғастырып, шетелде алған білімі мен жинақтаған тәжірибесін Қазақ­станның денсаулық сақтау саласын дамытуға толығымен жұмсап жатыр деу қиын. Ірі заманауи денсаулық ұйым­дарында саусақпен санарлықтай ғана қандас-дәрігерлер қызмет істеп жүрсе де, олардың көбіне операция жасап, зерттеу жүргізу мүмкіндігі берілмеген. Әсіресе, Қы­тай­дан келген, орыс тілін білмейтін қан­дас дәрігерлерді ауруханалар мен ем­хана­лардың басшылары: «Бізде бәрі орыс тілін­де жүргізіледі, сондықтан сізге қиын болады», деп жұмысқа алғылары кел­мегендіктен, олардың көбі шағын клиника ашып, әйтеуір, өз кәсіптерін қалайда жалғастыруға күш салып жүр.

Алайда қолданыстағы заңнамаға сәйкес ондай шағын медициналық ор­талықтарда күрделі операция жа­сауға тыйым салынған. Бұл шетелде тәжірибесін шыңдап, медицина сала­сының қыр-сырын терең меңгерген қандас дәрігерлерге қолбайлау болып тұр. Мәселен Қытай елінде күніне 10-20 науқасқа ота жасап, елеулі жетістікке жеткен, өз кәсібінің ең озық заманауи әдістерін меңгерген талай қандас дә­рігер тарихи Отанында операция жасау мүмкіндігінен айырылған.

«Астана мен Алматы қалаларындағы емдеу ұйымдарында қызмет істеп жүрген қандас дәрігерлер бар. Бірақ ота жасау барысында қайшы көзқарастар жиі туындап жатады. Ауыр тисе де айтайық, жергілікті дәрігерлер кейде оларға 2010-2015 жылдардағы, тіпті одан да көне ота жасау әдісін көрсетіп, сол әдіс бойынша ота жасауды талап етеді. Жаңа тәсілмен операция жасайық деген ұсынысқа: «Біз­дің хаттамада ондай емдеу әдісі жоқ», деп кері тартып тұрады. Әрине, Қытайдан келген қандас дәрігерлердің шеберлігі тым жетіліп кеткен деген астамшылық пікірден аулақпыз. Алайда медицина саласы цифр­ланып, робот-хирургтер шығып жатқан қазіргі кезде ескі әдіс-тәсілдерге сүйеніп жұмыс істеуге бола ма?! Бұл даму жолы емес қой. Халықаралық стандарт­тар­ды, яғни әлемде ортақ қолданысқа ие, ең жаңа үлгідегі емдеу және ота жасау әдіс­терін неге енгізбеске? Солардың негі­зінде Қа­зақстанның өз стандарттарын неге жаса­масқа?», деді Қытайдан келген қан­дас дәрігер, «Қандас» медицина мамандары қауымдастығының төрағасы Жеңіс Қалиязымұлы.

Қазір елімізде ҚХР-дан әр жылдары көшіп келген 150-ге жуық медицина маманы бар. Олардың бәрі дерлік Қытай ауруханалары мен емханаларында қызмет істеп, тәжірибе жинақтаған, тәлімгер ретінде шәкірт тәрбиелеген мамандар көрінеді. Араларында ҚХР-да енгізілген ең жоғары біліктілік дәрежелері – халық­аралық және мемлекеттік санаттарға ие дәрігерлер де аз емес екен. Бір-бірімен бай­ланысын үз­беген қандас дәрігерлер биылғы тамыз айында Алматыда жиналып, ғылыми конференция өткізіп, шетелде жаңа қолда­нылып жатқан ең озық емдеу әдістерін талқылапты. «Қандас» ме­ди­цина мамандары қауымдастығын құру туралы шешім сол алқалы жиында қа­был­данды.

«Қазақстан өз тәуелсіздігінің 30 жылы ішінде денсаулық сақтау саласында бір­талай жетістікке қол жеткізгені рас. Алайда шешімін таппаған мәселелер де бар. Сондықтан да ұсыныс-тілектерімізді айтып, олқылықтарды болдырмау үшін барлық әріптесімізбен бірлесе жұмыс іс­теуді азаматтық борышымыз деп білеміз. Біз де егемен еліміздің денсаулық сақтау саласын дамытуға үлес қосқымыз, шетелде жинақтаған тәжірибемізді қазақ жастарына үйреткіміз келеді. Егер біз атақ-дәреже, жоғары жалақы үшін өмір сүруді ойлаған болсақ, Қазақстанға келмес едік. Бір-ақ мақсатпен – қазақ болып қалайық, қазақ елінің дамуына өз үлесімізді қосайық деп келдік. Бірақ біздің осы асыл мақсатымызды орындауға қазір мүмкіндік аз болып тұр», дейді қандас дәрігерлер.

Олар Астана қаласының аумағынан жер телімін алып, инвестор тартып, үлкен заманауи емхана салуды армандайды. Әйтпесе елордадағы жұмысы ақсап тұрған бір емхананы немесе жаңадан салынатын емханалардың бірін өздеріне сенімді басқаруға алғылары келеді. Онда Батыс, Қытай және Қазақ медицинасын өзара ұштастыра қолданып, отандық денсаулық сақтау саласын одан әрі дамытуға өз үлестерін қоспақшы.

«Қазақстан медицинасын дамытуға мүмкіндік мол. АҚШ-та, Ұлыбританияда, Жапонияда, Еуропаның дамыған елде­рінде, Қытайда жүрген қазақ дәрігерлері аз емес. Соларды маман ретінде шақы­рып, тәжірибе алмасуға әбден болады. Олардың арасында еңбек демалысы кезінде Қазақ­станның емдеу ұйымдарына барып, өз білгенін бөліскісі келетін азамат­тар да бар. Егер біз белсене жұмысқа кіріссек, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тап­сыр­масын орындауға атсалысып, шет­ел­дегі қазақ дәрігерлерін, зерттеуші маман­дарды Қазақстанға шақырып, бірге жұмыс істер едік. Қытай, Жапония, Гер­маниядағы ірі емханалармен байланыс жасап, денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға да мүм­кіндік табамыз. Қазір көптеген отандасымыз жергілікті дәрігерлерге сенбей, шетелге барып, ем қабылдап жүр. Бірақ олармен бірге қаншама қаржы шетел асып жатыр?! Егер өзіміз бір емханаға жауапты болып, дербес жұмыс істесек, онда шетелге барып емделетін қазақстандықтардың саны азаятынына және бізге көрші елдерден де науқастар келіп емделетініне сенімдіміз», дейді қандас дәрігерлер.

«Қандас» медицина мамандары қа­уым­дастығы мүшелерінің өз мақ­сат­та­рына жету жолында жасаған ал­ғаш­қы қадамдарынан әзірге нәтиже шыға қойған жоқ. Денсаулық сақтау минис­трлігінің жоғары лауазымды шенеу­ніктері қандас дәрігерлердің ортақ өті­нішін тың­дағанымен, оны орындау-орындамау хақында ләм-мим демепті. Шын­туай­тында, Үкімет араласпайынша бұл мәсе­ленің түйіні тарқатылуы неғайбіл. Сон­дай-ақ Астана қаласының әкімі мен қаржылық мүм­кіндігі мол кәсіпкерлер де кө­мек қолын созып жатса, қандас дәрігер­лер­дің арманы шындыққа айналуы ғажап емес.

1-193.jpg


Кәрібай МҰСЫРМАН

Дереккөз: "Егемен Қазақстан"

Пікір жазу
  • Әлаулайым аяқталса, қалаулайым басталады
    Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы Түрік еліне қайырымдылық жасауға шақырады

    Ұқсас тақырыптар